Жаман мінезден қалай құтылуға болады?
Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уасаллам” «Адамның денесінде бір ет бөлшегі бар. Ол жақсы болса, бүкіл мүшелер жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл мүшелер бұзық болады. Ол – көңіл» деп бұйырған. Яғни біздің жүрек деп атайтын бір бөлшек етте болатын қуатқа ишарат етілген. Көңілдің жақсы болуы – жаман мінезден тазарып, жақсы мінезбен безенуі дегенді білдіреді.
Мінезді өзгертуге болады. Жаман мінездерден арылып, жақсы мінездермен безену арқылы өз-өзін тәбиелеу мүмкін нәрсе. Хадис шәрифте «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Ислам мүмкін болмаған нәрселерді әмір етпейді.
Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – аурудың не екенін және оның зиянын және себебін және оның терісін және оған жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу өзіне диагноз қою керек. Бұл диагнозды әркім өзі жасайды. Немесе бір ғалымның, жол көрсетуші мүршидтің айтуымен түсінеді. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан сенімді досынан сұрап кемшіліктерін білсе болады.
Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де, өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан, адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал жақсы достар айыбын көрмейді. Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуы үшін жалынады. “Сен досымсың. Барлық халің, әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра” дейді. Біреудің кемшілігін көргенде оны өзінен іздеп, өзінде де бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады.«Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы. Яғни өзгенің айыбынан, кемшілігінен өзінің кемшілігін көреді. Иса алейһиссаламнан “бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?” дегенде, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің “рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин” өмір-баяндарын, бастарынан өткен оқиғаларын оқу да жақсы мінез-құлықты болуға себеп болады.
Өзінде жаман мінезі бар адам, оған шалдығуының себебін іздеуі керек, себебін жоюға, және де оның терісін істеуге көп тырысу керек. Себебі адамда әдет болған нәрседен құтылуы өте қиын болады. Жаман нәрселер нәпсіге ұнамды келеді.
Жаман нәрсе жасап қойғанда артынша риязат жасау, яғни нәпсіге қиын келетін нәрсені жасауды өзіне әдет ету де жаман мінезден құтылуда пайдалы. Мәселен бір жамандық жасасам пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек. Нәпсі мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Бұл зияндарды білдіретін хадис шәрифтер де көп. Біразы мыналар:
«Алла алдында жаман мінезден үлкен күнә жоқ». Себебі адам оның күнә екенін білмейді. Білмегені үшін тәубе етпейді. Жасаған сайын күнәсы қат-қат көбейе береді. «Адамдардың еш тартынбай, қысылмай жасайтын күнәлары – жаман мінезді болу». «Әрбір күнәнің тәубесі бар. Жаман мінездің тәубесі болмайды. Адам жаман мінезіне тәубе етпей, одан да жаманын жасайды».
«Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды».
Жақсы мінезді болу үшін және мінез-құлқын сақтай алу үшін, салих және жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Адамның мінезі досының мінезі сияқты болады. Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Хадис шәрифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады» делінген. Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болу керек. Ілім үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Мінез-құлықты бұзатын және шәһуатты оятатын ұятсыз, жаман кітаптарды оқымау керек және мұндай радио, теледидар көрсетілімдерінен сақтану керек. Жақсы мінездің пайдалары, харамның зияндары және жаһаннам азаптары әр уақытта есте болу керек. Байлық, мансаптың артынан қуғандардың еш қайсысы мұраттарына, мақсаттарына жете алмаған. Байлықты, мансапты жақсылық үшін іздегендер, қайырлы істерде қолданғандар бақытқа, берекеге қауышқан. Байлық, мансап мақсатқа айналмауы керек, игі істер жасау жолында құрал болуы керек. Байлық, мансап теңізге ұқсайды. Өте көп адамдар ол теңізде тұншығып батып қалған. Алла тағаладан қорқу бұл теңіздің кемесі. Хадис шәрифте «Дүниеде қалушы емес, жолаушы сияқты өмір сүру керек! Өлетінін еш ұмытпау керек!» деп бұйырылған. Адам, өмірі мәңгі емес. Дүние зауқтарына берілген сайын, дерт-бәлелер, ренжумен қиындықтар арта береді. Төмендегі хадис шәрифтерді еш ұмытпау керек:
1.«Ғибадаты аз болған құл, қияметте жақсы мінезімен жоғары дәрежелерге қауышады».
2.«Ғибадаттардың ең оңай және өте пайдалысы, аз сөйлеу және жақсы мінезді болу».
3.«Құлдың ғибадаттары көп болса да, жаман мінездері оны жаһаннамның түбіне апарады, кейде күпірге апарады».
4.Біреудің күндіз ораза тұтатыны, түнімен намаз оқитыны, бірақ мінезі жаман болғаны үшін тілімен көршілеріне, достарына жәбір көрсететіні туралы айтылғанда, расулуллаһ алейһиссалам: «Бұлай болу жақсы емес. Баратын жері, жаһаннамның оты» дейді.
5.«Жақсы мінезді толықтыру, орнату үшін жіберілдім». Сәмауи (Алланың) жіберген діндердің барлығында жақсы мінездер бар еді. Ислам бұлардың бәрін толықтыру үшін жіберілді. Бұл дін тұрғанда жақсы мінездерді үйрететін басқа деректердің, басқа адамдардың керегі жоқ. Сондықтан Мұхаммед алейһиссаламнан кейін пайғамбар келмейді.
6.«Мінезі жақсы адам дүние және ахырет бақытына қауышады». Себебі мінезі жақсы адам Алла тағалаға және құлдарына болған хақтары мен міндеттерін орындайды.
7.«Жүзі және мінезі жақсы болған адамды жаһаннам оты жақпайды».
8.«Өзінен алшақтағандарға жақындау, зұлым еткендерді кешіру, өзін махрұм еткендерге ихсан (жақсылық) ету жақсы мінезді болу дегенді білдіреді». Жақсы мінезді адам өзіне ренжігендерге жақсылық жасайды. Мал-мүлкіне, абыройына, денесіне зиян бергендерді кешіреді.
9.«Ашуланған кезінде жұмсақ мәміле танытқан адамның жүрегін Алла тағала амандықпен иманға толтырады». Қорқыныштан, қауіп-қатерден амандықта болады. Жамандық еткендерге жақсылық жасау, жақсы мінездердің ең үстемі. Кәміл адам екендігінің белгісі. Мұндай адамдардың дұшпандары досына айналады. Имам Ғазали “рахимәхуллаһи та’ала” былай дейді: «”Інжілде” көрдім, Иса алейһиссалам, “Жамандық жасағанға жамандықпен жауап бермеңдер! Сол беттеріңді ұрған адамға оң беттеріңді тосыңдар! Шапаныңды алған адамға шалбарыңды да бер!” делінген».
Жаман мінездердің алпыс түрі мәшһүр. Әрбір мұсылман көңілінен барлық жаман мінездерді шығарып, орнына жақсы, көркем мінездерді орнықтыру керек. Бірнешеуін ғана шығарып, біразын ғана орналастырумен адам көркем мінезді болмайды. Тасаууф – адамдарды осы кемелдікке жеткізетін жол болып табылады. (Мұндай болмаған жолға тасаууф делінбейді. Әрбір ілімнің, әрбір өнердің жасандысы, бұзылғандары болатыны сияқты, діннен, исламнан және мұсылмандықтың әдемі ахлақынан хабары болмаған жалған, жасанды дүмшелер өздерін тариқатшы, шейх деп атап жүргендері көрінуде. Бұларға алданбау керек, надандардың, ахлақсыздардың кітаптарын оқымау, радиоларын тыңдамау, тұзақтарына түспеу керек).