Агроном неге аса қат мамандыққа айналды?

Агроном неге аса қат мамандыққа айналды?

Ақпан аяқталып, наурыз туысымен аймақтағы диқан қауымы егіс даласына шығудың қарекетіне кіріседі. Көктемнің әр күні жылға азық. Қоймадағы тұқымын сұрыптап, техникасын түгендеп, соқасын сайлап жатқан ауыл жұртының қарбалас шағы көк шыға басталып, күзгі жиын -терін біткенге дейін созылмақ.

Жердің жайын, егіннің бабын білмегеннің еңбегі еш
Облыстағы 17 мыңнан асатын шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының 3000-ға жуығы таза егін шаруашылығымен айналысып келеді. Солардың 70 пайызы - 300 гектарға дейінгі көлемде егіс алқабы бар ұсақ шаруашылықтар, 20-25 пайызы – 300-ден 2000 гектарға дейін жері бар орта, төрт пайызы - жері 5000 гектардан артық алқапты алып жатқан ірі шаруашылықтар екен.
Бородулиха, Шемонайха, Глубокое, Зырян, Көкпекті, Ұлан аудандары - аймағымыздағы егістігі мол, астықты алқаптар. Өткен жылы жері құнарлы Зырян, Глубокое аудандарында астық дақылдарының түсімі орта есеппен 22,2 центнерден айналған. Аягөз, Көкпекті, басқа да бірнеше аудандарда жиналған өнім бұдан әлдеқайда аз.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егістік, өсімдік шаруашылықтары және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Тілеуберді Калихинның айтуынша, осы екі аудан мен өзге де өңірлердегі кейбір шаруашылықтарда егістік шығымының төмен болуына өнімнің өсіп-өнер шағында жаңбырдың аз жауғаны және қожалық иелерінің жермен жұмыс істей алмай, жердің бабын, егіннің жайын білмеуі басты себеп болған.
Сол екінші себеп облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында егістікпен айналысып, мол өнім алудың қамын жейтін маман-агрономның жоқтығы салдарынан шығып отыр.
Егін шаруашылығын дұрыс жүргізудің, жерді тиімді пайдаланудың талаптары бойынша бір гектар жерге 80-100 келі минералды тыңайтқыш себілуі тиіс екенін білдік. Жыл сайын алынып отырған өніммен бірге кетіп жатқан жердің өзіндік құнарлылығын, тыңайтқышқа деген қажеттілігін осылай толтырып отырғанда ғана мол өнім жинауға болады. 2014 жылы біздің облыстың шаруашылықтары пайдаланған егістіктеріне 11 мың 300 тонна минералды тыңайтқыш сепкен, ол қожалықтардың бір гектар егістік алқабын бар-жоғы 8,7 келі минералды тыңайтқышпен қоректендіргенін көрсетеді. Қажетті мөлшерден он есе кем!
- Агроном, гидротехник, механизатор сияқты егін шаруашылығына аса қажетті мамандардың жоқтығынан суландырудың, тыңайтқыштарды себудің, егістікті әртараптандырудың, жердің құнарлылығын, егін түсімін, тұқым, өнім сапасын арттырудың, көбейтудің озық тәсілі, ғылыми жолмен жасалған әдістері мен талаптары орындалып жатқан жоқ. Оны білмейтін шаруашылық иелері, жұмысшылары шаруаның ыңғайын келтірумен ғана шектелуде. Облыста күнбағыс өсірушілердің егістік ауысымы талаптарын сақтамаудан көп алқап тозып кетті. Қай жерде болса да еліміздің ауыл шаруашылығын, егін шаруашылығын кері тартып тұрған бірден-бір жайт - осы, маман тапшылығы болып тұр, - дейді Тілеуберді Калихин.

Облыстағы оқу орындарының түлектері қайда жүр?
Маман тапшылығы неден туындап отыр? Агрономдарды даярлайтын оқу орындары жоқ па, әлде оқып, тоқыған агрономдар ауылға бармай ма? Қарап отырсақ, оқу орындары жетерліктей. Бір кездегідей, Алматы малдәрігерлік институты, Семей малдәрігерлік институты, Алматы ауыл шаруашылық институты деп, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгеруге ағылып жатқан ауыл жастары азайғанымен, әр қалада ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап жатқан оқу орындары, оларға барып жатқан жастар жетерлік. Зәрулік осы мамандықтарды игеріп, диплом алған мамандардың ауылға бармай, қалада қалып қоюынан немесе басқа салада жұмыс істеп жүруінен туындап отырғандай.
Қазіргі күні болашақ агрономдар Алматы мен Астанадағы аграрлық бағыттағы ірі оқу орындарымен қоса, өз аймағымызда да аз даярланып жатқан жоқ. Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің аграрлық факультетінде, Өскеменнің маңында, Саратов кентіндегі Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде агрономдар оқытылып жатыр. Риддерде де аграрлық колледж бар.
2015 жылы Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің аграрлық факультетін агроном мамандығы бойынша 25 студент тәмамдамақ көрінеді. Шығыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық колледжі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Есқалиевадан биыл аталған оқу орнын мемлекеттік тапсырыс (тегін) бойынша 20 агроном бітіріп шыққалы отырғанын естідік. Алдағы жаңа оқу жылына колледж агроном мамандығына 50 студент қабылдауды көздеп отыр. Оның 25-і - «Серпін - 2050» жобасы аясында оңтүстік облыстардан келетін студенттер екен.
Колледждің күрделі жөндеуден өткен 192 орындық жатақханасында 178 студент тұрып, оқып жатыр. Студенттер «Опытное поле», «Багратион» тәрізді ауыл шаруашылығы құрылымдарында тәжірибе жинақтап, білімдерін өндірісте ұштастыруда. Былайынша айтқанда, ауылға барып жұмыс істеуге жарайтын агроном мамандар даярланып, оқытылып жатыр. Осы орта оқу орындарын, ЖОО бітіріп шығып жатқан агрономдар ауылға неге барып жатқан жоқ? Олар қалада қалып, өзінің мамандығына қатысы жоқ қызметтерді атқарып, өзге жерде жұмыс істеп жүр. Облыс шаруашылықтарында, қалалық жердің өзінде агроном мамандардың болмай отыруы - осының дәлелі. Егер (Алматы мен Астана ЖОО ларынан шығарылатын мамандарды есептемегенде) аймақтағы аталған екі-үш оқу орынын бітірген агрономдардың тең жартысы өз мамандығымен жұмысқа тұрып жатса, жыл сайын жиырма шақты шаруашылық арнайы маманмен қамтылған болар еді. Алайда ауылдағы орта, ірілеу деген шаруашылықтардың да қаржы үнемдеу үшін агроном түгілі есепшіні қажет етпей отырғаны тағы бар. Нарықтық заманмен келген бұл үрдіс жастардың агроном мамандығына, жалпы ауыл шаруашылығы мамандықтарына деген теріс көзқарасын қалыптастырып үлгерді.
Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Бақытбек Сепбаев осы бөлімде де агроном маманы жоқтығын, агроном маманына конкурс жарияланған кездің өзінде де бөлімге маман табылмағандығын айтып:
-Басқа-басқа, қала іргесіндегі он ірі шаруашылықтың екеуінде ғана агроном бар. Бірі - «Екімбаев» ШҚ шаруашылығы. Бұл маманның жоқтығы шаруашылықтардағы жұмыстың жарты жолда қалғандығын көрсетеді, - дейді.

Жастарды ынталандырудың жолын табу қажет
Ұлан ауданының Отрадное ауылындағы облысқа белгілі «АгроБАМ» шаруа қожалығында 3,5 мың гектар егістік жер бар. Бидай, арпа, сұлы, күнбағыс егіп отырған бұл ірі шаруашылық әр жылды табысты аяқтап келеді. Шаруашылық басшысы Жақсылық Қасеновке ауылдағы өздеріндей ірі шаруашылыққа «агроном қажет пе, қажет емес пе?» деген сауал қойып, ауылға жас мамандардың келмеуінің сырын сұрадық.
- Еңбек етіп жүрген қазіргі агрономымыз - зейнеткерлікке әлдеқашан шыққан қарт кісі. Агрономның жетіспеушілігі мамандардың дұрыс білім алмауынан, мамандарды облысымызда өте аз даярлаудан және олардың ауылға келмеуінен деп ойлаймын. Егер маған агроном, оқуды бітірген жас маман келіп тұрса, қуана-қуана алар едім. Бәрін бес саусақтай біліп тұрсын демеймін, өзінің жұмысына мығым, өз мамандығын сүйсе, жұмыс істеуге ынталы болса, болғаны. Баспана да табылады. Еңбекақы да аз емес. Ай сайын, кешіктірілмей беріліп келеді. Алайда, қазіргі жастар ауылға агроном, механизатор болып келуді, ауылда тұруды қаламайды. Қаланы аңсап тұрады. Бізге агроном да, механизаторлар да ауадай қажет. Тракторшылардың дені де қартайды. Мамандарымыздың бәрі қартайды. Ауылда жұмыс істейтін маман қалмай барады, - деген қожалық басшысы агроном айналысатын шаруаның біразын өзі атқарып жүргендігін жеткізді. Тұқым шаруашылығын да дамытып отырған қожалық басшысы жуықта егіс түсімін молайтудың қамымен Алматыдағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына барып, тұқым, өнім сапасын арттыруда қолданыла бастаған жаңа технологияларды енгізудің қыр-сырын зерттеп, тәжірибе алып қайтыпты.
Ауыл шаруашылығына, ауылға агроном, механизатор, малшы да керек. Жастардың бәрі ауылды тастап, қалаға кетті деп кінәлауға тағы болмас. Дегенмен, «Дипломмен -ауылға» (мемлекеттік бағдарламамен) барудың өзі оңай емес екені белгілі болып отырған қазіргі уақытта мұғалім мен дәрігерге де, ауыл шаруашылығы саласына агроном, гидротехник, зоотехник, малшы, сауыншы болып баратын жастарға да неғұрлым қолайлы жағдай тудырылып, жетерліктей еңбекақы төленсе, қалаға келіп такси жүргізіп, күзетші болып, өзге салада жұмыс істеп жүрген ауыл шаруашылығы маманы ауылға барар жолды таңдар ма еді?.. Бұл - облыстағы «Агро» шаруалар қауымдастығының жетекшісі Жомарт Манақовтың пікірі.
Иә, ауылға барып жұмыс істеу, соның ішінде қиындығы көп ауыл шаруашылығында еңбек ету қажырлылықты қажет етеді. Мамансыз қалып отырған ауыл шаруашылығының басындағы бүгінгі ахуал сол қажырлы еңбекті дұрыс бағалай біліп, жастарды ынталандыра алудың жолын, амалын табу қажеттігін алдыға тартып отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста