26 мың айыптымен 15 сот орындаушысы қалай күреспек?
Бүгінгі күні Алматы қаласында әрбір үшінші көлік иесі – борышкер. Жол ережесін жиі бұзып, көшедегі видеоқондырғылардың «қырағы көзіне» түсіп, жол полициясы қызметкерлерінің ала таяғына ілініп қалатын көлік жүргізушілер айыппұл төлеуге асықпайтын көрінеді. Бүгінде олардың саны 26 мыңға жеткен. Сондықтан айыппұл төлеуге асықпайтындардың ісі сотта қаралып, қарызын мәжбүрлеп төлетіп алу туралы сот шешімі шыққан. Енді қарызын төлемей қашып жүргендермен сот орындаушылары айналысады. Алдағы уақытта мұндай істердің қатары тіпті өсе түсуі әбден мүмкін. Өйткені заңға бағынбаушылардың аптасына бес мыңнан астам ісі тіркеледі екен. Ал оларды қарап, сұрыптап, сот шешімін жүзеге асыратын қала бойынша бар болғаны 15 сот орындаушысы ғана бар.
Алматы қаласы – еліміздегі ең көлігі көп қала. Тиісінше мұнда жол ережесін жиі бұзып, айыппұлды уақтылы төлемей, қарызға белшесінен батып, қашып жүргендердің қарасы да көп. Ал олардан айыппұл өндіретін сот орындаушыларының саны аз. Жалпы, бүгінгі күні оңтүстік астанада 26 мыңнан астам көлік жүргізушісі бюджетке 35 миллион теңгедей айыппұл төлеуі тиіс. Алайда сот актілерін орындау департаментінің қызметкерлері «олардың бәрімен айналысып, айыппұлдарын төлетуге физикалық тұрғыдан үлгермейміз, күшіміз жетпейді» дейді.
Ұлан СӘМБЕТБАЕВ, Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаменті әкімшілік айыппұл өндіру бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– Алматы қаласы бойынша жол-көлік ережесін бақылайтын 500-ден астам жол полициясы қызметкері бар. Алматы қаласында көліктердің көп болуына байланысты жол ережесін жиі бұзатындар санының көп болуы – заңдылық. Соған сай жол полициясының қызметкерлері де жиі хаттама толтыруға мәжбүр. Оған көшедегі тәртіпті бақылайтын видеоқондырғыларды қосыңыз. Видеоқондырғыларға жазылып қалған жол жүру ережесін бұзу фактілерімен қатар, жол полициясы қызметкерлерінің толтырған хаттамасы жиналып қалады. Нәтижесінде аптасына мыңдаған іс тіркеледі. Әйтсе де біз 26 мыңнан астам көлік жүргізушінің бәрінің ісімен айналысып, айыппұлын төлетуге физикалық тұрғыдан үлгермейміз. Аптасына үш рет жол полициясы қызметкерлерімен бірге көшелерге рейдке шығып, қарызы бар жүргізушілердің көліктерін жол полициясының арнайы жабдықталған көлігіндегі қондырғының көмегімен сүзгіден өткіземіз.
Бірнеше рет ескерту жіберіліп жатса да, жүргізушілер көп жағдайда айыппұлды ерікті түрде төлемейді. Бірінің көлігі өзге азаматтың атында болса, енді бірі көрсетілген мекенжайда тұрмайды. Сондай әртүрлі себептермен айыппұл уақытында өндірілмейді. Мұндайда рейдке шығу сот шешімін орындаушылар үшін ең тиімді тәсіл болып тұр. Көлік жүргізушісі 30 күн ішінде айыппұлын төлеуі тиіс. Егер аталған уақыт ішінде айыппұл төленбесе, онда іс сот актілерін орындау басқармасының әкімшілік айыппұл бөлімінің қарамағына өтеді. Олар арнайы рейдтер ұйымдастыру арқылы көшедегі берешегі бар көліктерді іріктейді. Рейд барысында арнайы қондырғысы бар жол полициясының көлігі арқылы көшеде кетіп бара жатқан мәшиненің нөмірі мен оның иесінің берешегі бар-жоғын анықтайды. Бірнеше рет ескерту барысында көлік жүргізушісі айыппұлын төлемей және айыппұл мөлшері күрт көбейген жағдайда көлік жүргізушісінің мүлкі уақытша тәркіленіп, айып тұрағына әкетіледі. Сондай-ақ жақында борышкер көлік иелерінің көбеюіне байланысты қоғамдық жиындарда айыппұлды терминалдар арқылы өтеу, жол ережесін бұзу бойына айыппұлын дереу төлеген жағдайда айыппұлдың 50 пайызын төлеу секілді пікірлер де айтылып қалды. Мұның бәрі – борышкер көлік иелерін ынталандыру мақсатында айтылып жатқан ұсыныстар.
Жүргізушілер көбіне бағдаршамның қызыл шамынан өтіп кету, шектеу сызығын басу, үзіксіз екі жолақты жолды кесіп өту, тыйым салынған жерге тоқтау секілді ережелерді бұзатын көрінеді. Мамандар жол-көлік апатының бір себебі жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауында екендігін айтады. Жыл басынан бері оңтүстік астанада ірілі-кішілі 2 мыңға жуық көлік апаты тіркеліпті. Соның салдарынан 44 адам өмірімен қош айтысса, 2,5 мың адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Сондықтан мамандар «жүргізушілерді тәртіпке бағындырудың бір жолы – айыппұлды арттыру» дейді. Ал сот орындаушылар болса, борышкер жүргізушілерден айыппұлды өндіру үшін сот орындаушы мамандар санын арттыру қажет екенін алға тартып отыр.
Марат МЫРЗАБАЕВ, Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаменті әкімшілік айыппұл өндіру бөлімінің бастығы:
– Қазіргі таңда ең басты мәселе сот орындаушыларының аздығы болып отыр. Сот орындаушылары жетіспегеннен кейін борышкер көлік иелерінің саны артып барады. Сондықтан тиісті орындар елімізде көліктердің көбейіп келе жатқанын ескере отырып, сот орындаушыларының санын арттыруға көңіл бөлсе екен. Көбінесе азаматтар айыппұлдары бар екенін біле тұра, төлемейді. Қарызды қайтару үшін біз әртүрлі іс-шараларды пайдаланамыз. Соның бірі – рейдтер ұйымдастыру.