Алаш ҚҰРЫЛЫС
Сіз үйдің емес, үй сіздің бабыңызды табады!
Жаңа технологиялар кеңінен қанат жайып, қарыштап дамыған мына заманда дүниенің бәрі бар. Өздеріңізге белгілі, қазір үйдегі кір жуатын машинадан бастап, астымыздағы көлікке дейін – автомат. Енді осылардың қатарына тұратын баспанамыз да ақырындап енуде. Жайлылығы жағынан ең жоғары көрсеткішке ие мұндай үйлерді ауызекі тілде «ақылды үй» деп те атайды екен. Бүгіндері нарықта «ақылды үй» жүйесі деп аталатын қызмет түріне күн өткен сайын сұраныс артып келеді. Ендеше, ол қанша тұрады, автоматтандырылған жүйенің басты тұтынушылары кімдер деген сауалға жауап іздеп көрелік...
Тарихтан там-тұм
«Ақылды үй» тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Сол кезде бай америкалықтар өз өмірін қайтсем жайлы етем деп ойлана бастаған. Мұндай идея, негізінен, Германияда туындаған көрінеді. Өйткені ол елде электр энергиясының құны тым қымбат. Яғни бұл – үйдің шығынын азайту мақсатында жасалған дүние. Нақтырақ айтқанда, 70-жылдардың басында Smart Home термині пайда болады. Аудармасы – жадысы бар үй. Бастапқыда бұл жобаға қыруар ақша бөлінген, өйткені ол өз шығынын көп еселеп қайтарады деп бажайланған. Бұл жағынан ғалымдар қателеспепті. Өздігінен ашылатын есік пен дыбыстың шығуына қарай жарықтың өшіп-сөнуі секілді технологиялар көпті бертінге дейін таңғалдырып келгені белгілі. Күн өткен сайын аталған жүйенің функциясы көбейіп, жаңа техника мен технология таңғажайыпты нақты өмірдің құбылысына айналдыруда.
Автоматтандырылған баспана несімен жайлы?
Жалпы, «ақылды үйде» барлық іс-әрекет пультпен немесе ұялы телефонмен, тағы болмаса интернет арқылы басқарылып отырады. Мәселен, автоматтандырылған жылу жүйесі құрылғандықтан, жылдың мезгіліне қарай емес, үйдің «ауа райы» бойынша бірқалыпты температураны ұстауға болады. Яғни мұндай жүйені тұтынушы жылуды қосып-өшіруге басын қатырмайды. Тек осы жылу жүйесіне енетін бақылау тетігі арқылы үйдің ылғалдылығын реттей алады. Әрі бұл жүйе отбасы бүтіндей біршама уақытқа демалысқа сапарлап кеткенде де өз тиімділігін танытады екен. Яки үйде адам болмағандықтан, жылу жүйесі төмен температурадағы үнемді режимге көшеді. Ал өздерінің қайтып келе жатқанын үй иесі интернет немесе телефон арқылы алдын ала хабарласа, автоматты жүйе күні бұрын мұндағы температура мен ылғалдылықты бұрынғы қалпына келтіріп қояды. Егер сіз үйде болмасаңыз, бірақ оны білдірткіңіз келмесе, бұл мәселені де «ақылды үй» шешіп бере алады. Мәселен, күн сайын белгілі бір уақытта әр бөлмеде жарық жанып, музыка мен теледидар қосылып отырады. Мұның бәрін сырттан қараған адам таймер арқылы істеп тұрғанын байқамай да қалады. Ал есігіңізге біреу жақындаса, қабаған ит арсылдап қоя береді. Бірақ бұл тек қана иттің дауысы екенін көбісі байқай бермейді.
Адамның қимылын сезетін сенсорлық материалы болғандықтан, жарық беретін лампа бөлмеде ешкім болмаса, өздігінен өшіп қалады. Бұл технология қазір еліміздің ірі қалаларының тұрғын үй кешендеріне де орнатылған. Жарық шығынын үнемдеу үшін. Сондықтан ол оқырмандарымыздың көбісіне таныс болуы керек. Қожайынның таңдауы бойынша белгілі бір бөлмелердің есігі де өздігінен ашылып-жабылады.
Ғимарат сыртына орнатылған бақылау камерасы есігіңізге кім келгенін, терезеден кім сығалағанын тіркеп отырады. Ал үйдің құлпы бұзылған жағдайда, жүйе ұялы телефоныңызға хабарлама жіберіп, өздігінен дабылды қосады. Осылайша бебеу қаққан үйіңіздің өзге есіктері, тіпті терезесі де тас-түйін бекітіліп қалады. Керек болса, ұрлыққа түскендердің зәре-құтын қашырып, үйде адамдар немесе жануарлар бар секілді түр танытатын түрлі дауыс пен дыбыстар да шулап қоя береді. Арнайы қондырғылар әлгі құлып бұзғыштардың қай бөлмеге кіргенін, не істеп жатқанын – барлық іс-қимылын тіркеп, телефоныңызға немесе интернет арқылы сізге бірден хабарлап отырады.
Ең бастысы, автоматты түрде үйлестірудегі үнем үйдің жалпы шығынының 15 пайызын қамтиды, соны технологиямен жабдықталған мұндай ғимараттың құны да нарықтағы бағадан 10-15 пайызға қымбат болады.
Біздің нарықта «ақылды үй» жүйесін ұсынатын он шақты компания бар екен.
Автоматтандырудың басты міндеті – үйдегі қызмет көрсету жүйесі жұмысын үйлестіру, электр энергиясын 40 пайызға дейін қысқарту, бір пультпен орталықтан басқару, нысанды телефон немесе интернет көмегімен дистанциялық мониторингілеу, қызмет көрсетуші адамдардың санын қысқарту.
Шығынды қысқарту үшін қаншаға шығындалуымыз керек?
ТМД елдерінде баспананы автоматтандырудың бір шаршы метрі 60-тан 120 евроға дейін барады. Жүйе функцияларының түрлілігіне байланысты оның құны да шарықтай береді. Сондықтан бұл арада дөп басып бір цифрді атау қиындау. Бір нақтылығы, шағын автоматтандырылған жүйе қарапайым теледидардың, ал ірісі элиталы автокөліктің құнына тең келеді.
Соңғы жылдары автоматтандыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Соған байланысты бұл салада ұсынылатын өнім түрлері де молая түсуде. Бүгінгі күндері тек жекеменшік үйді ғана емес, тіпті бүтін коттеджді қалашықтар, мейманхана кешендері де автоматтандырылып жатыр. Қызығушылығыңыз артып, «ақылды үй» жүйесімен жақын танысқыңыз келсе, Алматыдағы «Достық» мейманханасына қонақтап барсаңыз болады. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде осы мейманхана бүгінгі автоматтандырудың соны ережесіне сай толықтай жабдықталған. Сол секілді соңғы кездері Астана мен Алматы қалаларының коттеджді қалашықтары да жоғары деңгейдегі автоматтандырылған коммуникациялық құрылғылармен қамтамасыз етіліп жатыр екен.
Бір мысал
Бұл ретте америкалық миллиардер Билл Гейтстің сарайын мысалға келтіре кетейік. Мәселен, коммуникация саласының падишасы жұмыстан келе жатып, өзіне ванна суын әзірлетіп қоя алады. Ол машинадағы немесе жұмыс бөлмесіндегі тетікті басса болғаны, фарфорлы ваннасы белгіленген температурада қажетті мөлшерде суға толады. Ал супер желдеткіші бөлмені ионмен зарарсыздандырып, ауасын тазалайды. Бәрінен бұрын, бұл сарайда қонақтарға ерекше құрмет жасалады. Егер қас қарая бастаса, зәулім ғимаратты аралап жүрген қонақты қозғалыстағы жарық толқын жетер жеріне жеткізіп тастайды. Ол айдың жарық сәулесі секілді әсер қалдырады. Сол секілді қонақ тұрып жүргенде, оның қалауы бойынша галограммалық визуалды кинофильм немесе жаңалықтар ауада онымен қалықтап бірге еріп жүреді. Яки қонақ дәретханаға барса да өзінің сүйікті бағдарламасынан ажырап қалмайды. Әрі мұнда келген адам зәулім ғимараттың кіре берісінде кодталған құрылғының тетігін басу арқылы өзіңізге ұнайтын музыкаға тапсырыс бере алады. Бейнеклип пен әуен ол адаммен үнемі еріп жүреді. Бір ерекшелігі, бұл әуенді тапсырыс берушіден басқа сарайдағылар естімейді де, көрмейді де. Бәрінен бұрын, бұл жүйе үйге келген қонақтың талғамын есте сақтап, екінші рет келгенде оның қалауындағы дүниелерді қайталап бере алады. Гейтстің жеке аппартаментіне бөтен ешкім кіре алмайды. Өйткені сарайда үй күтушісінен бастап, аспазшыға дейін арнайы электронды рұқсат карточкасын ұстайды. Ол әр адамның шектеулі аймаққа енуіне ғана мүмкіндік береді. Ал қонақтарға арнайы төсбелгі әзірленеді.
Арсен Денисов, инженер:
– «Ақылды үй» жүйесін таңдауға келгенде, оның бағасына көп бас қатырудың қажеті жоқ. Бүкіл назарды инженерлік жүйе монтажы сапасына аударған жөн. Өйткені, мысалы, желіні орнатудағы инженерлік қателіктен дыбыс шыққанда жарық жанудың орнына, дәретханада су сылдырлап ағып жатуы мүмкін. Яғни аталған жүйе – өте сезімтал. Сондықтан ол тура нақтылықты қажет етеді. Егер сол жүйені орнатуда болмашы бір қателікке жол берілсе, оған жұмсаған ақшаңыз текке кетуі мүмкін.
Саман үйді жаман үй деп кім айтты?
Құрылыс жүргізуде саман кірпішке келгенде жаман ойлап қаламыз. Қыш жақсы ғой, саман кірпіш суға төзімсіз, үгіліп қалады деп. Сөйтсек қатты қателеседі екенбіз. Керек десеңіз, біздің жаман деген саман кірпіш технологиясын америкалықтар баяғыда сертификаттап алыпты. Тіпті шетелдік ғалымдар бұл кірпіштің шикізаты – топырақ адам ағзасына басқа құрылыс материалдарына қарағанда кері әсер етпейтінін, керісінше жақсы жағы барын анықтап, оған таза экологиялық өнім деп те баға берген. Яки шетелдіктер біз менсінбей жүрген саман кірпішті үйлердің дәуіріне қайта оралып жатқан секілді.
Адамның топырақтан жаралуы немесе туған жердің топырағын аңсау секілді ұғымдардан бұл екі сөз кіндігінің бағзыдан байланысы барын анық байқауға болады. Яғни адамзаттың жаратылысынан топыраққа қарсы иммунитеті бар. Демек, ғалымдар саман кірпіштің денсаулыққа зиян әкелмейтіндігі жағынан жаңылмауы тиіс. Бұдан қаланың силикат үйінде тұратындардан ауылда саман кірпішті баспанасы бар адамның денсаулығы әлдеқайда мықтырақ деген қорытындыны да жасауға әбден болады.
Ал АҚШ-тың құрылыс стандарттары бізге қарағанда өте қатал. Осындай деңгейдегі америкалықтардың құрылыс саласында саман кірпіштен салынатын үй технологиясы толықтай сертификатталған. Әрі оған таза экологиялық өнім сапасы белгіленген. Сондықтан бұл технология қолданысы ол жақтағы шағын қалаларда жоғары сұранысқа ие көрінеді.
Шынымен де, соңғы кездері зиянды құрылыс материалдарының адам аяғын ақыретке тез жеткізетін ауруларды көптеп туғызатындығы анықтала бастағаннан кейін, дамыған елдердің аталған саласында таза экологиялық өнімдер тұтынысы кеңінен етек алған. Демек, адам үшін денсаулық маңызды десек, онда саман үйдің технологиясы ешқашан ескірмейді.
Топырақ пен сабанды суға бірге илеп жасалатын кірпіштен жер үй салу 5-10 есе арзан болады. Силикатқа қарағанда, мұндай үйлерде жылу көпке сақталады. Бөлмеде қалыпты температураны ұстау үшін отынға да көп шығынданбайсыз. Өртке төзімділігі жоғары, ал жылуды ұстауда ағаш үй үш есе, саман үй бес-алты есе тиімділік танытады екен.
Бәрінен бұрын, үйдің ауа алмасу процесі қалыпты болады. Яки жазда салқын, қыста жылы. Өйткені топырақтың тірі ағза ретінде өздігінен «демалып тұратын» қасиеті бар. Зиянды заттар бөлмейді. Мұндай үйлер 2-3 ғасырға дейін шыдай береді. Ал қираған соң, жоюды да қажет етпейді. Себебі онда химиялық улы зат жоқ.
Көз қысты, бармақ бастыға жол берілмесе, жаңа нысандардың сапасына бас ауыртпас едік
Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор:
– Бұрын құрылыс саласында 27 мамандық дайындалатын. Ауылдық құрылыс, өнеркәсіп құрылысы, азаматтық құрылыс, әуежай, теміржол салу құрылысы – бәрі-бәрі бөлек зерттеліп, жеке-дара оқытылатын. Қазір соның бәрін әкелді-дағы «Құрылыс» деген атаумен бір жүйеге түсірді. Соның салдарынан коммуналдық, су секілді басқа да шаруашылықтардың мамандары жойылып кетті. Сөйтіп, тоқырау орын алды, ескіні жаңалайтын білікті кәсіп иесі азайды. Сол себепті біз 2020 жылға дейінгі Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасында мамандар дайындаудағы жаңа білім классификаторына инженерлік желілер мен жүйелер деген бір саланы енгізуді ұсындық. Біздің институт оның стандарттарын дайындап берді. Соған сәйкес былтыр осы мамандық бойынша кәсіп иелерін дайындауды классификаторға кіргізу туралы Үкіметтің қаулысы да шықты. Қазір осыған тәубе деп отырмыз.
Бүгіндері ғылыми-зерттеу институттары жоқтың қасы. Олар бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде Мәскеуде, одақтас мемлекеттердің орталық қалаларында орналасты. Осыған байланысты да біз Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасына коммуналдық шаруашылылық бойынша ғылыми институт құрылсын деген ұсынысты да енгіздік. Ғылыми институт құрылса, сараптама сапасы да жақсы болар еді.
Қалай дегенмен де, елімізде құрылыс саласына қыруар қаржы бөлініп жатыр, мамандарды да әзірлеп жатырмыз, барлық жағы жақсы, бірақ мәселе сол құрылыс нысанын алу мен өткізіп берудің қағаздық сипатқа ұласып кетуінде болып тұр. Көз қысты, бармақ бастыға жол берілмесе, құрылыс саласындағы тәртіп қатаң қадағаланса, жаңа нысандардың сапасына бас қатырмас едік.
Үнемшіл баспанаға аяқ басқанда
Ірі өндіріс ошақтарынан кейін елімізде электр қуаты мен жылуды көп тұтынатын – тұрғын үй секторы. Алдыңғысындағыдай мұнда да электр мен жылу шығыны шаш етектен. Аталған салада бұл мәселені дамыған елдер баяғыда шешіп қойыпты. Соның арқасында олар бізбен салыстырғанда, коммуналдық төлемдерге екі-үш есеге аз шығындалады екен. Әрине, қалай дерсіз?.. Үнемшіл үйлерді тұрғызу арқылы. Бұл арада биылдан бастап біздің үш қаламызда «пассивті үй» деген атауға ие мұндай жаңаша сипаттағы үйлер салына бастағанын баса айта кетелік. Демек, қазақстандықтар да үй шығынын үнемдеуді таяу болашақта нақ сезіне бастайды.
Пассив сөзінің аудармасы бейқам, селқос, әрекетсіз дегенді білдіреді. Ал пассивті үй қыста жылытуды, жазда салқындатуды қажет етпестен, адамға жайлы температураны сақтай алуы қажет. Осыдан-ақ мұндай үйге кететін шығынның мардымсыз болатындығын аңғара беруге болады. Сондықтан тиімділігі жоғары бұл жоба еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған. Оған Ғаламдық экологиялық қор, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасы мұрындық болып отыр.
Пассивті үйдің артықшылықтары:
– сәулеттік-жобалау жұмыстарын оңтайландыру (үйдің терезелері оңтүстікке бағытталып, ағаш не өзге де заттармен көлеңкеленбеуі тиіс);
– сыртқы суықты тасымалдайтын құрылымдарды болдырмайтындай мүлтіксіз салынуы тиіс;
– үй ішіндегі терезеден түскен күн жылуының 50 пайызын іште қалдыратындай үш қабатты әйнек қойылады және оның арасы инертті газбен толтырылады;
– суыққа төзімді есіктер қойылады;
– сыртқа шығарылатын ауаның 75 пайызының жылуын қайта пайдалануға мүмкіндік беретін желдету жүйесі пайдаланылады.
Құрылыс кезінде, негізінен, сапалы, тиімді инженерлік жүйенің соңғы үлгісі қолданылады.
Сырттағы жылуды ішке тартып алып, оны шығармайтындай тас-түйін технологиямен бекінген мұндай үйге, тіпті отынның да қажеті жоқ дерсіз. Алайда бұл үйдің көлемі жағынан шағын болатынын да ескерте кетелік.
Сынамалы жоба бойынша биыл мұндай құрылыс жұмыстары алдымен Астанада қолға алынған, кейіннен Алматы және Ақтөбе қалаларында да ол өз жалғастығын таппақ.
Құрылыс материалдарының зиянын білесіз бе?
Жаңа үй салып немесе пәтерді күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін иығыңыздан ауыр жүк түскендей болатыны анық. Алайда жаңаладым дегенмен, үйін денсаулыққа зиянды етіп жатқанын бізде бірі білсе, бірі біле бермейді. Жалпы, экологиялық таза құрылыс материалдарын пайдалануға қоғам соңғы кездері ғана көңіл бөле бастаған. Онда да адамдар бас ауруы, көздің қышуы, жүректің айнуы секілді шағымдармен дәрігерлердің қарауына көп бара бастағаннан кейін. Анықталғандай, бұл науқастарға ортақ нәрсе – бәрі де жаңадан салынған немесе таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен баспанасының бар болуы.
Мамандардың бағалауынша, тұрғылықты жай ішіндегі ауа кей кездері сырттағыдан екі-төрт есе лас болып шығып жатады. Әрі 80 пайыз химиялық улы зат құрылыс материалдарымен үйімізге еріп келеді екен. Мәселен, бетон, қыш кірпіш немесе керамика металлургиялық және химиялық өндіріс қалдықтарынан дайындалады екен...
ЛИНОЛЕУМ
Еденге төсейтін ең арзан жабынды. Одан шығатын бензол мен этилбензолдың иісі де ащы. Көбіне қан бұзылуы ауруларына әкеліп соғады. Ксилол мен толуол секілді химиялық қоспасы өкпе мен теріге де тез кері әсер етеді. Жылу батареясы астындағы линолеум қызған кездегі иісі басты ауыртып, аллергияны қоздырып, тыныс алу жүйесін бұзады.
ЛАК, БОЯУ, ЖЕЛІМ
Бұл материалдардан міндетті түрде ксилол мен толуолдың иісі бұрқырап, ағзаға зиянын тигізеді. Басты ауыртып, жүректі айнытады, адамның тамаққа зауқы соқпай қалады.
ТҮСҚАҒАЗ
Бүгіндері сәнге айналған ылғалға төзімді (жуылатын) түсқағаздар денсаулыққа аса зиянды, одан синтетикалық полимер өндірісінде пайдаланылатын стирол сынды улы зат бөлініп шығады. Ол көзді қышытып, мұрын мен тамақтың сілекей бөлу жұмысын бұзып, басты ауыртып, тіптен талдырып құлатады.
ЖИҺАЗ
ДСП-дан жасалған шкафтар – ғимарат ауасын ластаушылардың бастысы, формальдегидті таратушы. Формальдегид – потенциалдық канцероген мұрын мен тамақ ісігіне әкеп соқтырады.
СИЛИКАТ КІРПІШ, ФОСФОГИПС
Бұл құрылыс материалдары инертті радиоактивтік газ – радонның қайнар көзі. Ол адам ағзасына түскенде тыныс алу органының ішкі ткандерін бүлдіріп, микрокүйік тудырады. Радонмен уланған адамдардың көбісі өкпе ісігіне бейім келеді.
ШЫНЫ МАҚТАСЫ
Жылы жабынды ретінде таптырмайтын дүние. Бірақ оның ыдырап, уатылуы тез, сондықтан үйді жылы ұстағыш қызметінің мерзімі шектеулі. Бәрінен бұрын, ол уатылған соң жағымсыз иіс шығара бастайды. Аллергияны қоздырып, басты ауыртады. Сондықтан оның орнына тас негізіндегі минералдық мақтаны пайдаланған жөн. Жанбайтын, өрт болған жағдайда улы зат бөлмейтін бұл материалды көбіне балалар, сауықтыру ғимараттарына пайдалануға кеңес беріледі.
Маман кеңесі
1. Шамаңыз келсе, құрылыс материалдарын базардан гөрі, арнайы дүкеннен сатып алуға тырысыңыз. Сатушыдан сапа сертификатын көрсетуді сұраңыз.
2. Линолеум орнына ламинат, ең дұрысы паркет төсеген дұрыс. Әсіресе балалар және жатын бөлмесіне келгенде, үнемдеудің қажеті жоқ. Ал түсқағаздардан қағаз түріндегісін таңдаған жақсы болады. 3.Водоэмульсиялық, алкидтік, латекстік немесе полиэфирлі бояулар тиімді. Өйткені олар демде кеуіп, бөлетін зиянды заттары да тез жойылып кетеді. Бояуды жаққанда да оның мейлінше жұқа болғанын қадағалаған дұрыс.
4. Күрделі жөндеуден соң бөлмені көпке дейін әр жарты сағат желдетіп отыру керек.
5. Ал бөлмедегі бөтен жағымсыз иіс ұзаққа сақталып, мазаңызды алып жатса, онда отбасыңыздың денінің саулығы үшін экологиялық сараптама жасатқаныңыз дұрыс. Қазір салалық ғылыми-зерттеу институттары жанында осындай қызметпен айналысатын мекемелер бар. Әрі олар мұндай жағдайда қайткенде дұрыс шара қабылдау керектігі жөнінде кеңес бере алады.
ТМД-да тұрғын үй кешендері өздігінен қирап жатыр...
Қазақстан
Биылғы сәуір айында Қарағандыда үш жыл бұрын үлескерлердің қаржысына салынған «Бесоба» кешеніндегі бес қабатты үй бір сәтте қирандыға айналды.
Осы апатты жағдай бойынша құрылған мемлекеттік комиссия құрылысты жүргізу кезінде инженерлік-геологиялық мәліметтердің жеткіліксіз болғанын, жобалауға тиісті лицензиясы жоқ ұйым тартылғанын, ал үйдің іргетасын құю жұмыстары сапасыз орындалғанын анықтаған. Комиссия ұйғарымына сәйкес, қираудан келген залалдың мөлшері шамамен 545 миллион 300 мың теңгені құрайды. Қираған үйді салған мердігерлік құрылыс ұйымына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Соңы ауыр зардаптарға әкеп соққан келеңсіз құрылыс» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ үйді қабылдаған мемлекеттік комиссия мүшелері мен төрағасы да қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Алдында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты №7 үйдің іргетасынан шатырына дейін 10-нан 15 см-ге дейін жарықшақ түсіп, ғимарат сыр бергендіктен, тұрғындар бұл арадан түгелдей көшірілген. Соның арқасында адам шығынына жол берілмеді.
Ресей
Мәскеуде биыл 14 сәуірде «Грейфер» сынақ жасайтын тәжірибелік зауытының территориясында салынып жатқан жеті қабатты ғимарат бір демде қирандыға айналған. Басты себеп – құрылыс нормаларының өрескел бұзылуы. Ал жергілікті билік тіптен жабық территорияда болғандықтан, бұл нысанның тұрғызылып жатқандығынан хабарсыз екендіктерін, оларға қандай да бір рұқсат құжатын бермегенін айтқан. Төтенше оқиға орын алған бұл жерде бір адам мерт болып, тоғызы ауыр жарақат алған. Оның басым бөлігі – ТМД елдерінен келген құрылысшылар. Құлаған құрылыс «Горизонт» жылжымайтын инвестициялық жабық қорының меншігіне тиесілі екен.
Украина
Таяуда Украинаның Луцкі қаласында бес қабатты тұрғын үйдің бір қабырғасы опырылып түскен. Салдарынан сегіз пәтер қирап, екі адам көз жұмған. Кеңес дәуірінің соңғы жылдары салынғандықтан, бұл апатты үйлерге де жатпайды екен. Сондықтан мамандар бұл жайттың мәнісін бірден түсіне алмаған. Тексере келгенде, қиранды, негізінен, жатын емес, қонақ бөлмелерден бастау алған. Яғни жергілікті билік – архитектуралық мекеме бұл үй тұрғындарына пәтердің басты сызбасын өзгертіп, ішкі қабырғаларды бұзып, өзгеріс жасауға рұқсат берген. Сол себепті қазір жергілікті шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Бетті дайындаған Кәмшат Сәтиева