«Жалғыз жүрек, сан сауал»: Қара бастың қамы үшін өтірік айтып, өзеуреуге болмайды

«Жалғыз жүрек, сан сауал»: Қара бастың қамы үшін өтірік айтып, өзеуреуге болмайды

ӨТІРІК

Меккеге барып, құрбандық шалып, мұсылманның бес парызын қалтқысыз орындаған, құдайдың құлы екенін мойындаған Құнанбайдың қаны бойына сіңгендіктен болар, Ибраһим хакімнің де ғибратқа толы ғұмырынан тек қана имандылықтың иісі аңқып тұратыны.
Алпыс екі тамырынан адамның емес, балықтың қаны жүріп жатқандай бір-біріне деген сұмдық салқындық байқалады мына қоғамның адамдарында. Неге деп сауал қойып, жауабын іздеп көрсек, алған бағытымыз Абайдың ауылына тіреліп, данышпан айтып кеткен «бес асыл іс пен бес дұшпанның» ара-жігін ажырата алмауымызда екеніне тағы да көз жеткізгендей боламыз. Соның бірі адамға ата жауынан бетер қастық істеп, орға жығатын ӨТІРІК деген қасиетсіз қылық екен.
Абай атам мұны да текке «бес дұшпанның» қатарына қосып, бекерге айтпапты. «Қалың елі қазағы, қайран жұртын» жамандықтан сақтандырыпты. Біз де мүмкіндігімізше дана сөзін ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып, осы бір жаман мінездің адам баласына соншалықты зиян екенін айтуды жөн көрдік. Негізгі ойды Абай атамыздан алғанымызбен сөзімізді даланың дара ділмарларының да тұжырымына сай сабақтап көрейік. Желмаясына мініп, Жерұйығын іздеген Асанқайғы бабамыз: «Жеңемін деп біреуді, өтірік сөзбен қостама», – деп қара басыңның қамы үшін өтірік айтып, өзеуреуге болмайтындығын ескертеді. Тамшының өзі теңіздей үлкейетіндігін ескерсек, күйбең тірлік деп мән бермей жүріп айта салған кішігірім өтірігіміздің аяғы зор қиянатқа, ашылмас тұман, басылмас дауға айналуы мүмкін. Әсілі, қазақ болмысында ұрпаққа берген тәрбиесінде – өтіріктің өрге баспайтындығы жайлы би-шешендерден қалған ұлағат, жыр-дастаннан жеткен мысалдар мен аңызға айналған қиссаларда тереңінен толғанып айтылғаны ақиқат. Қолымызға қалам ұстап, қағаз бетіне жаза бастағаннан бері ғана емес, ғасырлар қойнауына сіңіп кеткен қазақ дәуіріне көз жіберетін болсаңыз, ұрпағын ойлаған ғұламаларымыздың ғұмыр-дариясынан адам өміріне кереғар келетін келеңсіз мінездердің бірі де ескерусіз қалмағанын байқайсыз. Ғибратқа толы термесінде ойдың маржанын терген Майлықожа ақын:
Есерліктің белгісі
Өтірік-өсек аяңды
Іркілместен соғады,
– деп өтірік пен өсектің егіз ұғым екенін, яғни осылардан болатын қиянаттың да бір-біріне сай келетіндігін айтады. Ұлылар үндестігі деген осы шығар, Абай дананың да ең алдымен «бес дұшпанның» алдына қойып отырғаны да осы келеңсіз екі мінез болып тұр емес пе? Ойымызды ары қарай сабақтай түссек, Шығыс ғұламаларының бірі Сайф Сараи да өз ойын былайша тұжырымдаған екен: «Өтірік сөз – жарақат сияқты, жазылса да орны қалады». Міне, талғап, таразылап жатпай, аяғы не болады деп ойланбастан, ақырының байыбына бармай-ақ айта салатын өтірігіміздің көңілімізге қаншалықты көлеңке түсіретінін қараңыз. Ауыз екі айтыла салғанмен де «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» деген тәмсілді түсіне білген адамға үлкен өнеге жатыр. Осы орайда айта кетейін. Бір өтірікші болған екен. Қанына сіңіп кеткені соншалық, тіпті күнделікті әдетіне айналдырып алыпты. Бірде сол суайттың: «Ойбай, малыма қасқыр шапты, көмектесіңдер» дегенін естіген көрші-қолаң, дос-жарандары өре түрегеліп жетсе, ештеңе болмаған. Әлгі өтірікші бір дүрліктіргеніне мәз болып сылқ-сылқ күліп тұр дейді. Біраз күн өткенде өтірікшінің бұрынғыдай байбалам салғанын естіп, жанашыр қауым қайта жиналады. Тағы да алдағанына ашуланып, қолдарын бір-ақ сілтеп, ендігәрі келместей болып кетеді. «Сұрап алған аурудың емі жоқ», айтқандай-ақ, бір күні үйірлі қасқыр келіп малына қырғындай тиеді. Оның жан дауысын естігендер кезекті өтірігіне балап, ешкім сенбей қояды. Сөйтіп, әлгі өтірікшінің шын сөзі зая кетіп, күнін көріп отырған бар малын қырғынға ұшыратады. Бәлкім, жай ғана мысал үшін айтылған шығар, бірақ ала білсеңіз мұнда да жай өтіріктің қандай жау екенін көрсететін өнеге жатыр.
Бабадан қалған рухани мұраны балаға жеткізу даналардың басты қағидасы іспетті. Хакім Абай өтірік пен өсекті «бес дұшпанның» алғашқыларының қатарына текке қоспаған екен. Өйткені, ұлтының ұлтаны болудан тайсалмаған, ұрпағының ұлағатты болып өсуін көксеген бабаларымыз да адамдықтың ауылынан алыстататын осындай қасиетсіз қылықтардан сақтандырады. Кешегі жаугершілік заманда елдің көшін бастаған, Жетісу ақындарының ұстазына айналған Қабылиса жырау:
Өтірік, өсек ұрлыққа,
Тыйым салып, берме жол.
Бір арнадан сөз шықса,
Береке мол, достық сол,
– деп ынтымағы жарасқан ырысты ел болуымыз үшін өтірік пен өсекке тыйым салып, тілден келетін кеселдің алдын алу керектігін ескертеді. Ақиқатында бұрынғы өткен дала данышпандарының барлығы да кейінгі ұрпағы біздерге адалдықты бойымызға сіңіріп, адам болып қалыптасуымыздың сара жолын көрсетіп-ақ кеткен екен-ау. Мұқағали ағам айтқандай, «Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат» өмірде бас пайдамыз үшін өтірікті қай-қайсымыздың да гу дегізетініміз жасырын емес. Басқа-басқа кейбір көріністерде отбасы, ошақ қасында балаларымыздың өзін өтірікке баулып жатқандай көрінеміз. Әсіресе, ұлт рухын асқақтатып, көңілімізді аспандататын Тәуелсіздік мерекесін көлеңкесінде қалдырып келе жатқан жаңа жылдың басты кейіпкері, бабаларымыз өңі түгіл түсінде, тіпті қиялында елестетіп көрмеген, батыс елдері «Санта Клаус», орыстар «Дед Мороз» деп атайтын, біздің болмысымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Аяз атаны» білмейтін қазақ баласы жоқ. Өтірікке Аяз атаның қатысы қанша дерсіз? Көңілге түйгенімді айтып көрейін. Өздеріңіз байқап көріңіздерші, қаланың кез келген баласы өзінің туған атасын танымаса да ұйықтап жатқанда Аяз ата келіп оятып жіберсе, шошынудың орнына, қуанғаннан бас салуға бар. Нағашы атасын еш ойламайтын бала «Аяз атасын» сағына да асыға күтетіні ақиқат. Оған ең алдымен қоғам, содан кейін ата-ана өзіміз кінәліміз-ау. Табан ет, маңдай терімізбен тапқан ақшаға алған сыйлығымызды өз атамызға не сақалы, не шапаны ұқсамайтын қиялдан жасап, шынайы кейіпкерге айналдырып үлгерген «Аяз атаның» қоржынына салып береміз. Аяз атаның ұпайы түгел, ән салып, би билеп, тақпақ айтқан балаға әке-шешесі берген сыйлықты өзі арқалап келгендей таратады дейсің. Осыдан кейін ауылда құрт-майын, жылы-жұмсағын дайындап отырған әже мен бәсіресіне байлаған құлынын баптап күтіп отырған атаны не қыла қойсын бала. Жасанды сақал тағып, жалтыраған шапан киген шалға ынтықтырғанша әдемі қоржынға салып, ауылдағы ата-апаң жаңа жылыңмен деп беріп жіберіпті десек, әлдеқайда әсерлі һәм өнегелі іс болар еді-ау. Міне, осындай баланы алдаған Өтіріктің кесірінен ата-апаға деген сағыныш сезімі сөніп, әке-шешеге деген құрметтің азайып бара жатқаны шындық. Туыстықтың ара-жігін ажыратып, ұрпақ санасына салқынқандылықты сіңдіретін мұндай «Аяз атаға» алаңдатып, балаларымызды алдағанымыз өтіріктің көкесі ме деген ой келеді маған. «Бір қайғыны бастасаң, жүз қайғыны қозғайды» дегендей, бір ғана Өтіріктің айналасында ұлтымыз бен ұрпағымызға тиетін орасан зиян бар екенін ескерту ғана біздің мақсатымыз. Оған амал істеу өз құзырыңызда ардакөңіл оқырман. Біз үшін бабалар аманатын балаларға қиянат етпей жеткізе білсек мұның өзі де үлкен олжа.

Жұматай Оспанұлының 
«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

 

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.201501.04.2015,  03.04.2015).

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста