Жастар неге үйленуден қашады?
"Қалай сенің, халің бүгін, табылды ма, қалыңдығың?!"
«Жігіт жоқ, есесіне, мігіт қанша, кілт жоқ, ашылмаған құлып қанша». Бұл - тұрмыс құрмаған қыздардың бүгінгі уәжі. Ал ер балалар «көлік алайын, үй тұрғызайын, адам болайын, отбасын құру алысқа қашпайды» деген сылтаумен шаңырақ көтеріп, отағасы атануға асықпайды. Бағзы заманда «Он үште отау иесі» деп, ер балаларды ертерек үйлендірген ата-бабамыз. Әйтсе де заман өзгерді, заң өзгерді. Бүгінгі жас «үйлену оңай, үй болу қиын» деген желеуді алға тартып, отбасын құруға әсте асығар емес.
Адамзаттың басты міндеті - отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Асылында адамның басты құндылығы да осы болса керек. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады адамзат. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Шаңырақ көтеріп, отбасылы атанып, ана, әкенің жауапкершілігін мойнына алғысы келмейтін жастар көбейді. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «мода» санамызды улап барады. Азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес. Оның үстіне қыздар мансаптың ізіне түссе, ер-азаматтарымыз үлкен жүкті мойнына артқысы жоқ. Баз бір жастар үшін «Отбасы» атты үлкен институт кәдімгідей «қамытқа» айналды.
Әзімбай Ғали, демограф-саясаттанушы: Әркім өзі үшін отбасын құрады
- Әзімбай аға, қазақ жастары неше жастан бастап некеге отырып, отбасын құрады?
- Қазақ халқында 27-28 жаста үйлену көбірек кездеседі. Болашақта бұл жас ұлғая түсуі мүмкін. 2000 жылдары қала жастары үйленуге ден қоя бастаған. Қазір керісінше бұл үрдіс сирей түсті. Негізінен, орташа есеппен 32 жасқа дейін отбасын құру аяқталады. Көбіне жас отбасылар бір-екі бала табумен шектеледі. Орташа есеппен алғанда, жанұяларда 2,7 бала дүниеге келеді.
- Жақында депутат Нұртай Сабильянов «жастарға 22 жастан отбасын құруды насихаттау керек» деген ұсыныс білдірді. Бұған қалай қарайсыз?
- Өкінішке қарай, бұл мүмкін емес жағдай. Қазір, тіпті мұсылман елдерінде кеш үйлену мәселесі ушығып тұр. Бірте-бірте біз де осы үрдіске қосылатын боламыз. Бір отбасында 2,2 баладан туылатын кезең келе жатыр. Түптеп келгенде, әкенің орнын бала баспайтын жағдайға жетуіміз де мүмкін. Бұл үрдіс 20 жылдан кейін бастау алады.
- Біздің елімізде жігіттер мен қыздардың арақатынасы қандай? Қыз жетіспей ме, әлде ер-азамат жетіспей ме?
- 30-40 жылдары ашаршылық кезеңінде әйелдер көптеп қайтыс болған. Сол заматта әйелдер жетіспеушілігі анық байқалған. Одан кейінгі жылдары ер адамдардың жетіспеушілігі анық байқала бастады. Ал қазір 28-29 жасқа дейін бізде қыз жетіспейді. Онан кейінгі жаста ер-азаматтарымыз жетіспейді. Ер адамдардың біраз бөлігі темір торға тоғытылып отыр. Негізінен ірі қалаларда қыздар басым болса, өндірістік қалаларда, ауылда ер-азаматтарымыз басым.
- Қазір жастар отбасын құруға құлықсыз. Әсіресе, қыз балалардың арасында ертеден некеге тұрмай, кәрі қыз атанатындар да бар...
- Мен бір кітабымда бір қызға кем дегенде жеті жігіт келіп, ниетін танытады деп жазғаным бар. Бірақ қыздар ыммен айтқанды түсінбейді немесе менсінбей қарайды. Содан келіп, кәрі қыз атанады. Тіпті оң жақта отырып қалды деген қыздың өзіне кем дегенде 5 жігіт келіп, ниет танытады. Жігіттер астармен жеткізеді, ал қыздар мұндай емеурінді түсінбейді екен. Сонан соң «жігіт жоқ» деп отырып алады.
- Отбасы құндылықтарын насихаттау біздің елімізде дәл қазір қаншалықты маңызды? Жалпы, жастар арасында мұндай насихатты қалай жүргізуге болады?
- Меніңше, мешіт тарапынан біраз ұстанымдар мен пәтуаларды жасау керек сияқты. Біріншіден, жыныстық қатынас міндетті түрде бала тууды мақсат тұту керек. Екіншіден, жасанды түсікке үзілді-кесілді тыйым салынуы тиіс. Сонан соң, жастардың көбісі «үйлен, үйлен дейсің, маған үй алып бер» дегенді алға тартатын болыпты. Мұндай ой болмауы тиіс. Адам ең алдымен өзі үшін отбасын құрып, ұрпақ өрбітеді.
- Жастардың көбісі «әлеуметтік жағдайымыз нашар» деген желеуді алға тартады...
- Жастар әлеуметтік жағдайын алға тартқанмен, жыныстық қатынасқа ертеден түсіп, мұндай өмірін жалғастыра түседі ғой. Мәселенің түп-төркіні осы болса керек. Мұндай қадамға тыйым салынбағандықтан, жастар үйленуді, үй болуды кейінге қалдырып, жауапкершіліктен жалтарады. Меніңше, некесіз бала тууды мақсат тұтпайтын жыныстық қатынасқа мұсылман дінінің тарапынан тыйым салынуы тиіс.
Cерік БЕЙСЕНБАЕВ, әлеуметтанушы: Баспана мәселесі ушығып тұр
Ауылдық жерлерде, облыстық деңгейде жастар ертеден отбасын құрады. Ал қалалық жастар көбіне бұл мәселеде құлықсыз. Алматыны мекен еткен жастардың отбасын құруға ынталанбауының басты себебі - тұрғын үй мәселесі болса керек. Осыдан бір жыл бұрын халық арасында зерттеу жүргіздік. Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, сұралғандардың 50 пайызы тұрғын үйін ауыстыруға ниет білдірсе, бұл көрсеткіш жастар арасында 70 пайызды көрсеткен. Байқасақ 24-35 жас аралығындағы жастар баспанаға зәру.
Ал мәселенің екінші себебі - батыстық стандарт мен батыстық мәдениеттің әсер етуінен отбасын құру жоспарлары біршама өзгерген. Қазір қыздар отбасын құрып, бала туып, үйде отыруды емес, өзін-өзі жетілдіруді мақсат тұтады. Оның үстіне қоғамдағы дәстүрлер де жаңа заманға сай өзгеріске ұшырады.
Ал үшіншіден, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім таппауы - жастардың отбасын құруына қолбайлау болып отыр. Жасыратыны жоқ, елімізде жастардың басым бөлігі жұмыссыз жүр. Бірақ үйленем деген жас ешнәрсеге қарамай үйленер еді. Бұл жерде әлеуметтік фактордан гөрі, мәдени фактордың ықпалы басымдау сияқты. Өйткені өзіміз бақылап жүргендей, үйленем деген жасты ата-анасы несие алып, оңай үйлендіреді.
Батыстық мәдениеттің салдарынан отбасы құндылық ретінде қарастырылмайтын болды. Жалпы, меніңше ауыл жастары қаладағы қатарластарынан гөрі үйленуге көбірек ынта білдіреді.
Оксана АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ, Алматы қалалық «Адам репродукциясы» орталығының психологы: Жастар арасында бейқамдық басым
Жастардың отбасын құруға құлықсыз болуы тек біздің елімізде ғана емес, әлемде кеңінен белең алып келеді. Қазір адамдардың ой-санасы, мақсаттары мен міндеттері өзгеріске ұшыраған. Соның салдарынан қыздардың тұрмысқа шығуы мен ер-азаматтардың үйлену жасы ұлғая түсті. Бұл, ең алдымен, білім алу мерзімінің ұлғаюынан. Әлем бойынша білім беру 8 жыл, 10 жыл, 11 жыл болды, қазір тіпті 12 жылдыққа көшірілу мәселесі де талқылануда. Ал кей дамыған мемлекеттерде балалар мектепке ерте барып, кеш тамамдайды. Тағы бір себеп - қоғамның бейқам өмір сүруі. Бұрын адамдар жастайынан еңбекке араласатын, содан болар, жауапкершілікті сезіну де басым болды. Ал қазір жастар «ата сақалы аузына түскенше» білім қуады. Сондықтан ересек өмірге өте кеш аяқ басады. Тіпті қартайғанша ата-ананың қолына қарайтын жастар да бар.
Мәселенің тағы бір қыры, жастар арасында әлеуметтік фобиялар, яғни үрей көп. Өкінішке қарай, жастардың арасында ересек өмірден, жауапкершіліктен жалтару басым болып тұр әзірге. Оның үстіне бейқамдық та жоқ емес.
Менің есебімше, ер-азаматтар 30 жастан кейін отбасын құрса, қыздар 25 жастан асқан сәтте тұрмысқа шығу қажеттілігін сезінеді. Медицинаның қарқынды дамуы 30-35 жастағы келіншектерге бала табуға мол мүмкіндік береді. Әйткенмен, табиғаттың қатал заңын алдай алмасымыз анық. Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін жастайынан ойланған жөн. Қыз балалар физиологиялық тұрғыда 18 жаста, ал әлеуметтік тұрғыда 20 жастан асқанда құрсақ көтергені дұрыс.
Марат ӘМІРҰЛЫ, Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің наиб имамы: Үйленуге асығу керек
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйлену - менің сүннетім, кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса бізден емес» деген. Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы хадисімен өз үмметтерін, яғни мұсылмандарды үйленуге үндеген. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жас жігіт-қыздардың үйленуге асықпайтындығын, ата-аналардың ұлдарын үйлендіруге, қыздарын ұзатуға асықпайтындығын байқап жүрміз. Бұл да батыс елдеріне аса қатты еліктеп бара жатқандығымыздың дәлелі. Ал мұсылмандардың үлгі тұтар ұстазы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер, көбейіңдер, қиямет күні сендердің көптіктеріңмен қуанамын» деген.
Жігіттердің сүр бойдақ немесе аяулы әпкелеріміздің отырып қалуына мынадай себептердің әсері болып жатқандығын байқаймыз. Біріншіден, жастардың арасында «өз жағдайымызды жасап, мансабымызды жөнге салып алайық» деген көзқараста болуларымен уақыттың өтіп кетуі. Екіншіден, жігіттердің үйленуге жағдайы болмауы. Жасыратыны жоқ, қазір қыз балалар ауқатты, әлеуметтік жағдайы жоғары ер-азаматтарға көңіл аударады. «Оның көлігі, жоғары білімі, баспанасы болуы керек» деген көзқарастағы қыздар баршылық. Еліміздің кей аймақтарында ағасы үйленбей, інісін үйлендірмеуі, сол сияқты әпкесі тұрмыс құрмаған болса, сіңлілерін ұзатпайды деген түсінік те қалыптасқан. Ал кейде ата-аналар балаларына «мен сені оқыттым, енді алған біліміңмен жұмыс жасауың керек, күйеуге шықсаң, жұмыс жайына қалады» деп, қыздардың жолын байлайтыны тағы бар. Осының бәрі түптеп келгенде жас жігіттер мен қыз балалардың отбасын құруға құлықсыздық танытуына себепкер болатыны аян. Дана халқымыз «Он үште отау иесі» деген, меніңше, жас жігіттер 22-23 жаста, ал қыз балалар 18-22 жаста отбасын құрса, абзал болар еді. Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өліні жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға асығыңыздар» деген. Сондықтан да қаракөз қыздарымыздың теңін тауып, ұзатуға асығуымыз қажет-ақ.
Қазір азаматтық неке деген қауіпті нәрсе шықты. Жауапкершілікті сезінбей, көңіл қосу - адамзатқа тән қасиет емес. Екі адам қосылған соң, міндетті түрде ұрпақ өрбіту мәселесін алға қоюы шарт. Некесіз туылған баланың болашағы да бұлыңғыр болады. Қызы некесіз бала туса, ұлы сергелдеңнің күйін кешіп жүрсе, мұның бәріне ата-ана үн-түнсіз, бейқам қарайтын дәрежеге жеттік. Қазақ қашанда, «Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырам» деген сөзді берік ұстанған. Бірақ бүгінгі заманда ұлы мен қызы ақ некенің зәмзәм суын татпай, өз еркімен бір-біріне көңілдес бола салады. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Сол себепті жастарымыз ойланып, отбасы мәселесіне атүсті қарамаса игі болар еді дейсің.
Айтылған сөз:
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов: «Көптеген жастар 30 жасында да отбасы туралы ойланбайды. Сондықтан 22 жастан бастап отбасын құру қажеттілігін насихаттауымыз керек. Қазақстанда адам капиталы жетіспейді. Қазіргі жас отбасыларда 2-3 баладан ғана туылады. Біздің ұлан-байтақ жерімізге кім мұрагерлік етеді? Отанымызды кім қорғайды? Бала санын 4-5-ке дейін көбейту үшін жағдай жасау керек, егер біз жастарды жұмыспен қамтысақ, жақсы жалақы берсек, қалған жұмыспен қамту мәселесі шешімін табады».
Айтылған сөз:
«Қазақ жастары бұрыш жағалап, үй жалдап, қаңғып жүр. Үйі жоқ болған соң, бала туу мәселесін де кейінге шегереді. Бұл демография мәселесіне кері әсерін тигізуде». Мәжіліс депутаты Гүлнар Ықсанова «Жастар саясаты туралы» заң жобасын талқылау барысында Белоруссияда 2011 жылы демографиялық қауіпсіздік жөніндегі бағдарлама қабылдағанын алға тартты. «Соның аясында Үкімет жас отбасылардың 2-баласы туылғанда, үй иелену үшін алған несиесінің 25 пайызын, 3-бала туғанда, 50 пайызын өтейтін, ал 4-перзентті дүниеге әкелгенде, мемлекет бәрін өз мойнына алатынын алға тарта, бізге осы мәселені солай шешуге не кедергі?» деді Ықсанова ханым.
Сөйле, статистика!
- Елімізде жасы 25-тен жоғары бойдақтар саны - 3 миллион.
- 14-тен 29 жасқа дейінгілер 4 миллион 616 мың адамды құрайды. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы - ер-балалар, 2 миллион 279 мыңы - қыздар.
- Нәзік жандылардың 28,2 пайызы, ер-азаматтардың 39,6 пайызы - бойдақ.
- Орташа есеппен қыз балалар 24 жасында тұрмыс құрса, ер-азаматтар 27-28 жасында үйленеді.
- Бас демограф Мақаш Тәтімовтің мәліметтері бойынша, елімізде 500 мыңнан астам сүрбойдақ һәм кәрі қыз бар.
- Деректерге сүйенсек, 21-29 жас аралығындағы жастардың, яки жас отбасылардың 85 пайызы үй-күйсіз жүр.
ЖАСТАР НЕ ДЕЙДI?
Дамир Бейсенов:
Жасым 25-те. Қазіргі бойжеткендер рухани құндылықтан гөрі, пендауи, материалдық құндылықты жоғары қояды. «Маған үйлену үшін үйің, көлігің, жақсы жұмысың болу керек» деген талап қоятындар да бар. Мұндай қылығы үшін қыздарды да жазғыруға болмас. Әркім-ақ жақсы өмір сүруге талпынады ғой. Бұл талапқа сай болу үшін кем дегенде 20 жыл жоғары жалақысы бар қызметте жұмыс істеуің керек.
Назерке Смағұл:
24 жастамын. Осы уақытқа дейін бізге «алдымен білім ал, сосын жұмыс істе, ешқайда асықпағаның абзал» деп тәрбие берген. Оқыдым, қолымда дипломым бар. Шынымды айтсам, қазір азаматтарымыз өздеріне сенімсіз, ертеңгі күніне күмәнмен қарайды. Сенімсіз адамның қолынан ұстап, болашаққа қадам басу» тіптен қиын. Сондықтан «ертеңгі күнім не болады, осы күніме зар болып қалмаймын ба?» деген үрей басым.
Түйін
Осыдан бірер жыл бұрын Мақаш Тәтімов жасы 25-тен асқан қыздарға, 30-дан асқан жігіттерге «бойдақ салығын» міндеттеу керектігін көлденең тартқан. Әйткенмен, бас демографтың ұсынысы аяқсыз қалды. Әлбетте, салт жүргені үшін ешкім қалтасынан ақша шығарғысы келмейді. Бұл ұсыныстың аяқсыз қалуының себебі де осы болса керек.
Қалай десек те, жастардың отбасын құруға құлықсыз болуының себебі де, салдары да көп-ақ. Асылында, отбасын құру мәселесі - әркімнің жеке шаруасы. Әйткенмен, қоғамның дамуы жекелеген адамның дамуынан бастау алатынын ескерсек, жастарды ертеден отбасын құруға тәрбиелеу керек сияқты.
Қай заманның да өз қиындығы, өз қызығы бар. Әке-шешеміз қылышынан қан тамған Кеңес Одағының кезінде, ата-әжелеріміз алаш баласы жаппай қырылған ашаршылық тұсында да отбасын құрып, үрім-бұтағын жетілдірген. Ал біздің «дайын асқа тік қасық» болып, мемлекеттен көмек күтіп, алақан жайып отырған жайымыз бар. Әсілінде, жастардың шаңырақ көтеріп, отбасын құруға асықпауы - әлеуметтік мәселелердің салдары емес, жастық эгоизмнің әсері болса керек. Бұл, әрине, тек біздің жеке пайымымыз. Ал жастар «бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» ұғынса екен дейміз...