Зәмзәм суының не қасиеті бар?
Ассаламу алейкум! Зәмзәм суының қасиеті жайлы айтып берсеңіздер. Бұл су жайлы хадистерде не айтылған?
Айдос
Уа алейкум ассалам!
Зәмзәм – бітпес қайнар бұлақ. Оны Жәбірейіл (ғ.с.) қанатымен ұрып ашқан[1]. Бұл бұлақтан нәресте Исмаил (ғ.с.) және анасы Хажар ішкен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегін жуған су да зәмзәм. Зәмзәм суының мың бір қасиеті бар.
Хадисте: «Жер бетінде ең жақсы су – зәмзәм суы. Ол әрі ас, әрі дертке шипа[2]», – делінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) зәмзәм суын ішкені, дәрет алғаны және басына құйғаны жайлы дерек бар. Сонымен бірге, мес ыдыстарға құйып науқас адамдарға ішкізгендігі де айтылады[3].+
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зәмзәм суын қандай ниетпен ішсең, соған жарайды[4]», – деген. Хадисте айтылған сөздерді ізгілер мен ғалымдар өз тәжірибесінде көрген. Зәмзәм суды кез келген тілекпен ішуге болады. Мәселен, бір шаруаның сәтті бітуі, денсаулық пен шипа сұрау, кедейліктен құтылу, берекет сұрау және уайым-қайғының кетуі сияқты.
Хадис ғалымы Ибн Хузаймадан «Мұнша ілімді қалай үйрендің» деп сұрағанда, ғұлама: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Зәмзәм суын қандай ниетпен ішсең, соған жарайды[5]» деген, мен зәмзәмді ішкен кезде Алла Тағаладан пайдалы ілім сұрадым», – деген екен.
Яхия бин Ахмед Құртуби өмірдерегінде зәмзәм суды Құран Кәрімді жаттау тілегімен ішкені айтылады. Нәтижесінде, Құранды қысқа мерзімде жаттап шығады.
Ибн Жазири өмірдерегінде мынадай мәлімет бар. Әкесі саудагер қырық жыл перзент сүймейді. Қажылыққа барғанда зәмзәм ішіп тұрып, Алла Тағаладан ғалым болатын бір перзент сұрайды. Осылайша, саудагер перзентті болады. Ал, баласы Мұхаммед 13 жасында Құранды толық жаттап, өз заманында «шайх қурра» Құран ілімі ғалымдарының шайхы атағына ие болады.