Жақсы әдет – табысқа жетудің кілті
Аристотель айтқандай, адамның іс-әрекеттерінің 95 пайызы әдеттен тұрады екен. Психологияда әдет адамның екінші болмысы саналады. Кейбір әдет адам бойына туа бітеді, кейбір әдет жүре келе қалыптасады. Сондықтан болса керек, қазақта «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген түсінік бар. Жақсы әдет пен теріс әдет те адам өмірінің сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер етеді.
Күнделікті тіс жуу, киіну, тамақ ішу секілді әдеттен бөлек әр адамның бойында өзі дағдыланған әдеттер болады. Айталық, біреулер аптасына 2 спортзалға баруға, айына 3 кітап оқуға, таңмен таласа тұрып, ерте ұйықтауға әдеттенеді. Керісінше, енді біреулер түске таяу тұрады, уақытының көбін әлеуметтік желіде өткізеді, кешкі асты өте кеш ішеді, зиянды тағамдарға әуестенеді. Көп адамдар осындай теріс әдеттерін жақсы әдетке айналдыра алмай қиналады. Өйткені қалыптасып қалған әдеттен бас тарту оңай емес. Мұндайда адамның ерік-жігері сыналады немесе денсаулығына қауіп төнгенде ғана жаман әдеттен арылуға тырысады. Бірақ мамандар жақсы әдетті еш күйзеліске түспей-ақ біртіндеп қалыптастыруға болатынын айтады.
Табыстың әдетке не қатысы бар десеңіз, жақсы әдет – табысқа жетудің негізгі кілті. Әдет туралы зерттеген көптеген психологтарға шолу жасай отырып, жақсы әдеттің табысты болуға қалай әсер ететіні жайлы ережелер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.
· Жақсы әдетті қалыптастырудың ең оңай жолы – қайталау. Қалаған әдетіңізді 20-30 күн бой үзбей қайталаған кезде дағдыға айналады. Ғалымдардың айтуынша, әдет берік орнығу үшін кемінде 20 күн керек. Сондай-ақ жақсы әдет қалыптастыруды шағын қадамдардан бастаған абзал. Айталық, спортпен шұғылдануды аптасына бір реттен бастап жайлап көбейтуге болады. Ағза бейімделген кезде адамның миы әдетті меңгере бастайды.
· Күнделікті жақсы әдеттің бірі – күнді жоспар құрумен бастау. Ол үшін ұйқыға жатар кезде келесі күнгі жоспарларыңызды ойлаңыз. Ертеңгі күнге кіші-гірім мақсаттар қойыңыз. Күнделік арнап, сол мақсаттардың бәрін жазуды әдетке айналдырыңыз. Жолда жүргенде де, адамдармен қарым-қатынас кезінде де өз мақсаттарыңыз жайлы ойлаңыз. Уақытыңыздың көбін нені ойлауға жұмсайсыз, сол мақсатқа жетесіз. Бай және табысты адамдар көп уақытын өз мақсаттарын ойлауға жұмсайды.
· Табысты адамдар ең алдымен өздері істеу керек жұмыстардың тізімін жасайды, соның ішінде ең маңыздыларына бірінші назар аударады. Бұл өмірді жеңілдетеді. Айталық, бір айға сапарға кетерден бұрын осы тізімдегілердің біреуін ғана істей алатын болсам, қайсысын істеуім керек деп өзіңізден сұраңыз. Соны дөңгелектеп қойыңыз да, бірінші кезекте сол жұмысты атқарып тастауға тырысыңыз. Осы жалғыз істі аяқтағанша тоқтаусыз жұмыс істеңіз. Осы қарапайым техника кедей адамды бай етеді.
· Тағы бір жақсы әдет –айналаңыздағы адамдарды тани білу. Егер сіз кәсіпкер болсаңыз, «клиент деген кім, мен оларға қалай көмек бере аламын», «олар маған қандай көмек бере алады» деп ойлау қажет. Табысты адамдар өзінің айналасындағы маңызды адамға назар аударады.
· Ең жақсы әдет – өз денсаулығыңа жіті назар аудару. Тамақты аздан жеу, бірақ пайдалы ас ішу, күнделікті жаттығу жасау – бұл өміріңізді де ұзартады, табысыңызды да молайтады. Өйткен бәсекеге қабілетті болу үшін көп күш қуат керек.
· Тәртіп – жақсы әдеттің бастауы. Өзіңді өзің тәрбиелеу, бүгін бітіруге болатын істі ертеңге қалдырмау, өзіңді міндеттеу табысқа жеткізбей қоймайды. Ойыңызда жүрген кез келген істі сәтті аяқтағаннан кейін өзіңізді марапаттаңыз. Мысалы, жақсы көретін шоколадпен шай ішуге болады, т.б.
Жақсы әдетті қалыптастыру қиын, бірақ онымен өмір сүру оңай. Керісінше, жаман әдетті қалыптастыру оңай, бірақ онымен өмір сүру қиын. Психологиялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, кез келген әдетке үйренуге болады. Жаман әдетті жақсы әдетке айналдыруға болады.
Айнұр СЕНБАЕВА