Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Болашақта ақшасыз өмір сүреміз
Инфляцияға ұшырамайтын, құнын жоғалтпайтын ақшаны ойлап табу – әр заманның ғалымы мен алыбын толғандырған өзекті мәселе. Бірақ бүгінге дейін бұл ізденіс нәтижесіз күйінде қалуда. Есесіне уақыт өте келе тауарды сатып алушы осы құрал түрі өзгеріп, әр кезеңде өзіндік мән-мағынаға ие болып отырған. Техника мен технология қарыштаған ХХІ ғасырда ол электрондық сипатқа ие болды. Бастапқыда бізде жалақыны банктік картаға аудару бойынша көлемді жұмыс жүргізілсе, енді сол бір жапырақ пластикті барлық қызмет түрінде пайдалануға басымдық беріліп жатыр. Осы жағынан алғанда, қағаз ақша келмеске кетудің алдында тұр деп айтсақ та болады. Алайда Қазақстанның қаржы жүйесі мұндай құбылысқа ілесуге дайын болғанымен, қоғамдық сана жаңашылдықты қабылдауға тоң-теріс қарайтын секілді. Дегенмен әлемдік процесс біздің асықпайтындығымызбен санасайын деп тұрған жоқ. Таяуда Мәскеуде өткен «Болашақтың ақшасы» атты конференцияда басқаруында 300-дей компаниясы бар, танымал бизнес-періште Ричард Бренсон «несие карталарыңызды мұражайға өткізе берсеңіздер болады» деп мәлімдеді...
«Бизнес әліппесі» бетінің бүгінгі талқы­ланар тақырыбы, өздеріңіз де байқағандай, ақша жайында болмақ: оның идеология­лық құндылығы мен технологиялық сипа­ты хақында. Жалпы, ақша тарихы төрт кезең­нен тұрады: тауар түріндегі (тұз, тері, мал, металл), қамсыздандырылған күйдегі (ақша иесі оны кез келген уақытта айырбас курсы бойынша тауарға алмастыра ала­ды), фиатты (ақша тауарға алмастырыл­май­ды, бірақ белгілі бір аумақта құнды қағаз түрінде пайдаланылады) және несиелік. Бір сөзбен айтқанда, өз тари­хын­да ақша да мағынасына қарай қоғамдық сананы өзгертіп отырған. Мәселен, қазір тиын-тебен жинау деген сәннен қалды, тек несие бойынша тарихыңызға кір шалдыр­масаңыз болғаны, қалаған кез келген тауарды немесе қызмет түрін қажет кезде жылдам пайдалана аласыз. Бұл құбылыс таяу арада өзгеріске ұшырамаса, футуро­логтердің пайымдауынша, жер шарындағы адамдар бүтіндей банктерге қарыз бола­ды, ал олар өз кезегінде әрдайым белгілі бір лимитпен ақша жеткізушінің рөлін атқара береді. Демек, бүкіл әлем елі қа­рыз­ға жұмыс істеп, банкирлердің қалтасын қампайтады. Бұл – өз алдына талқыланар бір бөлек мәселе. Әңгіме ауанын бүгін бізде болып жатқан іс-қимылдарға аудар­сақ...
Қағаз ақшаға жол жоқ!
Иә, бұл арада елімізде ақша қолданы­сын шектеуге қатысты өзгерістер жоғарыда аталған әлемдік үрдістен қалыс қалмауға қатысты әрекеттер екенін баса айта кетелік. Мәселен, елімізде биылғы жылдың 1 қаңтарында қолма-қол валюта тұтынысын шектейтін заң қолданысқа енгізілді. Бұл заң бойынша мұқым сауда бөлімшелерінде төлем карталарымен есеп айырысатын пост-терминалдар орнатылуы тиіс. Демек, сауда жасаушы сатушы қолына бұрынғы­дай қағаз банкнотты емес, тек пластикті ұстатуы бізде қалыпты құбылысқа айналуы керек. Мұндай құрал-жабдықпен қамтыл­маған жеке кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі 20-дан 80 айлық есептік көрсеткіш (34 620-дан 138 450 теңгеге дейін), заңды тұлғалар үшін 30-дан 120 есептік айлық көрсеткіш көлемін (51 930-дан 207 720 теңге) құрайды. Бастапқыда аталған өзгеріске кәсіпкерлер қауымы үдере түрегелді, тұтынушылар да дайын еместіктерін білдірді. Алматыдағы Саяси шешімдер институтының өткен жылдың соңында еліміздің 16 қаласы бойынша жүр­гізген сауалнамасының қорытынды­сына сүйенсек, банк картасының 60 па­йыз­ға жуық иесі одан жалақыны алу үшін ғана пайдаланатын болып шыққан. Ал сауда жасайтындары, басқа да қызмет түріне пайдаланылатындары – небәрі 2,7 пайыз. Түйіндей айтқанда, біздегі жұрт­шылық есептегі санға емес, қолдағы ақша­ға сенімді қарайды. Осы жағынан алғанда, тұтынушыларға да картамен есеп айырысу ұнамайды, сондықтан саудалаушымен қатар, сатып алушы тарап та бұл шараға наразы. Бірақ жау кеткен соң қылышты ауа­ға сермегеннен не пайда? Заң қабылда­нып, қолданысқа енгізіліп те жіберілді. Кәсіпкерлердің бүйіріне батқан бұл бірінші томпақ нәрсе емес. Таяу уақытта Қаржы полициясы Экономикалық қылмыс және сыбайластықпен күрес агенттігі жеке және заңды тұлғалардың шоттан бұзып алатын ақша көлемін де шектемекші: жеке тұлға­лар үшін бір айда шоттан алуға болатын қағаз банкнот көлемі – 3 мың айлық есеп­тік көрсеткіш (шамамен 5 миллион теңге), ал заңды тұлғалар үшін 10 мың айлық есептік көрсеткіш шамасында болмақ. Бұл арадағы басты мақсат – қолда теңге жүр­меуі керек, ол электронды есепте кіріс-шығыс түрінде көз алдымызда тұруы тиіс. Сонда көлеңкелі экономика деңгейін қысқартып, кәсіпкерліктегі заңсыздық­тар­ды ауыздықтаймыз. Сондай-ақ осы негізде өткен жылы айырбастап алатын ақша кө­ле­міне де ноқта салынған-тұғын. Бұл шек­теу де әу баста, қоғамның дегбірін қашы­рып еді...
Келесі кезек – екінші деңгейдегі банк­тер­де. Нақтырақ айтқанда, Ұлттық банк еліміздің коммерциялық банктердің бан­коматтарын сатып алып, республика бо­йын­ша бірыңғай әмбебап терминалдар орнатуды көздейді. Мұндай жағдайда бан­комат арқылы жүргізілген әр операция­сы үшін ақы алатын банктер белгілі бір деңгейде табыс әкелетін көзден айырыл­мақшы. Сондықтан екінші деңгейдегі банк­тер үшін бұл жағымды өзгеріс бола қоймайды. Ал тұтынушылар үшін, еліміздің бас банкирінің айтуынша, бұл өте қолайлы әрі тиімді жаңашылдық болады. Өйткені банкоматтардың бірыңғай желісінің көме­гімен клиент картасына қызмет көрсетуде алынатын пайыз мөлшері екі есеге қысқа­ра­ды-мыс. Алайда мамандардың пікірін­ше, бұл арада қызметтің сапасы маңызды. Республикамыз бойынша бірыңғай банко­маттар желісін құру көп инвестицияны талап етеді. Ал бізде кез келген жобаға қаржы бөлінеді, алайда оның орындалу жағы ешқашан көңіл көншіткен емес. Сапа болмаса, халық әбігерге түсері хақ. Бұл мәселені анықтау да – таяу уақыттың еншісінде. Міне, біз мына жақта осылай дүбара-дүрдараз болып шуласып, ұлы көштен қалмаудың қамына кірісіп, төлем картасын пайдалану аясын кеңейтуге тыраштанып тырысып жатқанда, мұхиттың арғы жағындағы елдер қағаз ақша түгіл, банкоматпен де, банк картасымен де қоштасуға дайын көрінеді...
Техникалық прогресс
Өкінішке қарай, валютаның өзіне қа­тыс­ты радикалдық өзгерістер орын алма­ғанымен, әлемде тауарды сатып алу тәсіл­дері шапшаң жылдамдықпен эволюцияға ұшырап жатыр. Мәселен, 30 жыл бұрын бос қалтаңмен дүкенге кіріп, сауда жасап шығуды көз алдымызға елестету қиын еді. Бірақ банк картасы көмегімен бұл ойды нақты өмірде бүгіндері іске асырып жүрміз. Көбіміз емес, тек қалада тұратындарымыз. Ал шетелде, мысалы АҚШ-та, қолма-қол ақшамен, тіпті біздің «барахолка» секілді жабайы базарда сауда жасай алмайсыз. Өйткені жергілікті заң банкнотпен тек 50 доллардың ғана тауарын сатып алуға мүмкіндік береді, ары қарайғы көлемдегі сауда-саттық банк картасымен жүреді. Осы жағынан алғанда, қағаз ақшамен дамыған елдер әлдеқашан қош айтысқан. Тіпті қа­зіргі ХХІ ғасырда банк картасының өзі қол­даныстан шығу алдында тұр. Контактісіз төлем жүйесі – PayPass арқылы енді чиптер тек картаға емес, адамға қолайлы заттарға да орнатыла беретін болыпты. Мәселен, флешкаға, қолсағатқа, киімге немесе ұялы телефонға. Мамандар соңғысын тиімді деп тапқан екен. 2000 жылдардың соңына қарай банк шотына тікелей шыға алатын NFC чиптері телефонға жапсырыла баста­ды. Демек, таяу болашақта дүкенге бас сұқсаңыз, банктік картаның да қажеті болмайды. Телефон сыртына орнатылған чип бұл функцияны мықтап атқарып береді. Нақтырақ айтқанда, бүгіндері өзге елдегі жұрт смартфонды ақша аударымы, қандай да бір тауарды меншіктеу немесе басқа да қаржы операцияларын жүзеге асыру үшін тиімді пайдаланып жүр. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің 2012 жылы жариялаған баяндамасында ұялы телефонның 21 пайыз иесі ұялы банктік қыз­метті қолданған делінеді. Ең көп пай­да­ланылған қызмет – шоттағы балансты тексеру және соңғы трансакция тарихымен танысу (ұялы телефон ұстаушылардың 90 %-ы). Бұл қызмет түрі қазір бізде де ұсы­нылып жүр. Одан кейінгісі – әртүрлі банк шоттары арасындағы ақша аударымы (42 %).
Ұялы телефон дамушы елдердің де қар­жы жүйесінде үлкен рөл атқарады. Мысалы, Кенияда М-Pesa түріндегі SMS-ақша аударымы жүйесі жұмыс істейді. Ол жүйені пайдаланушылар бір-біріне жы­лына елдің жалпы ішкі көлемінің 20 пайы­зына тең келетін қаржыны аударады екен. Міне, осы негіздегі түрлі сынақ Verison, AT&T, T-Mobile, Visa, American Express, Discover және MasterCard компанияларын біріктіретін консорциумды биыл NFC технологиясына негізделген ISIS төлем жүйесін айналымға енгізуге итермеледі. Сынамалы кезеңде бұл жүйе АҚШ-тың жекелеген қалаларында жұмыс істемекші. Сондай-ақ жуырда Pay Pal және Visa на­рық­қа «ұялы әмиянмен» шығатындықта­рын жариялаған. Көптеген сарапшы «осыған ұқсас қызмет түрін құратындығы жайлы таяу уақытта Apple де мәлімдеуі тиіс», – дейді. Міне, техника мен техно­ло­гия саласындағы осындай жаңашылдық мамандарды «2020 жылы жер шарындағы адамдардың басым бөлігі төлем құралы ретінде ұялы байланыс затын пайдала­натын болады, қағаз ақша мен несие картасының қажеттілігі жойылады» деген болжам жасауға итермелеп отыр.
Тағы бір техникалық ізденіс – интернет. Бұл арада да банктік картаның керегі бол­майды. Электронды шоттағы электронды ақшаңыз бұл қызметті жақсы атқарып келеді. Бұл арада электрондық ақшаның орны бір бөлек. Мысалы, Pay Pal төлем жүйесін 100 миллион интернетті пайда­лану­шы қолданады екен. Ал біздікілер әзірге өзге елдің электронды ва­лю­тасына малданып жүр, онда да рубль мен доллар негізіндегісіне. Мәселен, web-mоnеy ре­сей­лік желісі арқылы төлем құралы ретінде электронды ақшаны қолданушылар ішін­де­гі қазақстандықтардың саны, ресми емес мәліметтер бойынша, 200 мыңды құ­рай­ды екен. Ал он­да ресми түрде элект­рон­ды әмиян ашқан бі­з­дің азаматтардың қатары 30 мыңға жуық­тайды. Электронды теңге де биыл дүниеге келген, алайда оны тұтынушылар саны шектеулі. Өйткені элек­т­ронды теңге болғанымен, оны пайдалану аясы тар, яғни интернеттегі отандық дүкен және қызмет түрлері төлемі бұл жүйеге әлі негізделіп үлгермеген. Ал шетелдік желі, сыртқы нарық біздің ұлттық валютаны қажет етпейді. Қалай дегенмен де елімізде электрондық ақшаны пайдаланудың жол­да­ры қарастырылып, арнайы заң да қа­был­­данды. Әрине, бұл сала әлі де жетіл­діруді қажет етеді. Бастысы – елімізде ға­лам­дық үрдістен қалыс қалмаудың құқықтық негіздері қаланып, Үкіметтік деңгейде іс-қимылдар жасалып жатыр.

Керек дерек
Өткен ғасырда ағылшынның фантаст-жазушысы Артур Кларк 2016 жылы әлемдік бірыңғай валюта киловат-сағат болады деп болжап кеткен екен. Америкалық өнертапқыш Сид Мейер болса, бұл идеяны экономикасы энергияны өндіруге негізделген Alpha Centauri компьютерлік ойынында жүзеге асырған.
Тағы бір ағылшын фантасы – Нингейки Дуглас Адамс өзінің туындысында доңғалақ тастар «желісі» бойынша Яп аралының (Микронезия) ақшасы – «жұмақты» ойлап тапқан. Оның салмағы төрт тоннаға дейін тартады, есеп-айырысуда сирек қолданылады (тойда, қалыңмал түрінде және саяси альянстар үшін).
Биыл дүниеден озған Венесуэла президенті Уго Чавес 2009 жылы наурызда ірі мұнай қоры бар елдерге «петро» деген валютаны пайдалануды ұсынған, яғни бұл ақшаға мұнайды ғана сатып ала аласыз.

Кәмшат САТИЕВА


Қазақстандағы электрондық коммерцияның келешегі жарқын ба?
Chocolife.me сараптамалық орталығының жүргізген сараптамасына сүйенсек, 2011 жылдағы Қазақстанның электрондық коммерция нарығының табысы 133 млн долларды құраған.

Оның басым бөлігін AirAstana бастаған әуе және теміржол билеттері сатылымы құрапты. Бұл жағдайда сату­шылардың 78,36 пайызы төлем құралы ретінде банк картасын пайдаланған екен. Интернеттегі сауда табысы бойын­ша алдыңғы орынға мынандай интер­нет-дүкендер шыққан: Disti – 5,7 млн $, Sulpak – 3,7 млн $, Alser – 3,6 млн $. Алайда мұны керемет көрсеткіш деп малдануға болмайды. Мәселен, түрлі болжамдар бойынша, 2015 жылы АҚШ-тың әрбір тұрғынына шаққанда ол елдің азаматы жылына 1125 доллардың онлайн-саудасын жасайтын болады. Қазақстанда бұл цифр әзірге 19 доллар көлемін құрайды, ал Ресейде шамамен – 90 доллар. Демек, электрондық ком­мерция бізде қатты күш алып жатыр деп айта алмаймыз. Мұндай көңілге қоным­сыз құбылыс қай уақытқа дейін сақталуы мүмкін. Болжамдарды саралап көрелік.
Константин ГОРОЖАНКИН, Processing.kz. компаниясының басшысы:
– 2015 жылы Қазақстандағы элект­рондық коммерция нарығының көлемі тоғыз есеге өседі. Егер қазір ол еліміздегі жалпы нарық көлемінің 0,45 пайызын құрап отырса, 2013 жылы е-коммерция үлесіне 1,8 пайыз тиесілі болады, ал 2014 жылы – 2,7 пайыз, 2015 жылы 4 пайызды игереді. Бұл кезеңде аталған нарық­тың көлемі 3,6 млрд долларды қам­ти­ды.

Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, көлік және коммуникация министрі:
– 2014 жылы бұл нарық көлемі 1,2 млрд долларға артады, интер­нет­тегі жарнама да екі есеге өседі. Былтырғы көрсеткіш бойынша елі­міздегі электрондық коммерцияның айналымы шамамен 300 млн дол­лар­ды құраған, ал интернет-жарна­ма көлемі – 6 млн доллар. Демек, екі-үш жыл ішінде төрт есеге өсім болуы тиіс (Digital Communications Kazakhstan 2012 халықаралық кон­ференциясында айтқан болжамы).

Жалпы, мамандар таяу жылдары онлайн қызметті тұтынушы еліміздің әрбір тұрғыны жылына 60-70 доллар көлемінде шығындалатындай деңгейді еңсеруіміз керектігін айтып, алға мақсат қойып отыр. Ал бұл дегеніңіз – шамамен 11 млрд доллар. Осы жағынан алғанда, бізде электрондық коммерцияны жандандыруға бағытталған құқықтық, базалық жұмыстар жеделдетіліп, бұл салада көп өзгерістер орын алады деп күтуге болады.


Елімізде Бірыңғай банкоматтар желісін құру керек пе?

Биліктегі не дейді?


Григорий Марченко, ҚР Ұлттық банктің төрағасы:
– Ұлттық банк еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің банкоматтарын сатып алып, республикамыз бойынша Бірыңғай процесингтік орталық құрмақшы. Мұндай жағдайда ортақ терминалдан ақша алу комиссия пайызы екі есеге қысқарып, тариф те біріздендіріледі, бұрынғыдай әр банктің банкоматын іздеп, әуре-сарсаңға түспейсіз. Банк картасының қолданыс деңгейі төмен болғанда, бұрынғы тәсіл ыңғайлы еді. Ал қазір Қазақстан бойынша банк картасын ұстаушылар саны 11,2 миллионға жетті. Еуропада ірі операторлар ұялы байланыс арқылы инфрақұрылымды біріктіруді ұсынады. Өйткені шығынды жекелей көтеру қиындап барады. Сондықтан біз осындай негізде ұсыныс жасап жатырмыз. 15 жыл барысындағы бұл мәселемен біздің үшінші рет ұмтылыс жасауы­мыз.  Шағын және орташа банктер Бірыңғай процессингтік орталықты құру идеясын қолдайды. Әрине, банкомат желісі кеңінен тараған ірі банктер қарсы болады. Бірақ бұл арада мына нәрсені түсініп алуымыз қажет: бізге керегі ірі банктің мүддесі ме, әлде халықтың қалауы ма. Сон­дықтан алған бағытымыздан оңайшылықпен танбайтындығымыз­ды ескертеміз.

Білікті не дейді?


Нина Жүсіпова, «Қазкоммерцбанк» АҚ басқармасының төрайымы:
– Біз елімізде Бірыңғай банкоматтар желісін құруға қарсымыз. Бұл қаржы нарығы үшін аса маңызды деп ойламаймын. Сондай-ақ біздің банк ұсынып отырған инновация басқалардан өзгеше. Бірыңғай процессингтік орталық пен бірыңғай банкоматтарды орнатуда бірыңғай инкассация жүйесі, қайта есептеу кассасы, колл-орталықтар құру керек болады. Біздіңше бұл нарықтық жолмен шешілетін мәселе емес. Мысалы, Өзбекстанда осындай процессингтік орталық моделі енгізілген, салдарынан оларда бәсекелестікке орын жоқ. Егер бізде POS-терминал 50 мың теңге тұрса, Өзбекстанда бәсекелестің болмауынан оның құны 2 мың долларға шарықтап кеткен. Бүгінгі таңда мұндай мәселемен қазақстандық кәсіпкерлер де бетпе-бет келіп отыр. Өздеріңізге белгілі, жылдың басынан бастап кәсіпкерлер қауымы сауда нүктелерінде терминалдар орнатуы тиіс болатын. Кәсіпкерлердің басым бөлігі мұндай шығынды көтере алмауда, сондықтан әкімшілік жазаға тартылу қаупі бар. Бұл ретте Қазкоммерцбанк бұл мәселенің балама шешімін ұсынады. Жаңа өнім 10 есеге арзанға түседі, мәселен, қазіргі оның бағасы – 30 доллар. Ол арқылы кәсіпкер республикамыздың кез келген жерінен төлемді қабылдай алады. Тек ұялы телефоны болса болғаны.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста