Өсек айтпайтын қатын – қатын емес

Өсек айтпайтын қатын – қатын емес

Қоқым отағасы баласының алдына жүгініп отырып алған. Қатты ашумен Рейхстагқа атылған зеңбірекше зіркілдеп, қара аспанды суалдырып қаһарын төгеді.

– Доңыз жылы туған торай, нағашысына тартқан опасыз оңбаған, сен менің түбіме жетіп таза гаршокқа отырғызып, қайыршы ғып қаңғыртып жіберетін болдың. Қасасынан қағынған қу, сенен-ақ қорлықты көрдім ғой. Ойбай-ау, бір жылда үш қатын алған адамды көрсем көзім ақсын. «Балабек ауылының мүйізсіз қара бұқасы» атанған Қыранбай үш жылда үш қатын алғанда ел бетіне түкіріп, жауыр есекке теріс мінгізіп, бетіне қақырып еді. Сен одан он есе асып түстің ғой. Сұмдық-ай, сұмдық, үш келіннің төсегі суымай жатып тағы төртінші қатын аламын дейсің. Тойымы жоқ, нысабы жоқ, әлгі есек сияқты қайдан шыққан пәлесің? Жетпей желкең қиылғыр жүгермек, жиырма жастан аспай жатып, мынаны істеп отырсың отызға келгенше отыз қатын аларсың сен. Ел бетіне не деп қараймын. Баласы жақсы еді, ана қодыраңдаған Қоқым мен көбік ауыз Қатира келіндерін сыйғызбай қуып жатыр, – деп өсектейтін болды-ау, тірідей жерге көмдің ғой сен сұмырай. Елден шыққан дерт, алапес.

Қатира сиырын сауып, жаңа ғана үйге кірген екен.

– Отағасы-ау, тамағың жыртылғанша бақырып не болды саған? Дауысың қорадан асып ауылға тарап жатыр. Жайлап сөйле, – деді ақырын.

– Жай сөйлеуге мұрша беріп отыр ма, мына бассыз малғұның. Бір жылда үш қатын жіберген тоңмойын, қорсылдаған қабанның беті бүлк етпей тағы үйленемін деп отыр. Келіскен қызым бар дейді.
Отанасы өте сабырлы, иттей төзімді адам еді. Қоқымның жеті атасынан бері құлатып, өз әкесіне келіп тірелетін былапыт сөздеріне әбден еті өліп кеткен. Жәй ғана құлағынан асырып жібереді. Абысындары «Жеңеше-ау, ол кісінің мінезіне қалай төзіп жүрсіз?» дегенде «Е, е, сендер не білесіңдер, әйел сабамаған, боқтамаған, арақ ішпеген, темекі шекпеген еркек – еркек пе тәйірі. Біздің отағасы нағыз еркек», – деп әзілмен жауап берер еді.
Бұл жолы да сабырлы сөйледі.

– Әулие, әмбие жағалап жүріп, Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлды сонша тілдеп, қарғағаның не? Мен аз болып тұрмын ба, ағаш оғыңды маған ат. Тағы қатын аламын десе, алсын. Баланың меселін қайтарма.

Отағасы орнынан үш тұрып, үш отырды. Ашудан көзі алақтап, беті ісініп барт болып кетті.

– О, о Құдай тағала, мына әумесер ақымақтардың ортасында отырып жынды болып кетпесем неғылсын. Бір ұяттан безген әумесер үйден қуып шыққан қатыны өз үйіне жетпей тұрғанда тағы үйленемін дейді, екінші бір шашты сайтан оны қолпаштап, қолтығына су бүркеді. «Үйірлі жынды» деген сөз осындайдан шыққан екен ғой. Ойбай-ау, ойбай, қу қақпас, бір жылда үш келін түсіріп, үш той жасап, ұш құдаға қалыңмал төлеп, жер табандап қалған жоқпын ба? Бұл нақұрыс, азғындаған алапес тағы бір шүйкебасты сүйретіп келсе не істейсің? Осы үйде адал ас жоқ. Қорадағы қара есекті сойып етін асып бересің бе? Сиырдан боғы бөтен миғұла, соны көріп отырып қалай-қалай сөйлейсің? Қазіргі қыздар ақылынан алжасып, милары су болып кеткен бе? Тапайдың тал түсінде иісшіл итпен іздесең табылмайтын мынау сияқты аузынан сөзі түскен ақымақтың несіне қызығады екен? Түрі түр емес, маймылдан сәл-ақ мазалы. Кебіс ауыз, қалқан құлақ, қауын бас, талпақ танау сықпыты адамға ұқсамайды. Ана үш байғұс бұған қалай тиді екен? Уағдаласқан қызым бар дейді. Ол қыз сенің қатынтастағыш опасыз, әйелқұмар қу, алаяқ екеніңді білмей ме? Мүмкін, ақыл-есі бүтін емес біреу шығар. Әй, сен оларды мынандай кем ақылыңмен қалай айналдырып алып жүрсің? Өтірікті судай сапырып күйдім, сүйдім деп алдаған шығарсың. Екі сөздің басын қосып айта алмайсың, не деп айналдырдың?

– Мен айналдырған жоқпын, – деді ұлы басын көтермей, – өздері ғой... сен момынсың, арақ ішпейсің, темекі шекпейсің, үй шаруасында құл сияқты салпылдап жүре бересің деген. Әкең қояншық болса да шешең жақсы, көп сөйлемейді момын деген... Үйлеріңде мал көп, сиырды да, түйені де шешең сауады. Тамақ істейді, кір жуады, маған жұмыс жоқ деген... Мен алмаймын, әйелмен  бірге жатып көрген жоқпын десем де өздері ғой еріп келген.

Отағасы мына монологтан кейін дым айта алмай тілі күрмеліп отырып қалды.

– Босқа боқтай бермей, балаңмен еркекше сөйлес, – деді Қатира. – Ол келіндерді неге қуып шықты екен.? Әлде намыстанып... Мүмкін, олар көше көріп қалған қыздар шығар... Сұрамайсың ба?

– Ал сұрадың, – деді отағасы баласына қарап, – тек шыныңды айт, оларды айға толтырмай неге қуып жібердің, не кінәсі болды? Шешең айтқандай, анадай... Не деуші еді өзі... әлгі талоны жоқ па екен... Таза емес пе екен?! Жетібасты... Айтпайтын сөзді айтқыздың-ау ақымақ.

– Білмеймін, – деді «жетібасты» мұрнын қорс еткізіп тартып қалып, – қайдан білейін, тазамыз деді ғой. Өмірі еркектің қолынан ұстап көрген жоқпыз деді ғой...

– Әй, әй, осы сен не деп оттап отырсың? Үш келіннің де... қандай, қап мынаны-ай, қандай екенін білмейсің бе? Тіпті сен қасына жатқан жоқсың ба? – деді Қоқым дегбірсізденіп.

–Жаттым ғой, – деді «жетібасты» желкесін қасып. – Бірақ не істерімді білмедім. Өздері ештеңе айтпады. Анау қорадағы ор қоян сияқты дір-дір етеді.

– Әй, мәңгүрт, – деді әкесі, – сен ерлі-зайыптылардың төсекте не істейтінін білмедің бе?

– Білмедім, – деді «жетібасты» міңгірлеп. – Өмірі көрген жоқпын, қайдан білейін... Алғашқы әлгі... Кәлимаға «есіктен сығалап көріп кел, әке-шешем не істеп жатыр екен» десем табандап бармайды. Зәбира да сөйтті, «ұят қой» деп тіл алмады. Ал анау Бағила да баспай қойды. Керек болса өзің сығала. Өсек таситын қатын емеспін, – дейді. Маған... ұят қой... Маған көргендерін өсіріп айтатын өсекші қатын керек.

– Саған келіндерге есіктен сығалатып, біздің не істеп жатқанымызды көрсету қызық па?

– Жоқ, – деді «жетібасты», – сіздердің қалай бала жасайтындарыңызды көрсін, тәжірибе алсын дедім. Өзім де үйренейін дедім. Өздері ұялшақ бола қалыпты. Түгелбай құрдасым өсек айтпаған қатын – қатын емес деген.

Сонсоң жыным келіп... тепкілеп тұрғыздым да түн ішінде жетелеп үйлеріне апарып тастадым.

– Олар саған бір ауыз сөз айтқан жоқ па?

– «Еркек емес, езсің» деді, басқа ештеңе айтқан жоқ. Ә, ә, сонсоң «сенен жетпістегі шал артық» деді. Шалдың несі жақсы екенін білмеймін.

– Туһ, мынау адам болмайтын мақұлық екен ғой, – деді отағасының ашуы шарасынан асып төгіліп. – Әй, Қатира, қазір бар да, анау Кексебикенің қызын мына әумесерге айттырып кел.
Қатира орнынан шаян шаққандай атып тұрды.

– Отағасы-ау, ол не дегенің? Кексебикенің қызы екі рет есік көрген. Жасы да үлкен, – деді. – Соңғы тиген күйеуі ашынасымен ұстап алыпты деп жүр ғой жұрт.

– Сен бармасаң, мен барам, – деді Қоқым, – бұл шіріген жұмыртқаға сондай қатын керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста