Зәкәрия (а.с.) мен Мәриям

Зәкәрия (а.с.) мен Мәриям

Израилға саяхатымыздың бесінші күні елдің теріскей шығысындағы Галилео қаласына жол тарттық. Онда тарихи деректерде айтылған Бәйтул-Лахмдағы Иса (а.с.) пайғамбар дүниеге келген орынға зиярат еттік. Қазір оған келушілер көп екен, ығы-жығы. Киелі мұражай. Жер бетінен шамамен үш-төрт метрдей төменге басқышпен түстік. Қазір бізде жыл санау григориан күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Ол осы Иса (а.с.) пайғамбардың дүниеге келуінен басталады. Одан бері де 2 мың жылдан асты. Демек, сол кездегі тегіс жер беті енді осыншалық тереңде қалып, оның қалыңдап өсе түскенін көрсететіндей. Бұған тағы бір дәлел бүгінгі археологиялық қазбалар да ежелгі қалалардың орнын тереңнен аршып тауып жатқан жоқ па?! Мәриям анамыз 15 жасында осында елден жасырынып келіп, өзі босанған.
Мәриям анамыз бен Иса (а.с.) пайғамбардың хикаяттарынан қаншалық хабардармыз? Бұл үшін қасиетті Құран Кәрімдегі пайғамбарлар қиссасын тағы да бір зерделесек.
Имран әулеті Исраил қауымындағы Жақып (а.с.) пайғамбардың ұрпағынан тараған ең әйгілі Имран әулеті жайлы қасиетті Құранда жан-жақты баяндалып «шын мәнінде, Алла Тағала Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның әулетін әлемдерге ардақты етті» («Әли Имран» сүресі, 33-аят).
Имран – Дәуіт (а.с.) пайғамбардың ұрпағы. Ал Имранның қызы, Мәриямның әпкесі және Исаның (а.с.) нағашы апасы – Әшия әңгімелегелі отырған Зәкәрия (а.с.) пайғамбардың сүйікті жары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға қатысты хадисінде:
«Екі бөленің: Яхия мен Исаның қасынан өттім» - делінген.
Имран әулетінде Иса (а.с.) пайғамбардың анасы Мәриям дүниеге келді.
«(Алла Тағала) Мәриям Имран қызын (мүміндер үшін мысалға келтірді). Ол абыройын сақтаған еді. Оған Рухымыздан дем үрдік, ол Раббысының сөздерін және кітаптарын растады. Ол діндарлардан болатын» («Тахрим» сүресі, 12-аят).
Алла Тағала қасиетті Құранда Мәриямды мүміндерге үлгі-өнеге етіп сипаттаған. Мәриям (а.с.) - ең құрметті де қасиетті асыл әйелдің бірі. Оның асыл қасиеттерін айғақтайтын хадис те аз емес. Алла Тағала құзырында адам баласы ең алдымен пайғамбарлар (әл-әнбия), содан кейін шыншылдар (әс-сиддиқун), мұнан әрі шәһидтер (әш-шуһада), ізгі жандар (әл-салихун) дәрежесін иеленеді. Ал Мәриям болса пайғамбарлардан кейінгі екінші шыншылдар қатарында, яғни дәрежесі шәһидтерден де жоғары.
Мәриям жайлы қисса анасынан басталады. Оның анасы - Зәкәриямен (а.с.) бірге ғұмыр кешкен Бәйтул-Мақдистің ізгі, діндар, тақуа әйелінің бірі. Ал Зәкәрия (а.с.) болса Бәйтул-Мақдистің діни істеріне басшылық ететін. Ол Сүлейменнің (а.с.) ұрпағынан тараған пайғамбар болатын әрі аса шебер ағаш ұстасы да еді. Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол туралы: «Зәкәрия ағаш ұстасы еді», - деген (Мүсілім, ибн Мәжә, Ахмад).
Мәриямның әкесі болса аса белді дінбасының бірі болатын. Сол дінбасылар Зәкәриямен (а.с.) бірге Бәйтул-Мақдис мешітінде қызмет ететін.
Сол кездері кейбір діндарлар Аллаға жақындай түсу мақсатымен жаңа туылған ұлдарын Құдай үйінде қызмет етуі үшін Бәйтул-Мақдиске біржолата беретін. Құдай үйіне берілген сәби пәни дүние тіршілігінен «азат» деп саналатын. Сәби шағынан мешітке берілген балалар сонда тәрбиеленіп, өсе келе Бәйтул-Мақдисте қызмет ететін де дүние ісінен бойын аулақ ұстайтын. Дәл осылай Мәриямның қиссасы да оның анасының Бәйтул-Мақдиске қызын беру оқиғасымен басталады.
Алланың қалауымен Имранның жары жүкті болып, әлі дүние есігін ашпаған перзентін қалыптасқан дәстүрге сай Бәйтул-Мақдиске атайды. «Имранның әйелі: «Раббым, мен Саған құрсағымдағыны азат етіп атадым. Менен қабыл ал, шынында, Сен Есітуші, Білгірсің», - деп айтқан-ды» («Әли Имран» сүресі, 35-аят).
Мерзімі жетіп қыз туғанда ана қатты абыржыды. Себебі де түсінікті еді. Қалыптасқан дәстүр бойынша Бәйтул-Мақдиске тек ұл балалар ғана алынатын. Құлшылық үйіне атаған перзентінің қыз болып туылғанына аса қынжылған ана Жаратушысына: «Раббым, мен (саған атаған ұл орнына) қыз босандым», - деп дұға етті («Әли Имран» сүресі, 36-аят).
Бұған қатысты Алла Тағала:
«Алла оның не босанғанын одан жақсырақ біледі. Қандай да ұл бала қыз секілді емес», - деген («Әли Имран» сүресі, 36-аят).
Құдай үйіне аталған бұл сәби Мәриям еді. Сонда анасы Аллаға:
«Мен оны Мәриям деп атадым, Өзіңнен оны және оның ұрпағын (жәннаттан) қуылған шайтаннан пана сұратамын», - деп дұға етті («Әли Имран» сүресі, 36-аят).
Қарғыс атқан шайтан Адам ата (а.с.) ұрпағын жек көргендіктен әрбір нәресте туылғанда, оны (сұқ саусағымен) нұқитын көрінеді. Осы үшін де Мәриямның анасы қызы мен келер ұрпағының тағдырына алаңдап, бұларды шайтанның жәбірінен пана сұрап Раббысынан тілек тіледі.
Ажлан (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Адам баласынан әрбір туылған нәрестені шайтан (сұқ) саусағымен түртеді. Тек Мәриям бинт Имран мен оның ұлы Иса бұдан тысқары», - деген (Мүсілім, Ахмад).
Алла Тағала Мәриямның анасының тілегін қабыл алып, ұл мен қыз бала деп айырмай өз үйі Бәйтул-Мақдисте ұл баламен бірге қыз баланың да қызмет етуіне жол ашты. Бұған қатысты сол заманның ірі ғұламалары бас қосып «Қыз бала Алла үйінде қызмет ете ала ма?» деген мәселені талқылап, қыз баласының мешітте қызмет етуінен ешқандай қайшылық таппағандықтан Мәриям Бәйтул-Мақдиске қабылданды. «Оны Раббысы көркем түрде қабылдады және (оны) көркем түрде бой жеткізді (өсірді)» («Әли Имран» сүресі, 37-аят).
Бәйтул-Мақдистегі бұлжымас қағидаға сай нәзірге деген әр бүлдіршінге бір ұстаз кепіл болып, өз тәрбиесіне алатын. Мәриямды ғибадат үйі қабылдағанда оны өз кепіліне алғысы келген ұстаз аз болмады. Оны бәрі де жеке өзі тәрбиелегісі келді. Ұстаздардың бұл сәбиге ерекше қызығушылығын туғызған Мәриямның пайғамбарлармен қатар аталатын сол кезгі текті отбасынан шығуы еді. Әкесі Имран, ал анасы да тақуа, діншіл болатын. Көп таласып-тартысып нақты бір келісімге келе алмаған олар: «Біз бұл ісімізге Алланы төреші етейік» деп бәрі бір-бір қалам алып, өзенге лақтырысады. «(Мұхаммед (с.ғ.с.) олар таласып, қайсысы Мәриямды кепілдігіне алу үшін қаламдарын (өзенге) лақтырған кезде сен қастарында болған жоқсың» («Әли Имран» сүресі, 44-аят).
Сол ұстаздардың бірі Зәкәрия (а.с.) пайғамбар еді. Ұстаздардың қаламдарын ағым ағызып кетеді де, тек Зәкәрияның қаламы ағысқа қарсы жүзеді. Осылайша Зәкәрия (а.с.) Мәриямға кепіл болып, өз жеке тәрбиесіне алады. Уақыт өте Мәриям дүниелік істерден безініп, жан-тәнімен Аллаға құлшылық етіп, көпке ізгі амалымен танылады. Одан түрлі ғажап кереметтер көріне бастайды.
Қыстың бір күні Зәкәрия (а.с.) Мәриямның бөлмесінен жазда пісетін жеміс-жидектерді көріп таңғалады. Ол кезде қазіргідей жеміс-жидектерді ұзақ уақыт (қыста да) сақтаудың әдіс-тәсілдерін ешкім білмейтін, тіпті құралдары да жоқ-ты. Зәкәрия (а.с.) бұған бір емес, қаншама рет куә болады.
«Зәкәрия (а.с.) оған (Мәриямға) михрабқа қай кезде кірмесін оның алдынан бір ризық-несібе көретін» («Әли Имран» сүресі, 37-аят).
Әрине, бұл әдеттегі жеміс емес еді. (Зәкәрия):
– Ей, Мәриям! Бұл сенде қайдан пайда болды? - деп (таңғала) сұрайды. Ал ол (болса):
– Бұл (жемістер) Алланың құзырынан, - деп жауап береді. Алла Тағаланың бұған (Мәриямға) деген құрметі соншалық, періштелер Раббысының құзырынан оған деп түрлі ризық әкелуші еді. «Алла қаласа пендесіне қисапсыз ризық береді» («Әли Имран» сүресі, 37-аят).
«Кім Аллаға тақуалық етсе, (Алла) оған бір шығар жол береді және оны өзі ойламаған жерден ризықтандырады» («Талақ» сүресі, 2-3-аят).
ҰЛЫҚ ПАЙҒАМБАР ИСА (а.с.)
Исаның (а.с.) дүниеге келуі
Мәриям Зәкәрияның (а.с.) тәрбиесінде өсіп бойжетеді де Бәйтул-Мақдистің шығыс жағындағы оңаша бір орынға жайғасып, Алла Тағаланың ризалығына жету үшін құлшылыққа одан сайын беріле түседі. Мұндай шынайы құлшылықпен Мәриямның он бес жыл өмірі өткенде бұл қыздың жеке тағдырына қатысты керемет бір оқиға болады.
Бұл ұлық бес пайғамбардың бірі Алла елшісі Исаның (а.с.) дүниеге келуі болатын. Бұл ұлық қиссаны Алла Тағала бізге Қияметке дейін мәңгі үлгі ету үшін Өзінің қасиетті кітабының «Мәриям» сүресінде баяндағанын білеміз.
Бірде Алланың әмірімен Мәриямға адам бейнесінде Жәбірейіл (а.с.) періште келеді. Оның періште екенін Мәриям білмейді әрі хабары да жоқ еді. Бөлмесіне кіріп келген ер кісіден сескенген Мәриям:
– Егер сен тақуа болсаң, сенен Рахманнан пана сұраймын, - дейді.
Себебі оның бөлмесіне ұстазы Зәкәрия (а.с.) мен ұсақ-түйек қызметін атқаратын немере ағасы Жүсіп Нажжардан өзге ешкім де кірмейтін.
Сонда (Мәриямға) Жәбірейіл (а.с.):
– Мен сенің Раббыңның елшісімін, саған бір пәк бала беру үшін келдім, - дейді.
Бұған таңғалған Мәриям:
– Мен еркекке жақындаспасам, не әлдебір бұзықтық істемесем, менде бала қайдан болсын?! - деп жауап береді. Сонда Жәбірейіл (а.с.):
– Сенің Раббың былай деді: «олай ету маған жеңіл және біз оны адамдарға аят-ғибрат әрі өзімізден рақмет етеміз», - деген Алла Тағаланың сәлемін жеткізіп, (Жәбірейіл (а.с.) Мәриямның кеудесіне дем салады. Кеуде қуысынан кірген дем жатырға еніп, Мәриямның бойына бала бітеді.
Жүктілігі біліне бастаған Мәриям мұнысын айналасындағы адамдарға қалай айтып, түсіндірудің ретін таппай қатты сасады да уақыты жеткенде амалсыздан елсіз жерге барып босануды жөн көреді. Осылайша ол адам көзі түсе бермейтін аулаққа жеке шығады. Толғағы да басталып, қатты қиналып, жан ұшырып бір қураған құрма ағашының діңіне келеді. Толғақ қысып ойы сан-саққа жүгіреді. Өзін ар-ождан, намыс, абырой жәйі толғандырып: «Адамдар бұған не дейді?..» деген сұраққа жауап таппай қатты қиналады.
Тән мен жан азабын тартқан Мәриям: «Мен бұл (жағдай) болмай жатып өліп кеткенімде ғой, атым өшіп ұмыт болсам ғой», - деген ойға келеді. Осылай қиналған Мәриям бес ұлы пайғамбардың бірі Исаны (а.с.) дүниеге әкеледі.
Елден жырақ шөл далада, ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі босанған Мәриям қатты әлсірейді. «Сол кезде оның төмен жағынан: «Қайғырма, Раббың (табаныңның) астынан бір ағын су жеткізді», - деген үн естіледі.
Сол судан ішіп Мәриям күш жинайды. Тағы да: «Құрманың діңін сілкі. Саған жаңа піскен жемісі түседі» деген әлгі үнді естиді.
Алла Тағала Мәриямға:
«Одан же, іш, тоятта. Қорықпа, егер бір адам баласын көрсең: «Мен Рахман үшін ауыз тұттым. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» де», - деп әмір берді.
Бұл аяттағы: «Мен Рахман үшін ауыз тұттым. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін», - деген сол замандағы оразаның қазіргі мұсылмандар тұтатын оразадан ерекшелігі сөз сөйлеуден де тыйылу еді. Бұл олардың шариғатына ғана тән болатын. Ал, біздің шариғатымыз сөзден де тыйылатын оразаға тыйым салған. Бұған нақты дәлел келтірейік: Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күн астында тұрған кісіні көріп адамдардан: «Бұл кім?» - деп сұрайды. Адамдар оған: «Бұл Әбу Исраил, ол ораза тұтып аяғынан тік тұруға, көлеңкелемеуге және сөйлемеуге ниет еткен», - деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға: «Оған айтыңдар: отырсын, көлеңкеге барсын, сөйлей берсін және оразасын аяғына дейін жеткізсін», - дейді (Бұхари). Демек, оразаның мұндай түрі Ислам дінінде ғибадатқа жатпайды.
Осындай уахилардан соң Мәриямның көңілі орнығып, жігерленіп сәбиін көтеріп Бәйтул-Мақдиске келеді. Оны көрісімен адамдар: «Мәриям... Баламен бе?..» деп өзара күбірлесе бастайды. Бұған дейін ерекше тақуалығымен белгілі Мәриямның жасырын босанып келуі бұлар үшін, расында да, күтпеген тосын жағдай болды. Адамдар мұның қасына жиналысып қалады.
– Ей, Мәриям!.. Сен бір аса ауыр (күнәлі) нәрсемен келіп тұрсың ғой?! Ей, Һарунның қарындасы! Сенің әкең жаман кісі емес еді, шешең де арсыз емес-ті, - десті.
Олардың «Һарунның қарындасы» деуі Мәриямның Һарун деген ізгілігімен жұртқа танылған ағасы бар-ды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Олар (балаларына) алдыңғы пайғамбарлар мен ізгілердің есімдерін қоятын», - деген (Мүсілім, Нәсәи, Тирмизи және Ахмад).
Мәриям бұлардың ешқайсысына да тіл қатпастан қолындағы сәбиін нұсқайды. Адамдар: «Біз кішкентай құндақтағы нәрестемен қалай сөйлесеміз?» - дегенде, нәресте: «Мен Алланың құлымын. Маған кітап келді, мені пайғамбар етті және қайда болсам да құтты етті, тірі болып тұрады екенмін, намаз бен зекетті тастамаймын. (Мені) анама мейірімді етіп, бір оңбаған зорлықшы етпеді. Маған туылған күнімде, өлер күнімде және қайта тірілер күнімде амандық болсын», - деп сөйлеп қоя берді.
Жұрт бұған аң-таң! Жаңа туылған бөбек ақида, иман, ғибадат, әдеп жәйлі даналық сөздер айтады. Бұған біреу сенсе, ал біреуі сенбей: «Бұл сиқыр шығар» деп күмәнданды. Ал иаһудилер Мәриямды «салдақы» деп тілдесе, оның ұлын «салдақының баласы» дейтін.
Олардың осы өсек-жала ғайбаттарын Алла Тағала: «Олардың қарсы шығулары әрі Мәриямға зор жала жапқан сөздері себепті...» - деп әшкереледі («Ниса» сүресі, 156-аят).
Исаның (а.с.) балалық шағы
Иса (а.с.) Бәйтул-Лахм деген жерде дүние есігін ашты. Нәресте шағында сөйлегенмен, тілі шығатын жасқа жеткенше қайта сөйлемепті. Сәби шағынан түрлі мұғжиза көрсеткендіктен иаһудилер одан қатты сескенеді. Мұның себебі – Иса ержетсе өздерінің түрлі қулық-сұмдықтарын әшкере етеді деп қауіптенді. Сәбиінің амандығын ойлаған ана иаһудилер дұшпандық жасар деген қауіппен мүмкіндігінше қалада қалмауды жөн көріп, Бәйтул-Мақдистің іргесіндегі бір төбені (оңаша) мекендейді. Бұл төбе Құранда: «Мәриям ұлы мен оның анасын бір ғибрат еттік. Екеуін бір бұлақты, жайлы тепсең жерге орналастырдық», - деп айтылған («Мүминун» сүресі, 50-аят).
Исаның (а.с.) пайғамбарлық міндеті
Иса (а.с.) мінез-құлқы көркем, аса ізгі жігіт болып өседі. Оған отызында пайғамбарлық беріліп, Інжіл түсті. Осылайша Тәуратты растаушы кітаппен адамдарды Алла жолына шақыра бастайды. Алла Тағала: «Пайғамбарлардың ізінше алдындағы Тәуратты растаушы етіп, Мәриям ұлы Исаны жалғастырдық. Әрі оған ішінде туралық, нұр болған, алдындағы Тәуратты бекітуші, сондай-ақ сақтанушылар үшін тура жол, үгіт түрінде Інжілді бердік» - деген («Мәида» сүресі, 46-аят).
Иса (а.с.) бұған дейінгі пайғамбарлар секілді белгілі бір қауымға, нақтырақ айтсақ, исраилдіктерге жіберіледі. Алла Тағала:
«Сондай-ақ исраил ұрпақтарына елші етті», - деген («Әли Имран» сүресі, 49-аят).
Исаның (а.с.) керемет мұғжизаларының бірі – саз балшықтан жасалған мүсінге жан бітіруі еді. Бұл мұғжиза Құран Кәрімде Исаның (а.с.) өз аузынан:
«Шын мәнінде, сендерге Раббыларыңнан мұғжизамен келдім. Сендерге құстың мүсіні сияқты жасап, оны үрлеймін. Сонда Алланың бұйрығымен (оған жан бітіп) құсқа айналады» - деп айтылған («Әли Имран» сүресі, 49-аят).
Оның (а.с.) тағы бір ғажап мұғжизасы – туылғанынан соқыр мен алапестерді емдеп жазуы.
«Алланың бұйрығымен, анадан туылған соқырды, алапесті жазамын» («Әли Имран» сүресі, 49-аят). Ол тума соқыр не алапес адамды мүбәрак қолымен сипаса, олар айығып, жазылатын. Бұған қоса, кім-кімнің үйінде не жейтінін, не сақтап қойғанын да көзбен көргендей нақпа-нақ суреттеп айтатын. «Үйлеріңде не жеп, не қойғандарыңнан хабар беремін. Расында, бұл жағдайда иман келтірген болсаңдар, сендер үшін әрине өнеге бар» («Әли Имран» сүресі, 49-аят).
Ал ең керемет мұғжизасы – өлгендерді тірілтуі. «Өліктерді тірілтемін» («Әли Имран» сүресі, 49-аят). Деректерде төрт өлікті тірілткені айтылған. Аятта да «өліктерді» деп сөз көпше түрінде қолданылған. Араб тілі грамматикасының заңдылығы бойынша мұндай жағдай үш не одан да көп қайталанғанын білдіреді.
Иса Тәураттың кейбір үкімін өзгертіп қауымын тек бір Аллаға ғана құлшылық жасауға шақырады. Алла Тағала бұл жәйлі Құранда Исаның (а.с.) аузымен:
«Сондай-ақ сендерге алдымдағы Тәуратты растаушы әрі Раббыларыңнан сендерге харам етілген кей нәрселерді халал ететін аят келтірдім. Алладан қорқыңдар да маған бойсұныңдар. Негізінен, Алла менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Оған құлшылық етіңдер, тура жол – осы», - дейді («Әли Имран» сүресі, 50-51-аят).

Исаға (а.с.) ерген хауарилер
Исаға (а.с.) иаһудилер бойсұнбай, жаппай қарсы шығады. Оған санаулы ғана хауарилер – ізбасарлар ереді. Алла Тағала:
«Сонда Иса олардың қарсылығын сезген кезде: «Алла жолында жәрдемшім кім болады?» - деді. Хауарилер: «Алла үшін көмекшіміз, Аллаға иман келтірдік, куә бол, біз шынайы мұсылманбыз», - деді» («Әли Имран» сүресі, 52-аят);
«Ей, мүміндер! Мәриям ұлы Исаның хауарилерге: «Алла жолында көмекшілерім кім болады?» - дегенде, хауарилердің: «Алла жолында біз көмекшіміз», - дегендеріндей, Алланың (дінінің) көмекшілері болыңдар. Сонда Исраил ұрпақтарының бір тобы қарсы шықты. Иман келтіргендерді дұшпандарына қарсы қолдадық. Сондай-ақ олар дұшпандарынан үстем болды», деген («Саф» сүресі, 14-аят).
Оған небәрі он екі хауари ғана иман келтіріп, соңынан ереді. Сол аз топтың имандарында да екіұдайылық бар-ды. Осы екіұдайылық бұларды өздері куә болған басқа мұғжизалары аз болғандай Исадан (а.с.) тағы да бір мұғжиза – көктен дастарқан түсіруін талап еткізді. Алла Тағала:
«Сонда хауарилерге: «Маған әрі елшіме сеніңдер» - деп білдірген едім. Олар: «Біз сендік, шынайы мұсылман болғанымызға куә бол», - деген-ді. Сол уақытта хауарилер: «Ей, Мәриям ұлы Иса Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» - деді. (Иса): «Егер иман келтірсеңдер, Алладан қорқыңдар», - деді. Хауарилер: «Біздің одан жегіміз келеді. Жүректеріміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды білейік. Сондай-ақ, оған куә болушылардан болайық», - десті. Мәриям ұлы Иса: «О, Алла! Раббымыз! Бізге көктен дастарқан түсір! Әуеліміз бен соңымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең Абзалысың», - деді. Алла: «Күдіксіз Мен ол дастарқанды түсіремін. Сонда, егер одан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын», - деді», - деген («Мәида» сүресі, 111-115-аяттар).
Бір деректе хауарилердің тілегі қабыл болып, Алланың әмірімен бұларға көктен дастарқан түсіріледі, бәрі сол дастарқаннан дәм татты делінсе, басқа хабарда мүлдем түспеген делінген. Анығы тек бір Аллаға ғана аян.
Исаның (а.с.) көкке көтерілуі
Исраилдіктер Иса (а.с.) Алла Тағаланың қалауымен осынша мұғжизалар көрсетіп жатқан соң, адамдардың оған жаппай еріп кетуінен әрі өз дініне қатер төне ме деп қауіптенеді де дінбасылары пайғамбарды қалайда өлтіруді ойластырады. Мұнысын сол аймақта римдіктерге арқа сүйеп билік жүргізуші әміршінің қолымен жүзеге асырғысы келіп, оған Исаның (а.с.) зор беделі оның тағына қауіп туғызатынын айтып, барынша сендіреді. Әмірші Исадан (а.с.) шындап қауіптенеді де оны өлтіруге қарулы әскерін жібереді.
Сол кезгі ең азаптап өлтірудің түрі – жазықтыны дар ағашына (креске) керіп тастап, аяқ-қолдарын шегелеп, әлденеше тәулік бойына іліп қоятын. Жазаға тартылған адам ауа жетпестен қиналып өлетін. Зұлым әмірші Исаны (а.с.) осы жаза түріне кеседі. Ол кезде Исаға (а.с.) пайғамбарлықтың жүктелгеніне бар болғаны үш-ақ жыл, ал өзі отыз үш жаста ғана еді. Оны иаһудилер өлтіруге кіріскенде Алланың қалауымен тағы бір керемет мұғжиза көрінеді. Бұл Исаның (а.с.) жеті қат көкке көтерілуі болатын.
Исаны (ғ.с.) хауарилердің бірі екіжүзділікпен сатып кетеді. Ол «Ұстап бергенім үшін мұншама мал-пұл бересіңдер», - деп, иаһудилерден ақша алған соң, оларды пайғамбар (а.с.) отырған үйге бастап келеді. Есікті ашып: «Іздеген Исаларың осында», - деп, өзі бірінші болып ішке кіреді. Иса (ғ.с.) олардың келетінін Хақ тағаланың берген аяны арқылы алдын-ала біліп, дұға оқып Раббысына жалбарынады. Раббысы дұғасын қабыл етіп: «Уа, Иса! Шүбәсіз, сені бақиға аттандыратын олар емес, мына Менмін. Сені (жан-тәніңмен) Өз құзырыма көтеріп әкетемін де сені күпірлік етушілерден құтқарып, пәктігіңді айқындаймын. Қиямет-қайымға дейін соңыңнан ергендерді күпірлік етушілерден мерейін үстем етемін. Содан соң бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда жалған дүниеде бір-біріңмен таласып-тартысқан мәселелеріңе қатысты араларыңда билік айтып, үкім шығарамын», - дейді.
Әлгі мұнафық ішке кіргенде, Жәбірейіл (а.с.) Исаны (а.с.) өзімен бірге көкке көтеріп әкетеді де, ал сатқын болса Алла тағаланың құдіретімен Исаның (а.с.) бейнесіне енеді. Қандықол жауыздар үйге кіріп Исаны (а.с.) емес, екіжүзді сатқынды ұстап әкетеді. Сонда мұнафық: «Мен Иса емеспін, мен сіздерді бастап келген адаммын ғой!», - деп қанша ақталса да, оған ешкім құлақ аспайды. Жауыздардың: «Айқышқа керіп, азаптап өлтірдік», - дегендері, расында Иса (а.с.) емес, оның бейнесіндегі екіжүзді сатқын еді.
Кейбір деректерде бұл мұнафықтың есімі Тайтанос делінген. Олар Тайтаносты айқышқа керіп өлтіргелі жатқанда, ол: «Маған сенбесеңдер, қалтамды қараңдар. Берген ақшаларыңды көресіңдер», - деп жалынады. Қандары қарайған жауыздар бұл сөзін де елең қылмайды. Сатқынды қинап өлтірген соң, қалтасын қарағанда, оған берген ақшаларын көріп таңғалады. Сонда ғана мән-жайды аңғарады. Дереу Тайтаносты іздейді. «Ең алдымен үйге сол кірді. Біз үйді тінтіп шыққанда, Исадан (а.с.) басқа ешкімді де көре алмадық. Расында да ол Иса (а.с.) болса, Тайтанос қайда кетті? Ал ол Тайтанос болса, Иса (а.с.) қайда кетті? Ақша айқышқа керіліп, өлтірілген адамның қалтасынан шыққанына қарағанда оның Иса (а.с.) болмағаны ма? Сонда оның көкке ұшып кеткені ме?», - деп, бастары әбден қатады.
Құранда бұл оқиға былай баяндалады: «Ол кәпірлер: «Біз Алланың елшісі Мәриямұлы Иса Мәсіхті (а.с.), расында да, өлтірдік», - деп айтқаны үшін (Алла оларға қаһарын төгіп, жүректерін мөрлеп тастады). Алайда олар оны (а.с.) өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді (негізінен, өлтірілген басқа біреу еді). Расында, Иса (а.с.) жайлы сөз таластырғандардың да бұл мәселеде күмәндары бар. Олар бұл мәселені нақты білмейді, тек жорамалға сүйенеді. Шүбәсіз, олар оны (а.с.) өлтіре алмады. Керісінше, Алла оны (а.с.) Өз құзырына көтеріп әкетті. Алла аса үстем, асқан дана. Кітап иелерінің қайсыбірі болмасын өлместен бұрын оған (а.с.) (лайықты түрде) иман келтіреді. (Алайда жан алқымға келгенде айтылған бұл иманның оларға пайдасы болмайды, өйткені) Иса (а.с.) қиямет күні оларға қарсы куәгер болады» («Ниса» сүресі, 157-159-аяттар).
Абдулла ибн Аббастың (р.а.) айтуынша: «Содан соң хауарилердің кейбірі Исаға (а.с.) иман келтіргендеріне қарамастан он екі рет күпірлік жасап, үш топқа бөлініп кетті. Кейбіреулері: «Алла Өзі қалаған мерзім аралығында біздің арамызда болды да, сосын көкке көтеріліп кетті», - деді, олар «яъқубиялар». Ал бір тобы: «Алланың ұлы өзі қалаған мерзім аралығында біздің арамызда болды да, сосын Алла оны Өзіне көтеріп әкетті», - деді, ол «настурилер». Тағы бір тобы: «Біздің арамызда Алланың құлы әрі елшісі (а.с.) қалағанынша болды да, сосын Алла оны Өзіне көтеріп әкетті», - деді, бұлар мұсылмандар. Бірақ екі кәпір топ мұсылмандарды жеңіп, оларды өлтірді де, Алла Мұхаммедті (с.ғ.с.) жібергенге дейін исламның ізі де қалмады».
Расында да, Исаның (а.с.) дүниеге әкесіз келуі қандай ғажайып мұғжиза болса, оның көкке көтерілуі де сондай мұғжиза.
Иса (а.с.) – қияметтің белгісі
Әлбетте, Иса (а.с.) тірі, көкте, қияметтің алдында жерге түседі. Алла Тағала:
«Күдіксіз ол (Иса) Қияметтің белгісі», - деген («Зухруф» сүресі, 61-аят).
Ал пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаным қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Сендерге Мәриям ұлының түсуі жақын қалды. Ол әділ билік жүргізіп, айқыштарды (крестерді) қиратады, доңыздарды өлтіреді, соғысты жояды, мал-дүние асып-тасып, оны алатын ешкім болмай қалады, тіпті бір ғана сәжде дүние мен ондағылардан қайырлы саналады», - деген еді (Бұхари, Мүсілім).
Иса (а.с.) жерге түскен соң Құран Кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетімен мұсылмандарды жеті жыл басқарып, содан кейін кәдімгі адам секілді өлімнің дәмін татады, яғни дүние салады.
Абдуллаһ ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Мәриям ұлы Исаны жібереді... содан соң адамдар екеудің арасында дұшпандық болмайтын жеті жыл тұрады. Содан Алла Шам жақтан суық жел жібереді. Жер бетінде жүрегінде шаң тозаңындай жақсылық немесе иманы бар адамды қалдырмай жанын алады», - деген (Мүсілім).

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста