ЖӘННАТТАН КЕЛГЕН АҚ ТАС НЕГЕ ҚАРАЙҒАН?
Қара тасты сүю – қажылық жасаған әрбір мұсылманның арманы. Сол үшін де әдетте кейбір кісілер қажылыққа барып келген адамдардан:
«Қара тасты сүйдің бе?» деп сұрап жатады.
Әуеліде қара тастың түсі Адам пайғамбарға берілген уақытта ақ еді. Қағбадағы қара тастың кейбір қасиеттерін айтар болсақ: Қара тас – жәннаттан келген тас. Анас ибн Мәликтің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қара тас – жәннат тастарынан», – деп айтқан (Байһақи)
Қара тас – сүттен ақ болған. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген:
«Қара тастың түсі жәннаттан келген уақытта сүттен ақ еді, адам баласының күнәлары оны қап-қара қылды» (Тирмизи).
Ибн Аббастан жеткен басқа бір риуаятта:
«Қара тастың қар сияқты ақ түсін мүшриктердің күнәлары қараға бояды» деп келеді.
Қара тас – жер бетіндегі жәннаттық үш заттың бірі. Кейбір хадистерде жер бетінде жәннаттық үш зат қана бар, солардың бірі – қара тас деп келеді. Қара тас қиямет күнінде куәгер болады.
Ибн Аббас келтірген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Аллаға ант етемін! Қиямет күнінде Алла Қара тасқа жан бітіреді. Оның көретін екі көзі және сөйлейтін тілі болады. Ол өзін ықыласпен сипаған әрбіріне куәлік етеді». Қара тасты сүйген адамның күнәлары толық төгіледі. Ибн Омардан жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.):
«Шын мәнінде Қағбадағы қара тас пен Иемен бұрышын сипау күнәлардан толық айықтырады», — деп айтқан (Ахмад).
Ескерту: Қажылыққа барып, тауап жасау барысында қара тастың тұсына келгенде «қайтсем де қара тасты сүйемін» деп басқаларды күшпен итеріп, оларға зиян келтіруден сақ болу керек. Егер қатты кептеліс болса, онда басқа мүмкіндікті күткен дұрыс.
Сондай-ақ, «қара тас күнәні кешіреді» деп түсіну – қате пікір. Қара тасты сүю – қажылық рәміздеріне жататын сүннет амал.
Күнәні кешіретін – Алла.
Хазіреті Омардың бір күні қара тасты сүйіп жатып: «Білемін, сен – бар болғаны тассың. Сенің пайдаң да, зияның да жоқ. Сені пайғамбар (с.ғ.с.) сүйгені үшін сүйіп жатырмын» — деп айтқаны туралы хабар бар.
Алла – білушірек.