Көркемсөз оқу шеберлері арасында байқау өтеді
Алматыда көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтеді. Мәнерлеп оқу шеберлігін сынға салғысы келетін жастар қарашаның 17-сіне дейін Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасына өтініш білдіруі қажет.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқау мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді, талантты жастарды жан-жақты көтермелеуді және жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуды мақсат етеді. Сөз шеберлері сайысына 15-30 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады. Кәсіби өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орындарының студенттері, сондай-ақ бұл байқаудың өткен жылдардағы жеңімпаздары сынға жіберілмейді. Байқауға қатысушылар прозалық шығармадан, драмадан үзінді оқуы керек және бір өлеңді мәнерлеп оқып беруі тиіс. Оқылатын мәтін көлемі 3-4 минуттан аспауы керек, дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады. Белгісіз авторлардың көркемдігі төмен шығармаларынан үзінді оқуға болмайды, талапкерлер оқитын мәтіндерін жатқа білуі қажет.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына және киім сәніне де баса назар аударады. Жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленгендерге тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылады. Қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар беріледі.