Алтының көп, уайымың жоқ болсын
Әлем бұрынғысынша валюталарды «төбелеске шығарып» мәз болып жүр. Доллардың құнсыздануына қарсы шара ретінде экономиканы ырғағынан жаңылдырмау үшін Жапония бас болып, «үш сатылы зымыран» бағдарламасын 2009 жылы-ақ өндіріске енгізген болатын.
Бұл өз нәтижесін берді де. Яғни Жапониядағы рецессия тежелді. Осыны көріп-білген Еуроодақ өткен наурыз айынан бастап «жеңілдік» шарасын жүзеге асыра бастады. Ол бойынша Еуропаның Орталық банкі ай сайын 60 миллиард евроға құнды қағаздарды сатып алуды 2016 жылдың қыркүйегіне дейін жүргізетін болды. Яғни айналымға осы уақыт ішінде 1,140 триллион евро шығарылып, аймақтық валюта құнсызданады. Осының өзі АҚШ экономикасына соққы болып тиген шақта Жапония «Ақ экономика» бағдарламасын тағы да өндіріске енгізді. Бұл бағдарлама бойынша да мемлекеттің ұлттық банкі құнды қағаздар сатып алуды жалғастырады.
Яғни айналымға тағы да триллиондаған иена шығарылады деген сөз. Қытай болса юаньды екі пайызға құнсыздандыру туралы шешім қабылдады. Басқасын былай қойғанда, осы төрт алыптың валюталары бұл күнде «төбелеске шыққандар» десек, артық айтқандық емес. Бәрінің мақсаты бір, ол – доллардың құнсыздануын болдырмау. Не үшін? Біріншіден, барлық мемлекеттердің ұлттық қорларының басым бөлігін доллар еншілейді. Сондықтан ол құнсызданбауы тиіс. Екіншіден, доллар құнсызданған жағдайда АҚШ-тауардың бәсекелестікке қабілеттілігі артады. Керісінше евро-тауар, иен-тауар, юань-тауар бәсекелестікке қабілеттілігін азайтады. Мұны ешбір мемлекет қаламайды.
Әлемдегі осындай жағдайды көріп-біліп отырған АҚШ федералдық қаржы жүйесінің жетекшісі Дж. Йеллен соңғы мәлімдемесінде долларды үстеп қоректендіру мөлшерлемесін көтеруге әлі ерте дегенді айтуға мәжбүр болды. Мұны естіген әлемдік сарапшылар «ол мөлшерлеме биыл көтерілмейді» дегенді айтып салды. Бұл шындыққа жақын болжам. Себебі АҚШ жағдайы мынадай:
а) Құнды қағаздар бағасы мен индекс-индикаторлар мөлшерлемесі рекордтық деңгейде өскен, бұл жарылуға жақын көбік деген сөз.
ә) Натуралды өндіріс өсімі тіркелген жоқ. Керісінше, жұмыссыздар қатары молайып барады. Бұл натуралды өндірісте рецессия орын алып тұрғанын көрсетеді. Нақты айтар болсақ, көмірсутектері мен металдар өндірісінде дәл осындай жағдай орын алған.
б) Ақыр аяғында осының бәрі бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс асқынады дегенді білдіреді. Өйткені бұған көмірсутектері мен металдар бағасының қор биржаларында арзандауы себепші болады. Осы уақытқа дейін дамыған озық технологиялы елдер рецессияға жол берсе, енді дамушы, шикізат экспорттаушы елдер экономикасында рецессия орын алады. Осы соңғы топқа біздің Қазақстан да жатады.
Әлемдегі қаржы-экономикалық жағдайдың бүгінгі болмыс-бітімі осылай болып тұрғанында Қазақстан үшін алда не істеу керек? Ең алдымен айтарымыз, біздің ұлттық Көшбасшымыз жасап, іске қосқан алдағы дауылдардың пайдасын көретін «жел диірменіміз» бар. Олар – «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы. Осы екеуі Қазақстанда жұмыссыздықтың бүгінге дейінгіден де азаюына кепілдік бере алады. Ал «қара алтын» мен өндірістік металдар бағасы түсуінен орын алатын шығынның есесін жаңадан салынатын өндіріс орындары шығарған тауарлар қайтарады. Қысқасы, біз ең аз дегенде рецессияға жол бермеу жоспарын баяғыда-ақ жасап, жүзеге асырып жатқан елміз. Бұл біздің басты қуатымыз.
Десек те, бізде Ұлттық және сақтық қоры бар, сол байлықтарының дені құнсызданудан көз аша алмай тұрған, анығын айтсақ, құнсыздануын мемлекеттік билік қалап алған евро-доллар секілділермен жиналған елдер тобындамыз. Сондықтан да қанша жерден ұлттық валютамыздың тілеулесі болсақ та, CDR қоржынындағы валюталар бағасының түсуін еш қаламаймыз. Демек, «қой да аман, қасқыр да тыныш» болуы үшін «бірдеңе» жасау керек. Доллар, евро, йен, юань секілді валюталарды құнсыздандыру қолдан келе ме? Жоқ. Олай істесек, өзіміздің өндірістік экономикамызға кедергі келтіреміз. Әрі Ұлттық қорымыздағы қазынамызды ортайтамыз. CDR қоржынындағы валюталарды қымбаттату қолдан келе ме? Келеді. Бірақ олай істеу негізінен, импорт-тауарлар тұтынушысы болып жүрген халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын төмендетуге соқтырады. Сондықтан не істеу керек? Осылардың бірде-бірі елімізге зиянын тигізбейтіндей бір шара керек. Не жасау қолдан келеді?
Сонымен не жасай аламыз? Біздіңше бұл сұрақтың жауабы дайын. Ұлттық қорларымыздағы байлықты толық әртараптандырып шығуға тиіспіз. Ұлттық қордағы қазынаның шамамен 9 миллиард доллары «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалатыны қуанышты. Ал бұл жерде біздің ең мол байлығымыз жатыр. Ұлттық қордағы қазына 80 миллиард долларға жетіп қалғандай. Қалғаны білуімізше, негізінен, доллармен «сақтаулы». Өкінішке қарай, осынау мол қаражат «пайдалы іске» жұмсалмай, табыс таппай бос жатыр. Ал Ұлттық банктің сақтық қорында шамамен 29 миллиард доллардай байлық бар көрінеді. Мұның да дені доллармен «сақтаулы». Қысқасы, біз долларға бай елдердің бірі болып тұрмыз. Ал жоғарыда айтып кеткеніміздей, болмыс ақиқаты біздің ешбір валютаға сенім артуымызға болмайтынын көрсетеді. Демек, сақтық қордағы байлығымыздың ең кемі 50, мүмкін болса 70-80 пайызын алтынға айналдыруға тиіспіз. Әзірге бұл көрсеткіш 20 пайызға да жеткен жоқ.
Ұлтық банк алтын қорын өсіріп жатқанымен «мақтанады». Иә, бұл мақтанатын іс. Бірақ алтын үлесінің өсім қарқыны көңіл көншітпейді. Дәл осындай қарқынмен жүрер болсақ, онда біздің межеге жету үшін ең кемі 20 жыл керек. Ал біз таяудағы 5-10 жылдың өзінде әлемдік барлық валюталар құнсыздану шегіне жетеді дегенді сеніммен айта аламыз. Сонда бар жиған-тергеннің валюта күйіндегісі мүлде құнсызданып, еңбекті зая етеді. Демек, Қазақстанға сырттан алтын сатып алу қажет. Бұл үшін алысқа барудың керегі жоқ. Іргедегі Өзбекстан зерттелген алтын қоры жағынан әлемдегі тізімнің тоғызыншы орнына жайғасқан ел. Демек, бізге осы көршімізден сары металды сатып алуға болады ғой. Сондай-ақ Қырғызстанда да алтын өндірісі бар. Бұл елмен де келіссөз жүргізуге болады. Қысқасы, Қазақстанның қаржы саласындағы тізгін ұстаған азаматтар еліміздің сақтық қорындағы алтын үлесін молайтудың барлық жолын іске қосуға тиіс. Ал алтын көп болса, алда уайым жоқ болатынына кепілдік бере аламыз.
aikyn.kz