Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөзден (парсы және араб тілінен енген) көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «азан» және «шариғат» сөздерін алып отырмыз.
АЗАН – «хабар беру, естірту» деген мағына береді. Дініміздегі терминдік мағынасы – намаз уақытының басталғандығын білдіру үшін айтылатын арнайы шақыру сөздері. Азанды араб тілінде айту шарт. Азаншы – тақуа ер кісі, ақыл-есі дұрыс, намаз уақыттарын жақсы білетін адам болуға тиіс. Осындай адам бола тұрып, надан немесе пасық, яки жүнүб халдегі адамдардың азан айтулары мәкруһ болып есептеледі. Азан мен қаматты дәретті адам айтады. Егер, дәретсіз адам немесе балиғатқа жетпеген бала азан шақырып қойса, азаны қабылданбайды. Азаншының дауысы әдемі болғаны абзал. Сонымен қатар азан негізгі ислам рәміздерінің бірі болып табылады. Мұсылман баласы азан шақырылғанда оны ықыласпен тыңдап, азан сөздерін қайталап отыруы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанды естігенде азаншының сөздерін қайталаңдар...» деген. Тағы бір хадисте: «Хаййә алас-Саләһ (Намазға асық!), Хаййә аләл-Фәләх (Азаттыққа, мәңгілік бақытқа жетуге асық!)», – деген кезде «Ләә хаула уәләә қууата иллә биллаһ» (Күш-қуатқа тек Аллаһ қана тән) деген сөздерді айту керектігін өсиет еткен. Өйткені намазды өз деңгейінде орындау – өте жауапты игі амал. Осылайша мүмін, азаншының дауысын естігенде «күш-қуат тек Аллаға ғана тән» деу арқылы «Уа, Алла тағалам! Егер де сенің күш-қуатың болмаса намаз да өз деңгейінде өтпейтіндіктен, мәңгілік бақытқа жете алмас едік» деген болады. Расулуллаһ (с.ғ.с.) бір хадисiнде былай деген: «Ей, менiң үмметiм, азан бiткен соң мына дұғаны оқыңдар: (бұл қазақшадағы аудармасы) «Иә Алла тағалам! Мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббы! Хазірет Мұхаммедке арқау болуды, ерен ерекшелікті және жоғары дәрежені бер! Және де оны өзің уәде еткен «Махмуд шыңына» жеткіз. Сенің өзің берген уәдеңді орындайтыныңа ешқандай күмән жоқ». Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан шақыру бекітілген сүннет. Ал басқа намаздарға азан шақырылмайды. Атап айтқанда, айт, сүннет, тасаттық, күннің тұтылуы және жаназа намазына азан шақырылмайды.
ШАРИҒАТ. Ислам дінінде мұсылман құқығы «шариғат» атауына ие. Араб тіліндегі «шариғат» сөзі: «жол, әдіс, әдет, ұқсас, жалғыз, суға апаратын соқпақ» мағыналарын береді. Құқықтық мағынасы «Ұлы Жаратушының Мұхаммедті (с.а.у) себепші ете отырып, бүкіл адамдарға жіберілген ислам дінінің амалға қатысты үкімдерінің жиынтығы». Құранда «шариғат» сөзі бірнеше жерде айтылады. Оның бірі есім сөз ретінде қолданылған. Екеуі заң мағынасында айтылған: «Сосын сені шариғат ісіне қойдық. Енді осыған бойұсын және білмегендердің ойларына ілеспе» (Жасия, 21-18). «Сендердің әрбіреулерің үшін бір жол жоба қойды. Егер Алла қаласа, бәріңді бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берілген жол жобамен сыналмақшы» («Мәйда», 22-48). Шариғат пайдалы және зиянды амалдардың аражігін ажыратып, жақсысына ұмтылып, жаманынан түңілуге үндейді. Яғни жақсылықты жақтап, жаман іс-әрекетке жаза тағайындайды. Тегінде исламның құқыққа қатысты үкімдері «фикһ» ілімі деп аталады. Сириялық мұсылман құқығының теоретигі В.Зухайлдың пікірінше, «фикһ» бір нәрсені терең меңгеру деген мағынаны білдіреді. Ал Имам Ағзам: «Кісінің өзінің қақтары мен міндеттерін білуін фикһ деп атаймыз», – десе, Имам Шафий фикһ іліміне қатысты «Діннің амалдық үкімдерін нақты дәлел және қайнар-көздермен танып білу», деп анықтама жасаған. Демек, Құран мен сүннетке негізделген құқықтық әдіс-тәсілдер мен үкімдер фикһ деп аталады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «кент», «майдан» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062