Тоғайдағы топалаң

Тоғайдағы топалаң

Қатира Қоқымның онсыз да күн көрініп тұратын жұқа, қалқан құлағының қаудыраған шеміршегіне дейін тышқанша мүжіп, жеп қойды. Күн сайынғы айғай-шудан құлағының ішкі қабыршақтары ісіп, керең болуға айналды. Қатира Қоқымға тартқан момын балаларын жазықсыздан-жазықсыз шымшып жылатып, ыдыс-аяқты барынша салдырлатып жүріп айтатын әңгімесі, дауы мынау:

– Қалаға көшіп келгенімізге екі жылдан асты. Елдің еркегі сияқты не театрға, не жұлдыздардың концертіне апармайсың. Төбесі көрініп тұрған Көктөбеге бару арман болып тұр. Балалар «циркке, саябаққа барып демаламыз, үй іргесіндегі Сайран көлге барып шомыламыз» десе, аза бойың қаза болады. «Бұл жердегінің бәрі қымбат, тіпті әжетханаға дейін ақша төлейсің» деп тиын санап, қалтырайсың да отырасың. Сендей мәдениеттен мақұрым қалған топас, феодализмнің  сарқыншағын көрсем, көзім шықсын! Жаңаға, болашаққа ұмтылмайсың, Қыранбайдың ауылдағы қара сиыры сияқты көткеншектеп, артқа қарай жүресің. Барып тұрған кертартпа кеселсің!

Әне, өзіңмен бірге жұмыс істейтін Түгелбай – нағыз мәдениетті, өмірге бейім, отбасын қуанышқа бөлеп отырған нағыз азамат. Ол сендей емес, ауылда құрылыс салып, күнге қақталды. Тіпті мектепті де толық бітірген жоқ. Қалаға келіп еді инабатты, оқыған адамдарша мәдениетті өмір сүріп отыр. Қазіргі айлығы да сенікінен артық емес. Сонда да апта сайын ана тірсегі майысқан ұсқынсыз қара қатыны Қатипаны ертіп, театрға, концертке барады. Әнеу күні әлгі «Көк езу» ме еді, әлде «Екі езу»ме еді солардың концертіне барыпты. Қатипаның көнтек еріндерін жаялықтай жайып жіберіп, мәз болып күліп отырғанын теледидардан көргенде намыстан өртеніп, балконнан құлап өле жаздадым. Ол, ол ма, өткен жексенбіде Түгелбай қатын-баласын ертіп тауға шығыпты. Қатипа маған келіп көрген-білгенін жыр қылып айтқанда, аузым аңқиып шыбын жұтып қойғанымды білмей қалдым.

«Таудың іші нағыз жұмақ» дейді Қатипа қатын. Неше алуан жабайы жеміс-жидек өсіп тұр дейді. Ал да, ішің кепкенше жей бер. Қапшығыңа сыйғанша сала бер. Ағып жатқан өзен, бұлақтың суы спирттен де таза, мөлдір екен. Шөлің қанғанша сіміріп іше бер, бір қабат терің түскенше шомыла бер. Самауырға шай қойып, кәуап пісіргенін естігенде, жынданып кете жаздадым. Балалары «Маугли боламыз» деп талға өрмелеп, жартасқа шығыпты. Өмірімде осылай бір тамаша демалдым. Тура он бес жасқа жасарғандай болдым деп мақтанып, жарылғалы отыр инеліктей қатқан, ұсқынсыз Қатипа қатын.

Менің одан қай жерім кем, а? Мен ол қайыс қарадан әлдеқайда әдемімін. Фигурам да одан жақсы. Бұхараның піскен қауынындай тырсылдап тұрған кеудем – мынау, былқ-былқ еткен бөксем – мынау. Ол тулақтай қатып қалған қатыннан өлсем, өлексем артық. Ал көрген күнім күңге бергісіз...

Қатира одан әрі сөз таба алмай булығып кемсеңдеп кетеді. Оның айтқандарында біраз шындық бар. Қоқымның қала өміріне бейімделе алмай, тосырқап жүргені рас. Театр-концерттердің кіру құнының қымбат екені де – шындық. Үйден шықтың-ау қалтадағы ақшаң судай ағады. Ауылда жиырма жылдай жұмыссыз отырып ақшаның тақсіретін тартып қалғандықтан, «ертеңгі күнім не болар екен» деп тиын санап қалтырап отыратыны да өтірік емес. «Көрпеме қарап көсілейін» десе, Қатира алманың құртындай миын жеп барады.

Қоқымның ауылдасы Түгелбайға ит жыны келеді. Ауылда жүргенде «битін сығып, қанын жалап» отыратын қу көсе қайдан ғана бай бола қалған? Екі сөздің басын қосып оқи, алмайтын көр кеуде сауатсыз неме неменеге жетісіп мәдениетті бола қалған? Апта сайын театрға, концертке барады дейді. Отбасымен тауға, көкке шығады дейді. Онысымен қоймай Қатираның құлағын көтеріп, мұның мазасын кетірді. Алатаудың көркін қойнауына кірмей-ақ, сыртынан тамашалауға болады ғой. Әй, ит-ай, жасыңнан көрсеқызар, ақымақ жынды едің. Енді маған кесірің тиейін деді ме? Осы ел «дүниедегі ең үлкен дау – жер дауы мен жесір дауы» деуші еді, ол – бекер, ұшқары айтылған сөз. Қоқымның ойынша ең қауіпті дау – әйелдің дауы.

Қатира құлақтарына құйып қойған ба, демалысқа шыққан   балалары да:

– Көке, көкке шығайықшы, тауға барайықшы, – деп күнде қылқ-қылқ етеді.

 Ақыры Қоқым жеңілді. Қатираны, төрт баласын ертіп тауға шықты. Демалыс күні жұмсақ диванда теледидар көріп жатудың орнына Түгелбай сияқты астынан су шығып, үйінен безгендер тау ішінде көп екен. Өзен жағасынан бос орынды әзер тапты. Көңілі шалқып-тасыған Қатира көгалға кілем жайып, дастарқан жасады. Шүмегі қисайып, тат баса бастаған самаурынын ала келіпті. Оған дереу су құйып, от салды. Ересектеу қыздары ет турап, кәуап жасап жатыр. Дастарқандағы молшылықты көріп Қоқым «бір айлығым кетті-ау» деп қапаланып отыр. Ұлдары біресе – талға өрмелеп, біресе – суға сүңгіп, мәре-сәре. Жалғыз Қоқым ғана көңілсіз. Іштей осы пәленің басы болған Түгелбайдың түгін қалдырмай боқтайды. Қатира тастан ошақ жасап, қазан көтеріп жатыр.

– Балалар ойнасын, сен отын әкел! – деп қолына балта ұстатты. Онсыз да күйіп отырған отағасы ескі балтаны ала салып жақын жерде тұрған ағашты құшырлана шауып бұтарлай бастады. Ұлдары да қарап тұрмай жас талдарды сындырып, сүйреп әкеліп жатыр. Қатира ет пен кәуап піскенше қарап отырмайын деп үйден әдейі әкелген киім-кешек, көрпе, жастық тыстарын сабындап жуа бастады. Таудың суы Қатипа айтқандай, таза, мөлдір екен. Жуған кірлері шайдай ашылды. Қатира оны талдың бұтақтарына, көгалға жайып тастады.

– Әй, балалар, боққа аунаған торайдай әбден былғаныпсыңдар. Сабынды алып мына тегін суға шомылыңдар, – дейді жарқын дауыспен.

Ол ертең Қатипаға айтып қалай мақтанарын ойлап қуана түседі. Бүгінгі серуен – бір жылға жететін әңгіме. Әңгіме болғанда қандай... Асырыңқырап айтып жіберсе де, айып емес.

Ас дайын болып барлығы дастарқанға отырған кезде көңілі тау суындай тасыған Қатира өмірінде бірінші рет өз еркімен отағасының алдына бір шөлмек қойды. Сол сәтте арттарынан айғай-шу шықты. Бұлар жалт қараса кәрі қарағай лаулап жанып жатыр екен. Қатира өз қатесін сонда түсінді. Ол ошақты дәл талдың түбінен тұрғызған екен. Қазанды алған соң жалын желмен шалқып қарағайға лап беріпті. Маңайдағы ел үре-дүре. Бірі – бос шөлмекпен, енді бірі – ожаумен, тағы бірі – қалпағымен су тасып, отқа шашып жатыр. Лезде кәрі қарағайдың бұтақ, жапырағы түгел жанып, сидиған діңгегі қалды.

Сол кезде орманшы формасын киген еңгезердей екі жігіт Қоқымды ортада алды.

– Өзің жындыханадан шыққан жоқсың ба? Нақ талдың түбіне дені сау адам от жаға ма? – деді бірі ақырып.

– Ананы қара! – деді екіншісі, – жайылып тұрған көйлек, дамбал, шалбар көрпе тыстарын көрсетіп. – Мынау нағыз табиғаттың жауы ғой. Жас шыршаларды тамырымен жұлып, ана емен ағашты балталап шауып тастапты. Өзенге кір жуған. Осының бәрі – әдейі істелген қастандық. Давай, акт жасайық. Жасаған шығынды мойнына салып, ісін сотқа тапсырайық.

Қоқым істің насырға шапқанын біліп, зәресі қалмады. Қатираға ала көзімен қарады. Бірақ тым кеш еді.

Жалғыз орманшылар емес, барлық демалушылар Қоқымды балағаттап жатыр.

– Баран! – деді көк көзді кемпір.

– Хуже, – деді тағы біреуі.

– Қарағым, аспаннан түскенсің бе? Бұл мемлекет қарамағындағы қорық қой. Осынша ойран-ботқасын шығарғаның не? – деді бір шал. – Отынды үйден әкелу керек. Өзенге кір жууға болмайды. Әй, балам-ай, есің дұрыс емес ау, сірә! Бұл жерде әр талдың құны көкеңнің құнындай. Талды өртедің, сотталып кетпесең жарар еді.
Қоқымның тіл-аузы байланып қалған, Орманшы ұсынған қағазға ойланбастан қолын қойды. Сол кезде көк белбеулі мәшине де жетіп келді. Екі полиция Қоқымды алды-артына қаратпай, сүйреп апарып, соған мінгізді. Енді оның үйіне қашан қайтары белгісіз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста