Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ
Жеріміздің асты-үсті толы байлық, ал оны ұқсатудың көзін қашан табамыз?
Өткенде елімізге келген Жапонияның Хоккайдо ұлттық университетінің профессоры Кимитака Мацузато Алматының жаңадан салынған жолдарын көріп: «... мынау салынған жолдарыңыз тұнып тұрған байлық қой. Өнімді өңдеусіз табанның астына салыпсыздар. Ал оны аяқпен басудың өзі обал ғой» деп, жолдарымызда жүруге жүрексініп, оны алақанымен сипап әлек болыпты...
Осылайша, жапондық ғалымдар қазақ жерінің асты да, үсті де толған байлық екеніне таңырқап, таңданысып кетті. Ал біз байлығымыз мол деп тағы да бір масаттанып, кеуде керіп кең тыныстап қала бердік.
Осы жерде ойымызға келгені «ХХІ ғасырға аяқ бассақ та неліктен әлі байлықты ұқсата алмай келеміз» деген ой болды. Мысалы, біздің қарапайым ғана жол салу барысында пайдаланатын өнімдерді ең соңына дейін өңдей алмайтынымызға; қала сыртында тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстың өзін ұқсатпайтынымызға; табиғаттың өзі беріп тұрған жерасты байлығы мол бола тұра оның қорын дұрыс жасақтай алмай отырғанымызға жапондар ғана емес, біраз қауымның таңырқайтыны рас. Бұл ретте айта кетуге тиісті жайт, ешқандай шикізаты жоқ сол жапондар әлемдік нарықта электронды құралдарымен-ақ танылып отыр. Германия технологиясымен тегеурінді. Швейцария қарапайым ғана сағатымен-ақ сыртқы нарықта кең көсілуде. Қытай жеңіл өнеркәсібімен әлемді жаулап алды. Ал Қазақстан ше?
Міне, біз бүгін «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, осы мәселелерді тарқатып көруді жөн көрдік.
Ресурсқа баймыз, ұқсата алмай далмыз
Жалпы, болжам бойынша 2020 жылы әлемдік тұрғыда энергияның барлық түріне деген сұраныс ұлғайып, оны қолдану екі есеге артады. Сол кездерде энергия өндіруде атом энергиясының үлесі бүгінгі күнгі 14-17 пайыздан 35 пайызға дейін өседі деп пайымдалып отыр. Қазақстанда мұнай да, уран да, көмір де жеткілікті. Біздің еліміз атом энергиясының ресурстарына бай мемлекеттердің қатарына енеді. Егер осы еліміздегі бар кен көздерін толық энергия өндіру мақсатына қолданған жағдайда, атом энергиясының үлесі 50 пайызға жуықтайды. Бүгінгі таңда біз осы атом ресурстарын тек отын ретінде, шикізат есебінде ғана кәдеге асырып келеміз. Бұған байланысты халықаралық сарапшылар «болашақта көмір тек энергия есебінде ғана қолданылып, мұнай шикі күйінде экспорттала беретін болса, аталмыш ресурстардың қоры азаяды» деседі. Сарапшылардың болжамынша, бүгінде әлемдік тұрғыда көмірдің қоры – 400 жылға, ал мұнай қоры 100 жылға жетеді. Бүгінде осыны ескерген бірқатар ел мұнайын, уранын, көмірін үнемдеу мақсатында мұнайдан, ураннан синтетикалық бұйымдар, тұрмысқа қажетті әртүрлі заттар, пластикалық дүниелер жасауда. Байыптасақ, қазір біздің үстімізге киіп жүрген киім-кешегіміздің, тұрмыста қолданып жүрген қажетті заттарымыздың құрамында мұнай, көмір тағы да басқа кендерді құрайтын химиялық элементтер бар. Бұл дегеніңіз – біз шетелге кен қорларын шикізат ретінде сатамыз да, олардың оны өңдеп, бізге дайын бұйым түрінде қайтаруының айқын дәлелі. Міне, бізді алаңдататын да дүние осы болуы тиіс. Қазір қазақ қоғамында «мұнайды шикі күйінше шетелге экспорттай берген жөн бе, болмаса оны шектеп, мұнай қорын сақтап қалған дұрыс па?» деген пікірталас бар. Ойлап қарасақ, біз мұнайдан тек жанар-жағармай алуды ғана мақсат тұтып отырмыз. Ал, негізінде, мұнай, уран, көмір – химиялық өндірістің қуатын арттыратын элементтер. «Осыны ескерсек, біз алдымен елдегі мұнай-газ қорын, уран кенін, сондай-ақ көмір кеніштерінің ісін алға бастырып, технологиялық базамызды кеңейтіп, біліктілігімізді арттырғанымыз жөн» дейді ғалымдар. Бір мұнай қорына қатысты емес, кез келген салада ғылыми тұрғыда даму бізде әлі жеткіліксіз. Қазақстанның жер көлемін картадан көрген әлем халқы қазірде жеріміздің ұлан-ғайырлығына тамсанады. Біз әлем көзін шикізатымызбен қызықтырудамыз. Ендеше сол байлығымызды ұқсатудың көзі ғылымда екенін біз түсініп жүрміз бе? Бұл тұрғыда ғылым әлемдік жаңашылдықтарды бойына сіңіре алып жатыр ма?
Қазақтың суының өзі тұнып тұрған байлық
Абзалында, «жер байлығын ұқсату тұрғысында мамандардың дені әрбір талды қадірлеп, қастерлесек соның өзінен ұтымды дүние шығаруға болады. Тіпті қазақтың қара суының өзі тұнып тұрған байлық» деседі. Бұл ретте еліміздің Гидрогеология және геоэкология институтының мамандары тарапынан жүргізіліп отырған арнайы зерттеулер де бар. Мысалы, ғылыми зерттеулерге жүгінсек, елде Іле Алатауының маңынан, Шымкент қаласынан жер астынан ыстық сулардың шығу көрінісі бар. Олардың жоғары қысымы 80-100, 40-45 градусты көрсетіп отыр. Павлодар облысында жердің астында 20-25 градустық жоғары қысымда ыстық сулардың бары белгілі болып отыр. Маңғыстаудың маңында ыстық сулар бар. Бірақ әзірге бұл ыстық сулардың қасиеті, құрылымы толық зерттеліп болған жоқ. «Осы жерде бір айта кетерлігі, біздің еліміздегі жерасты суларында сирек кездесетін металдар, химиялық элементтер көп. Еліміздегі жердің астынан шығатын минералды сулардың құрамы тіптен ерекше. Қазір біз тек «Сарыағаш» минералды суын ғана пайдаланып жүрміз. Ал елде қаншама минералды сулардың қасиеті зерттелмей жатыр» дейді мамандар.
Жандос АЙТБЕКОВ, гидролог-маман:
– Бізде Батыс Қазақстан облысы бойынша жерасты суларының ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. Мұндай сирек кездесетін металдарды әлемдік тұрғыда «судан алынатын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта судан алынатын сирек кездесетін металдардың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат. Болашақта біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға күш салуымыз керек. Қазір Қытай елі сирек кездесетін металдар алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Осындайда өзіміздің бейқам қалыпта отырғанымызға қарап еріксіз қынжыласың.
Иә, осыдан соң амалсыз «Аспан асты елінің ұқсатпайтыны жоқ» деп, іргеміздегі Қытай еліне қызыға қарайсың. Ғалымдарымыз бұл тұрғыда бізге іздену мен еңбектену қажеттігін тағы бір мәрте баса айтып отыр.
Аралды ұқсатсақ, йод тапшылығынан арылар едік
Табиғи байлық дегенде тағы бір басымдық беріп айта кетер жайт, қазір елімізде йод тапшылығы мықтап орын алып тұр. Ал сол йод тапшылығын біздегі табиғи байлық көзі арқылы жоюға әбден болады. Ғалымдардың дәлелдеуінше, Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұр. Біз бұл мүмкіндікті де құр жіберіп отырмыз. «Негізі, жерден шығатын ыстық суға халық бекерден-бекер сеніп, емдік қасиетіне бас ұрып барып жатқан жоқ. Денсаулыққа пайдасы болған соң халық ыстық суға қарай беттеп жатыр. Есебін тауып зерттесе ол судан да қаншама сирек кездесетін металдар табылатын еді. Өкініштісі, осыны зерттеу жоқ» дейді отандық ғалымдарымыз. Бұл пікірлерге қатысты пайымдасақ, көптеген жекелеген мұнай өндіруші компаниялар сапалы мұнай алу үшін де, мұнай құбырларының үстінен ыстық су жүргізіп қоятыны да мәлім. Демек, бұл ойланатын нәрсе.
Мейірбек АЛДОҢҒАРОВ, физик-ғалым:
– Біз Аралды сорға айналып кеткен экологиялық аймаққа жатқызамыз. Қазір Аралда ашық тұз жатыр. Егер оны ұқсатсақ, ол жерлерге арнайы зертханалық жұмыстар жүргізілсе, йод тапшылығынан халықты ада ету мүмкіндігі туатын еді. Әрине, егер біз болашақта су көзі арқылы табысқа кенеліп, өзіндік бренд жинаймыз десек, осы саланы зерттейтін ғалымдарға қолдау көрсетілуі керек. Ғылымға жастарды жасақтауға тиіспіз. Қуатты технологияны ғылымға жұмылдыру қажет. Әсіресе су мәселесі қуатты технологияны қажет етіп отыр. Жерасты суларын зерттеуде нанотехнологияға жүгіну, осы арқылы жаңашылдыққа ұмтылу біз үшін ауадай қажет.
Болашақтың наноматериалдарын зерттеу керек
Жалпы, біз бұған дейін де негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі, мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізетінін сөз еттік. Бұған қатысты ғалымдарымыз «бір ғана графен наноматериалының қолданысқа келуі космос, әуе кемелері, машина жасау, электроника, байланыс жүйелерінен темір атаулыны түгелдей ығыстырып шығарады» дескен. Ендігі кезекте біз осы болашақтың наноматериалдарын зерттетуге күш салғанымыз жөн. Мәселен, бұл ретте ғалымдар бүгінде жер бетіндегі темір рудасы таусылуға таяу екендігін, 40-50 жылдан кейін темір тапшылығы орын алатынын алға тартады. Осы тұста темірдің орнын алмастыратын композиттік материал – базальттан жасалған бұйымдар болмақ. «Бұл материал өте жоғары температураға шыдамды және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Алмаздың тығыздығын шартты есептік көрсеткіш бойынша 10 деп алсақ, базальттікі 8-9-ды құрайды. Осыдан-ақ оның берік материал екенін байқаймыз. Базальт өзінің формасын еш уақытта жоғалтпайды. Соңғы кездері ірі бетон конструкцияларын жасайтын құрылыс компаниялары панельдердің арасына базальттан жасалған арматураларды сала бастады. Өйткені базальттан жасалған арматура қолданылған панельдер жер сілкінісіне төзімділігін байқатты. Базальттың мұндай артықшылықтары жетіп артылады. Сол себепті біздер базальтты болашақтың материалы деп атап жүрміз» дейді ғалымдар.
Міне, осылайша, болашақтың материалдарын зерттеу арқылы да біз қолдағы барды ұқсатуға күш салғанымыз абзал. Осылайша, әлем алдында қазақтың ныспысын анықтайтын өзіндік бренд жинауға ұмтылуға, талпынуға тиіспіз.
Түйін:
Қалай десек те, біздегі барды ұқсатудың көзі ғылымда жатқаны белгілі. Ғылым өркендемей елдің дамымайтынын бізге ұғынатын кезең әлдеқашан жетті. Біреулер қаржы институттарымен, технологиясымен, электронды құралдарымен атын әлемге әйгілеп жатқанда, бізге де шектеліп қалуға болмайды. «Ендігі біздің ойымыз ұлан-ғайыр жеріміздің байлығын орнымен игере білуде болу керек. Оған қоса, мәдениетіміз, әдебиетіміз дами түсуі қажет. Мәдениет, өнер, ғылым, спорт, әдебиет, экономика саласындағы жетістіктерге қолдау көрсетілуі тиіс. Жалпыұлттық саясат осындай деңгейде болғанда ғана Қазақстан дамыған елдердің көзін қызықтыратын болады» дейді еліміздің сарапшылары.
Жас өнертапқыш Қанатқан Шәкерханұлы
«Көпмедиалы құлып», «Терезе сүрткіш» сынды тапқырлықтарымен бүгінде барша Қытай елін таңдандырған жас өнертапқыш өз мүмкіндігімді Қазақ елінің игілігіне, тәуелсіз Отанның топырағында жалғастырсам дейді. Қытай елінде өмір есігін ашып, қаршадайынан ғылымға құмар болып өскен Қанатхан Шәкерханұлымен тапқырлықтары жайлы аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік. Егемен еліне еселі үлес қосуға талпынып жүрген талантты бауырымыз ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінде оқиды.
– Ғылым мен білімнің шүңетіне үңілуді қай кезден бастадың?
– Бала кезімнен айналадағы заттарға зер салуға, адамдар тұрмысын бақылауға ынталы болдым. Менің адамдар тұрмысына жеңілдіктер тудыратын тапқырлықтарды жасауға талпынғым келді. Адамзаттың бүгінгі өркениетті өмірін барлыққа әкелген ғылым ғой, ғылым адамзатқа бақыт жаратуы керек деп білемін, осы таным мені ғылым жолына талпындырды.
– Жеткен жетістіктерің жайлы айта кетсең.
– 2012 жылы «Көпмедиалы құлып» тапқырладым. Оның патент құқығын Қытайда қорғадым. Қытай Халық Республикасының патент құқығы мекемесі жағынан 2012 жылдың «Үздік зерттеушісі» болып бағаландым.
«Көпмедиалы құлыптың» ерекшелігі, ол алыс аралықтан меңгеріледі. Сіз алыс шетелде жүрсеңіз де, Алматыдағы үйіңіздің есігін ұялы телефон арқылы аша аласыз. Құлыптағы құпия цифрлы құрылғы ұялы телефонның сигналын қабылдай алады. «Көпмедиалы құлып» электр жүйесі және механикалық жүйе сынды екі жүйеден құралған. Қауіпсіздік салыстырмасы өте жоғары. Егер жат ниеттегі біреулер үйіңізге кірмекші болса, электронды жүйесін бұзғанмен, механикалық жүйені бұза алмайды. Бұл «Көпмедиалы құлыптың» патент құқығына Қытай компаниялары ниеттеніп отыр, бірақ мен Қазақ елінде өндірудің мүмкіндігін қарастырудамын.
Енді бір тапқырлығым – «Терезе сүрткіш аспап». Үстіміздегі жылы Қытай елінен патент құқығын алдым. Әрі бұл жоба халықаралық патент мекемесіне жолданды. «Терезе сүрткіш аспап» зәулім ғимараттардың құрылыс ерекшелігіне сай жасалған, аспанмен тілдескен алып ғимараттардың терезесін айнадай таза етіп сүрте алады.
«Терезе сүрткіш аспап» жобасы үшін Қытай Халық Республикасы «Үздік жоба» мәртебесімен марапаттады. Менің осы табыстарыма атажұрттағы ағайындар айрықша ықыласын танытып жатыр. Айталық, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ғылым әлемі» атты студенттер мен ғалымдардың ғылыми конференциясында жүлдемен марапаттады. Әрі «Терезе сүрткіш аспап» атты жобам үшін студенттік инновациялық жоба байқауының үздік орнын сыйға тартты және «Үздік зерттеушісі» деп бағалады.
– Алда қандай зерттеу жұмыстарын жүргізгің келеді?
– Жаңа энергия қайнарын ашу жалпы адамзаттың бәріне ортақ мәселе ғой. Сол жаңа энергияны жанарзат ететін «Жаңа көлік» жобасын жасап жатырмын. Алла қаласа, осы жобаның сәтін салып, жаңа көлік жасалса, 2017 жылы елордамыз Астанада өтетін EXPO-2017 әлемдік көрмеде жұртпен жүздестіргім келеді.
Егемен елімізде ғылым саласы қарыштап дамып келе жатыр. Жастарды көптеп ғылымға қызықтыру керек сияқты. Атажұртқа жеткеніме қатты қуанамын. Егемен еліміздің ертеңі үшін ғылым жолында ерінбей еңбек етіп, тер төккім келеді.
Ерзат АСЫЛҰЛЫ
«Нанодәрігерлерді» қолданысқа енгізе аламыз ба?
Қазірде адамзат баласы үшін ең қажетті дүние ауырса дертіне дем беретін дәрі-дәрмек екені даусыз. Әлем ғалымдары бүгінде «ақылды дәрілерді» ойлап шығаруға күш салуда. «Нанотехнологиялар мен нанокомпоненттерді қолдану арқылы өндірілетін бұл дәрілік препараттар туберкулез, қатерлі ісік ауруларын емдеуде барынша үмітті» деседі ғалымдар.
Мұрат ЖҰМАЖАНОВ, биолог-ғалым:
– Мұндай ақылды дәрілер ауру клеткаларды өздері тауып, емдеп, басқаларына ешқандай зиянын тигізбейтін болады. Дәрігерлер болашақта мұндай дәрілердің күшімен ауыр дерттерді ауыздықтай алады. Корей елінің ғалымдары жуырда нәресте дүниеге келген кезде, денесіне ағзаны өмір бойы бақылайтын микроскоппен ғана көретін наноаппараттар жіберуге болатынын анықтады. Бұл «нанодәрігерлер» адам ағзасын өздігінен қатаң бақылауға алып, қалт еткен сәтте «емдеу» жұмыстарын жүргізіп тұрады.
«Нано» дегеніміз – салыстырмалы түрде айтқанда бір тал шашты 40 мың бөлікке бөлгендегі бір бөлігі. Микро әлемнен нано әлемге өту адамдардың атомды құралға айналдырып, кез келген затты атом арқылы құрастырып алуға мүмкіндік тудырады. Болашақта бізге де осындай идеялар өзегінен қалыс қалмау үшін нанотехнология саласына білімді жастарды жасақтап, ғылымның бұл саланы зерттеуге деген күшін қуаттандыра түсу қажет.
Өнімнің сапасын сақтау әдісін жетілдірген жөн
Ал біздің отандық ғалымдар «мұндай ақылды дәрілерді өндірісте де енгізуге болады» деседі. Мысалы, жаңағы адамның ағзасына туған кезде жіберілетін наноаппараттарды қандай да бір өнімді шығарғанда сол өнімге жіберсе, ол өнімнің сапасын бұзбай сақтап тұрады. Мұны ұн шығаратын немесе әртүрлі тамақ өнімдерін шығаратын зауыттар өз өнімдеріне қосып шығарса, өнімдерінің сапасы төмендемейді. Тіпті бұл қоспаны жанар-жағармайға қосса да, оның өзіндік сапасы арта түспек. «Әсіресе бау-бақша өнімдерін өндіретін диқандарға бұл таптырмайтын әдіс» деседі ғалымдар. Мысалы, жаңағы наноаппараттарды колорадо қоңызы мен өзге де құрттар жемесін десе диқандарға осы әдісті қолдануға болады. Егер картоп тұқымына наноаппараттарды жіберіп егетін болса, бұл мәселенің шешімін табу оңай болмақ.
Жалпы, мұндай «нанодәрігерлерді» өндірістің біразында қолдануға болады. Бірақ асыра сілтеп жіберуге тағы болмайды. Әр нәрсені сауатты қолдана білсе, бұл идеялардың да кәдеге жарары анық.
Нанотүтіктердің болашағы зор болмақ
Қазіргі уақытта кремнийден және нитридтен жасалатын нанотүтікшелердің болашағы бары жиі айтылады. Мұндай нанотүтіктерден космонавтарға, өрт сөндірушілерге арналған ыңғайлы киімдер тігу үшін, өте берік және жеңіл зонд жасауға болады. Олар өзінің салмағынан бірнеше тонна артық жүкке шыдайды. Ғылыми дерек бойынша адамның шашының қалыңдығынан 100 мың есе аз нанотүтіктер сирек кездесетін өте берік материал болып шықты. Олар болаттан 50-100 есе берік әрі тығыздығы алты есе аз.
Міне, болашақта осы аталған заттардың қолда бар табиғи ресурстарымызды ұқсатуға, ақсап жатқан салаларды жетілдіруге ықпал етері анық. Бір ескеретіні ғалымдарымыз ізденіс, зерттеулері кезінде әсірешілдікке жол бермей, шынайы, салмақты, дәйекті жұмыстар жүргізе алса дейміз. Олай етпей қызуқандылыққа, әсіре құштарлыққа салынып жасалынған еңбектің ғұмыры да ұзақ болмасы белгілі.
Қазақ ғылымына шетелдің инвестициясы қауіп төндірмей ме?
Жалпы, «елдегі ғылыми жаңалықтарды ғұмырлы етіп Қазақстан экономикасын ғылыми негізге бағыттаймыз, ғылым мен өндірістің арасын жалғаймыз» десек, отандық ғылымға құйылар қаржы көзі де қомақты болуы керек. Сондықтан біздің қазақ ғылымына шетелден инвестиция тарту оңтайлы болмақ. Негізінен, ғылымға инвестицияның көптеп тартылуына қатысты отандық ғалымдардың пікірі оң. Бірақ сарапшыларымыздың пікірі әрқилы.
Дұрыс...
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Өндіріске қажетті дүниенің құнсызданып жатқанына қынжыласың. Сондықтан қазақ ғылымына шетелдік қомақты инвестиция салынып жатса, оны неге дұрыс демеске? Мұны қолдаймын. Шетел инвестициясына бостан-босқа күдік артып, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Жалпы, инвестицияны саясиландырудың еш қажеттілігі жоқ. Керісінше, шетелден ғылымға қомақты инвестиция тартылар болса ол инвестициялар арқылы шикізатты өңдеу ісін жолға қоюға мүмкіндік ашылады. Ғалымдарымыз әлемдік қолдау банктерінің грантын ұтып алып жатса, сол арқылы жаңалықтарын қаржыландырса, оны өндіріске енгізуге жол ашылса мұның несі жаман? Мұндай ұсыныстарды жиі айту керек. Бұл – қазақ ғылымына серпін беретін дүние. Ебін білген ел бүгінде ғылымды экономиканың локомотивіне айналдыруды мақсат тұтуда. Мысалы, көршілес Қытай елі осыны ескергендіктен, Қазақстан ғылымына инвестиция салуға пейіл танытып отыр. Егер күні ертең ғылымымызды қомақты қаржы жан-жақтан құйылып қаржыландыратын болса, қазақ ғалымдарының ашқан жаңалықтарын дамыған елдерде де ешқандай кедергісіз кәдеге жаратуға болады. Бұл қазақ ғылымының мәртебесін өсіретін жайт.
Бұрыс...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, сарапшы-маман:
– Мен ғылымды шетелдің инвестициясына тәуелді етуді бұрыс көремін. Себебі ғылымға мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Тек сол қаржыға қоса отандық кәсіпкерлер мен ірі компанияларды басқарушы ғылымға көңіл бөліп, қаржы бөлсе дұрыс болар еді. Олар ғылымға қамқор болғаннан гөрі, 16 қабатты үй тұрғызып, оның әр пәтерін 100-200 мың АҚШ долларына сатуды әлдеқайда тиімді санайды. «Ғылым инемен құдық қазғандай» деген нақыл бекер айтылмаған. Біз бір жаңалық ашу үшін ең кемі он жыл жұмыс істейміз. Ал жаңағы сіз айтып отырған компаниялар он жылда пәленбай тұрғын үй тұрғызып, көк қағазға белшесінен батады. Әрине, ақылға салса, ғылымға жұмылу – өзекті шаруа. Жалпы, біздегі ірі компанияларды немесе белді кәсіпкерлерді ғылымға жұмылдыру үшін жоғарыдан бір мықты бұйрық керек деп ойлаймын. Шетелдің инвестициясын ғылымға салдық делік, бірақ мұның артында қазақы идея, ұлт қауіпсіздігі деген нәрсе ескерілуі керек. Сондықтан, менің ойымша, өзгелерден бұрын отандық ірі компаниялар ғылымды қаржыландыруға ден қойғаны жөн.
Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru