Алматы облысында қант қызылшасы алқабы 6,4 мың гектарға жеткізіледі
Биылғы жылы Алматы облысында қант қызылшасының алқабы 6,4 мың гектарға, ал өнімділігін гектарына 350 центнерге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың қант қызылшасын өсіруді дамыту туралы өткізген жиыны барысында айтылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын басында өңір басшысы А. Баталов қант қызылшасы өндірісін жандандыру Мемлекет басшысының Алматы облысының алдына қойған үлкен міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы тапсырма аясында елді қантпен қамтамасыз етуде жыл сайын өндірілетін қант қызылшасының көлемін арттыру қажет. Бұл орайда мемлекет тарапынан едәуір қолдаулар көрсетіліп, алқаптарды ұлғайту мен қант қызылшасының өнімділігін арттыруға қажетті жағдайлар жасалуда.
2014 жылы қант қызылшасы 1,2 мың га жерге себілді деп есептелсе, өткен жылы оның егістік көлемі 4 020 га болғанын білесіздер. Одан 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналып, тоқтап тұрған Көксу қант зауыты іске қосылды, барлық қажетті шаралар қабылданды. Өткен жылғы қант қызылшасын өсіру тәжірибесі істі дұрыс жоспарлап, оң бағыттай білсе, мемлекет қолдауын, мемлекет пен жекеменшік әріптестік тетігін тиімді қолданып, жұмыла жұмыс істей білсе жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді. Осы бағыттағы жұмысты биыл да жалғастырып, қант қызылшасының алқабы көлемін 6,4 мың гектарға, ал одан алынатын өнім көлемін 220 мың тоннаға жеткізуіміз керек, - деді А. Баталов.
Сонымен қатар инвесторларды тарта отырып, «Жетісу» ӘКК Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатқанына да тоқталды.
Мұнан кейін биылғы жылы қызылша өсірудің ерекшеліктері туралы облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады. Оның айтуынша, осы жылы қант қызылшасын өндіруге тек қызылша себетін аудандардың шаруашылықтары ғана емес, Алакөл ауданы мен Қапшағай қаласының бірқатар шаруа қожалықтары да кіріскелі отыр. Алға қойған міндеттерді орындау мақсатында бүгінгі күні 6,4 мың га сүдігер жер дайындалды. Облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, «Жетісу» ӘКК арқылы 8422 егістік бірлік қант қызылшасының жоғары репродуктивті гибридтік француздық тұқымы сатып алынды. Қосымша Панфилов ауданы «Қамқорлық» ЖШС-ның жергілікті тұқымы 2,0 мың егістік бірлік көлемінде дайын тұр.
Облыс әкімінің орынбасары қажетті инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселесіне де тоқталып өтті. Мәселен, жаңа сервистік дайындау орталықтарын құруға облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінген. СДО-лардың 5-еуі қант қызылшасын өндіруге бағытталған. Сонымен қатар қызылша өндірісі үшін 85 бірлік техника сатып алынатын болады.
Сондай-ақ С. Бескемпіров жиналғандарды мемлекеттік қолдау мен несиелік қаражат беру шараларымене, суармалы жерлерді жаңғырту жұмыстарымен және өңірде қант қызылшасы өндірісін дамытуға қажетті басқа да шаралармен таныстырып өтті.
Көксу қант зауытының алдағы жұмыс жоспары туралы зауыт директоры Алтынбек Абатов мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылы қант қызылшасын қабылдауда сатып алынған тағы 2 арнайы техниканы іске қосу жоспарланған. 15 мамырдан зауыт нысандарының жөндеу жұмыстары басталады, сондай-ақ алдағы уақытта зауыттың жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Озат шаруашылықтардың өткен жылғы табысты нәтижелерге қол жеткізу тәжірибесі туралы жиналғандар ынтамен тыңдады. Табысты шаруашылықтар қатарында Ақсу ауданындағы «Кеңдала» шаруа қожалығының басшысы Қали Алпысбаев, Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» КС директоры Виктор Хильниченко және Ақсу ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Александр Квитко бар. Олар табыс кілті ретінде заманауи агротехнологияны енгізу, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану, сол сияқты ауыспалы егіс пен кооперацияға бірігу туралы баяндай келе, биылғы жылы да өзара ынтымақтаса жұмыс істей отырып алдағы міндеттерді ойдағыдай орындайтындарына сенімділік білдірді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі А. Баталов:
Бүгінгі жиында өзара сындарлы әңгіме болғанына қуанып отырмын. Барлық мәселелерді талқыладық, өткен жылдың озық тәжірибесін бағаладық, алдағы жылға нақты жоспарларымызды белгіледік. Жоғары нәтижеге қол жеткізу негізінен технологиялық процестерді дұрыс ұйымдастыра білуге, агротехникалық мерзімдерді сақтауға байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасларын сапалы орындау үшін биылғы жылы барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуіміз керек. Осы жылы кешенді түрде жұмыс жасап, бір-бірімізді қолдай отырып жақсы өнім алатынымызға сенімдімін, - деді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.