"Жалғыз жүрек, сан сауал": Халық азғындаған сайын табиғи апаттар жиілей береді

"Жалғыз жүрек, сан сауал": Халық азғындаған сайын табиғи апаттар жиілей береді

РУХАНИ ДАҒДАРЫС ҺӘМ ТАБИҒИ АПАТ 

Апат айтып келмейді. Бүгінгі таңдағы ғылым­ның жетістігі ауа райының қай жерде бұрқасындатып, қай күні нөсерлетіп, қандай аймақта аспан айналып жерге түсетін ыстық бола­тынын және жер сілкінуі мүмкіндігін болжап қана білгенімен астаң-кестең алапаттың қашан, қай жағынан шыға келетінін дөп басып айта алмайды. Олай болғанда ғылымы­ның дамуы жағынан көш басында тұрған елдердің бірі саналатын Жапония табиғаттың тосын мінезінен сақтанып, апаттың алдын алар еді. Нәтижесінде электронды техно­логия­сымен, ғаламат өнді­рістерімен әлемді аузына қаратып отырған мемлекет осыншама қасірет шекпес еді.
Екі күннің бірінде десем, ақыр­заманды жақындатып жіберген болар едім. Бірақ, айына екі-үш рет дегенім асыра айтқандығым емес, әлемнің түк­пір-түкпірінде үлкенді-кішілі таби­ғат апат­тары жиі көрініс табуда. Жер­дің сілкінуі, су тасқыны, дауылды нө­­сер сияқты адамзат басына қара бұлт үйірген қайғылы жағдайлардың жиі­леп кетуінің сыры неде? Он екі жасында көз жана­рынан айырылып, сексен үш жылын су қараңғы соқыр кейіпте өткізген Вангаға сенеміз бе? Әлде ХV ғасырда өмір сүрген фран­цуз астрологі Нострадамусқа жүгі­неміз бе? Екеуінің де жорамалына құлай кетейін десең, айтқаны бірде келіп, бірде келмей қалатын болгар­лық кемпір мен француздық ғалым­ның долбарлау болжамынан гөрі осы­дан үш ғасыр бұрын өмір сүрген Мөңке бидің әу­лиелігі әлдеқайда артық көрінеді маған. Мөңке бабам­ның:
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей
дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес
кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін
інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Бұхараны құм алады,
Төрткүлді су алады,
– деп айтқаны нағыз әулиелік. Ақиқатына жүгінсек, Мөңке би айтқан әр жолдағы көрініс­терді мына қоғамда күнде көріп жүрміз. Мен мысал үшін қысқартып қана алып отырмын. Толық нұсқасын оқысаңыз, таңдай қағып, бас шайқа­ма­сыңызға лажыңыз болмайды. Мөң­ке би бізге адам бойындағы рухани апат жайында айтып отыр. Менің қозғамағым табиғат апаты болған­дықтан, сөз арнасын солай қарай бұрайын.
Әлқисса, соңғы жылдары шыны­мен де не үшін осы табиғи апат жиілеп кетті. Табиғаттың тосын мінез көрсетуінің сыры неде, себебі қан­дай? Өзімше жол тауып, ақыл айтып жұртты адастырмай-ақ қояйын деп қолыма қасиетті Құран Кәрімді ал­дым. Өйткені, он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратқан Алла тағала асыл кітабымызда адамзат баласының басы­на зобалаңның не үшін келетінін, өзі жаратқан құлын құдіреті күшті Иеміз не себепті азапқа ұшырататынын айқын айтқан.
Жер бетінде орын алған бүкіл алапат­ты түгендемесем де, елді елең еткізген қайғылы апаттарға аз-кем тоқтала кетейін. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Индонезияда орын алған цунами қасіреті қаншама қайғы әкелді сол елге. Тірі адам тірлігін іс­тер, өрлеп, өркендер. Эконо­мика­лық-әлеу­меттік құлдыраудың да құры­ғынан шығар. Бірақ, қаншама адам­ның өмірі қиылды. Дария арнасына түсті, қираған үйлер қалпына келті­рілу­де, халқы қайта тыныс алуда, ал ажал құшқан мыңдаған адамның жарық дүниеге оралмасы анық.
Теңіз неге тулады? Ұясынан көте­рілген күнмен бірге ұйқыдан оя­нып үлгермеген халық дәл осындай Алла­ның қаһарына не үшін ілікті? Осы қайғылы оқиғаға байланысты түсірген деректі фильмді көрген боларсыздар? Шынымен де, жан түршігерлік жағ­дай. Араб шейхтары құран аяттарына сүйене отырып, мүмкіндігінше себеп-салдарын ашып көрсетті. Цунами орын алған қала ең алғаш Индонезияға ислам діні кірген қақпа болған екен. Тіршілігін құлшы­лығымен көркемдеп, тақуалығымен таңы атып, кеші батқан халық уақыт өте келе азғындықтың шегіне жеткен. Жергілікті жердегі ғана емес, алыс- жақын елдерден келген адамдарға арналған демалыс орындарында хай­уа­ни тіпті, одан да жаман қылықтар белең алған. Жабайы жағажайда (дикий пляж) лыпасыз жүре беретін ерлер мен әйелдердің бойында ар-ұят, иман-иба сияқты ізгі қасиеттер жоғалып, рухани тоналып, азғын­дыққа жол ашқан. Айналада жаппай зина­қорлық белең алған. Бөтен еркек пен бөтен әйелдің ашық­тан-ашық ашына-көңіл жарасуы да үйреншікті әдетке айналған. Бұдан да сорақысы жергі­лікті тұрғындар өз қыздарының арын саудаға салып, табыс көзіне айнал­дырған. Елдің соншалықты надан­дыққа бой алды­рып, адам айтса нанғысыз азғын­дыққа берілуі Алла тағаланың ашуын туды­рып, қаһарына ұшыратуы бек мүмкін. Онсыз да қайғы құшқан елді қаралап отыр­ғаным емес, шынымен де таби­ғат­тың көрсет­­кен тосын мінезі деп топшы­лағанымызбен темір-бетон­дармен мызғымастай салынған тұр­ғын үйлер мен қонақүйлерді және басқа да ғимараттарды жермен-жек­сен қы­лып, айналасын топан су жайпап өткенде тек әйнектеріне ғана зақым келген мешітті көргенде ерік­сіз ойланасыз. Яғни, Алланың адам­затқа жіберген бұл сынағына тек қорқы­нышпен ғана қарамай, тәубе­мізге келіп, шалқыған бай болмасақ та, барымызды ұқсатып күн кешіп жат­қаны­мызға шүкірлік қыларлық сабақ алуға болады. Хақ тағаланың бұған дейін де азған елді азаптағаны туралы Құран Кәрімдегі Һаққа сүре­сінің төртінші аятында: «Самуд және Ад қауымдары қияметті теріске шығар­ды», – дейді. Қияметтің бола­рын мойын­дамау Аллаға қарсы келу­мен бірдей. Сол үшін апатқа душар бол­ды. «Самуд әдеттен тыс қатты айқай­мен ойран болды. Аса сұ­ра­пыл, суық боран соғып, адтықтардың көздерін жойды. Алла оларға сегіз күн, жеті түн соққан тынымсыз боран жіберді. Жұрт олардың (мекен-жайларында) құрма ағашының шірік түбірлеріндей (тең­киіп-теңкиіп) жатқанын көрді. Тірі қалған бірде-бір адам көзге түскен жоқ», – деген осы сүренің 5-8 аят­тарында. Яғни, қан­дай да бір азаптың адамдардың азғындап, жара­ту­шысына қарсы келген ниетінен болса керек.
Санаулы жыл бұрын Гаитиде болған жойқын жер сілкінісі есте­рі­ңіз­­де шығар. Мұндағы халық та аз қасіретке ұшыраған жоқ. Айтып келмейтін апат астаң-кестеңін шы­ғар­­ды қас қағым уақыттың ішінде. Шыжыған күннің астында қаланы өліктен тазартудың қаншалықты қиын­дық тудырғанынан бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы бәріміз де хабардар болдық. Алланың құдіретін еріксіз мойындайсың. Тас-талқаны шыққан қаланың қақ ортасындағы күмбезі көкке өрлеген мешіттің аман тұрғанын басқа немен байланыс­тыруға болады. Сол мешіттің біраз уақыт қара жамылған халықтың пана­ла­ған баспанасы болғанын кейіннен баспасөз жазып жатты. Мұндай қасіретке не үшін тап келді? Не себеп болды екен деген сауалдың сана­мызға оралғаны анық. Мұның да сыры елдегі кедейшілікті айтпа­ғанның өзінде, адамдардың рухани аштыққа ұшырап, азғындағанынан ба екен? Парақорлық пен жемқорлық жайлаған қоғамда адамдар арасындағы теңдік жойылып, соның салдарынан рухына сызат түсірген халық түрлі азғын­дыққа бой алдырып, соның салда­рынан қасіретке оранды. Осыдан-ақ бағам­дай берейік, жер бетіндегі қандай да бір тосыннан келген апаттардың адам ниетіне тікелей байланысты екенін. Соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) келгенге дейін Алла тағала азғындап бара жатқан әр қауымға өз іштерінен ескерту үшін пайғамбарлар жіберіп отырған. Саны қанша екенін анық білмесек те, аталарымыз құран оқып, соңынан дұға жасағанда «жүз жиыр­ма төрт мың пайғамбар, отыз үш мың сақа­ба» деп айтып жататын. Құранда жиырма бес пайғамбардың аты көрсе­­тілген. Бұ­лар­дың барлығы ал­ғашқы пайғамбар Адам атадан бас­тап, Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі ара­лықта өмір сүр­гендер. Мұ­ны айтып отырған себе­бім, осыдан он төрт ғасыр бұрын надандықтың шегіне жетіп, қыз бала­сын тірідей көміп, азғын­даған араб еліне ғана емес, жалпы адамзат баласына ес­кертуші ретінде соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) жіберіл­ген. «Көп кі­тап түсті Алладан соның төрті, Ал­ланы таны­туға сөз айыр­мас»,– деп данышпан Абай айт­қандай, өзінен бұрынғы үш кітапты растап қана қоймай, толық­тырып және мұсыл­ман баласына тура жолды көрсетуші ретінде Құран түс­кен. Сол қасиетті кітапта жара­тушы Иеміз азғындаған бірнеше қауымды түрлі табиғи апат­тар арқылы жер бетінен жойып жібер­гендігі айтылады. Құран Хақтың сөзі болған­дықтан күдік-күмәнсіз сенуіміз керек.
Санаулы жылдың алдында Түр­кия­да да бірнеше мыңдаған адамның өмірін қиған жер сілкінісі болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тағы да таңғаларлығы, сол жерде де мешіт пен шіркеудің дін аман тұрғандығы. «Мұ­ның бәрі шетелде болған, сон­дық­тан рас-өтірігін кім білсін», деп көзі­мізбен көрмегенге көңілімізді сендіргіміз келмегенімен, екі жыл бұрынғы Қызыл­ағаштағы су тасқы­нында әйнегі де шытынамай, тек ішіне су толып қалған ауылдық мешітті бәріміз де көрдік. Сонда бұл не? Сәйкестік пе, әлде мұнда да бір сыр бар ма? Рас, жоға­рыда мысалға кел­тір­ген елдердегідей надандыққа бармасақ та, ұлттық санамызға сызат түсіп, атадан келе жатқан бойы­мыздағы ізгі қасиет­теріміздің қадіріне жете алмай, көлең­ке түсіріп алғаны­мыз шындық. Ал түрлі апаттар мешіттердің аман қалуының сыры неде десек, Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) «Қандай да бір апатты сезсе­ңіздер, мешітке қарай жүгіріңдер»,– деген хадисі еске оралады.
Былтырғы жылдың күзі жапон­дықтар үшін жағымсыз мезгіл болды. Ғылымға деген ерекше құштар­лығы­мен адамзат баласына өздерінің озық үлгісін көрсетіп, үлкенге құрметімен, кішіге ізетімен барша ел қызығарлық кішіпейілділік пен сабырлығымен биік тұрған жапон елі қай жерінен кінәрат жіберді, неден жаңылып, не жазды? Тіпті, басына түскен табиғи зобалаңға байбалам салып, бақырмай, аттандап, шулап, шатылмай сондай сабырлық танытты. Дүкенге кезекте тұрғандағы әдебін көргенде қайғы оранып тұрған ел болса да, еріксіз қызығасың. Біздің жұртта дәл осындай сабырлық мүлдем жоқ-ау. Ендеше, жапондар мұндай апатқа не үшін ұшырады? Сол кезде «Ислам өркениеті» газетіне Төреғали Тәшенов­тің «Жаратқан ием Жапонияны неге жылатты» деген мақаласы жарық көрді. Сонда айтылады, 1973 жылы жапондардың өздері түсірген, күллі көрермендердің жүрегін жаулап алған «Жапонияның күйреуі» деген кино шығыпты. Мен ол кезде әлі туылмағанмын, бала кезімде көрдім бе, көрмедім бе, есімде жоқ. Мақа­лада Жапониядағы цунами сол кино­дағы оқиғаларды жүз пайызға дерлік қайталаған екен. Осыдан барып арада жылдар өтсе де өздері шақырған жамандық бастарына келді ме екен. Әлде, адам басына чип орнатуға дейінгі тәсілдерді ойлап тауып, Жа­рат­қанның жаратылысына өзгерту әкелгісі келген ниеттерінен жазаланды ма? Бәлкім, адамдық келбеттен робот­тық кейіпке бейімделіп бара жатқан­дығына бір сәт тоқтау салуы шығар Хақ тағаланың. Қалай десек те, таби­ғат апатының тамыры тереңде жатыр.
Әр елде орын алып жатқан цуна­ми, АҚШ-тағы «Катрина» дауылы, Филиппиндегі апат, Еуропадағы алапат нөсер, Ресейдегі орман өрті, барлығы да адамзатты ойландыратын оқиғалар.
Қазір өзгерген қоғам, дамыған заман. Жылт еткен жаңалық назары­мыздан тыс қалып жатқан жоқ. Ой түбінде жатқан сөзімізді көңілсіздеу тақырыпқа бұрғандағы мақсатымыз жамандық шақыру емес. «Ауырдым деп ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесек», деген ғана ниет. Бүгінгі таңда қай мемлекетті алсақ та, түрлі деңгейде табиғи апаттарға жолығып жатыр. Ал голливудтық режиссерлер күннен күнге осындай жамандықты шақыратын кинолардың бірінен кейін бірін шығаруда. Есесіне кинода көрсе­тілген зобалаңдар батыс елдерінде орын алуда. Оларды ынтыға көрген біздерге де айтарлықтай зияны тиіп жатқаны ақиқат. Барлық жағдайды исламмен байланыстырып отыр­ған­дағы мақсатым – діндарлық танытып, ақыл айту емес, қалай дегенде де адамзат баласы іс-әрекетімен, сөзімен және ниетімен рухани апатқа ұшырап жатқандығын көңіл таразысына сала отырып, ой бөлісу.
Аса қамқор, ерекше мейірімді сипатқа ие Алла тағала махаббатпен жаратқан пендесін неге азапқа салады деген сұрақ туындауы мүмкін. Қара­пайым ғана мысал келтірейік. Егер де өз кіндігінен жаралған ұлы-қызы бұзақылық жасап, жаман мінез көр­сетсе ата-анасы әлбетте жазалайды. Сол сияқты қызметтегі адам міндетіне жауапкерсіздік танытып, өз білгенімен жүрсе басшылық тарапынан ескерту алады, айлығы кесіледі, соңында жұмыстан қуылады. Жалпы қоғамға зияндық істегендер қылмыскер ата­нып, сотталады. Бұлар адам қолы­нан келетін жазалау. Ал енді «махаб­батпен жаратып», күллі жер бетінде дәреже­мізді бәрінен үстем қылып, ақыл беріп, осынау ғаламның қожасы еткен Алла
тағаламызды танымай, аузымыздан тәубеміз, жүрегімізден иманымыз, көңілімізден шүкіріміз кетіп, күпіріміз көбейіп жатса, құдайымызды ұмытып, өз білгенімізбен жүре берсек, құдірет Иесі қалай ғана ашуланбасын, неге ғана жазаламасын.
Егер бір жерге табиғи апат келсе, ол – сол халыққа жіберілген сынақ. Ойлансын, асып-таспасын, тәубесіне келсін дегені, ал оны көрген басқа ел, соның ішінде сіз бен біз де сабақ алып, атадан келе жатқан асыл қасиеттерді бойымыздан жоғалтпай, адамдық болмысымызды сақтап, адалдық жолынан айнымасақ, тосын­нан келетін пәле-жаладан аулақ бола­тынымыз ақиқат. Өйткені, мына өмір – адамзат баласына сынақ әлемі, қабір – істеген амалдарымызға жауап беретін сұрақ әлемі. Ал тіршілігімізді ғибратқа толы, Жаратушының қалауындай өткізсек, жұмақ әлемі есігін ашпақ. Ол үшін Адам ата ұрпақтары жер-жерлерде болып жатқан апаттарды табиғат көрсеткен тосын мінез деп қана емес, Алла тарапынан жіберілген ескерту екенін сезінсе, адам боп келген бес күндік жалған өмірді адал өткізуге асығатын-ақ еді.

Жұматай Оспанұлының 
«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.201531.03.2015).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста