"Жалғыз жүрек, сан сауал": АҚЫРЗАМАН немесе бір елі ауызға екі елі қақпақ

"Жалғыз жүрек, сан сауал": АҚЫРЗАМАН немесе бір елі ауызға екі елі қақпақ

ЖАСӨСПІРІМ ЗАМАНДАС ҚАПА ҚЫЛДЫ

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзелеме деп айтқанмын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы жүректің қаныменен,
Ерітуге болмайды ішкі мұзын...
АБАЙ.


АҚЫРЗАМАН немесе бір елі ауызға екі елі қақпақ

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Осы бір нақылды атадан қалған қанатты сөз деп қабылдағанымызбен ақиқатына жүгінсек, қасиетті Құран Кәрімдегі «Исра» сүренің 53 аятында айтылған екен. «Алла тағала (Мұхаммедке): – Пенделерімізге айт: «Жақсы сөз жарым ырыс» де. Араларыңда сыпсыңдаған шайтан жүреді. Ол қашан да адамдарды аздыратын ашық дұшпан» деген. Оны айтасыз «Оқы, оқы және оқы» дегенді Ленин айтыпты деп те жетпіс жыл ұрандап келдік емес пе? Құдай тілеуімізді беріп, тіліміз кәлимаға келіп, дінімізді танығанда барып көз жеткіздік. Өзін құдайдай көрсеткен «күн көсемнің» емес, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Алла тарапынан түскен уақи, яғни «Оқы, оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы» деген «Фәләқ» сүресінің алғашқы аяты екен.
Әлқисса, әңгімемді Құран аяттарынан бастағанда аңқау елге арамзалықпен ақыл айтудан аулақпын. Осы «Жақсы сөз жарым ырыс» деген қарапайым ғана тәлсімнің астарында түсіне білген адамға қаншалықты ғибратты өнеге жатқанын мүмкіндігімше тәпсірлеп көру. Ойымды бекерге асыл дініміз исламнан бастап отырғаным жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Жақсы сөйлеңдер, әйтпесе үндемеңдер» деген. Қазақы ұғымға сыйғызатын болсақ, «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Басқа бәле тілден» немесе «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды». Он күнәнің тоғызы тілден екенін данышпан бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен. Осыны біле тұра, жақсы сөйлеудің керек екенін түсіне тұра, «Жаман айтпай жақсы жоқ» деп өзімізді өзіміз жұбатқан боламыз. Хакім Абайдың біраз мақалымызды сынағаны бар еді? Сөздің мәйегіндей көрінгенімен сүзіп аларға көбіктей салмағы жоқ осындай мақалды сынауға таппай қалғандығынан емес, алтыннан да қымбат уақытын босқа өлтірмеуді ойлағанынан көкірегі ояу, көзі ашық жандар өздері де түсінер деп бірнеше мақалдың ғана жілігін шағып, майын ағызып берді. Сөйтті де, жақсы сөйлемесең басыңның пәлеге ұрынарын астарлап жеткізді данышпан. Термелеп айтылған ойдың тереңіне үңілер болсақ, «жаман сөздің» салмағы қорғасындай ауыр екенін де ескертеді.
Абайлап сөйле аузыңа,
Дұшпанның бірі тіл деген.
Өзіңе жеңіл болғанмен,
Өзгеге ауыр зіл деген.

Негізгі тақырыбыма көшетін болсам, жоғарыда айтып келе жатқан ойымның «АҚЫРЗАМАНҒА» не қатысы бар дерсіз. Бар болғанда қандай. «Тілде сүйек жоқ» деп аузымызға келгенді көкігеннен ғой, бәледен бәлеге ұрынып жатқанымыз. «Жағына жылан жұмыртқалағыр, мына немененің иісін мүңсітпекші» дерсіз. Олай ойласаңыз, қателесіз. Мен емес, жағына жылан жұмыртқалағыр нағыз солардың өзі. Ел аман, жұрт тынышта айрандай ұйыған жұртты дүрліктіріп, берекесін алып жүргендер. Ертеңге деген үмітін үкілеп келе жатқан елді үрейлендіріп, көңіліне күдік ұялатып, мазасын қашырғандар. Сол күні ғаламторды ашып қалсаңыз біраз агенттер, экранды қосып қалсаңыз қайбір арналар, парақтап жіберсеңіз кей басылымдар «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» қылды емес пе?
Естеріңізде болар, «2011 жылдың 21 мамырында ақырзаман болады екен», «21 мая конец света» деп елдің біраз дүрліккені. Қорыққанға қос көрінедінің кері келіп, 20 мамыр күні ауа райы да мың құбылды. Елдің елең-алаң күйге түскенін сезген әлгілер одан сайын тарата бастады жалған ақпарды. Қазекемнің мақалын сынағанда Абай атамның: «Атың шықпаса, жер өрте», – дейді. «Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат» дегенінің нағыз өзі болды. Хақ тағала Құран Кәрімде ескерткеніндей: таулар жүндей түтілетін, аспан сөгіліп, жұлдыздар төгілетін қиямет күнінің азабын оңай көретін имансыздардың тірлігі ғой бұл дегеніңіз. «Хұжрат» сүресінің алтыншы аятында: «Ей, иман келтіргендер. Егер сендерге қандай да бір оңбаған адам әлдебір жайсыз хабар жеткізсе, оның анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, әлдекімдерді надандықпен ренжітіп, өкініп қалмаңдар» деген. «Конец света» дегенді алып күннің шам сияқты сөне қалатынындай көріп жүргендерін қарасаңызшы. Ақылға салып, анығын айтсақ, әр адамның өмірден өтуі сол пенде үшін ақырзаман болмай ма? Ал Алла тарапынан келетін уәделі күн «ертең болады екен» дегенмен келе салмайды. Пәтшағарлар айтып жүрген заманақыр жұма күні күннің батыстан шығуымен және Жаратқанның әмірімен Исрафил періштенің сүр үрлеуімен аяқталады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ақиқаты осы. Бірақ, оның қашан болатыны қаншалықты ақыл иесі болсақ та, адамзат баласы үшін ашылмайтын сыр, шешілмейтін жұмбақ. Десек те, сол күнді ісімізбен де, сөзімізбен де өзіміз жақындатып келе жатқанымыз рас. Жалған дүниені жәннат көріп, жаһаннамның жарнамасын жасаудан еш жалығар емеспіз. Әсіресе, бұған батыстық идеология барынша әсер етуде. Түрлі табиғат апаттарына, зілзала мен аспан планеталарының қақтығысына толы оқиғалар желісіне құрылған фильмдері санамызды улағаны соншалықты, әлгіндей бір көкезу айта салған көпірме сөз расқа шығып, аспан айналып жерге түсетіндей үрейге бой алдырамыз. Соңғы кездері бізде де табиғат ара-тұра тосын мінез көрсетіп жатыр. Адамның қолымен жасалып жатқан қиянаттың арқасына батқанын сездіргендей Жер-Анамыз да жұмсақтық танытып, ақырын ғана сілкініп қалуда. Осының өзі қоғамды қатыгездікке айналдырып жанталасқан пенденің пейіліне ескерту жасап, есімізге салып жатқан құдіреттің күші екенін біріміз білсек те, көбіміз бейғам күйдеміз. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» деген осы ғой. Әңгімемді «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп мақаламның басында қозғаған ойыма қарай бұрайын. Сол күні кешке қарындасым келді үйге. Аса білдіргісі келмесе де, көңілінде бір үрейдің болғаны рас. Біздің жайбарақат жүргенімізді көргеннен кейін, көңілі сабасына түсіп, қоғамдық көлікте болған мына әңгімені айтты. «Бүгін елдің бәрі сонша дүрлігіп жүр. Интернеттен оқыпты. Ертең ақырзаман болады екен. Үйге келе жатсам «маршрутканың» ішінде үш-төрт жігіт бір-бірімен әңгімелесіп отырып айтады: – «Жігіттер, ертең «конец света» дейді ғой. Давай, бүгін үлгеріп қалайық. Қыз қуып, қызық қуып, біраз нәрсе жасап қалмаймыз ба? Әйтпесе, мына өмірден дым көрмей кетеміз бе», – дейді. Аналардың сөзінен шошып кеттім де, үйге жетуге асықтым. Сөздері де, өздері де біртүрлі. Шынымен де, қолдарына түсіп қалған қыз болса аяйын деп тұрған жоқ сияқты».
Дүрліктіріп жүрген бір ақымақтың ісі деп аса мән бермегеніммен қарындасымның сөзінен кейін ойланып қалдым. Шынымен де, әлгі жігіттер өздері айтқандай, «Ертең конец света. Үлгергенімізше қыз қуып, қызық қуып қалайық» деп ойына келгенін істесе не болмақ? Өздерінің ақымақтығынан жасаған қылмыстарын мойнымен көтерер, жазаланар. Ал сол күнгі талапайға түсіп, талқаны шыққан тағдыр ше? Дәл осы әңгіме шыққан түні жақын досымның он алтыға толмаған қарындасын бір топ жігіт айуандықпен зорлап, қол аяғын байлап, Қаратал өзеніне лақтырып кеткен. Бұл жай сәйкестік шығар. Бірақ, суық хабарды естігенде ойыма қарындасымның әңгімесі орала кетті. Қарындасым сөзін естіген жігіттер аузына келгенін қылжаққа салып айта салуы мүмкін. Тіпті, қылмыс жасау мүлдем ойларына кіріп шықпаған да шығар. Мәселе онда емес. Бар әңгіме жалған ақпар таратқандарда. Адам көңіліне үрей ұялатуымен қоймай кейбір жүгенсіз кеткен жастарымыздың санасына арам ой салып, шынымен де қылмысқа жол берілсе кімнен көрмекпіз?
Жақында қаптаған арналардың бірінен әлемді топан су басатыны туралы бір киноны көріп қалдым. Осыдан екі-үш жылдай бұрын шығып, «2012 жылы топан су қаптайды екен» деп тағы да елді біраз шулатқаны бар бұл фильмнің. Біраз елдің таным-түсінігіне сол кезде де бір таңғалған едім. Жаратқан иеміздің құдіретімен болатын нәрсені өзіміз сияқты екі аяқты пенденің қиялынан туындаған арзан дүниесіне теліп, неге сонша мазасы кетеді екен бұл адамның. Ал шынымен де сол ақырзаман келетін болса, аспанға ұшып кетсең де, жеті қабат жерге тығылсаң да құтыла алмайтынымыз ақиқат емес пе? Көрінген көкаттының сөзіне сене берсек, онсыз да қысқа ғұмырда не мағына қалады? Қасиетті Құран Кәрімдегі «Ибрахим» сүресінің 26 аятында: «Жаман сөз жерден қопарылып тасталған, діңінде тұра алмайтын шірік ағаш сияқты» деген. Ендеше, аталарымыздың «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» дегені текке айтылмаса керек.
Көңілде жүрген көп ойдан түйгенім: адамның ақылы жетпейтін, Алланың қалауымен ғана болатын табиғи құбылыстарды анау айтты екен деп еркімізден тыс сеніп алып, адаса бермесек екен. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген елдің ұрпақтары едік қой. Жаратылған пенденің қиялынан жасалған жалған жарнамадан гөрі бабаларымыздан қалған : «Күніне мың бір пәле жолықса да, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген қағиданы берік ұстанғанымыз дұрыс, ағайын. Өйткені, «Жақсы сөз – жарым ырыс».

Жұматай Оспанұлының 
«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.201513.04.2015).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста