Әлемде байлар мен кедейлердің арасы жер мен көктей
Сананы тұрмыс билеген заманда «бай – құдай» дейтін қауымның қарасы қалыңдап келеді. Жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ХХІ ғасырда ең жоғарғы шегіне жетіп, әлемдік деңгейде ең түйткілді мәселеге айналғандығы ресми түрде мәлімделді. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық тақырыбы батыста Томас Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» атты кітабы жарыққа шыққаннан кейін қызу талқыға салына бастаған. Автордың айтуынша, қазіргі капитализм – ауқаттылардың заманы. Олар байыған үстіне баюда. Соның салдарынан әлеуметтік теңсіздік өршіп, бұл құбылыс экономикалық өсімге кері әсер етіп отыр. Томас Пикетти: «Біздің бүкіл тарихымыздағы капитал теңсіздіктің тереңдеуіне негізделіп келген. Бұл тенденцияны түсіндіру оңай. Үнемі толығып жатқан байлық ғаламшардағы халықтың 1 пайызының ғана қолына жинақталуда. Бұл өз кезегінде кірістің өсіп, шығыстың азаюына алып келеді. Қаржыға қатысты ең басты түйткіл осында», – дейді. Бұл тақырыпты қаузаған мамандар 2016 жылы бүкіл халықтың 1 пайызын құрайтын дәулетті адамдардың байлығы қазіргіден де еселене түсетіндігін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Әсіресе, Швейцарияның Давос қаласындағы Oxfam қайырымдылық ұйымы осындай болжамның негізсіз емес екендігін ескертуде. Ұйымның зерттеуіне қарағанда, қазіргі уақытта миллиардерлердің қаржысы дүниежүзіндегі байлықтың 48 пайызын құраса, ал келесі жылы бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып кетуі мүмкін. Яғни, бұл жағдай алдағы уақытта кедей адамдардың қаржы жинап, аяққа тік тұруына айтарлықтай кедергі келтіреді деген сөз. Oxfam қайырымдылық ұйымы құқық қорғау қызметінің басшысы Макс Лоусон: «Біздің болжамымызбен келісетіндер де, келіспейтіндер де көп. Үлкен пікірталас туындауы мүмкін. Бірақ біз байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ауқатты адамдар мен корпорацияларға біртіндеп салық мөлшерін көтеру керек. Олар өз дәулеттеріне сай салық төлеуі тиіс. Зерттеу барысында жер бетіндегі 1 миллиардтан астам адам күніне орта есеппен не бары 1,25 долларға ғана өмір сүріп отырғаны анықталды», ̶ дейді. Oxfam ең әуелі әлем елдерін салық төлеуден жалтарғандармен күресуге шақырады. Дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толық жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отырғандығын да жеткізген еді. «2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек». Дүниежүзілік банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде осындай мәлімдеме жасаған болатын. Халықаралық стандартқа сәйкес, күндік табысы 1,25 доллардан аспаса, ол адам кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүреді деген сөз. Әрине, байларды байлығының еселеніп артуы көбірек алаңдататыны түсінікті жайт. Олардың әлемде орын алған теңсіздікке бас қатыра қоюы да екіталай.
Кедей деп кімдерді айтамыз?
Өткен жылы Токио қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының кедейлікке арналған жылдық баяндамасы оқылған болатын. Аталмыш баяндама бойынша әлемнің 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейліктің құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл көрсеткіш бүкіл адамзаттың 14 пайызын кедейлер құрап отыр дегенді білдіреді. БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес, күніне 1 АҚШ долларына күн көретін адам кедей саналады, ал 1 доллардан аз ақшаға күнелтетін адамды пақыр кедей немесе қайыршы деп атауға тура келеді. БҰҰ-ның тағы бір дерегіне сүйенсек, аштық күніне 25000 адамның өмірмен қош айтысуына себепкер болады екен. Кедейлер қалай кедей болды? Байлар неге байыды? Бұл сауалға жауап іздеп талайлар бас қатырған. Бірақ нақты жауап әлі табылған жоқ. Табылмайтын да шығар. Жетекші мемлекеттердің қатарындағы АҚШ-тың өзінде кедейлер мен байлар арасындағы алшақтық коэффициенті 0,39 пайыздық көрсеткіш көрсеткен. Ал Испанияда мұндай көрсеткіш коэффициенті 0,34-ке жетіп, Еуроаймақта қара тізімде көшбастап тұр. Испандықтардың жалақысы соңғы жылдарда тым баяу өскендігі кедейлік пен байлықтың арасын алшақтатуға басты себепкер болып отырған көрінеді. Осы ретте, кедейлікке апаратын бірден бір жол – жаппай жұмыссыздықтың орын алуы екендігін айта кеткен жөн. Елдегі экономикалық жағдай, оның ішінде жалпы ішкі өнім жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша анықталады десек, бұл ретте, жаһанда жаппай жұмыссыздықтың орын алу деңгейі жыл сайын артып келеді. Алдағы бес жылда дүниежүзінде жұмыссыздар саны 11 миллионға өспек, ал соңғы 7 жылда жұмысқа тұра алмай жүргендердің қатары 31 миллионға артқан. Бұл көрсеткіш кедейліктің артуына белгілі бір деңгейде ықпал етуде. Бүгінде әлемде 201 миллион адам кәсіпсіз жүрсе, болашақта олардың саны 212 миллионға жетеді деген қауіп бар. БҰҰ-ның анықтауы бойынша, әлемдегі 54 елдің жағдайы 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда, күрт нашарлап кеткен..
Бәрі де байлардың мүддесі үшін
Адамдар арасындағы теңсіздіктің өсуін ауыздықтау турасында The Guardian газеті сараптама мақала жариялап, 2009 жылғы зерттеудің қорытындысы бойынша жер шарындағы байлардың қолында әлемдегі барлық байлықтың 44 пайызы шоғырланғанын жазған болатын. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 48 пайызға жеткен. Сонымен бірге планета тұрғындарының 80 пайызының капиталы әлемдік байлықтың небары 5,5 пайызын құрайтыны да белгілі болып отыр. Қайырымдылық ұйымның атқарушы директоры Уинни Бианийма: «Байлардың қалтасының қалыңдай беруі мемлекеттік басқару үшін де қиындықтар туғызбақ. Біз шоғырланған байлықтың билікке де ауыз салатынын көріп жүрміз. Ал қарапайым адамдар мұндайда үн қата алмайды, олардың мүдделері ешкімді де қызықтырмайды. Айрықша теңсіздік – жай ғана кездейсоқтық немесе экономиканың табиғи заңдылығы емес. Ол саясаттың ықпалымен қалыптасады, егер саясатты өзгертсек, оны да өзгертуге болады», – деді газетке берген сұхбатында. Oxfam назарындағы мына деректерге мән беретін болсақ, 2009 жылдан 2014 жылға дейін әлемнің ең бай 80 адамы, барлық мүліктері мен қаражаттарын қосып есептегенде, екі есеге байып кеткен. Жыл сайын әлем елдеріндегі бүкіл байлықтың бағасын жариялап, дүниедегі ең бай мемлекеттер мен аймақтарды анықтауды дағдыға айналдырған «Кредит Свисс» (Credіt Suіsse) банкі былтыр әлемдегі бар байлықтың жылдық бағасын жариялады. Әлем елдерінің байлығы өткен жылға қарағанда 8,3 пайызға артып, биыл бұл көрсеткіш – 263 триллион долларға жетіпті. Әлемдегі 1 пайызды құрайтын байлар 95 пайыз әлемдік байлыққа иелік жасауда. 1 пайызға енген әрбір адамның еншісіне – 3 миллион 684 мың 723 доллардан тиіп отыр. Ал, қалған 99 пайыз адамзат баласы әлемдік байлықтың 5-ақ пайызын иеленіп отыр. 2000 жылдан бері әлемдік байлық деңгейі 2 есеге артыпты. Бұл өсім негізінен жылжымайтын мүлік пен құнды қағаздар есебінен келіп отыр. Дүниенің ең бай аймағы – Солтүстік Америка материгі (бар байлықтың – 34,7 пайызы), екінші орында – Еуропа (32,4 пайыз). Ал төртінші орынды – 8,1 пайызбен Қытай иеленіп тұр. Байлығы қарқынмен өсіп жатқан елдер – Ұлыбритания, Корея және Дания, ал байлығы қысқарып жатқан елдер қатарына азамат соғысы мен тұрақсыздық жайлаған Украина, Аргентина және Индонезия еніп отыр. Ал халқы ең бай мемлекет Швейцария екен: бұл елде әрбір адамның еншісіне тиетін байлық мөлшері – 581 мың долларды құраған. Байлығы жағынан кейінгі қатарда – Австралия, Норвегия, АҚШ пен Швеция елдері орналасыпты. Арнайы сарапшылардың зерттеуі бойынша 10 мыңнан 100 мың долларға дейін қаражаты барлар орта деңгейдегі адамдар санатына жатқызылған. Әлемдегі 7 миллиардтан астам халықтың 1 миллиарды осы орташалар тобында. Жеке-дара топ жарып шыққан байлар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің де «бай» болуына я болмаса «бай мемлекет» атануына ықпал етіп отырғандығы ұғынықты жайт. Шегіне жетіп болмайтын көл-көсір байлықты бір адам өлшеулі ғұмырында жинауы мүмкін бе?! Атам қазақ «Байлық – мұрат емес» дейді. Десе де, ғаламдағы байлардың жартысынан көбі арғы атасынан қалған қаражатты жаратып, соның рахатын көріп отыр. Бұған Америкадағы ең танымал «KISS» тобының басисті, миллиондаған доллардың иесі Джун Симменсті мысал ете аламыз. Ол өсіп келе жатқан екі баласына, Ник пен Софияға бар қаражатын қалдыруды жөн санайды. Ал мансап жолын газет таратудан бастаған Бун Пикенстің байлығы бүгінгі таңда 1,4 миллион доллардың көлемінде болса да, ол өзінің ұрпақтарына бар ақшасынан көк тиын да қалдырмайтындығын жеткізген.