ТОЙҒА ТАРТУ

ТОЙҒА ТАРТУ

Тұғырда – ақын

Ақын ескерткіші облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған өзара ынтымақ­тастық меморандумы аясында тұрғызылды. Жобаның құны – 25,5 млн теңге, авторы бірқатар сыйлық­тардың иегері, мүсінші Жеңіс Молда­баев. Ескерткіштің тұғырымен қоса алғандағы биіктігі – 7,8 метр, өз биіктігі – 3,8 метр. Қоладан құйылған ескерткіш моделі Қазақстан Суретші­лер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің өндірістік комбинатын­да әзірленді. Тұғыры Тянь-Шань гранитімен қапталған. Ескерткіштің айналасы тегіс абаттандырылып, тұтас бір аллеяға айналған, гүлзар­лар, аспалы шамдар, көкпеңбек көгал, ыңғайлы орындықтар қойыл­ған.

«Қасым» журналы жарық көрді

Ақын тойы қарсаңындағы елеулі жаңалық­тың бірі «Қасым» атты рес­публи­калық әдеби-қоғамдық журналдың жарық көруі болды. Мерей­той үстінде тұңғыш санының тұсауы ке­сіл­ген бұл басылымның бас редакторы – әріп­тесіміз, «Алаш айнасының» Қарағанды облы­сындағы тілшісі, белгілі ақын Серік Са­ғын­тай. Жаңа журналдың алғашқы са­нында Қасым туралы замандастары мен қаламдас­та­рының естеліктері, ақынның төл туындылары мен тәр­жімалары топтас­тырыл­ған. Журналда сон­дай-ақ бірқатар танымал қаламгерлер мен жас ақындардың шығармалары, әдебиет­тану­шы, өнертанушы ғалым­дардың зерттеу мақа­лала­ры жарияланған. Журналдың құрылтай­шы­лары – Қарағанды облысының әкімі, «Ақсо­раң» қоғамдық қоры. 200 беттен тұратын ба­сы­лым екі айда бір рет жарық көріп тұрмақ.

Алтын қалам иесі

Қазақстан Жазушылар одағы бірқатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің таң­даулы шығармаларын «Алтын қалам» серия­сымен шығарып келеді. Қасым Аманжолов поэзиясы осы саптан ойып орын алары сөзсіз. Өткен жылы оқырман қолына тиген бұл жинақ­тың біраз данасы той қонақтарына тарту етілді. Бұл таңда­ма­лы жинаққа ақынның белгілі өлеңдері, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран» секіл­ді әйгілі бес поэмасы еніп отыр. Мұнда сондай-ақ ақынның қаламдас бауыры Сырбай Мәуленовтің «Телтолқын» атты кітабынан «Найзағайлы қара бұлт» атты эссесі берілген. Жыр жинағына алғы сөз жазған – Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, ақын-драматург Нұрлан Оразалин. Кітап «Ан Арыс» баспасынан шыққан.

«Жыр жазамын жүрегімнен...»

Бұл ән жинаққа Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған қазақ композиторлары­ның шығармалары мен ақынның өз әндері топ­тас­­тырылған. 18 әннен тұратын бұл жинақ­қа ақынның «Өзім туралы», «Дари­ға, сол қыз...», «Айтшы, жаным», «Жас дәу­рен» атты халық арасына кең тараған лирикалық-сазды туын­ды­лары енген. Мерейтойға арнап шығарыл­ған бұл музы­калық альбом Қара­ғанды облыс­тық әкім­дігінің тапсырмасымен жарық көрген. Жауапты шығарушы – Дархан Атығаев, редак­­торы – Самал Қайырбекқызы.

«Қасымнан – ғасырға»

Осындай символикалық атаумен шыққан үнтаспаға Қарағанды облысы жас ақында­рының өлең-жырлары топ­тастырылған. Жүз­ден астам талантты жас­тың шығармаларын шоғыр­лан­дырған бұл аудиоантология «Арлан» студиясында әзірленген. Жастардың өлең­дерін сұрыптап, жинастырған қазақ­тың көрнекті ақыны Серік Ақсұңқарұлы жинаққа жазған алғы сөзінде: «Қара­ған­ды – кеншілер қаласы ғана емес, атойла­ған Алаш рухының айнасы іспетті өлке. Асанқайғы, Ақтам­берділерден бастау алып, Абаймен кемеліне келген, Мағжан, Қасым, Мұқағалилармен мұзарт шыңға көтерілген қазақ поэзиясы осындағы жас толқынның жырымен тағы бір жаңа қырынан көрінгелі тұр», – дейді.

«Өзім туралы»

Қасым тойы қарсаңында қалың оқырманға тарту етілген «Өзім туралы» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген. «Мерей­той­лық әдебиет» сериясымен шыққан бұл кітапты құрастырып, алғы сөзін жаз­ған – ақынның қызы Дариға Қасымқызы. 360 беттен тұратын жинақта сондай-ақ Қасым тәржімасындағы орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің «Полтава» атты кең тынысты поэмасы берілген.

Ақынға ғылым көзімен үңілу

Ақын тойы барысында «Қасым Аман­жолов және дәуір поэзиясы» атты ғылы­ми-тәжірибелік конференция ұйымдас­тырылды. Ел зиялылары, белгілі ғалым­дар мен қаламгерлер қатысқан осы келелі жиын­ның материалдары алдын ала арна­йы жинаққа топтастырыл­ған болатын. Ғылыми топтаманы академик Евней Бөке­тов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінің ғалым­дары құрастырған. Бұл кітап, негізінен, Қасым мұрасын зерттеуге ден қоюшы әдебиетшілер мен жоғары оқу орнының ұстаздары мен студент­тері­не арналған.

«Дариға, сол қыз...»

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұсынған бұл тележоба Қасым Аманжоловтың 100 жыл­дығы­на орай түсірілген. Ақын шығар­машылығы мен өмірін арқау еткен бұл фильм сұрапыл соғыс жылдарындағы қа­зақ тағдыры­нан сыр шертіп, ақындық рух­тың асқақ бейне­сіне үңіле түсуге мүмкіндік береді. Аталған туынды қан майданда от кешкен батырлар рухы мен барлық арда­гер­лерге арналған. Тележобаның режис­сері – Серік Ыбырайым, сценарий автор­ла­ры – Қанағат Әбілқайыр, Болатбек Баян­хан. Қасым бейне­сін сомдаған актер – Мұхиддин Шынтай. Фильмде Қасым Аманжоловтың әндері орындалып, өлеңдері оқылады.

Әнге айналған жырлар

Қасым – ақын ғана емес, түрлі аспап­тар­да шебер орындаушы әрі композитор­лығымен де танылған. Бүгінде Қасым әндері мен оның сөзіне жазылған белгілі композиторлардың шығармалары үлкен сахналарда шырқалуда. Мерейтой аясында ақынның музыкалық мұрасы мәті­німен және нотасымен бірге бір кітап­қа топтастырылды. «Көңілдің күйін тер­бейік...» деген атпен жарық көрген бұл әндер жинағының жауапты шығарушысы – Қарағанды облыстық мәдениет басқар­масының бастығы Б.Байсағатов. Редакторы – С.Сағынтай. 250 беттен тұратын кітапқа 50-ге жуық ән  енгізілген. Ән-жинаққа алғы сөз жазып, Қасымның музы­калық мұрасына шолу жасаған – белгілі жазушы Дидар Амантай.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста