Алдағы жарты жылда баспана бағасы қалай өзгереді
Жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы өсе ме, жоқ әлде төмендей ме? Қазақстандықтарға пәтерді қай кезде сатып алған тиімді? Sputnik Қазақстан көпті мазалайтын сауалдардың жауабын сарапшыдан сұрап көрді., - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Тұрғын үй нарығында не болып жатыр
Белгілі экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, 2021 жылы билік халықтың мүддесіне емес, олигархтардың мүддесіне сай келетін шешім қабылдады. Осылайша зейнетақы қорынан 3,5 трлн теңгені нарыққа тастап, 2019 жылдарда қалыптасқан бағаны қолдан 40 пайызға көтерді. Бұл құрылысқа оң әсер еткенімен, халықтың баспанаға қолжетімділігі төмендеп кетті.
"Себебі үйлерді небәрі 3-4% байлар сатып алды да, халықтың 97 пайызында бір бөлмелі пәтер алуға да мүмкіндігі болмай қалды. Құрылыс салушылар нарыққа 3,5 трлн теңге түскеннен кейін, үйді қымбаттатты. Енді бағаны одан төменге түсіргісі келмейді. Импортталатын құрылыс материалдарының бағасын, құрылысшыларға төлейтін жоғары жалақыны алға тартады. Билік те мұны түсіп қалды, енді міне, екі жылдан бері дұрыс емес шешімдерді қабылдамайды. Бағаның өсіп кеткені халыққа қолжетімді болмағандықтан, мемлекет бағдарламаларды шектеді. "7-20-25" жалғасып жатыр дейді ғой, бірақ ондағы лимит адамдарға көп жетпей жатыр. Тіпті кезекке тұрғандардың өздеріне де үй беруге мүмкіндігіміз болмай жатыр", - дейді Жұбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, егер жақын арада мемлекет үлкен бір бағдарлама қабылдап, нарыққа қаражат тастамаса, тұрғын үй құрылысы, пәтер бағасы бірқалыпты тұрады.
"Үкімет те мұны түсінеді. Егер үкімет көбірек ақша тастаса, инфляция өседі. Баспана қайта қымбаттайды, азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге де әсер етеді. Сондықтан билік ақша массасының өсуіне жол бермей, инфляцияны тежемекші. Бұл тұрғын үйге де әсер етіп, баға тұрақты болады деген сөз", - дейді сарапшы.
Баспананы қай кезде сатып алған тиімді
Жұбаевтың болжамынша, алдағы жарты жылда тұрғын үй бағасы қатты өзгере қоймайды. Қолданыстағы үйлердің бағасы сәл түсуі мүмкін, ал жаңа үйлердің арзандауы екіталай.
"Үйді бүгін аласың ба, ертең аласың ба, айырмашылық жоқ. Бәрібір қымбат. Бірақ бізде маусымдық құбылу деген болады. Қыркүйек айында қалаға студенттер жиналады, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өнімін сатып, мол ақшамен қалаға оралады. Олар сол қаладан үй алуға әрекет жасайды. Сол уақытта үй сататындар бағаны аздап, 5-10 пайызға көтереді. Сондықтан қала тұрғындарына баспананы қазір немесе қыстың ортасында, көктемге қарай алуға кеңес берер едім", - дейді ол.
Ал күзде тұрғын үйге жақындамау керек, өйткені баға сәл өседі, деп болжады сарапшы.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz