Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың бөлім-бөлімнен тұратын әдет-ғұрып ишараларының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ӘДЕТ-ҒҰРЫП – белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, кейіннен сол ортада тұратын адамдардың мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналып кетіп отырған. Қазақы әдет-ғұрыптар көшпелі тұрмыстың дәстүрлі дүниетанымынан бастау алады. Ал ол жеке тұлғалардың, отбасылары мен белгілі бір деңгейдегі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын белгілі бір қалыпқа келтіріп қана қоймай, қауымішілік тұтастық пен ұлттық мүдделікті нығайтуға да септігін тигізген.
Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңлісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны «ат тергеу» деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса – «сұңғақтым», жайбасар болса, «жүйрігім» деп те ат қоятын болған. Ер адамдар да өзінен үлкендерді «Мәке», «Сәке» деп құрметтейді.
Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант айтатын салт-дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?» деп кінәласады.
Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – «араша түсу» деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша!», «Араша!» деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен.
Арыздасу. Бұл фәнидегі (өмірдегі) тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғаріп отбасымен, туған-туыстарымен, көрші-қолаң, дос-жарандарымен соңғы рет тілдесіп, қош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, олар одан кешірім сұрайды.
Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын «асар жасау» деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды.
Асату. Оны С.Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» деген кітабында кең насихаттап жазған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін болған.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062