Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ШАРҒЫ САЛУ (дәстүр). Ұзатылған қыз өзіне тете сіңлісіне өзі тартатын орамалын береді. Бұл – «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген сөз. Мұны біздің ана тілімізде «шарғы салу» деп те атайды. «Шарғы» салынған қызға жеңгелері, замандастары бас қосып келіп, жақсы тілек білдіріп шай ішеді.
ШІЛДЕ ҚАҚҚАН (ырым). Қазақта «әр бала туған сайын анасының бір тісін ала түседі» деген шындыққа сай келетін қағида бар. Анығында, жас босанған әйел дұрыс күтінбесе тісінің түсіп қалатыны анық. Мұны «шілде қаққан» дейді. Бұл жас ананың өз күтіміне де, денсаулығына да байланысты болады. Ырым бойынша жас босанған келіншек итке «кет» демейді. Онда тісі түсіп қалады дейді халық сенімі. Халық тәжірибесінде бұл да жай айтыла салған сөз болмауы керек. Өйткені халық ырымы мен тыйымының бәрін бекерге шығару орынды іс емес.
ШІДЕРГЕ СИГІЗУ (ырым). «Шідерге симеген неме!» (сөгіс). Қазақ халқы бала 4-5 жасқа толғаннан кейін сүндеттеу, ашамайға мінгізу, тігін тігу, жүн түту сяқты еңбекке баулып, ұлттық әдет-ғұрыптарды түсіндіріп, оны жүзеге асыра бастайды. Соның бірі – ер балаларды шідерге сигізу. Бірнеше адам бас қосып, балаға «сен енді азамат болдың, шаруаға ыңғайлы бол» деп бата беріп, алдына шідер тастап, оған сигізетін болған. Бұл ырым бала еңбекқор, іске бейім болсын деген ойдан туған. Шаруаға икемсіздерін «шідерге симеген неме» деп сөгеді.
ШЕГЕ ШАПАН (дәстүр, кәде). Құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін бір-біріне сый-сияпат ұсынады. Жігіт жағы «қарғы бау» ұсынғаннан кейін жаушыға «шеге шапан» жабады. Бұл – уәде пісті деген сөз. «Жаушы» жіберген жақ жігіт ауылы келе жатқан өз «жаушыларының» үстіндегі, яғни «шеге шапанын» көріп, оларды шашу шашып қарсы алады.
ШӨБЕРЕ АЛАҚАНЫНАН СУ ІШУ. Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөбере қолынан су ішу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш. Соның ішінде шөбере деп аталатын төртінші ұрпақ көрудің орны бөлек. Бұл – кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы – ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы – шөбере қолынан су ішкен адам бұл дүниеде бақытты, о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады дейді дін шариғатының білімпаздары. Қалай болған күнде де төртінші, бесінші ұрпақты көру, көп жасау белгісі ғана емес, ұзақ ғұмыр кешудегі сапарының мазмұнды жолдары екені анық.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062