Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ
Күмәнді бриллиант саудасына қалай тосқауыл қоямыз?
Бағалы тастардың патшасы атанған бриллианттың кез келгеннің уысына түсе бермейтіні анық. Қымбат бағалы болғандығымен қоса, бриллианттың таптырмас капитал қалаушы қасиеті тағы бар. Бұл асыл тасқа дағдарысың да, инфляцияң да қорқыныш емес. Жыл жылжыған сайын қымбаттап барады. Әйтеуір, арзандағанын көрген көз жоқ. Десек те, еліміз бриллиант индустриясымен мақтана алмайды. Тек шеттен келген бағалы тасты өз қазанында қайнатып қана отыр. Бірақ брилианттың төркіні Қазақстан емес.
Бриллиант-бизнес
Бриллиант нарығы әрдайым табысты әрі тұрақты болып саналады. Соңғы онжылдықта 70 миллионнан астам зергерлік зат 80 миллиард АҚШ долларына сатылған. Әр бриллианттың орташа бағасы 600-бен 900 доллардың аралығында. Ресей нарығында бриллианттан жасалған бұйымдар 50-ден 80 миллион долларға дейін сатылған. Батыста бриллиант саудасымен 200-ден аса жеке саудагер мен 150 мыңнан аса зергер айналысады. Ал біздің еліміздегі бриллиант бизнесі турасында зергерлік бұйым сатушы Элеонора БЕГМАНОВА былай дейді:
– Бүгінде елімізге ағылып келіп жатқан бриллиант біткеннің бәрін таза деп айтуға болмайды. Негізі, нағыз гауһар табиғи, қашалмаған болуы тиіс. Осыған қарап каратын анықтайды. Ал зергерлік заттарға орнатылған бриллианттар қырналып, қашалады. Сондықтан да оның сапасы төмендейді. Бүгінде заңсыз бриллиант саудасы қызып тұр. Оған тосқауыл қою керектігі ешкімді ойландырмайтын секілді.
Бриллиант-білгір
Француз тілінен аударғанда «жарқырауық тас» дегенді білдіреді. Бриллиант – махаббат пен тұрақтылықтың белгісі саналады. Иесіне тың күш береді. Жеңілмеудің белгісі. Жын-шайтандардан сақтайтын, қара күштерді қуатын қасиетке ие. Білгірлердің айтуынша, ең жақсы бриллиант – Орлов аттысы. Онымен орыс патшаларының тәжін безендірген.
Елімізге бәсі жоғары бағалы тастардың басым бөлігі Үндістаннан әкелінеді. Индонезиядағы Борнеода, Бразилияда зерттелген мол қоры бар. Оңтүстік Африка, Қытай және Ресей бағалы тасты экспорттаушы ең ірі үштікке кіреді. Бағалы тастардың бәсі мен бағасын De Beers компаниясы монополиялап алған. Осы компанияның бағалы тасты өндіру мен бағасын шығаруда басты бәсекелесі жоқ. Осыдан он шақты жыл бұрын Украина табиғи алмаздарды бриллиантқа айналдырып, өңдеуде әлемдік рыноктың 5-7 пайызын иеленетін. Бүгінде бриллиант бизнесі Үндістанға ауысты. Алмазды бриллиантқа айналдыруда бұл ел 70 пайыз, Қытай 15 пайызын өңдейді. Үнді елінде дәл осы бизнесті өркендету үшін өкімет 15 миллиард доллар бөліп отыр. Смоленскіде «Кристалл» зауыты мемлекеттік дотацияда отыр. Үкімет зауытқа алмаз шикізатын береді, ал дайын өнімді алмаз қорына алады. Бұл зауыт 5 мыңнан астам зергерлік өнім шығарады. Мемлекеттік пробалық клеймосы бар. «Винница-Кристалдың» өнімдері Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне өткізіледі. Бүгінде елімізде якутиялық бриллианттардың «бағы жанып» тұр. Ірі қалаларымызда «Якут бриллианттары» атты дүкен ашып тастаған. Алтынның өзін қара бақырдан әзер ажыратып жүрген қалың бұқара бриллианттың тазасы мен «самопалын» қайдан айырсын? Қара базардағы бағалы тасқа да күмән көп. Базардан сатып алған бриллиантыңызды ломбард алмайды. Демек, бұл дегеніңіз – заңсыз бриллиант бизнесі өрістеп тұр деген сөз. Арнайы дүкендерде бағалы тастың сертификаты болғанымен, оның таза, таза еместігін айырып беретін бағалаушы-зергеріңіз жоқ. Оның үстіне бүгінде мойны мен саусақтарын гауһарға толтырудан бөлек, тістеріне де бриллиант салдыру жанып тұрған сәнге айналуда. Әрине, оған қалтасы тоқ бай-бағланның ғана қолы жетері анық. Маржандай аппақ тіске иненің жасуындай жылтыраған бриллиант салдыру бизнесінің ең арзаны Қытайда болып тұр. Алты тіске 00,2 каратты бриллиант салдыру 3000 АҚШ доллары тұрады. Ал дамыған елдерде оның бағасы тіптен шарықтап кетеді. Әншейінде кеденнен өтерде басынан тобығына дейін тексеретіндер әзірге бриллиант тіске мән беруді ойламаса керек. Егер де дәл осы бриллиант тіске салық салынар болса, қазына қоржынының толыға түсері сөзсіз. Алайда... Жуырда Камбоджадан сатып алған бриллиантты заңсыз алмақ болған костромалық әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы жөнінде еліміздегі БАҚ жарыса хабарлаған болатын. 40 жастағы костромалық әйел алты дана бағалы тасты пошта арқылы алған. Бриллиант тасымалдаушыны ол интернет арқылы тапқан екен. Өзі заң саласының маманы бола тұра, заңды белінен басқанын білмейтіндігін айтыпты. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әрине, қазынаға келтірген салық зиянын да қоса төлеген. Бізде де осылай заңсыз әрекеттерге барғандарға, бағалы тастың заңсыз айналымымен айналысқандарға жаза кесілсе, әрине, мұндайға жол беруден бас тартатын еді. Оның ішінде әлгі бриллиант тіс салдырғыштарға да.
Дағдарыс жағадан алған жылдары «Қазкоммерцбанк» гауһармен безендірілген несие карточкасын айналымға салып, айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Diamond деп аталатын карточканың дәл ортасында 0,02 каратты гауһар тас орнатылған. Бұл туралы шетел басылымдары жарыса жазды. The Finansial Times басылымы бұл карточкадағы кредитті сома 20 000 – 50 000 АҚШ доллары арасында болатынын айтқан-тын. Тағы бір шетелдік басылым Newspostonline «Банк жақұты бар тек 1000 карточка шығарады. Оның ішінде 50 мың АҚШ долларына тең несие лимиті болады» деп жар салған болатын. Арада аз уақыт өтпей-ақ Ресейдің беткеұстар банктерінің бірі бриллиантты Visa-карта шығарды. Мұндай картаны ең алғашқы болып Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, үшінші болып Қазақстан, одан кейін Ресей шығарған болатын. Мұндай картаны кеден тексерулерінен өткізу қиын екенін карточка иелерінің бірі айтқан еді. Банк саласы қызметкерлері, расында, заң талаптарында бриллиантты-пластикалы картаға арналған тармақ жоқ екенін мойындады. Бұл карта өз пайдалануына арналған бағалы тастар сияқты шекарада декларациялауға жатпайды екен. Әрине, мұндай картаны тек бай-бағландар ғана ұстайтыны анық.
Күмістің қадірін ұғынатын кез жетті
Бүгінде алтынмен апталғаннан шаршап, күміспен күптелуге ниет еткендер жетерлік. Базар күміс сататын саудагерлерге лықа толды. Кезінде күмісті көзге ілмейтіндер бүгінде құлаққа сырғасын, қолына сақинасын салып сықырлатып жүр. Жанып тұрған сәнге айналды десе де болады. Қытай мен Қазақстанның арасын жол қылып, зергерлік бұйым таситындардың қатары да көбейіп келеді. Әрине, мұның бәрі де аларманның сұранысының арқасында. Сөйтіп, сұранысына сай қазір 925 сынамалы күміс бұйымдардың дәурені жүріп-ақ тұр.
Бұрын заңсыз алтын бұйымдарын алып өтпек болыпты дегенді жиі естуші едік. Енді күміспен де қақпанға түсіп жатқандар аз емес. Жуырда Алматы қаласында 16 келі күміс бұйымдарды кеденнен заңсыз алып өтпек болғандардың жолы кесілген болатын. Яғни бүгінде күміс бұйымдарға деген сұраныс орасан. Ал біз сол сұранысты толық қамти алып отырмыз ба? Елімізде асыл металдар бизнесі қалай өрбіген? Міне, бүгінгі бизнес әліппесінде осыны сөз етуді жөн көріп отырмыз.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Күміс өндірісін өркендете алдық па?
Күміс алтынға қарағанда, әрине, арзан тұрады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде күміс те алтынмен құйысқан қағыстырып, қатар шабуға жарап қалғандай. Бағасы жыл сайын көтеріліп келеді. Ұлттық банктің тізгінін ұстап отырған Марченко мырза осыдан біраз уақыт бұрын «артық ақшаны алтын және күміс инвестициялық монеталарға салған дұрыс» деп ой тастаған болатын. Инвестициялық монеталардан НДС алынбайды, бұл жағынан алғанда алтын шақаларға қарағанда ұтымды. Оның ұтымдылығын ұққан біраз жұрт соңғы жылдары шығарылып жатқан шақаларды банкке түскен бетте-ақ аяғын жерге тигізбей қағып кететінінен-ақ байқауға болады. Жыл сайын бірнеше мың монета шығарылса да, алармандар саны артып, жетпей қалып жүрген жайы бар. Лондондағы биржада күмістің бағасы өткен жылы унциясы 35,12 АҚШ доллары болса, ал арада аз уақыт өтпей үш айдың ішінде 36,1-ге көтерілді. Вашингтонда күміс институты бар. Аталмыш институттың бірнеше кәсіпорны бар. Олар күміс өндірісімен айналысатын зауыттармен, сатушылармен, компаниялармен жұмыс істейді. Сарапшылардың мәлімдеуінше, өткен жылы күміс өндірісі әлемдік рекордты жаңартты. Оған деген сұраныс бұрын-соңды мұндай биікке көтерілмеген. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, сұраныс 73 пайызға артып, 10 млрд долларға сауда жасалынған. Күміс монеталар мен медальдарға 3677 тоннаға дейін сұраныс түскен. Күміс индустриясын өркендетіп отырған елдердің арасында Мексика, Қытай, Ресей алдыңғы орында тұр. Күміс қоры Польшада 66 мың тонна деп есептелінген. АҚШ-та 56 мың, Канадада – 41 мың, Австралияда – 38 мың, ал Қазақстанда 29 мың тонна бар деп есептелінген. Бізде оның 30 пайызы ғана таза күміс өндірісіне жатады. Қалғандары мыс және мырыш рудаларының үлесінде. Әзірге әлемдегі ең ірі аффинажды, яғни аса таза өнім шығаратын зауыт Мексикада орналасқан. Мұнда жылына 1500 тонна таза күміс өндіріледі. Әлемдік аужайды бақылап отырған Ресей күміс өндірісін күрт көбейтті. Магадан облысындағы өндіріс орнында барлау жасатып, қазір онда 3-14 мың тоннаға дейін күміс бар екенін зерттеп білген. «Полиметалл» компаниясы жылына 120 тонна күміс өндіріп отыр. Бұл өндіріс орны әлемдегі төрттікке кіреді. Күмісті экспорттаудан Мексика, Перу, Австралия, АҚШ-тан кейін Қытай бесінші орынға шығып отыр. 90-жылдарға дейін Қытай күмісті «менсінбей» келсе, тек 2000 жылы ғана көңіл аудара бастады. Бүгінде бұл елде күміс экспортымен 26 компания айналысады. Жыл сайын бұл елде күміске арналған конференция өткізіліп тұрады. Онда арнайы күміс базары бар. Ол ашылғаннан кейін электронды өндірістен, химиялық реактив жасау өндірісінен сұраныс артқан. Жарыққа сезімтал фотоөндірісінен және зергерлік саласынан да сұраныс артқан. Сарапшылар алдағы уақытта күмістің бағасы арзандамайтынын, экспортқа шығару ұлғайтылатынын айтып отыр. Демек, біз үшін де бұл салада өзіндік бизнес өркендету заман қажеттілігі болып тұр.
Күміс бар, мәселе де жоқ емес
Елімізде күміс кеніштері Бақыршық, Бозшакөл, Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы кен орындарында бар. Өткен жылы 530 тонна күміс өндірілген. Елімізде таза күміс өндірісімен айналысатын зауыт жоқ. Дегенмен күмісті «Қазақмыс» корпорациясы мен «Қазмырыш» компаниясы ілеспе металл ретінде өндіріп келеді.
Аталмыш кәсіпорын күміс құймаларын Еуропа елдері мен Оңтүстік Кореяға экспорттауда. Жер қойнауын зерттеушілер елімізде күміс қоры мол 100-ден астам кенішті анықтаған-тын. Түсті металл өндіруден еліміз Орта Азияда алдыңғы орында. Көпшіліктің сұранысына ие түсті металл нарығының әлі де көлеңкелі тұстары баршылық. Еліміздің ен байлығының қатарынан орын алатын күміс қоры жетерлік. Тек оны шикізат күйінше шетел асырмай, өзіміз өңдеп, өзіміз зергерлік бұйымға айналдырып, өзіміз сатсақ, ұтарымыз мол болар еді. Әлі де сол әттеген-ай деп тіл тістейтін тұстарымыз жетерлік.
Нұрсұлтан ЖҰБАНИЯЗОВ, қолөнер шебері:
– Бүгінде, расында, күміс бұйымдарға деген қызығушылық артып отырғаны белгілі. Бұрын күміс қасықтарды қарайып кетеді деп тастай салушы еді, бүгінде сандықтың түбінде сарғайып жатқан сол дүниелер дастарқан төрінен орын ала бастады. Бүгінде шетелге шикізат болып кеткен күмістеріміз өзімізге зергерлік бұйым ретінде қымбат бағасына қайтып келіп жатыр. Дизайн факультетінің жанынан арнайы зергерлікті оқытатын бөлімдер ашса деймін. Сонда өнім де өзімізден, маман да өзімізден болар еді. Бастысы – отандық өнім өзіміздікі әрі бағасы да арзан болар еді.
Бриллиант-билборд
Түсі: түссіз, сұр, көгілдір, алқызыл, сары, қоңыры да, қарасы да бар.
Қаттылығы: сынғыш, Моос шкаласы бойынша 10-ға тең.
Өңделуі: алмаздардың 20 пайызының зергерлік сапасы бар, одан бриллиант жасауға болады.
Күтімі: қатты болғанымен, абайсыз соққылардан, ауа қысымының тез өзгеруінен, оттан сақтау керек.
Қасиеті: ғажайып бағалы тас қана емес, емдік қасиеті де бар. Жастық кезеңді ұзартып, рухани күш береді. Есте сақтау қабілетін жақсартады. Жанның әрдайым тыныш болуына септігі мол. Бағалы тастың тез әсер етуі үшін аты жоқ саусаққа не болмаса мойынға тағу керек.
Күміс-ем
Аталмыш түсті металдың емдік қасиеті медицинада дәлелденген. Күнделікті тұтынатын суымыздың құрамында күміс барын біреу білсе, біреу білмейді. Адам иммунитетін зерттеген ғалымдар таңғажайып сырға тап болып отыр. Ағзаның тұмау және жұқпалы аурулардың алдында әлсіздік танытуының себебін иммундық жүйедегі күмістің кеміп кетуінен көріп отыр. Белгілі дәрігер Роберт Бекер күміс иондарының қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдардың жасушаларын қайта тірілтіп, көбеюіне көмектесетінін егжей-тегжейлі жазған-ды... Дәрігерлердің балаға тамақты күміс қасықпен беріңіз деуінің астарында үлкен сыр бар. Одан бөлек, күнделікті тұтынатын суыңызға таза күміс сақина не болмаса күміс бұйымдарды салып қойып бір сағаттан кейін ішудің де көп көмегі бар.
Күміс-жәдігер
Ата-бабаларымыздың күнделікті тұтынатын заттарын күмістен жасатқаны белгілі. Әсіресе ер-тұрманды күмістен құйғызған. Ас ішетін ыдысты да, қасықты да күмістен жасатқан. Асханалық күміс ыдыстар отбасылық жәдігер ретінде бабадан балаға беріліп отырған. Үй иесінің дәулетін байқатқан.
Бетті дайындаған Гүлжан Көшерова