Жамағат мешітті тегін тазалап жүрген қазақ әйеліне көлік сыйлады
Қасиетті Ораза айт мерекесінде Жетісу жұртшылығы мешітті ақысыз- пұлсыз тазалап жүрген жанға көлік мінгізді.Темір тұлпар Қадір түнінде садақа ретінде жиналған қаржыға сатып алынған. Құны 700 мың теңге тұратын көліктің кілті Земфира Нұралбековаға көпшілік алдында табыс етілді.
Аумағы төрт жарым мың шаршы метрлік мешіт ғимаратын біраз уақыттан бері ақысыз-пұлсыз тазалап, оған қоса Рамазан айында аспаздың қызметін атқарып жүрген әйелге көлік мінгізу туралы идеяны жас қарилар көтеріпті. Бұл осы уақытқа дейін тарауық оқыған қарилар мен мешітте жатып білім алатын шәкірттердің ас-суын қамдап, сауабын алған жанға деген сыйлары екен. Қадір түнінде өздерінің қызметіне деп жұрт жинайтын садақаны түгелімен береміз деп уағдаласқан. Олардың бастамасын имамдар қолдаған. Мешіттің тұрақты жамағаты да сауапты іске ортақтасып, қолдарынан келгенше жәрдемдесіпті. Халықтың разылығына бөленген Земфира Нұралбекованың отбасы Талдықорған шетіндегі ауылда тұрады екен. Отағасы екеуі үш бала тәрбиелеп отырған ана енді қоғамдық көлікпен емес, өзінің жеке көлігімен мешітке қатынайтын болады.
ЗЕМФИРА НҰРАЛБЕКОВА, көлік иесі:
– Осында жатқан имам кісілер бір қуантқысы келген екен. Ол кісілерге Алла разы болсын. Алладан қайтсын, барлықтарыңызға Алла осындай жақсылық нәсіп ете берсін.