Заңды түрде ажырасса, онысы қанша талақ болып саналады?
Ерлі-зайыптылар сотқа ажырасуға арыз жазған болса, бұл – ері тарапынан сотқа ажырастыру құқын беру болып табылады. Шариғатта әлдебіреуге талақ ету құқын беруді «Тәфуизи талақ» дейді (немесе "тәукили талақ").
Сондықтан да, сот берілген арызға сай некені бұзуға шешім шығарса (кейбір ғалымдарымыз соттың мұсылман болуын шарт қосқан), сот шешімі нақтыланғаннан соң, онысы бір талақ ретінде саналады. Бұл дегеніміз, бұдан алдынғы уақыттары талақ сөздері айтылмаған болса (яғни, бұдан алдын екі талақ айтылмаған болса), сот шешімінен кейін де қайта татуласып, некелерін жаңартуларына құқылы.
«Неке жаңартады» деуімнің себебі, сот шешімі – кіші байын талақ үкімінде. Шариғат бойынша, кіші байын талақтан соң татуласқысы келген ерлі-зайыптылар неке жаңартулары шарт*.
*Талақ үш түрлі: "рижғи талақ", "кіші байын талақ" және "үлкен байын талақ". Біріншісінде, ерлі-зайыптылар үш хайыз уақыты ішінде неке жаңартпастан татуласа алады. Екіншісінде, қайта татуласқысы келген ерлі-зайыптылар неке жаңартулары шарт. Үшіншісінде, қайта қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болады.