Әйелқұмар антұрған аспаннан түсті ме?
Астанаға іссапармен бара жатқан Қоқымның бүгін жолы болмады. Бұл әуежайға келгенше мамыра-жай болып тұрған ауа райы кенет алай-дүлей болып, нілдей бұзылды. Аспанды қорғасындай ауыр қара бұлт торлап, қар аралас нөсер жаңбыр жауды. «Алатаудың шыжың аспаны-ай», – деді қапаланған Қоқым. Нөсер тоқтасымен таяқ тастам жер көрінбейтін тұман жер әлемді тұмшалап алды. Жолаушы жұрт абыр-сабыр болып кейістік білдіріп жатыр. «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді» демекші, жолдан қалғанды кім жақсы көрсін?! Баратын жеріне жете алмай, екі көзің төрт болып, күту залында қақшиып отырып зарыққаннан жаман нәрсе жоқ. Қанша асықса да, Қоқым осы күту азабын бастан кешіруге мәжбүр. Мана «ғ» мен «ұ» әрпіне тілі келмейтін сақау қыз: «Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астанаға ұшатын ұшақ бір сағатқа кешігеді», – деп хабарлаған болатын. Сәл уақыт өткеннен кейін екі сағатқа бөгеледі деді. «Жағыңа жылан жұмыртқаласын», – деді Қоқым, ұшақты сол сақау қыз ұшырмай отырғандай.
Міне, содан бері сегіз сағат уақыт өтті. Ұшақтың құйрығы да көрінбейді. Шыдамы таусылған тағатсыз жолаушылар кімді екені белгісіз, әйтеуір біреулерді сықпырта сыбап, үйлеріне қайтып жатыр. Қоқым қайта алмай пұшайман болып отыр. Кенет ауа райы оңалып, ұшуға рұқсат етіле қалса, бұл қалып кетеді. Қалды дегенше басы пәлеге қалады. Дағдарысты алға тартып штатты қысқартуға сылтау таппай отырған қатал бастығы мұны оңдырмайды. Берілген тапсырманы орындамадың, сенімді ақтамадың «гуд бай» деуі мүмкін. Қазіргі кездегі ең қауіпті сөз – осы «гуд бай». Қоқым жіпсіз байланып отыр.
Шашың жұлынғыр сақау қыз «ұшпайды» деп кесіп айтпайды, «күтіңіздер» деп сиырқұйымшақтатады. Түн ортасы ауып Қоқымның діңкесі әбден құрыған шақта ұшақтың ертең кесте бойынша ұшатыны, билет күшін жоймайтындығы хабарланды. «Өй, шүлдірлеген тіліңнен айналайын! – деді қуанып кеткен Қоқым, – тілің сақау болса да, үнің әуезді екен, өзің де сұлу шығарсың. Мына тіліңмен мына жерде жұмыс істеп жүргеніңе қарағанда, бір дөкейдің жақыны боларсың». Қоқым күмән ойын тез жинап, тысқа ұмтылды. Сеңдей соғылысқан таксидің біріне отырып, үйіне тартты. Қатираның ыстық шайы мен ыстық құшағын аңсап, асығып келеді. Осы жас әрі әдемі Қатира үшін бұрынғы әйелін екі баласымен талақ тастап еді. Онысына өкінбейді. Бұрынғы әйелі сүйісуді де білмейтін сауатсыз болатын. Қатира мұны құштарлық «қайығына» мінгізіп, толқындай тербетті.
Міне, Қоқым үшінші қабаттағы пәтеріне де жетті. Қоңырауды баспай, есікті өз кілтімен ашты. Қатираны қуантып, сюрприз жасайын деген ойы ғой. Қатира күйеуін жалаңаш денесіне іле салған жұқа халатымен жайнаңдап қарсы алды. Қоқымды қырық жыл көрмегендей құштарлана құшып, әдеттегісінен ұзақ уақыт сүйіп тұрды. Еріні бал ма, француз шоколады ма, тәттілігінде шек жоқ. Тынысын тарылтып, тұншықтырып, Қоқымның құлағына майдай жағатын үнмен ыңырсып сүйеді.
Екеуі осы желімдей жабысқан күймен ас бөлмесіне көлденеңдеп кірді. Мына тамашаны қара, үстел үсті небір дәмді асқа, түрлі қымбат шарапқа толып, майысып тұр.
– Бағана әуежайға звондап, сенің бүгін ұшпайтыныңды біліп, әдейі дастарқан жасап қойдым, – деді Қатира назданып. – Мен қазір шай қойып келейін, сен отырып демал.
Бұл құштарлық иісі аңқып тұрған сиқырлы сөздерге Қоқымның онсыз да талпақ танауы желпілдеп, сиыр сауатын шелектей болды. Ас алдында «әпитетті» ашу үшін темекі шегетін әдеті бар еді. Қатира темекі иісін сұмдық жек көреді. Соны ойлап ол темекісін алып, балконға шықты. Шықса, бұрышта көзі бақырайып, суықтан қалш-қалш етіп, тыр жалаңаш бейтаныс еркек отыр. Жын ба, пері ме деп шошып қалған Қоқым кейін шегіне беріп еді, анау шап беріп, білегінен ұстай алды.
– Тс-с... Айғай шығара көрмеңіз, ағай. Өзіңіз де жас болған шығарсыз. Сіздің дәл үстіңіздегі жоғарғы қабатта күйеуі кәрі жап-жас ашынам бар еді. Соған қонаққа келіп едім, аяқ астынан кәрі қақпас келіп қалып, киінуге үлгермей, сіздің балконыңызға секіріп түстім. Қызғаншақ күйеуі ұстап алса, мені лақша бауыздайды. Көмектесе көріңіз, – деді жалынышты дауыспен.
«Қақпастың жас қатын алып несі бар» деп ойлады Қоқым мына жігіттің жігіттігіне риза болып.
– «Бөріктінің намысы бір», қорықпа, ұстап бермеймін, – деді Қоқым. – Қазір мен саған киім әкеліп берейін. Менің Қатирам – көлденең жүрісті ұнатпайтын таза, нәзік жанды адам. Оның көзіне көрінбей дереу шығып кет. Киімдерімді кейін посылкамен салып жіберерсің. Ұмытып қалма, пәтерімнің нөмірі – отыз үш.
– Ұмытпаймын, аға, – деген жігіт сыртқы есікті сықырсыз ашып, зып беріп шығып кетті.
Өзінің азаматтық ісіне қатты риза болған Қоқым дастарқанға келіп отырды. Баяғыда өзінің де бірер мәрте қолға түсіп қала жаздағаны есіне түсіп, жымыңдап күліп қойды.
Ыстық шай, жақсы шарап Қоқымның көңілін жайландырды. Жаңағы жігіт неткен жанкешті еді?! Төртінші қабаттан секіру... Әне, нағыз махаббат деген – сол. Маған мың жылға дейін алғысын айта жүретін болды. Тоқта, тоқта, қайдағы алғыс?.. Біздің үй үш қабатты ғой, төртінші қабат деген жоқ. Сонда жаңағы қатынқұмар антұрған аспаннан түсті ме? Мәселенің мән-жайын енді ғана түсіне бастаған Қоқымның түсі бұзылып, тұмсығы қусырылып, көзі шатынап, жұдырығы жұмылып бара жатты...