«Аққу – көкке, шортан – көлге, шаян – шөлге» тартқан күйден қалай құтыламыз?
Жол көлік оқиғалары кезінде туындап жататын екі жақты дау-дамайды бейбіт шешудің жолында тоқайласып қалатын негізгі субъектілердің, яғни жүргізуші, жол полициясы органы және сақтандыру компаниясы мүдделері осы күнге дейін үш жаққа бірдей тиімді болатындай ортақ мәмілеге келмей-ақ қойды. Десек те, бір-біріне тоң-теріс жүрген бұларды алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұр. Нақтырақ айтсақ, жол полициясы басшылығы көлік сақтандыру жүйесіне еурохаттама енгізуді ұсынып отыр.
Көлік сақтандыру нарығының нар жүгін арқалап жүрген негізгі түрлері Транспорттық құралдар иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, Транспорттық құралдар иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру және Автоқұралдарды ерікті сақтандыру десек, әлем елдерінің басым бөлігінде қолдау тауып, қолданыста жүрген еурохаттама тәжірибесі, әсіресе Транспорттық құралдар иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруда айрықша рөл ойнамақ. «Еурохаттама өзімен бірге тың жаңалықтар ғана ала келмей, қордаланып қалған көп проблеманы шешуге ықпал етеді», – дейді мамандар. Төменде сөз болғалы отырған түйінді түйткілдер шынымен де отандық нарықтағы көлік сақтандыру жүйесінің дамуына бөгет болып отырса керек. Сонымен...
Кіріс пен шығыс тең келмей тұр
Елімізде тіркеуде тұрған көліктер саны шамамен 4 миллион десек, сақтандыру полисінің құны орта есеппен айтсақ, 15 мың теңге көлемінде. Демек, сақтандыру компанияларының активтері жылына мөлшермен 60 миллиард теңгені құрайды. Ал бізде көлік сақтандырумен айналысатын компаниялар саны 30-ға жуық. Мойындаймыз, сақтандыру компанияларының шығындары аз емес, әкімшілік шығындар, жалақы т.т. Десек те, көлігін сақтандырған жүргізушілерге төлейтін төлемақылары да анау айтқандай көп емес, аздаған ғана. Неге аздаған? Өйткені біздің елдегі сақтандыру полисін пайдаңа асырудың өзі қиямет-қайым. Нағыз сергелдең десе де болады. Сол себепті де көпшілік көлік иелері жол апаты кезіндегі алыс-берісті өз қалталарынан шығарып, дауды екеуара шеше салуды жөн санайды. Мысал келтіре кетсек, қазақстандық жүргізушілер көлік жөндеуге жылына шамамен 900 миллион АҚШ долларын жұмсаса, сақтандыру компаниялары соның 20 пайызын ғана жабады екен. «Көлікті міндетті сақтандыру полисінің 100-нің біріне ғана төлемақы беріледі екен» деген де нақты мәлімет бар. Тағы бір деректі айтсақ, халық арасында жүргізілген сауалнамада көлік жүргізушілерінің әрбір үшіншісі жол көлік оқиғасына қатысы болғандығын айтқан.
AUDATEX бағдарламасының маңызы
Сақтандыру омбудсмандары жол көлік оқиғасы төлемақысының жылдан-жылға өсіп бара жатқандығына алаңдаулы. Мәселен, 2011 жылы ол 180 мың теңгеге дейін болса, 2012 жылы төлемақы 245,5 теңгеге көтерілген.
Бұл қазақстандық көлік нарығындағы аса бағалы темір тұлпарлар санының артуымен және ТЖО қызметтерінің қымбаттауымен байланысты.
Егер еурохаттама қабылданса, біздің елдің көлік секторына бүкіл әлем тәжірибесінде бар AUDATEX бағдарламасы қызығушылық танытар еді. AUDATEX бағдарламасы дегеніміз не? Оны алғаш 1960 жылдардың орта шенінде Германия мемлекетінің сарапшы-бағалушы компаниясы ойлап тапқан. Аталмыш бағдарламының негізінде жол апатына ұшыраған көлікті ТЖО-да жөндеу құнының унификациясы жасалынбақ. Былайша айтқанда, ортақ баға қалыптаспақ. Әйтпесе, біздің елде әр ТЖО әртүрлі бағаны айтады да, тараптар дауласып жатады. Бұл бірінші кезекте жүргізушіні, одан кейін сақтандыру компаниясын әбігерге салып қоятын сыңайлы. Қазақстанның автомобиль және автосервис нарығы қарқынды түрде дамуда. Алайда жоғары кәсіби деңгейлі қызмет көрсететін стансылар саны саусақпен санарлық. Егер AUDATEX бағдарламасы қолданылатын болса, әлбетте, сақтандыру төлемақысының құны төмендейді, бұл жүргізушілерге де тиімді, яғни сақтандыру компанияларының төлем төлеудегі шығыны азайса, көлік сақтандыру полисінің бағасы да арзандаған болар еді.
Сапа мен сенімді қалай арттырамыз?
Иә, қалай арттырамыз? Біздің елдегі сақтандыру секторы бүгінгі жағдайына тым тоқмейілситін сияқты. Бір қадам алға жүрсе, екі қадам кері шегіне ме деп те қаламыз. Өйткені әлемдік нарыққа зер салсақ, сақтандыру саласы тоқтаусыз даму үстінде. Ал қазақстандық сақтандыру компанияларының басым бөлігі тіпті еурохаттамаға қарсы.
Біздің елде бәсекелестік бәсең тартып тұр. «Нарықты жаулаймыз» дейді де, көпшілік сақтандыру компаниялары демпингтік ставкаға тәуекел жасайды. Нәтижесінде компания жабылып тынады. Бәрін айт та, бірін айт, ертеңгі күні шетелдік алпауыттар қызығушылық танытып жатса, отандық сақтандыру компанияларының күні не болмақ? Сол себепті де, сақтандыру жүйесін жақсарту қажет. Әйтпесе, тәжірибенің аздығы барған сайын жұмыс сапасын төмендетіп, тұтынушылардың сенімінен айырылып барады.
Маман пікірі
Талғат Үсенов, сақтандырушы маман:
– Өз басым еурохаттаманы қолдаймын. Еурохаттама тұтынушылардың сақтандыру компанияларына деген сенімін арттырып қана қоймай, бұл саланың жұмысын бірізділендіреді. Тұтынушылардың төлемақысын өндіруде бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келетіні рас. Ал еурохаттама құжатбастылықтан құтқарады. Еурохаттама енгізілсе, жүргізушілер бұрынғыдай жол полициясын шақырып жатпайды. Тәртіп сақшылары тек ауыр апат болған кезде ғана келеді.
Қазір кейбір мамандар жол полициясын жол апатынан зардап шеккен көлік шығынының белгілі бір мөлшеріне дейін ғана шақыруды да ұсынып отыр, яғни лимит белгілеу керек дейді. Десек те, еурохаттаманы енгізсек, әлемдік нарық көшіне ілесе алмай отырған отандық сақтандыру саласының жұмыс сапасының жақсарары сөзсіз. Ол үшін сақтандыру компаниясы өзінің инфрақұрылымын дамыту керек. Ал ол шығын шығаруды талап етеді. Сол себепті сақтандыру компаниялары еурохаттамаға қарсы. Негізі, міндетті сақтандыру қажет. Біз тек соның төлемақысын өндірудегі қиындықтардан қашамыз да, оқиға орнына құзырлы сала мамандарын шақырмаймыз. Егер еурохаттама енгізілсе, осындай төлемақыны өндіру рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Біздің елдегі сақтандыру жүйесіне кәсібилік жетіспейді. Азаматтардың сақтандыру мәдениетінің деңгейі де әлі төмен.
Инновациялық жоба
Бұған дейін сақтандыру компаниялары тұтынушыларға сақтандырудың төрт түрлі тәуекел тобын ғана ұсынып келген болатын. Ал көлік бұзылудан сақтандыру қызметі барлық дамыған елдерде бұрыннан бар, тіпті кең тараған түрінің бірі екен. Инновациялық жоба деп отырғанымыз, сақтандырудың мұндай түрі Қазақстанда да пайда болды. Әзірге біреу, яғни алғаш болып «НОМАД Иншуранс» сақтандыру компаниясы ұсынып отыр.