Жүрек таза болмаса, харам мен күнәден тыйылу өте қиын
Алла Тағала адам баласын күллі жаратылыстардың асылы етті. Оған ақыл-ес, сана – сезім және сонымен бірге білім берді. Ақыл - ой, сана - сезім адамды өзге жаратылыстардан ерекшелесе, Иман - кәпір мен мұсылманды ара-жігін ажыратады. Жартушымыздың берген осы екі қасиетінен ажыраған адамның дұрыс өмір сүруіде қиын. Себебі, ол өз-өзін ұмытып біреудің айдауымен, шайтанның азғыруымен тірлік етеді.
Хақ Тағала адамды сұлу етіп жаратқан және оған өзін таза ұстап, харамнан сақ болып, тура жолмен жүруді бұйырған.
Алла Тағала адам баласының иманды немесе имансыз, екі жүзді немесе күнәһар болуының басты себебі адам баласының жүрегінде жатқандығына назар аудартады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде: «Шындығында адамның денесінде бір жапырақ ет бар. Егер осы бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі,сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса онда ол адамның денесі де, тәні де, жаны да бұзылады, ол бір жапырақ ет - жүрек», - деп айтуы да адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.
Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылғандығы біздерді бей-жәй қалдырмауы тиіс. Адам баласы дұрыс өмір сүру үшін харамнан сақтанып, жүрегін таза ұстауы керек. Әрине адам баласының бұл дүниеде өзін қоршаған дұшпандары да жетерлік. Пенде әрдайым сақ жүрмесе бұлардың барлығы да өз кезегінде жүрекке үлкен қатер әкеледі.
Жүрек – имандылықтың немесе күпірліктің мекені. Жүрек – адамды басқарушы орталық. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы орталыққа бағынады, орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез - құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Яғни, жүрек - жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы. Сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» (Байхақи, Шуьабул-иман).
Жалпы адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда төмендегідей топтарға бөлуге болады. Олар:
1.Қалбун салим (сау жүрек)
Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кімде-кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады». - дейді. (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Аятта айтылып өткен «сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын ғалымдары «күпірлік пен күнәһарлықтанада», «ширк пен шүбәдан арылған», «Алланың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен нәрленген жүрек» - деп түсіндірген.
Бұл жайында ғалым Фахруддин Рази былай дейді: «Сау жүрек дегеніміз - жүректің надандық пен жаман мінезден аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, жиіркенішті әрекеттерден және дүние құмарлықтарынан арылуы» - деген.
2. Қалбун муниб (мойынсұнған жүрек)
Қалбун муниб - жүзін әрдайым жаратушы Хақ тағалаға бұрып, өткінші дүниелердің құрығынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына мойынсұнатын жүрек. Құран Кәрімде Алла тағала бұл жайында былай деп баяндайды:
«Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаға қарай жән-тәнімен бет бұрған, әмірлеріне мойынсұған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және «қалбун мунибпен» (Аллаға бет алған жүрекпенен) келген пенделерге арналған» - дейді. (Қаф сүресі, 32-33 аяттар).
3. Қалбун мутмайын (орныққан жүрек)
Бұл – мүминнің санасын кеміріп, көкейіне түрлі арам ой салып, мазасын қашыратын уәсуәсә-азғырулардан құтылып, тыныштық тапқан яғни иман толықтай орныққан жүрек. Яғни, «айнал-яқин» дәрежесіне жеткен жүрек. Құран Кәрімнің баяндауы бойынша жүректің мұндай дәрежеге жетуінің бірден-бір жолы - «зикрулла», яғни Алланы еске алып, зікір ету. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде анық түрде баяндаған.
«Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады» - дейді. (Рағыд сүресі, 28-аят).
Міне бұлар – шынайы мүмин пенделердің жүректері. Мұндай пенделер ақыретте ешқандай қиындық көрмейді. Олар Алла Тағаланың уәде еткен жәннатына кіретін болады.
4. Қолбун қосия (қатайған жүрек)
Ислам ғалымдары жүректің қатаюын «жүректің ақиқатқа мойындамауы және Алланың аяттарын түсінуге тырыспауы», «уағыз-насихаттарға құлақ аспай, жалған дүние ләззатына бой алдыруы» және «имансыздық пен күнә істеуде шектен шығуы» - деп түсіндіреді.
Пайғамбарлар арқылы жіберілген иләһи хабарларға жүректерін тарс жауып, оларды естімеу үшін барлық күшін салған. Осы әрекеттері салдарынан олардың жүректері қатайған адамдар болып саналады. Бұл жайында Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкініш. Олар ашық адасуда» - дейді. (Зүмәр сүресі, 22-аят).
5. Қолбун мәта (өлі жүрек)
Бұл – Құран Кәрімнің терең мағыналы әрі ғибратқа толы аяттары мен Хазіреті Пайғамбардың (ﷺ) тағылымы мол уағыз-насихаттарынан ғибрат алмайтын, оларды жүрегімен сезініп, әсерленбейтін жүрек. Мұндай жүрек Құран Кәрімде «мөр басылған жүрек» деп сипатталады. Бұл Алла Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын, көкірек көздері көр болғандықтан ақиқатты көре алмайтын адамдардың жүрегі. Соқыр наным-сенімнің жетегінен шыға алмай, оны нағыз тура жол деп білгендіктен, ақиқатты зерттеп-зерделеуді, ақыл таразысына салып өлшеуді қажетсінбеулері әрі ақиқатты мойындаудан бас тартып, қасарысулары және Алланың өздеріне берген есту, көру, сезіну (ақиқатты табу) қабілеттерін қолданбауларының салдарынан Алла Тағала олардың жүректеріне мөр басқан. Бұл жайында Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:
«Расында кәпірлерді ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басып, бекітіп тастаған. Көздерінде де перде бар» - дейді. (Бақара сүресі, 6-7 аяттар).
Келесі тағы бір аятта:
«Олардың жүректері бар. Бірақ, онымен шындықты түсіне алмайды. Көздері бар. Бірақ, онымен көрмейді. Құлақтары бар. Бірақ, онымен естімейді» - дейді. (Ағраф сүресі, 179-аят).
Бұл имансыздардың жүректері. Мұндай пенделердің (жүрегі өлі пенделер) ақыретте жағдайлары өте мүшкіл болады. Алла Тағала бізді мұндай жүректерден сақтасын!
6. Қолбун мародун (ауру жүрек)
Бұл ауру жүректер екіжүзді және нәпсісінің жетегінде жүрген кейбір мұсылман пенделердің жүректерінде болады. Оларды Алла Тағала Құран Кәрімде былай баяндайды:
«Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі» - дейді. (Бақара сүресі, 10-аят).
Ислам ғалымдары жүрек ауруларын итиқади (сенім) және ахлақи тұрғыдан екіге бөліп қарастырады. Осыған байланысты имансыздық, екіжүзділік, ортақ қосу, надандық және күмән келтіру сынды иманға қатысты адастыратын әрекеттерді «сенім сырқаттары» деп, ал шәһуаттың құлы болу, күнә істеу құмарлығы, қорқақтық, сараңдық, риякерлік, тәкаппарлық, кектену, көре алмаушылық және дүние құмарлық сынды жағымсыз қасиеттерді «мінез-құлық сырқаттары», - деп түсіндірген.
Сондықтанда жүрек – махаббат пен сүйіспеншілік мекені болуы тиіс.
Алла мен оның елшісіне, Хақ дінге үйіспеншілігі жоқ жүрек өлі деген сөз. Жүректе не дүниеге деген сүйіспеншілік, я болмаса Алла Тағалаға деген сүйіспеншілік болады. Зікір және ғибадат арқылы жүректен дүние сүйіспеншілігі шығарылған кезде ғана жүрек тазарады. Мұндай таза жүрекке Алла сүйіспеншілігі өздігінен толады.
Бір ғалымнан:
«Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?» - деп сұрағанда,
«Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен - өзі орнайды», - деп жауап беріпті. Ғалым сөзін жалғастырып:
«Шыны ыдыстағы суды төгіп тастасаң, орнына ауа толады. Ауа мен су бірге тұрмайды. Сол сияқты жүрекке де екі махаббат орныға алмайды. Онда не дүниеқұмарлық болады, не Аллаға деген махаббат. Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен өзі пайда болады» - деген. Сондықтан әрбір мұсылман баласы өзін Жаратқан Раббысын әрдайым еске алып, Оны жүрегімен жақсы көруге ұмтылуы керек.
Жүректі тазалауда төрт нәрсе кедергі болады:
1) Мал-мүлікке деген махаббат.
2) Мансапқа деген махаббат.
3) Бөтенге арналған сүйіспеншілік.
4) Күнә.
Бұл төрт кедергіні алып тастау үшін төрт нәрсе керек:
1) Көп тамақ жемеу, халал азық жеу.
2) Көп ұйықтамау.
3) Көп сөйлемеу.
4) Жамандардан ұзақ болу.
Бұлардан құтылудың жолдары:
Аллаға деген сүйіспеншілік, зікір ету, ғибадат қылу, тәубе ету, садақа беру.
Мысалға, кейбір адамдар ешбір ғибадат, құлшылық жасамаса да, өзінің түрлі күнәға батқанына қарамай «менің жүрегім таза», «көңілімде кір жоқ», «ниетім тура», «көңіл таза болса болды» - деп жатады. Бірақ бұл ислам дінінен хабары жоқ адамдардың әрекеті. Керісінше жүрегі таза адамдар құлшылыққа бәрінен жақын тұрады.
Жүректің ауруы өткінші. Өйткені, о баста адам дүниеге келгенде ешқандай жүректе ауру болмайды. Сол себепті, жүректегі кез келген сырқаттан Алланың жәрдемімен айығуға болады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «Адам баласы қияметте жауапқа тартылғанда, Алла тағала оның түр-әлпеті мен дене бітіміне емес, керісінше Алла тағала адам баласының жүрегі мен амалына қарайды» - делінген. Сондықтан, ешбір ағайын – туысы да, малы да, жаны да пайда бере алмайтын сол бір ұлы күнге сау жүрекпен баруды Алла Тағала барша мұсылман пендеге нәсіп еткей!
Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВ,
Алматы қаласы, Алатау аудандық
«Бекет-ата» мешітінің Бас имамы
muftyat.kz
(Тақырыбы өзгертілген)