"Жалғыз жүрек, сан сауал": Әрбір жалқау кісі – қорқақ... надан, арсыз келеді

"Жалғыз жүрек, сан сауал": Әрбір жалқау кісі – қорқақ... надан, арсыз келеді

«Еріншектік күллі дүниедегі өнердің дұшпаны», – депті Абай дана. Осыдан кейін қалай ғана иланбайсың бес дұшпанның бірі екеніне. Ақиқатында осылай екені де рас. Әсілі, еріншектік пен жалқаулық бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым емес пе? Екеуі де адамның қас жауы.
Дәретсіз емізбеген Зере анасының ақ уыз сүтінен қана ішкен Құнанбайдың Ибраһимдай данышпан баласы болуы тіпті, заңдылық та. Есі кіргеннен емес, бесігінен басталған тектілік пен тазалықтан нәр алған Абай есейе келе кемеңгер ойшылға айналып, артына асыл мұрасын қалдырды. Ол мұра – еріншектігі де, жалқаулығы да басым өз қазағын қараңғы түнектен алып шығатын бағдаршамдай болған рухани қазынасы еді. Хәкімнің қазынаға толы сыр сандығын ақтарып қалсаңыз, Абайдай дара тұлғасы бар қазақ болып туғаныңа мақтанасың да, енжарлық-бойкүйездігімізді, жалқаулық-еріншектігімізді жон арқамыздан таспа тілгендей сыбап тұрып сынағанда осындай адам сүйгісіз қылықтарымыздың барына көзің жетіп, «қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде», – деп бірге ашынасың. Содан барып, өзіңше соқпақ салмасаң да, ХІХ-шы ғасырда айтып кеткен Ибрахимның жауһар мұрасын қайталай ой елегінен өткізіп, жас ұрпақтың тамырына түсіп келе жатқан індетті ескертуімізге тура келді.
Әлқисса, Абай атам «еріншектің» де бес дұшпанға жататынын қадап тұрып айтты. Ал «қалың елі қазағы» осы аманатқа қаншалықты құрметпен қарап келе жатқаны баршамызға мәлім. Бәріміз де хакім айтқан «бес дұшпаннан» аулақпыз, «бес асыл істің» қазығына мықтап байланғанбыз деп кесіп айтайын десек, «өтірікші» болып шығамыз. Төбемізде Алла көріп тұр ғой, кімді алдағандай боламыз, ақиқатын айтсақ, «өсек», «өтірік», «мақтаншақтық» сүйексіз тіліміз арқылы ет пен теріміздің ортасынан өтіп, қан жүрегіміздің төрін мекендеп алғалы қашан. Кеудеміздегі жұдырықтай жүрегімізге түсіп, кенедей сорып жатқан осы бір қасиетсіз қылықтан құтылудың жолы жоқ емес-ау. Және қиын да емес. Ең алдымен жүрек иманның мекені екенін түйсігімізбен сезініп, түсіне білмек керек. Ал ұят – иманнан екенін ақыл иесі болған адам баласына үйретіп жатудың өзі артық. Ұяты күшті адамның ар-ожданы берік, намысы найзағайдай отты һәм алмастай өткір болары хақ. Мұндай ізгі мінезге бай адам әлбетте, «бес дұшпаннан» іргесін алыс салып, «бес асыл істі» өмірлік ұстанымына айналдырары сөзсіз. Көңілімізге медеу болары сол, азаматтық болмысы мен адамдық ажарын көркем мінез, рухани байлықпен ұштастырып жүрген жандардың ортамызда бар екендігі.
Әлқисса, негізгі тақырыбыма оралайын. «Еріншекке есік те асу көрінер» депті дала данышпаны Махмұд әл-Қашқари. Тереңнен толғаған Абай да текке алаңдамапты. Ертеңі таусылмайтынын білгендіктен ғой «адам болам десеңіз, бес дұшпаннан қашық бол» деп «еріншектікке» бой алдырмай етек-жеңімізді жиып жүруді ескерткені. Бір қарағанда жеке адамның өз басындағы кемшілік сияқты. Оған бола күйіп-пісудің де реті жоқ тіпті. Бірақ, отбасынан бастап, алып мемлекетке дейін жеке адамдардан құралатынын ескерсек, әр пенденің бойындағы еріншектіктің жалпы бір ұлтқа үлкен зиян тигізетіні ақиқат болып шықпақ. Еріншектің бойына адам өміріне кері әсерін барынша тигізетін сүреңсіз қылықтардың барлығы топтасады екен. «Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», – депті тағы да данышпан Абай. Оған жалқаулықты қосыңыз. Еріншек адам міндетті түрде кежегесінен кері тартып тұрады. Мұны «жалқаулық» деп те атаймыз. Ал жалқау адам көпірме сөзден көбік шығаратын көкезудің нағыз өзі болмақ. Бұрынғылар мұндай адамды «аузымен орақ орып, тілімен масақ теретіндер» деп айтпаушы ма еді? Бұл турасында да Абайды айналып өту мүмкін емес. «... Әрбір жалқау кісі – қорқақ... надан, арсыз келеді», – дейді Құнанбайдың баласы. Олай болса, адам болмысына дәл осындай рухани кемістік әкелетін еріншектікті әркімнің жеке басының кемшілігі деп қарай алмайды екенбіз. Өйткені, әрбір еріншектің бойынан жауапкершілік деген ізгі қасиет алыстау болады. Жауапкерсіздік болса, сенімді жоғалтады. Айналасына сенімі кеткен пенде... Құдай сақтасын! Өзінен өзі өтірікші болып шыға келеді. Уәде береді, бірақ, орындамайды. Біреудің аманатына қиянат жасау да ондайлар үшін үйреншікті әдетке айналады. «Ауру қалса да әдет қалмайды», яғни, ондай адамның жақын арада түзеле қоюы да неғайбыл. Сөйтіп, қоғамның бір мүшесі болғанымен өз ортасынан айырылады. Кемшілігін түзетіп, жөнге салып, жол көрсетіп отыратын ортасы болмаған жан айналасына мейлінше зиянын тигізетіні шындық. Әсілі, кез келген жанның болмысында қандай да бір теріс пиғыл болса, мың түрлі пәлекет те соған үйірсек келеді екен. Ибрахим хакім айтқан «бес дұшпанның бірі» кімнің бойынан табылса, қалған төртеуі өзінен өзі сол адамды шырмауықша шырмап алары хақ. Еріншекпен тамырлас көріксіз мінездер жайлы абыз ақын Әзірбайдың баласы Кенекем де:
Бойкүйез, арамтамақ, жатып ішер,
Жаман дерт, осы бастан сақтаныңдар,
– деп ішімізге дендеп кіріп, індетке айналатын жамандыққа бой алдырып алмауымызды ескертеді. Атадан қалған асыл сөздің айналасынан шыға алмай жатқандағы мақсатымыз, көлгірсіп ақыл айту емес, бабалар салған сара жолдан ауытқып кетпей, болашаққа керуен тартқан ұлы мұрат жолында кім көрінгеннің жетегіне ермей, қазақ деген ұлт ретінде қасқайып тұрып, көштің алдында жүрсек екен деген ой. Абайға дейінгі де, хакімнен кейінгі де көнекөз кемеңгерлеріміз бен дария кеуде қарияларымыздың барлығы да «еріншектіктің» адам жанын аздырып, рухани тоздыратынын айтудай-ақ айтып кеткен. Ендеше, кейінгі буын сіздер мен біздер «Ұрпағым ұлағатты болса» деп тілеген бабаларымыздың әрбір сөзін қан тамырымыздан өткізе, жүрегімізге жеткізе сезінуіміз керек. Яғни, мойнымызда бүгінгі жарқын күніміз үшін аттың жалы, түйенің қомында ғұмыры өткен, ғасырлар қойнауына кеткен асылдарымыздың аманаты бар екенін ұмытпайық. Ал аманатқа қиянат жасасақ, қияметте алдымыздан шығары хақ. Қалай десек те, дала данышпандары екі дүниесін қатар ойлаған тақуа жандар болған-ау. Абай мұрасы мен даналар сөзін қатар сабақтастыра ой қорытқанда байқағанымыз осы болды.
Адамның жаны аманаты ол – Алланың,
Ал аманатқа қиянат жасау арға мін.
Қызылды жасыл қызықтырғанмен мына өмір,
Фәни мен бақи арасы деген қарға адым,
– екенін шынайы сезінгенде ғана Ибрахим айтқан «бес дұшпанның» жалғанға алданған пенденің қас жауы екеніне көзіміз анық жетеді. Мына дүниеде адам баласын небір арсыздыққа апаратын жиіркенішті нәрсенің бірі осы – ЕРІНШЕКТІК. Ендеше, ақыл айтып, жолға салар аға буын – ұрпағың «адам болсын десеңіз...», Абай данадан жеткен асыл қазынаға аса жауапкершілікпен қарап, «бес дұшпанның» құрсауында кетіп қалмаудың қамын ойлайық. «Бес асыл іс» өмірлік жолбасшымызға айналғанда ғана болашағымыз жарқын, келешегіміз кемелді болмақ. «Күйкі тірліктің күйбеңімен әрең жүргенде ақыл айтпай ары жүр» десеңіз де өз еркіңізде. Керегі болса аларсыз, ұнамаса қалар. Абайдың сөзімен аяқтасам, «өз сөзім өзімдікі».

Жұматай Оспанұлының 

«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.201505.04.2015).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста