Тойы – той емес, жаназа
Түксеннің ұлының үйлену тойына барын киіп, жасанып кеткен Қоқым түн ортасы болмай терісіне сыймай, бұрқан-талқан ашуланып келді. Екі-үш үзіліспен жиырма жыл бірге өмір сүргенде жұптысының киімі жыртылмай аман-сау, өз аяғымен қайтқанын тұңғыш рет көрген Қатира қатты қайран қалды. Бір жақсылықтың нышаны шығар деп іштей қуанып отыр.
– Той қалай өтті, Түксен мен Қатипа жалғыз ұлдан аянып қалмаған шығар, – деді Қатира. Мына сұраққа отағасы шаян шағып алғандай баж етіп, ашулы жауап берді.
– Тойы – той емес, жаназа, – деді кімді екені белгісіз біреулерді сықпырта сыбап өтіп, – Осы жасымда мұндай көңілсіз өткен, құрып қалған тойды көрсем, көзім ақсын, естісем, құлағым керең болсын. Жүре берсең не сұмдықты көре бересің деген осы. Япыр-ай, ел байыған сайын шық бермес Шығайбай бола ма деймін. Түксен таз нағыз сараң екенін көрсетті, ісімен дәлелдеді. Неменеге көзіңді жыпылықтатып отырсың, балалардан қалған қатқан-құтқан тамағың болса, әкел тездетіп. Бұралқы иттей бұралып, аштан өліп барамын.
– Отағасы-ау, адам деген тойдан тойып қайтпаушы ма еді, балабақшаның баласындай аш келгенің не? Түксен тойды үлкен мейрамханада жасап жатырмын деп еді ғой. Немене, дастарқанда ішіп-жейтін ас болмады ма? – деді Қатира таңданып.
– «Тойы – той емес, жаназа» дедім ғой мен саған. Мейрамхана деген аты ғана. Ішті кептіретін қырыққабат, асқабақ, қызанақ, қияр, адам түгілі, доңыз жемейтін неше түрлі сасып кеткен салат қойыпты дастарқанға. Мал бордақылайтындай шөпшаламды үйіп тастапты. Елдің барлығы шошақтың шөлінен келгендей, кәдімгі жүн бояйтын қызыл, жасыл, көк бояу қосқан арзан суларды самсатып қойыпты. Бір ұрттап қалсаң, газы артыңнан бір-ақ шығатын Сарыағаштың сапасыз суларынан көз тұнады.
Шіркін, Сарыағаштың бұрынғы сулары сарайыңды ашып шөліңді басушы еді. Мына қолдан газдандырылған суын ішсең, ішің кеуіп, екі күн маңайыңды сасытып, желдетіп жүресің.
Пісірген шелпек, тоқаштары балтамен шауып, бөліп жемесең, жолбарыстың да тісі батпайтын тастай қатты. Мантысының ішіне мысықтың еті ме, әлде атжалман тышқанның еті ме, шорт знайт, шандырлы, сіңірлі бірдеңелерді салыпты. Байқамай асап қалған бір құдағи кемпір сол шандырға қақалып өліп қала жаздады. Қасындағы келіні пысық неме екен, қолын кемпірдің өңешіне сұғып жіберіп мысықтың құйрығы сияқты бірдеңені суырып алды. Содан кейін манты жеп көр.
Масқара-ай, масқара, құдаларға тартқан басты көрсең, түсіңнен шошып оянасың. Қазақшылықты ұмытқан ба, бұл Түксен мен Қатипа. Бастың тісін де қақпапты, азуын ақситып әкеліп қоя салды. Өзі арам өлген қошқардың басы болуы керек. Өзі жөнді үйітілмеген, жүні жалбырап тұр. Құйқасының қалыңдығы екі елі, әрі шикі, толық піспеген. Құдалар әрі кескілеп, бері кескілеп, пышақ өтпеген соң, маған қарай итере салды. Ит жемейтін басты жеп қақалып өлетін жайым жоқ, мен оны Қыранбайға қарай сырғытып жібердім. Ашқарақ неме қиқалап отырып бармақтай құйқаны кесіп алып, аузына атып ұрды. Сондағы түрін көрсең, күлкіден жарылып өлер едің. Тулақтай қатты құйқаны жұта алмай, сағызша шайнап, бір сағат отырды. Сыпайы неме ғой, түкіріп тастауға елден ұялды. Күйіс қайтарған кәрі сиыр сияқты малжаңдап отыр, малжаңдап отыр.
Қызықтың көкесін алдымызға ет келгенде көрдік. Пілдей бір мекеменің бастығы, алатын парасы, өтірік қосып жазатын айлығы бар, басқа да табысы жаман емес. Қу таз неден тарылды екен? Не жылтыраған майы, не кесерге еті жоқ нән-нән сүйекті саудыратып асыпты. Оның бұқаның еті екенін шуаш сасыған иісінен сезе қойдық. Табаққа қол салған ешкім болмады. Ит-ай, ең болмаса құдаларға тартатын екі-үш келі қазы-қарта да алмапты. Масқара одан әрі жалғасты. Еті желінбеген табақтарды жинап алып, оның орнына қауын-қарбыз әкеліп қойды. Қазір күз, қауын-қарбыз жейтін кез бе? Ташмат аканың селитрамен пісірген қауын-қарбызының іші түсіп, іріңдей ағып жатыр. Жемек түгілі, қолға ұстауға жиренесің.
Қоқым өзі айтқандай, шынымен аш екен. Алдына келген тамақтан түк қоймай асап жатыр, асап жатыр. Түйілгеніне қарамай, қарбытады.
Қатира қайран қалды.
– Түксен мен Қатипаның дастарқаны берекелі, мол болушы еді, оларға не болған? Құдаларға кеуіп қалған бас пен бұқаның етін тартқаны несі? Ұят-ай! Ал анау әлгі ішімдік жағы қалай болды? – деп сақтана сұрақ қойды.
Осы тұста Қоқым ашуға булығып, қолындағы қасықты лақтырып жіберді.
– Арақ түгілі, самопал да болған жоқ. Сыра да алмапты, ашкөз антұрған. Тілі бұралған бір кекеш асабаны тауып алыпты. Сол ақымақ неме көсемсіп, елге ақыл айтып, зығырданымды қайнатты. Оңаша кездессе, әкесін танытамын әлі.
– «Арақ қазақтың атасынан қалған ас емес. Қазір халық арақ ішуді біртіндеп азайтып келеді. Тек кейбіреулер болмаса», – деп маған қарайды иттің баласы. Ол мені тіпті танымайды ғой. Сірә, Түксен төбет көздестіріп қойған болу керек. Асаба аузына келген құсықты аямай ақтарып тұр. «Арақсыз той мәнді де сәнді» деп оттайды. Қәні, не мәнді, сәнді болғаны? Қызбаған адам ойындағысын дұрыстап айта алушы ма еді? Сөйлегендер болбырап, былжырап тілек айтқан болды. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Бәрі есінеп, қажып-шаршап шығып кетуге сылтау таппай отыр.
Әншілердің дауысы да құмығып шықпай қалды. Музыкасы да оңбады, ритуал сияқты бірдеңе. Жастар жағы біраз тоңқаңдап билеген болып еді, оның да сәні келмеді. Құдалар жағы іштен тынып, сіресіп-сіресіп отыр. Өлең де айтпады, биге де шықпады. Мен, әсіресе, жас келіннен ұялып, жерге кірердей болдым. Жас жұбайлардың алдына да шөп-шалам, көди-сөди, газды су қойыпты. Ең болмаса бір шөлмек шампан табылмаған ба? Масқара ғой, масқара! Өлім ғой, өлім! Келін байғұс газды судан ауыз да тиген жоқ. Ел көзінше байқамай «тих» еткізермін деп қауіптенсе керек.
Менің Алмат деген таныс журналист жігітім бір үйге қонаққа барғанда үй иесіне қалжыңдап:
– Дастарқанда тұздалған қиярың бар екен, бірақ құярың жоқ екен, – деп тақпақтаған екен. Мұнда тап сондай болды.
Қоқым ұзақ-сонар сын баяндамасын естір құлаққа ұяттау сөздермен аяқтады. Оның айшықты сөздеріне құлағы үйренген Қатира былқ еткен жоқ.
– Бәрін де ұғып, біліп отырмын, – деді күлімсіреп. – Сенің ұлың үйленгенде тап осындай той жасаймыз.