Ақ ешкіге қырындаған қара қошқар
Қоқым мен Түксеннің текетірес бақталастығы сонау мектепте оқып жүрген кезден басталды. Тағдыр деген аяушылықты білмейтін жайт неме екеуінің маңдайына өмір бойы жалауды тасқа қашағандай жазып қойыпты. «Отау иесі» болатын жасқа жетіп, шыбықтарына су жүгіріп махаббат оты бықсып түтіндей бастаған кезде Құдай ұрып, екеуі бірдей парталас қыз Майраға өліп-өшіп ғашық болды. Алғашқы кезде қызды бір-бірінен қызғанып, әлгі мүйізі шықпаған тоқты қошқарлар сияқты алакөзденіп жай ғана итерісіп жүрді. Соңғы сыныпқа жеткен уақытта нағыз қошқарларға айналып, сарт-сұрт сүзісетін болды. Бой жетіп қалған Майра әрі сымбатты, әрі сұмдық сұңғыла еді. Ана екі алаңғасардың өзіне бірауыз сөз айта алмай, сыртынан иемденіп, өзі үшін төбелесіп жүргенін әйелге тән сезімталдықпен сезетін. Екеуіне де іштей риза болатын. Бірақ қыз жүрегі екеуіне де бүлк етпейтін.
Бұл үмітсіз, далбаса махаббат екеуін бітіспес жау етті. Он жыл бойы ығыр қылған мектеппен қоштасты. Аттестатты әзер алған Қоқым мен Түксен одан әрі оқудың жөні жоқ екенін ұғып, құрылысқа жұмысқа кірді. Ал табиғат сұлулықты, сұлу мүсінді аямай бере салған Майра өнер институтына қиналмай-ақ түсіп кетті. Сорларына қарай, екі бақталас жігіт бір құрылыс бригадасында жұмыс істейтін. Бұрынғыдай күнде төбелеспесе де, қырын қарасып, не болса соған боқтасып қала береді.
Майраның жолы болды. Үшінші курста оқып жүргенде-ақ махаббат мұңын шертетін киноның басты рөлін ойнады. Жарнаманы оқып, киноның премьерасына келген жігіттер тағы қатар отырып қалыпты. Бір-біріне ала көзбен қарап қойып, экрандағы Майраға үздіге көз салады. Кинодағы сұлу қызға қолы жетпеген сормаңдай жігіттің тағдыры бұлардікіне ұқсас екен. Екеуі кинодан мұңайып, қатты қапа болып шықты.
– Шошқаша қорсылдаған сен сұм болмағанда, араға түспегенде, Майра қазір біздің үйде жүретін еді, – деді Қоқым тісін шықырлатып.
– Оттапсың, – деді Түксен ашудан қып-қызыл болып, – Құйысқанға қыстырылған боқ сенсің. Майраның көңілі менде болатын.
Айтар сөз таусылып, екеуі енді жағаласа бергенде, ту сыртынан естілген сыңғыр дауыс оларды екі айырып жіберді. Дауыс иесі күлімдеп тұрған Майра екен. Көріспегендеріне көп болған еді. Майра толысып, бұрынғыдан да әдемілене түсіпті. Екеуінің жүрегі атша тулай жөнелді.
– Екеуің қораздарша шоқысуды әлі қоймағансыңдар ма? Қойыңдар енді. Менің премьерама келгендеріңе көп рақмет. Танысып қойыңдар, мына жігіт – менің жұбайым Қодар. Бұл да – актер. Кинодағы да, өмірдегі де ғашығым осы, – деді Майра күлімсіреп. Қасындағы шой қара бұларға қолын ұсынды. Сонда ғана екеуі Құдайдың төбелерінен қос қолдап ұрғанын білді. Білді де, беттерін басып, екі жаққа қарай тұра қашты.
Бұл тағдыр деген неткен қатыгез еді. Арада жылдар өткенде бірін-бірі көрмей кеткен жігіттер тағы кездесті. Енді ажыраспастай болып кездесті. Үйленіп, балалы-шағалы болса да, алғашқы сәтсіз махаббатын ұмыта алмаған Қоқым қайғыдан араққа салынып кетті. Соның салдарынан кейінгі кезде денсаулығы бұзылып, көкжөтел ауруға ұшырады. Қаланың ауасы тынысын тарылтқан соң, үйін сатып, тау етегінен саяжай алды. Дәрігердің ақылымен ангор ешкісін сатып алып, соның сүтімен емделді. Денсаулығы оңалып, өмір өз қалпына түсе бастаған еді. Бірақ бәрі аяқастынан тағы ұйқы-тұйқы болды. Оған кінәлі баяғы қас-жауы Түксен. Төбеңді көрмегір су мұрын, таз неме, басқа жер таппағандай тап Қоқымның үйінің қасынан жер алыпты.
Түксеннің де Қоқыммен көрші болам деген ойы жоқ-тын. Одан аулақ жүруді қалайтын. Таза ауаны аңсаған Түксен қала әкімшісі «аққұлақ күйеу балаға» тиын-тебенін тыққыштап жүріп, осы жерді алған. Енді екеуі мәңгі ажырамастай болып қосақталды. Өйткені екеуінің де басқа «барар жері, басар тауы» жоқ еді.
Ескі кекті ұмыта алмаған екі мұңдар кездесе кетсе, амандық-саулық сұраспайды. Теріс айналып кетеді. Бұлардың махаббат хикаясынан хабары жоқ әйелдері мен балалары әредік араласып тұрады. Күйеулері оң қабақ көрсетпеген соң, олар да тыйылған.
Қоқымның ақ ешкісі Түксен көзіне күйік болды. Мен одан кеммін бе деп, базарға барып, арқар мүйіз қара қошқар сатып әкеліп, ешкі тұрған тұсқа байлап қойды. Әлі суымаған кек қылышы осы жерде тағы суырылды. Ешкі нәзік үнмен маңыраса, жалғыздықтан жапа шегіп тұрған қошқар мал иісін сезіп, қоршаған сеткасын құтырына сүзгілейді. Ананың қасына барғысы келіп бұлқынады. Қоқым ешкісін қошқардан қызғана бастады. Қас жауына тиісудің сылтауы табылды.
– Әй, антұрған, алапес таз, ана қодыраңдаған қошқарыңды үйіңнің арғы жағына апарып байла, әйтпесе мен оның мүйізін қағып аламын, – деді Түксенге ызғарлы дауыспен.
– Не үшін? – деді Түксен де түтігіп. – Қошқар өзімнің территориямда тұр. Оған сенің нең кетті?
– Қатынқұмар өзіңе тартқан ұятсыз қошқарың менің ешкіме қырындап жүр. Егер байлаудан босап кетсе, не болмақ...
– О, о, ақылынан ауысқан алқаш, арақтан миы ашып кеткен ақымақ. Теке емес, қошқар ешкіге қырындайды деген далбасаны қалай айтып тұрсың. Сенің кемақыл, жарымес екенің осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Әлде баяғыда қолың жетпес қызға қырындағаның есіңе түсіп тұр ма? Сен – қара қошқар, ол ақ ешкі еді. Қошқар мен ешкінің арасында ешуақытта махаббат болмайды. Соған да ақылың жетпей ме, есеңгіреген есуас, – деді Түксен.
Екеуі шарбақтың екі жағында тұрып бір-біріне ұмтылып-ұмтылып қояды. Ерегістің түптөркінін түсінбеген әйелдер бірі қошқарды, бірі ешкіні үйлерінің артына апарып байлады. Осылардың ақыл-есі ауысып кеткен жоқ па деп, күйеулеріне күдіктене қарайды.
Ұзақ жылдар өткенде екеуінің ескі жараның бетін тырнап ашуына не себеп болды?
Өткен түні баяғы Майра қыз ойнаған киноны теледидардан қайталап көрсетіп еді...