Алтын өндірісіне қатысты төрт сауал
Менделеев таблицасының реттік нөмірінде 79-ыншы тұрған алтын деген аты бар химиялық элемент пайда болғалы бері «адамзат баласы өз игілігіне осы күнге дейін оның 140 мың тоннасын жаратқан екен» дейді ғалымдар. Жер қойнауында әлі де өндірілмеген, барланбаған мұндай құнды металдың шамамен 100 мың тоннадан астамы жасырынып жатса керек. Бұл – тарих пен болжам. Енді бүгінгі күн мен нақты деректерге жүгінсек...
Алыпсатарлық сар желіс сауда қашан тоқтайды?
2013 жылдың ақпан айының мәліметі бойынша, алтын резерві жағынан бірінші орынға өзінің 8 133,5 (ұлттық алтын валюта қорының 75,7 пайызы) тонна алтынымен АҚШ көтерілсе, екінші орында Германия тұр. Германияның резерві – 3 391,3 (бұл – ұлттық алтын валюта қорының 72,8 пайызы) тонна. Үшінші орынды осы жолы Халықаралық валюта қоры иемденген. Оның қоры – 2 814,0 тонна алтын. Бұл тізімде Қазақстан 32 орында, яғни 115,3 тонна алтынның 21,7 пайызы – ұлттық алтын валюта қоры. Алтынның нақтыланған қоры бойынша әлем елдерінің бірінші ондығына, ал өндірісі бойынша үшінші ондығына кіретін және қазба байлыққа бай өлке саналатын Қазақстан үшін бұл көрсеткіш, әрине, төмен.
Еліміздегі алтын кен орындары мен кенбілімдері саны 360-тай болса, оның 237-сі – кен орны. Десек те, ғалымдарға сенсек, тіпті ең ірі деген кен орындарының бес пайызы ғана игерілсе керек. Жаратсақ, байыту комбинаттары мен металлургиялық зауыттар маңында алтын ажыратып алуға әбден болатын 9 миллиард тоннаға жуық қалдықтар қоқыста жатыр.
Айтпақшы, қырғыздар стратегиялық маңызы зор 53 кен орнын аукционда сату туралы шешімге келіпті. Өйткені өздерінің жерасты байлығын өндіруге мүмкіндіктері жоқ. Дәл осындай мәжбүрлік біздің де басымыздан өткен. Соның салдарынан кен орындарымыздың көбі шетелдік инвесторлардың иелігінде кетті. Қолдан-қолға өтсе де, алтын дұрыс өңделмей жатқан жерлер жоқ емес. Британияның Hambledon Mining компаниясы Қазақстанның екі кен орнында алтынды ашық әдіспен өндіруді қолға алса, ресейлік «Северсталь» «Суздаль» және «Жереке» атты кен орындарын сатып алды. KazakhGold-тың бақылау пакеті акциясы – орыс олигархтары, яғни «Полюс-Золото» ААҚ-тың қожайындары Прохоров пен Керимовтердің меншігінде. Британиялық Orsu Metals Corporation компаниясы Варваринское кен орнын ресейлік «Полиметалл» кәсіпорнына қайта сатып жіберді. 1979 жылдан бері өнім өндіріле бастаған бұл кен орнының бүгінге дейін тек 10 пайызы ғана игерілген. Ал оның қоры – 370 тонна.
Енді осы жуырда канадалық Turquoise Hill Resources компаниясы Ltd Sumeru Gold BV компаниясымен келісімшарт жасасып, алтын өндірумен айналысатын Altynalmas Gold ltd компаниясының 50 пайыздық үлесін 300 миллион долларға сатып алып жатыр. Әңгіме – «Бақыршық» пен «Большевик» кен орындары турасында. Айта берсе, мұндай алыпсатарлық сар желіс сауда жетіп-артылады.
Сатылып кеткен жерлердегі байлықты үкіметке қалай қайтарамыз?
Көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған кең байтақ даламыздың кез келген жерінен кен іздесең, кеніш табасың. Алайда Елбасы зор міндет артып отырған геологтеріміз жіпсіз байланды да қалды. Өйткені жерлер сатылып кеткен. Ал меншік иелері жерастындағы қазба байлықтың ырыздығын өздері де көрмейді, ешкімге де бермейді. Отандық шикізат қоры шиырланып тұрған шақта бұл проблема да өз шешімін таба алмай дал. «Сондықтан, – дейді мамандар, – бұл мәселені Үкімет деңгейінде реттеу керек. Кен бар жерлер белгілі бір мерзімде игерілмесе, заңға оны үкіметке қайтару туралы бап енгізіп, ауыл шаруашылығы жерлеріне инвентаризация жасағандай, жер қойнауын пайдаланушылар иелігіндегі қазба байлықты қайтадан есептен өткізу қажет».
2015 жылы 70 тонна алтын өндіре аламыз ба?
Алтын өндірісін дамыту мақсатында Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі кен орындарын және пайдалы қазбаларды барлауға және пайдалануға беру үшін ашық конкурс жариялаған болатын. Бақ сынасуға 69 алтын кен орны қатысыпты, яғни Шығыс Қазақстан – 22, Алматы – 12, Ақмола – 10, Қарағанды – 6, Жамбыл - 5, Ақтөбе – 4, Қостанай – 4, Павлодар – 1, Солтүстік Қазақстан – 1, Оңтүстік Қазақстан – 1, Батыс Қазақстан – 1. Ұсақ кен орындарын іске қосу – дағдарыстан шығу бағдарламасының негізгі талаптарының бірі. «ҚР-дағы минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК сарапшылары «ел аумағында барланған кен орындарында жылына 35 тоннаға дейін алтын өндіруге болады» дейді. Олай болса, біздің де Ұлттық банктегі алтын қорымызды еселеуге мүмкіндігіміз жетерлік. Бұрындары онша қызығушылық танытпай келген ҚР Ұлттық банкі енді ғана үш жыл бойына елімізде өндірілетін барлық алтынды сатып алу туралы міндеттеме қабылдады. Ұлттық банк, мәселен, жылына барлығы 30 тонна алтын өндірілсе, соның 25 тоннасын сатып алуды көздеп отыр.
Нарықтың парқын меңгерген елдердің дені бар әлеуетін бағалы металл қорларын, оның ішінде алтын құймаларын арттыруға жұмсап отырғаны анық. Ұлттық өнімін, ұлттық қорын, қазыналық кіріс-шығыстарын, оны айтасыз, алған қарыз-несиесіне дейін бұрындары АҚШ-тың көк қағазымен бағалаған алпауыттар патша металына көше бастады. Ал алтын қоры «қоң алмай» тұрған елдердің ұлттық валюталары құнсызданып, сабан ақшаға айналып кетуі әбден мүмкін деген қауіп бар. Мұндай қауіптен сақтанған біздің ел бар қазба байлығын түгендеп, бүтіндеуге кірісіп кетті. Осы тұста айта кетейік, Қазақстан 1992 жылы 10,6 тонна алтын өндірсе, 2012 жылы ол 40 тоннаға дейін жеткен.
Әділхан БАЙБАТША, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор:
– Негізі, пайдалы қазбаларды іздеу, оның қоры мен сапасын және орналасу жағдайын анықтау оңай шаруа емес. Бұл процестерді жүзеге асырудың өзіндік нормативтері мен уақыт мөлшері бар. Мәселен, бір жаңа кен орнын тауып, оны барлап, іске қосу үшін кем дегенде 15-20 жыл қажет болады. Жұмысты мамандар бұлайша әдейі созып жүріп алмайды, геология табиғатының заңдылығы сондай. Геологтерге «екі-үш жылда кен орнын тауып, оны іске қос» деу етті ыстық суға батырып алғанмен бірдей. Ақырында, айналып келгенде, әлгі шала дүниені қайтадан геологиялық зерттеу қажет болады. Есесіне, біз қанша есеге шығындаламыз. Бірақ қолдан келгенді жасауымыз керек. Жағдай соған итермелеп тұр.
Николай БҮКТІКОВ, Д.Қонаев атындағы Кен істері институтының директоры:
– Үш жыл аздық етеді, ол рас. Дегенмен қазіргі ғылымның, техника мен технологияның дамыған заманында қысқа мерзімде геологиялық жұмыстарды мейлінше жетілдіруге тырысып көруге болады. Соңғы кездері салалық жұмысқа жауапты ведомстволар бұл мәселенің түпкі мәнісін түсініп, ғалымдар қауымдастығымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге бейімделе бастады. Бұл – өте жақсы бастама. «Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарсақ» болғаны. Оның үстіне, қазір аса қажет сапалы технологиялар алып, жерасты байлықтарын өндіруге Үкіметтің өзі мүдделі.
Үкімет Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бел шеше кірісіп кетті. Бұл ретте, ең алдымен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының жобаларын, оның ішінде «Қазақстандық ресурстарды тікелей шетелдік инвестициялар және секторалдық инвестицияларды дамыту жөніндегі бағдарламаларды жетілдіру үшін әртараптандыру» жобасын үйлестіру және іске асыру көзделіп отыр. Соның ішінде алтын өндіру саласын дамыту (барлау, өндіру, қайта өңдеу, өткізу және әкелу-әкету) мәселелеріне айырықша көңіл бөлінуде, яғни Қазақстан 2014 жылға дейін алтын өндірісіне қан жүгіртпекші. Үкімет басшысының орынбасары – ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев алтын мөлшерін 2014 жылы 70 тоннаға дейін жеткізуге сенімді сияқты.
Зауыт демекші, Астанада 2013 жылдың IV тоқсанында қуаты жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс өндіретін аффинажды зауыт іске қосылмақшы. Қазақстанның кен өндiру және тау-кен кәсiпорындары қауымдастығының директоры Н.Радостовец: «Қазақстанда алтын өңдеуге жағдай жасау керек. Қазір еліміздегі алтынның басым бөлігі Швейцарияда өңделеді. Балқыманы онда ұшақпен тасиды, ал мұнда біз аз ғана көлеммен жұмыс істеп отырмыз. Ал жаңадан салынып жатқан алтын өңдейтін зауыт көмегімен Қазақстан алдағы жылдары алтын өндірісін айтарлықтай арттырмақшы. Былайша айтқанда, шетелге кетіп жатқан құрамында алтыны бар шикізатты толығымен өзімізде өңдейтін боламыз», – деген болатын. Бір айта кетерлігі, біздегі аффинаж зауыттарының қызметі тым қымбат көрінеді.
Өз кезегінде индустрия және сауда вице-министрі Альберт Рау болса, «Ол зауыт қазір өздерінің аффинаж зауыты бар «Қазмырыш» пен «Қазақмысты» айтпағанда, бүгінде Қазақстанда өндіріліп жатқан барлық алтын кенін өңдей алатын қуатты үшінші зауыт болмақ» деп есептейді.
Неге Түркиядан үлгі алмасқа?
Қазір әлемде алтынға деген сұраныс артып, оған инвестиция тарту тиімді болып тұр. Бұл ретте өздерінде алтын өндірмейтін Түркия мен Үндістан алдына жан салар емес. Алтын өнімдерін шығарумен 90-жылдардан бері ғана айналыса бастаған Түркияның әлемдік нарыққа шығарып отырған өнімдері (бір жылда) 120 тонна шамасында. Тәуелсіз сарапшылардың бейресми деректері рас болса, Қазақстанның алтын өнімдері саудасының ішкі айналымы жылына 100-150 миллион АҚШ долларын құраса керек. Қазақстанның сынама палатасы 2012 жылы 150 мың алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымды тексеріп, нарыққа шығарды. Сенсек, Сынама палатасы сараптама жасаған зергерлік бұйымдардың тек 10 пайыздайы ғана – отандық өнімдер. Қалған 90 пайызы – шетелдік. Ойланатын нәрсе екен...