Заңсыз туылған бала Жәннатқа кірмейтіні рас па?
Сұрақ: Төмендегі хабарламаларды қалай қиыстыруға болады:
1. لا يدخل الجنة ولد زنية
«Зинадан туған бала пейішке кірмейді».
2. وولد الزنية ليس عليهم من أوزار آبائهم وأمهاتهم شيء
«Зинадан туған бала ата-анасының күнәсі үшін жауапқа тартылмайды».
Жауабы:
Алла Тағаланың Исламдағы ең басты қағида жайлы сөзі айдан анық:
«Ешбір жүк көтеруші өзгенің жүгін көтермейді» [ешкім өзгенің күнәсін арқаламайды] («Нәджм» сүресі, 38)
Сіз келтірген екінші хадисті осы мәселедегі негізгі қағида деп түсіну қажет.
Бірінші хадиске келер болсақ, имам Тахауи (Алла оны рақымына бөлесін) «уәләду з-зина» (зина баласы) тіркесін сол күнәні жасаған адамға қатысты қолданылған деп түсіндіреді. Араб тілінде бір іс-әрекетті қайталай беретін адамды сол іс-әрекеттің «баласы» деп атайды. Мәселен, жолаушы адамды көп уақытын жолда өткізетіндігі себепті «ибну с-сабиль» - «жол баласы» деп атайды. (Шарху Мушкиль Асар, хадис 911-915)
Осылайша, имам Тахауидің түсіндіруіне сәйкес, хадистің дұрыс аудармасы мынадай болады:
«Жиі зина жасайтын адам Жәннатқа кірмейді».
Сондай-ақ, Сахих Ибн Хиббан, хадис 3383 қараңыз.
Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім.
azan.kz