Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөзден (парсы және араб тілінен енген) көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «аластау» және «талант» сөздерін алып отырмыз.
АЛАСТАУ. Түркі жұртшылығы мен арабтарда дәстүрлі тәңіршілдік дүние-танымынан, отқа табынудан қалған ырым. Ол екі түрлі мәнде – ел аумағын, мал өрісін, мекенжайды кесір-кесапаттан сақтау үшін және адам мен малды ауру-сырқаудан айықтыру үшін қолданылған: 1) ежелгі қазақтар отты тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретті күш, киелі нәрсе санаған. Б.з.д. IV ғасырда Византия елшісі Земархты, кейіннен Еуропа елшілерін дала жұртының от арасынан өткізіп, «тазартып» қарсы алғандығы көне Қазақстан туралы жазған саяхатшылар еңбектерінен белгілі. Сондай-ақ қазақтар қыстаудан – жайлауға, жайлаудан қыстауға қоныс аударарда көш керуенін лаулап жанған екі оттың арасынан айдап, «алас-алас, пәле-жаладан алас» (арабшада – арылу, бостандық алу, төлеу, өтеу) деп дуалаған. Жаңа үйге қоныстанарда бөлменің бұрыш-бұрышына от жағып немесе адыраспан, арша тәрізді емдік қасиеті мол өсімдіктердің түтінімен бәле-бәтірді аластау салты қазіргі кезге дейін сақталған; 2) ежелгі қазақтар адам мен малға тиетін індет атаулының иесі, яғни құдайы — «бәдік» деп түсінген. Бақсылар от айнала қобыз тартып, сарнау айтып, мал-жанды аластап, жансыз нәрселерге көшіруге тырысқан. Бәдік айтып, ауруды аластау нышандарын ауыз әдебиетінің нұсқаларында мол ұшыратамыз. Мысалы: «Айт дегеннен айтамын-ау бәдікті, Қара мақпал тоным тозды әдіпті, от оттамай, су ішпей жата берсе, Бәдік емей немене бұл кәдікті. Көш, көш, көш!» Сонымен қатар аурудан өлген малдың басын сырлап, адам мен жан-жануардың аяғы баспайтын жерге көміп тастау немесе сырқат адамды күн батарда далаға алып шығып, су бүркіп, от айналдырып аластау ырымы да бар біздің қазақта.
ТАЛАНТ. Латын тілінен (talentum) шыққан бұл cөз әлем халықтары арасында кеңінен тараған сөздер қатарына жатады. Талантсыз адам болмайтынын ескерсек, қазірде елді таңғалдырып, сөзімен, ісімен, әрекетімен дүйім жұртты өздеріне қаратқан жандарға абырой мен бедел тек еңбекқорлығы, табандылығы арқасында келетінін дәлелдеудің өзі артық. Таланттылар мен дарындылар бала күннен танылатынын жаттықтырушылар, ұстаздар мен тәрбиешілерден артық ешкім біле қоймас, сірә. Мәселен, таланттылар мен дарындыларға қатысты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Базаркүл Кеулімжаева өз ойын былай жеткізді: «Әрбір бала – болашақ данышпан» деген қағидаға ой жіберсек, ұстаз атаулының шәкірттерді дарынды, дарынсыз деп жіктеуінің үлкен қателік екенін білеміз. Психологтер адам бойындағы дарындылықтың екі түрге бөлінетінін айтып отыр. Оның бірі туа бітсе, ал екіншісі жүре келе қалыптасады екен. Жүре келе қалыптасатын талантты, дарындылардың ең үлкен қасиеті – білмегенді білу, істей алмағанды істеу үшін өз-өзіне қатаң талап қоя алады екен.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «пара» және «шүкір» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062