Әлеуметтік эгоизмнен арылатын уақыт жетті
Маңғыстау облысы елімізде әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы бойынша жетекші аймақ болып табылады. Мұнда экономиканы әртараптандыру үрдісі, соңғы үш жылда екі есе өскен өңдеу өнеркәсібін дамыту тәрізді шаралар басты назарда. Инфрақұрылымдар да жылдам дамып келеді: теңіз порттары, аэропорттар, көлік және теміржол құрылыстары қарқынды салынуда. «Ақтау-сити», «Кендірлі», «Каспийлік энергетикалық хаб», «Қиғаш-Ақтау» су құбыры, Каспий технологиялық университеті тәрізді маңызды жобалар да жүзеге асуда. Әйтсе де мұнда ТМД аумағында ең жоғары жалақы алатын мердігерлік мұнай ұйымдарының жұмысшылары қарсылық акцияларын өткізуде. Еліміздегі ең жоғарғы еңбекақы деңгейі де осы аймақта. Бірақ, сонымен қатар, дәл осы облыста кедейліктің де ең жоғары деңгейі тіркеліп отыр: 2010 жылдың қорытындысы бойынша – 11,6 пайыз. Мұндай парадокстар неден туындап отыр?
Осы және өзге де сауалдарды біз Маңғыстау облысының Әлеуметтік бағдарламалардың жұмыспен қамтамасыз етуін бағдарлаудың басқарма бастығы Гүлмира Қалмұратоваға қойдық.
– Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өлкеде жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінде проблемалар туындамаса керек еді. Маңғыстауда жұмыс табу қиын ба?
Әрине, аймақтың экономикасы қарыштап дамып келеді. Сонымен қатар облыс тұрғындарының да саны артуда. Соңғы бес жылда маңғыстаулықтардың қатары 160 мың адаммен толықты. Мәселен, қазір мұнда 533,9 мың адам тұрса, олардың 222 мыңы – экономикалық белсенді тұрғындар. Облыстың өнеркәсіп орындары мен ұйымдарында 209,1 мың маңғыстаулық жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылу деңгейі – 94,2 пайыз.
Біздегі жұмыссыздар саны 12,9 мың адамды құрайды. Әйтсе де біз бұл көрсеткіштің төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз: былтырғы жылмен салыстырғанда ол 6,6 пайызға азайды. Биылғы жылдың тоғыз айында тіркелген жұмыссыздық деңгейін 0,7 пайызға төмендетуге қол жеткізіп отырмыз.
– Әйтсе де аймақтағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейін немен түсіндіруге болады? Кедейліктің құрсауында қалған маңғыстаулықтың орташа портретін қалай құрар едіңіз?
– Кедей тұратындар – көбінесе еңбекке жарамды ауыл мен қала тұрғындары және балалары көп отбасылар. Өкінішке қарай, еліміз бойынша еңбекақының ең жоғары орташа деңгейі тіркеліп отырған аймақта, кедейліктің де ең жоғары деңгейі тіркеліп отыр: 2010 жылдың қорытындысы бойынша – 11,6 пайыз.
Статистика мәліметтері бойынша облыс халқының 29,76 пайызы жоғары табысты топқа енсе, 12,86 пайызы табысы ең төменгі бірінші топқа жатады. Облысымызда тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа табысы 68 441 теңгені құрайды. Аудандар тұрғысынан алғанда, Маңғыстау, Мұнайлы, Бейнеу аудандарының тұрғындарының табысы ең төмен деңгейде – 20 мың теңгеден сәл асады. Еліміз халқының ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен табыс табатындарының саны 5,5 пайызды құраса, облыс бойынша ол – 9,1 пайыз. Биылғы жылдың көрсеткіштері бойынша бұл көрсеткіш 8,8 пайызды құрамақ. Есіңізге сала кетейін, еліміз бойынша төменгі күнкөріс деңгейі үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 16 000 теңгені құрады, ал облыстағы бұл көрсеткіш – 20 233 теңге.
Орташа номиналды еңбекақы бойынша да осындай көрініс. Елімізде ол маусым айында 88 296 теңгені құраса, облыс бойынша – 146 082 теңге. Халық шаруашылығының бірқатар салаларында – білім беру, денсаулық сақтауда бұл көрсеткіш екі есе, ауыл шаруашылығында төрт есе төмен.
Адами даму жолға қойылмаған жағдайда экономикалық өсім де ұзаққа созылмайды. Адами даму деп біз мұнда білімге, сапалы денсаулық қорғауға, өмір сүрудің лайықты деңгейіне қол жеткізу мүмкіндігін айтып отырмыз. Қаржылық және технологиялық сыйымдылығы мол бола отырып, мұнай саласы аса көп жұмыс орнын құрмайды. Жұмысшылар экономиканың осы секторына ұмтыла отырып, осы индустрияның табысына тәуелді болып қалады, өзге бейімдерін жетілдірмейді. Мұнай секторымен қамтылмағандар қатарында жұмыссыздықтың пайда болуының бір себебі осында жатыр.
– Сіздің аймақта әкім гранты бойынша оқытудың ерекше жүйесі жұмыс істейді екен. Оның нәтижелері қандай?
– Иә, облыс әкімінің гранты негізінде мамандар даярлау жүйесі 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол, негізінен, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды білікті мамандармен қамтамасыз етуге арналған. Әкім гранты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласында мамандар дайындауға бөлінеді. Бұл шешім облыстың кадрлерге деген тапшылығынан туындап отыр. Қазір Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылып отырған жаңа өндірістердің қажеттіліктерін ескере отырып, грант бойынша даярланатын мамандар тізімін кеңейтуді ұйғарып отырмыз. Нәтижесінде облыс әкімінің гранты агроөнеркәсіп кешені мен әлеуметтік сферадағы мамандықтарға бөлініп отыр. Бұл жүйе басты екі мәселені шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жастарға білім алуға мүмкіндік ұсынылса, екінші жағынан, ауылды білікті мамандармен қамтудың оңтайлы механизмі болып табылады.
Жұмыс нәтижесі қазірден байқалып отыр. 2006 жылдан бері 780 студент грант алса, олардың 398-і білім беру саласына бөлінді. Облысымыз бала туу деңгейі жағынан бірінші орында, сондықтан да ұдайы мектептер мен балабақшалар салынуда, оларға тәрбиешілер мен мұғалімдер жетіспей жатыр. Аймақта әсіресе дәрігерлердің жетіспеушілігі өте қатты байқалады. Сондықтан да облыс әкімінің грантымен 291 студент медициналық ЖОО-да оқып жатыр. Биыл грант алуға деген қызығушылықтың артып отырғанын байқап отырмыз. Өтініш берген 315 үміткердің ішінен арнайы комиссия 266 талапкерді таңдап алды. Бүгінгі күнге аймақ жетекшісінің гранты бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында 541 адам оқып жатыр.
– Ал Үкімет деңгейінде жарияланған жұмыспен қамту бағдарламаларынан қандай да бір тиімді әсер бар ма?
– Әрине, соның негізінде біз халықты еңбекпен қамтуда белсенді шараларды қолға алып отырмыз. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына «Еңбекпен қамту — 2020» бағдарламасына 1444 адам қатысып, бәрі де консультациялар алды. 61 адам бар вакансияларға орналасты. Бүгінгі күнге бағдарламаға қатысуға 552 адам тіркелді, олардың 451-і қатысушылар қатарына қосылды. 414 адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалып, 250 адам білімін жетілдіруге жолдама алса, 150-і тиісті сертификат алды. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 271 адам шағын несиелер алды. Олардың бірқатары құрылыс материалдарын жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, киім тігу тәрізді салалардағы бизнесін кеңейткелі отыр.
– Қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін мұнай компанияларында жұмыс істейтіндердің ереуілге шығу себептері анық болмай отыр. Олар неліктен еңбекақы деңгейіне ризашылық танытпай отыр?
– Байқап отырсақ, саяси психологияда ретроспективті аберрация деген ұғым бар. Экономиканың даму кезеңінде басты көрсеткіштердің өсуі кезінде халықтың да қажеттіліктері мен әлеуметтік үміттену деңгейі арифметикалық түрде арта түседі. Әрине, бұл әлеуметтік қанағаттанусыздықтың өсуіне әкеліп, нәтижесінде қоғамдық ақыл-ойдың тенденциялар динамикасын теріс, керісінше қабылдауына соқтырады. Сіз атап өткен парадокстардың бірқатарын осымен түсіндіруге болады. Маңғыстау бүгіндері сөзсіз негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көшбасшы болып табылады. Аймақта өте күшті экономикалық қайта өрлеу үрдісі жүріп жатыр. Бірақ сол мезетте мұнай компанияларының жалдамалы жұмысшылары қарсылықтарын танытып, еңбекақыны ұдайы көтеруді талап етуде.
Немесе өзге мысалды алайық. Облысымызда 2009 жылы барлық тұрғылықты мекендерді газдандыру жұмыстары аяқталды. Әйтсе де бірқатар тұрғындар, оның ішінде алыстағы ауылдағылар да бар, еліміздің басқа аймақтары, оның ішінде Астана да газбен мүлдем қамтылмағанын есіне де алмайды. Немесе мұнай компанияларының жұмысшылары кейде өздері мен отбасы мүшелерін емдейтін, балаларын оқытатын мұғалімдер мен дәрігерлердің олардан бес-алты есе кем жалақы алатынын ұмытып жатады. Шамасы әлеуметтік эгоизмнің шегін біліп, өзге салалардың, басқа да әлеуметтік топтардың жағдайымен санасатын кез жеткен тәрізді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында «Қазақстан маған не берді?» деп қана емес, мен өзім «Тәуелсіз Қазақстанға не беріп отырмын? деген ойға келетін уақыт жеткен тәрізді.