Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі қолданылатын, күнделікті өмірде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөзден (әсіресе орыс, парсы және араб тілінен енген) көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «әумин» және «шайыр» сөзін алып отырмыз.
ӘУМИН. Әлем халқы арасында ең көп тараған сөздің бірі. Бұл сөзді жер бетіндегі негізгі екі дәстүрлі дінді (ислам және христиан) ұстанатын 4 миллиардқа жуық халық қолданады. Өзін мұсылман санайтындар «әумин» десе, ал христиандар айтылған жылы сөз, жақсы пікір, шынайы тілекті «аминь» деп аяқтайды. «Әумин» сөзінің қазақшадағы аудармасы «ниетіңізге рақмет, айтқаныңыз келсін, алғысым шексіз» дегенді білдіреді. Атап өтер жайт, бүгінде қазақ қоғамында осы екі сөзді ажырата алмай жүргендер де баршылық. Мәселен, кейбір қазақтар бір-біріне «аминь» деп те айтатын болып жүр. Бір қызығы, Татарстан Республикасында «Аумин» деп аталатын компания да жұмыс істейтіні белгілі болды. Ол компанияның негізгі қызметі энергетикаға бағытталған.
ШАЙЫР. Басқа – басқа, бұл сөздің берер мағынасы өте көп. «Шайыр» сөзі өндірісте (синтетикалық түрі) «смола» сөзін алмастырса, ал табиғи шайырлар кейбір ағаштар мен өсімдіктерден бөлінетін химиялық сұйық зат болып есептеледі. Одан бөлек «жүн шайыры» деген де ұғым бар. Ол – қой терісіндегі май мен тер бездерінен бөлінетін майлы сұйықтық. Шайыр қой тұқымына, жер жағдайына байланысты әртүрлі болып келеді. Негізі, малда шайырдың мөлшері шамамен 20 пайыз деңгейінде болса, ет дәмді болады. Қазақтар «шайыр» сөзін сондай-ақ ақынның ақыны, жыр сүлейлеріне атақ ретінде де таңатын болған.
Израильде Шайыр деген қала да бар.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «кәде» және «мүшел жас» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 (727) 3 888 062