Әкімқараларды энергияны үнемдеуге күштей аламыз ба?
Ел экономикасының дамуы үшін өндіріс ошақтарымыз дамылсыз жұмыс істеп, толыққанды қуатымен қызып жатуы тиіс. Ал ондай жағдай электр қуатынсыз мүмкін емес. Сол себепті елімізде энергияны үнемдеу және осы ресурсты сақтау, токпен ұдайы қамтамасыз ететін кәсіпорындарды жаңарту туралы бірнеше бағдарлама қабылданды. Елбасымыз да өз Жолдауында «энергетика бойынша біз ешкімге тәуелді болмауымыз тиіс» деп қадап айтты. Сондықтан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Үкімет 2010-2014 жылдардағы еліміздің электр энергетикасын дамыту бойынша шаралар жоспарын бекітті. Оның ішінде серпінді жобалардан бастап электр қуатының есебін жүргізетін автоматтандырылған жүйені енгізуге дейінгі сынамалы тәжірибе де қамтылған. Таяуда осы сала істерін реттейтін «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң жаңадан қабылданды. Құқықтық құжаттың ішінде электрді үнемдеу және электр тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жыл сайын жергілікті әкімшіліктердің қызметін бағалау шарасы енгізілген екен. Отандық мамандардың бірі «бұл шара шенді-шекпенділердің қағазбастылығын үдетіп, бармақ басты, көз қыстыға жол ашады» десе, бірі «бас ал десе, шаш алатын белсенділерді жұмыс істету үшін мұндай шыбық салар шара өз тиімділігін танытады» деген пікірде...
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің облыстары бойынша электр желілерінің тозуы 70 пайызды қамтиды, ал ауылдағы жағдайы тіптен мүшкіл халде. Осы себепті 2008 жылы энергия өндіруші ұйымдар үшін шекті, есептік және жеке тарифтерді қамтитын баға белгілеудің жаңа тетігі енгізілген-тұғын. Яғни Үкімет қаулысымен жеті жылға бекітілген шекті тариф негізінде электр өндіруші компаниялар қаржы жинап, оны кәсіпорынды жаңарту жұмысына жұмсауы керек деп жоспарланған. Өйткені мамандар жаңа электр стансысын салғаннан гөрі, ескісін жаңалау әлдеқайда үнемді болады деп отыр. Қазірдің өзінде әр өңір бойынша, әсіресе өндіріс ошақтары орналасқан аймақтардың электр желілерін модернизациялау жұмыстары қауырт жүріп жатыр.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алынған серпінді жобалар да бар. Олардың басым бөлігі мемлекет және жекеменшік әріптестігі негізінде қолға алынғанын баса айта кетелік. Яғни бұл жобалардың жарты құнын жекеменшік тарап төлейді. Ондай ірі жобаларға былтыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында іске қосылған Мойнақ СЭС құрылысы (300 мВт), Екібастұз СЭС-2-ні кеңейту мақсатында өндіріс қуаты 525-630 мегаватты құрайтын үшінші энергетикалық блогы, Шардара СЭС-ін қайта құрылымдау, жаңарту жұмыстары, Қапшағай СЭС жұмысын бүтіндей бақылауға алатын өндіріс қуаты 33 мВт-ты құрайтын Кербұлақ СЭС, Балқаш жылу электр стансысының құрылысы жатады. Мәселен, осы аталған жобалардың басым бөлігінің 50 пайыз пакет акциясына ие «Самұрық-Энерго» АҚ қалтасынан өздері ақша шығарып отырғанын айтады.
Ірі жобалардан тыс, ел өңірлерінде автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесі енгізілген болатын. Осыған байланысты әр үй мен кәсіпорындарда деректері қашықтан берілетін электр есептегіш құралдары орнатылды. Нәтижесі көрсетіп отырғандай, Жамбыл облысында сыналған бұл жоба өз-өзін ақтап, электр ысырапшылдығын 15 пайызға қысқартуға мүмкіндік туындағанын көрсетті. Бұл құралдың басты артықшылығы – тұтынушылар қуат ұрлай алмайды. Вице-премьер Қайрат Келімбетов көктемдегі Жамбыл облысына барған сапарында бұл тәжірибеге оң баға беріп, оны республика көлемінде қолдану қажеттігін айтты. Демек, келесі жылдан бастап автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесін бүкіл ел өңіріне енгізу міндеттелуі әбден мүмкін.
Сол секілді соңғы кездері жеке және заңды тұлғаларға құқықтық тұрғыда энергияны үнемдейтін шамдар орнату міндеттелінуде. Осыған байланысты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 129,6 млн теңге, жылдық өндіріс қуаты
5 мың электр үнемдегіш шам шығаратын жоба жүзеге асырылды. Өткен жылдың жазында іске қосылған «Энерджи Тараз» ЖШС-дан өндірілген шамдар қазір республика көлеміне сатылымға шығарылып жатыр.
Бүгіндері дамыған елдер жаңартылған энергия көздерін дамыту туралы бағдарлама қабылдаған. Жалпы, жаңартылған энергия көздерінің ішінде ең серпінді дамып келе жатқан коммерциялық түрінің бірі жел энергетикасы болып табылады. Жылына энергияның бұл түрін тұтыну 20-30 пайызға тұрақты артып келеді. Сол секілді әлемде күн технологияларын пайдалану үрдісі де байқалады. Отандық ғалымдар ғылыми тұрғыда бұл ретте өзіндік жаңалық ашып, дамыған елдер сүйенген технологиядан мықтысын жасап шығуға тырысып бағуда. Нәтиже де баршылық. Сол себепті Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында мұндай жобалардың тыс қалуы мүмкін емес екені айқын. Елімізде күннен қуат жинайтын батарея шығаратын зауыт құрылысы салынып, жел электр энергиясын қай аймақтарда орналастыру жайы зерделеніп, мұндай құрылғыларды орнату жайы да талқылануда.
Міне, энергетика саласында жүзеге асырылуы кезең-кезеңге белгіленген, инвестициялық аясы ауқымды мұндай істерді қадағалап реттейтін, әрине, заң қажет. Сол себепті биыл «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң жаңартылып, қолданысқа берілген-тұғын. Осы жағынан алғанда, аталған заңның алдына қойылған міндеттер де стратегиялық маңызды болып табылады. Сондай-ақ осы заң аясында электрді үнемдеу және электр тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жыл сайын жергілікті әкімшіліктердің қызметін бағалау шарасы енгізілгенін баса айта кетелік. Бұл жаңа талап келесі айда, яғни 1 шілдеден бастап өз күшіне енеді екен. Бұл шараға келгенде, отандық мамандардың пікірі екіге жарылады.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, электр энергиясы секілді стратегиялық саладағы жобалардың жүзеге асырылу процесіне деген қадағалау мен бақылауды күшейту қажет.
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Ел экономикасын әртараптандыру үшін елімізде өндіріс ошақтары толыққанды қуатымен жұмыс істеуі керек. Ондай жағдайда табысы тиімді өндірісті аймақтар да бойын түзеп, дамуға аяқ басар еді. Алайда тозығы жеткен инфрақұрылымдар жергілікті кәсіпорындардың адымын аштырмай отыр. Әрине, еліміздің стратегиялық даму бағдарламасы аясында электр желілерін жаңарту, жаңадан электр стансысын салу бойынша жобалар қолға алынған. Бұл істің тиімді жүзеге асырылуы – тек кәсіпорын емес, бүтін аймақтың еңсесін тіктеуге тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан билік тарапынан қадағалау мен бақылау қажет-ақ. Түрлі деңгейде. Осы жағынан алғанда, заңда электрді үнемдеу және электр тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жыл сайын жергілікті әкімшіліктердің қызметін бағалау шарасын енгізуді дұрыс деп білемін. Мұндай өзара бәсеке жарыс өңір шенеуніктерінің мазасыздануына түрткі бола алады деп ойлаймын.
Ал саясаттанушы Уәлихан Төлешовтің пікірінше, бұл шара популизмнен ары аса алмайды.
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:
– «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңда ендігіден бастап осы мәселе шешімі бойынша жергілікті әкімшілік қызметін бағалау жөніндегі әкімшілік шараны популистік деп атар едім. Шынымен де, әсіресе ел өңірлерінде энергетика инфрақұрылымдарының ахуалы – адам төзгісіз жағдайда. Сондықтан осы сала мәселесін шешу бойынша арнайы заңның қабылданғаны жақсы-ақ. Алайда технологиялық жағына басымдық бергеннен гөрі, адам факторын алға тартқандары жарамаған. Бұл шара қағазбастылықты үдете түсері анық. Яғни аймақ әкімдері қағаз жүзінде есеп беріп, жағдайды «қатырып» қояды. Негізінде, еліміздің энергетикалық ахуалын жақсарту үшін, ең алдымен, сол өңірлерге мықты инженерлер баруы керек. Өйткені электр қуатын үнемдейтін озық технологияны енгізу білікті мамансыз жүзеге асырылмайды. Өкінішке қарай, бұл мамандық иесі бізде тапшы. Бұл – біріншіден. Екіншіден, адамгершілік, ұят пен ар ілімі секілді, үнем, қамқорлық мәдениеті– адам бойына ғасырлап сіңірілетін дүние. Кеңес заманында үкімет затын өзінікіндей талан-таражға салып үйренген халықтың, расында, ниеті ақырындап бұзылды. Бірақ бүгінгі нарықтық қарым-қатынас құндылығының бастысы үнемшілдік, қанағатшылдық екенін халық түсінгенде, энергия тиімділігін арттыру саясаты да өздігінен орындалатын болады. Сондықтан билік осы бағыттағы насихатқа басымдық беруі керек.
Қалай дегенмен де біз еліміздегі энергетика саласында белгіленген жоспар кедергіге тап болмаса екен дейміз.