Жараға "вишневский мазь" жақсам оразаны бұза ма?
Сыртқы жараға «Вишневский мазь» жақса оразаны бұза ма? Ол дәріні жағу шариғатта рұқсат етілген бе? Әрі дәрет алғанда дәрі таңылған жерді міндетті түрде жуу керек пе?
Маржан, Ақтөбе қаласы
Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Абдусамат Қасым жауап береді:
«Вишневский мазь» секілді сыртқы жараларға жағылған дәрілер оразаны бұзбайды. Оның теріге сіңіп, ет пен тері арасына енуі тұтқан оразаға кедергісі жоқ. Себебі, оразаны (ауыз, мұрын құлақ сынды) табиғи жолдармен ішке түскен заттар бұзады. Сондай-ақ, аталмыш дәріні жағуға рұқсат. Себебі оның құрамында антисептикалық сарғыш ұнтақ (ксероформ), аққайын қарамайы (березовый деготь) және майсана майы секілді шариғатта «нәжіс» болып есептелмейтін заттар бар. Ал дәретте дәрі таңылған жердің айналасын жуып, жараның бетін жара таңғыштың үстінен сипайды.