«Сүйінбай сазы» қанатын қақты
Алматы облысының Жамбыл ауданы – рухани құндылықтар жағынан шоқтығы биік өңір. Сүйінбай мен Жамбылды пір тұтатын өлкедегі өнер ұжымдарының қатары тағы біреумен толығып, аудандық мәдениет үйі жанынан «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өмірге келді.
Бір кезде «Құлансаз» ансамблінің тұсауын кесіп, өнерге қанат қақтырған да осы аймақ болатын. «Құлансаз» бүгінде мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде «Алатау әуендері» концерттік бірлестігінің құрамына еніп, шығармашылық жағынан өсе түскен. Құлансаздық өнерпаздар қазақ халқының әні мен жырын шетелдерде әуелетіп, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауда.
Ендігі жерде толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып отырған жаңа ансамбльдің де ғұмыры ұзақ боларына көпшілік сенімді. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің қолдауымен өмірге жолдама алған өнер ұжымының құрамында талантты жастар көп. Тәуелсіздікке тарту ретінде тұсаукесерін өткізген «Сүйінбай сазы» бұдан былай Жетісу өлкесінің рухани дамуына өз үлесін қосатын болады.