Жазбаша айтыс жалғасады
Газетiмiздiң 2009 жылғы 8 ақпандағы тұңғыш санында үстiмiздегi жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында республикалық «Алаш айнасы» газетi Жүрсiн Ермановпен бiрлесiп «Алаш ақыны» атты айтыскер ақындардың жазбаша мүшәйрасын өткiзетiндiгiмiз туралы хабарлаған болатынбыз.
Басылым бетiнде ақындар айтысын жүргiзудегi мақсат ұлтымыздың төл өнерi – айтысқа деген халықтың ықыласын арттыру әрi айтыскер ақындарды насихаттау. Бұл ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттiк тiлдiң дамуына да ықпал етедi.
Әдетте айтыс үлкен сахналар мен теледидарда белгiлi бiр уақыт кезеңiнде ғана өтедi. Ал айтыстың баспасөздегi нұсқасы арқылы оқырман қауым айтыс барысын күнделiктi қадағалап, оқып, баға беруге мүмкiндiк алады.
Оқырмандардың есiне сала кетейiк: бекiтiлген Ереже бойынша екi аптада бiр жұп айтысады. Өлеңнiң көлемi 4 шумақтан, әр шумақ төрт тармақтан аспауы керек. Ал өлеңнiң формасын түрлендiрiп (мысалы, ромб, квадрат, үшбұрыш, шеңбер жасап) жазамын деушiлер болса, олардың жаңашыл iзденiсi де ескерiлiп, бағаланады. Бiрiншi шумақта жалпылама ой айтылып, екiншi шумақта белгiлi бiр мәселе көтерiлiп, үшiншi шумақта қарсыласқа нақты жауап берiледi, төртiншi шумақта қарсыласқа сұрақ қойылып немесе жұмбақ жасырылады. Қарсылас ақын өз кезегiнде оған жауап берiп, қайыра сұрақ қойып, жұмбақ жасырады.
Газеттiң бiр санында бiр ақынның өлеңi жарияланады. Газеттiң келесi санында қарсыластың жауабы берiледi. Осылайша айтыс алма-кезек жүредi.
Әр жұптың айтысу мерзiмi аяқталған соң оқырмандардан келiп түскен телефон қоңырауларын, хаттарды ескере отырып, айтыстың үлкен жанашыры, ақын Жүрсiн Ерман бастаған қазылар алқасы төрелiгiн айтып, жеңiмпаздарды анықтап отырады.
Айтыстың жалпы қорытындысы үстiмiздегi жылдың бiрiншi жарты жылдығының соңында, яғни 2008 жылдың маусым айында шығарылады. Бұл жобаға тек қана айтыскер ақындар қатыса алады. Айтыс аяқталып, жүлдегерлер анықталғаннан кейiн жобаның нәтижесi ретiнде үлкен сахнада «Алаш айнасы» газетiнiң «Алаш ақыны» атты ақындар айтысы өтедi. Жеңiмпаздардың жүлделерiн тапсыру сол кезде жүзеге асырылады.
P.S.
Газеттiң кешегi санында жазбаша айтыс жобасына төрелiк жүргiзiп отырған ақын Жүрсiн Ерманның «Жанрға жан бiттi» деген тақырыппен айтысымыздың алғашқы жұбы – Балғынбек Имашев (Талдықорған) пен Айтбай Жұмағұловтың (Қарағанды) сөз сайысына берген бағасы мен түйiн сөзiн жариялаған болатынбыз. Оқырмандар тарапынан редакциямызға келiп түскен көптеген телефон қоңыраулары мен хаттардағы пiкiрлердi ескере отырып, Жүрсiн Ерман Балғынбектiң Айтбайдан басым түскенiн атап өттi.
Жазба айтысымыздың келесi жұбы кiмдер екенiн бiлгiлерiңiз келсе, «Алаш айнасын» қалт жiбермей, қадағалап отырыңыздар.
РЕДАКЦИЯ