"Жалғыз жүрек, сан сауал": Жастар санасы сұмдық өзгерген қоғамда өмір сүріп жатырмыз

"Жалғыз жүрек, сан сауал": Жастар санасы сұмдық өзгерген қоғамда өмір сүріп жатырмыз

ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ

Абайдан қалған асыл мұраға қайта айналып соғуымызға тура келді. Ойға түсіп, толғанған дана бүгінгі күніміз үшін алаңдап қана қоймай, айтып кетіпті заманның пернесін дөп басып. Абай шығармалары жаңа мұқабамен қайта шықса, ойланбастан сатып алуды әдетке айналдырғанмын. Жаңа дүниеге кім қызықпасын. Сыртының жылтырағы үшін емес, ішіндегі алтынға бергісіз сөз жауһары үшін аламын да. Бірақ қайталанып шығып жатса да жаңа туған дүниедей баурап алатын Абай мұрасы несімен құнды, неге сондай бағалы? Өз пайымдауымша, әр жаңа мұқабасын ашқан сайын Абай әлемі басқа қырынан танылатындығында болса керек. Парақтап отырып, бұрындары да бірнеше мәрте оқыған мына бір төрт шумақ өлеңге ерекше көңілім ауды. Ой түбінде жатқан сөзді ақ параққа түсіріп, ақтарылып көргім келді алдарыңызда, оқырман.
Заманақыр жастары,
Қосылмас бір бастары.
Біріне бірі қастыққа –
Қойнына тыққан тастары,
– дейді алғашқы шумағында. Неге түңіліп, неден күдіктеніп кетті екен деп айта алмайсың. Бұл өлеңнің жазылғанына жүз жылдан асты. Бірақ тура бүгінгі күннің бет бейнесі. Еріксіз қосыласың. Өйткені, дәл қазіргі замандағы жастар­дың арасында тасада тұрып тас атып, қастық жасауға дайын тұратындары жоқ емес. «Ел ішінде бір тентек жүрсе несі бар» деп алаң көңіліңді жұбатайын десең, екі күннің бірінде болып жатқан сұмдық оқиғалар күдігіңді еселей түседі. Басқа-басқа, өз елінде, өз жерінде қазақ жастарының бір-біріне деген хайуаннан бетер қастығы жаның­ды ауыртады. Жаға жыртып, жақ сындыру былай қалды. Ендігі жерде пышақтап кетіпті, атып тастапты, соққы­ға жығыпты деген қатігездікке құла­ғымыз үйреніп, көңіліміз көндігіп бара жатқандай. Шынымен де, ақырзаман жақындап қалған ба деген ойға келесің. Құдай сақтасын, Алланың ісіне аралас­қандай болмайын.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны, –
деп бір түйіндейді данышпан ақын. Ар мен иманды саудаға салып жүрген жандар аз ба? Бірақ солардың арасында қаракөз қандастарымыздың көптеп кездесетіні тағы да жүрек тұсың­ды шым еткізеді. Амал жоқ, өз қолыңды өзің кесесің бе, қаланың талай-талай көше­сінде, ойламай әкесін де, шешесін де жүрді ғой арын сатып бұрым­дыла­рымыз. «Жүрді ғой» дегенде, қазір тыйыл­ды деп өзім­ді жұба­тай­ын деп отырған жоқпын. «Ару Ал­маты» деп ата­лып, жанымызға ыстық сезім ұялат­қан Алатаудың баурайына орналасқан әсем қала­дағы Сейфуллин және Саин көше­лерінің бойын қызмет орнына айналдырған «түнгі көбелектер» намы­сымызға әбден тиген бір кездері. Заң орындарына шағымданып жүріп, екі көшенің бойындағы «қоқыстарды» (осылай атауымызға тура келді) тазала­ғандай болды Алматы жұрты. Бірақ оңай олжа тауып жүрген «ар сауда­сына» толықтай тосқауыл қоя алған жоқпыз. Оңай олжа деймін-ау, күн ұясына кірген­нен, таң бозарып атқанға дейін бірнеше еркекке қызмет ету қайбір жеңіл болсын. Ал соларға мүмкіндік беріп, сұраныс­тарын қанағат­тандырып жатқан ер-азаматтары­мыз­дың намысының етекке түсіп кетке­ні қынжылтады.
Қазіргі таңда кез келген қаланың адам көп жүретін орындарында (көбі­несе арбаттарда немесе базар маңында) ұялы телефон сатуды кәсіпке айнал­дырған жастарды топ-тобымен көруге болады. Онда да ел қатарлы сауданы кәсіп қылып, айналысып жатса бір сәрі. Қолдарында ұрланған, жоғалған, ескір­ген, бір жері сынған деген сияқты, әйтеуір оңған бір телефон таппайсың. Жабайы алыпсатарлар. Арзанға алып, қымбатқа сату басты мақсаттары. Абай атамыз айтқандай, «еңбекпен етті ауыртпай, құр тілменен жиғанына» мәз.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер.
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Құмалақ ашып, көріпкелдік таны­тып отырған жоқ Абай. «Мыңның бірі уәлі» деп аталарымыз текке айтпаған. «Уәлі» шариғи тілде Алланың досы деген ұғымды білдіреді. Қазақша «әулие» деп жатамыз. Міне, әулиенің сөзі. Алланы бір, Пайғамбар хақ, Құран шын деп өткен Абайдың сөзі. Ғасыр­дан аса уақыт бұрын бүгінгі біздің қоғамды айна-қатесіз бейнелеп кеткен. Нағыз еңбек пен білімнің майданына түспей, өнімсіз істі шебер меңгерген жастар, жаңағы айтып отырғаным. Орта жолда делдал атанып, тапқанына мәз, тойғанына мас болып, өреге келіп сүйкенген келбеттерін дөп басқан данышпаным-ай дейсің іштей. Еліміздің ертеңі, болашағымыздың тұтқасы болатын, тепсе темір үзетін жалынды жастарымыздың арзанқол тірлігі аянышты тіпті.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер сөздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
Көшеде, аялдамада, оқу орында­рының аулаларында, қоғамдық көлік­терде, жалпы айналамызда күнде көріп жүрміз хакімнің мына шумағындағы кейіпкерлерді. Әдеп, иба, ұят сияқты адам бойындағы асыл қасиеттер арзандаған заман. Санасын тұмандаған, ойлануға мүмкіндік бермейтін, ар жағында дым жоқ «күлмеңдеген көздер», қалжың ғып айтқан жел сөздер жеңілтек мінез қалып­тас­тыруда. «Айналамда үлкен-кіші бар-ау, мына қимылым ыңғайсыз-ау» деп ойланып жатқан бірі жоқ. Оны қойы­ңызшы, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан «шошқа туған сөздерін» айтсаңызшы. Қой деп айтар адам жоқ емес-ау. Оның өзі өмірінде естімеген сөзін естиді. Жастар санасы сұмдық өзгерген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Абай айтқан заманақыр жастарын күнде көріп жүрміз. Қара аспанды төндіріп, қара суды кері ағызғаным емес, «ауруын жасырған өледі», көңілімізге көлеңке түсіріп тұрған Абай өлеңіндегі көріністер бар екені ақиқат. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанда ғана кеткен кемші­лігіміздің орнын толтыруға болар бәлкім. Ол үшін Абайдың жолын қазағының қолына ұстатқан Омар­ханның Мұхтары айтқандай, «Ел бола­мыз десек, бесігімізді түзейік», ағайын!

Жұматай Оспанұлының 

«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.201514.04.2015).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста