«Ер Тарғын» көрермендерін күтеді
Желтоқсанның 14-інде Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы қойылады. Ұлттық операның жауһары батырлық хикаямен бірге халқымыздың ән-күйлерінің көркемдік кереметін паш етеді.
Кезінде Абай театрында өмірге келген бұл қойылымға қаңтар айында 77 жыл толады. Бұл операның басты артықшылығы – басынан-аяқ қара сөзсіз, диалогсыз, музыка, ән тілімен орындалатындығы. Опера өнерінің барлық талабына сай келетін мінсіз шығарма халқымыздың 60-там астам ән мен күйінен тұрады. «Ер Тарғынды» ең алғаш Құрманбек Жандарбеков сахналап, басты рольдерінде Күләш Байсейітова мен Қанабек Байсейітов ойнады. 1969 жылы Кәукен Кенжетаев қойылымды жаңартып, басты партияларды Ермек Серкебаев пен Роза Жамановаға арнады. Батырлық пен ғашықтықты баян ететін қос актілі музыкалық спектакль содан бері Абай атындағы опера және балет театрының репертуарынан түспей, көркемдік жағынан жаңарып келеді. Бүгінде (режиссер – Ләйлім Иманғазина) Тарғын мен Ақжүніс партиялары – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Жомартов пен әнші Балапан Жұбаеваның еншісінде. Қойылымда Ұлан Кенжебеков, Болатбек Бөкенов, Дана Таласбекова, Рыскен Меденова, Рузия Рамазанова, Серік Ауқатов, Қанат Жамауов сияқты әртістер де ойнайды.