Ақтау порты – Тәуелсіз Қазақстанның теңіз қақпасы

Ақтау порты – Тәуелсіз Қазақстанның теңіз қақпасы

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан Президенті Ақтау теңіз портын еліміздің «батыс қақпасы» деп атаған еді. Міне, бүгінде экономикалық өрлеу үрдісін басынан өткеріп жатыр. Ақтау теңіз порты батыс пен шығыстың арасында алтын көпір салып отырған Қазақстанның іскерлік алаңына айналды. Қазір Ақтау айлағы Каспий теңізі порттарының арасынан топ жарып шығып, Еуропа және Азия елдерімен, Парсы шығанағы елдерімен сауда айналымын айтарлықтай ұлғайтуға айшықты үлесін қосып отыр.
2012 жылды да Ақтау теңіз порты нәти­желі қорытындылады. Әлемдік қаржы дағ­дарысына қарамастан, Ақтау теңіз пор­ты жүк жіберу көлемін жыл санап ұл­ғайтып келеді. Ақтау теңіз порты былтыр меже­ленген жоспарды артығымен орындады. Жыл басынан бері портқа 1855 кеме кі­ріпті. Сонымен қатар теңіз сауда портынан өткен жылы 11 млн-ға жуық тонна жүк жө­нел­тілген. Оның басым бөлігі – бидай мен мұнай. Қара алтынның үлес салмағы – 7 млн 591 мың тонна. Қалғаны құрғақ жүк­тер. Порт басшыларының айтуынша, па­роммен жөнелтілетін жүктер мен сыртқа экс­портталатын астық көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Ал, керісінше, нарық­тағы жағдайға байланысты шикі мұнай мен металл көлемі азайған екен. Сыртқа шы­ғарылатын қара түсті металл мен мұнай кө­лемінің кемитіні жөнінде алдын ала бол­жамдар жасалды. Осыған орай, теңіз пор­­тының басшылығы жүктерді түрлендіру бойынша тиісті шаралар қабыл­дап та жа­тыр. Атап айтқанда, 400 мың тонна көле­мінде өзге жүк түрлері тартылды. Қазіргі кезде Қытай кәсіп­орындарымен келісімге қол жеткізілді. Сол себепті биыл азот өнім­дерін, импорттық құрылыс мате­риалдары және бидайды транзиттік тасы­малдау көлемін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда кәсіпорын өндірістік қуатын одан әрі арттыру үшін жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшіп жатыр. Каспийдегі порттар арасында алғаш рет Ақтау теңіз портында бір терезе қа­ғи­дасымен жұмыс істейтін заманауи қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда теңіз порты, кеден, шекара сияқты бірнеше ба­қы­лаушы органдар топтастырылған. Осы­ның нәтижесінде әрбір тұтынушы құжат рәсім­деуде 6 сағаттан 30 минутқа дейін уақытын үнемдейді. Сондай-ақ кемеге жүк тиеу, оны тексеру мерзімін қысқарту мақ­са­тында барлық жүйе автоматтан­ды­ры­луда.
Порттың пайдасы
Порт жаңа бағыттарды ұлғайтып, баға­ның төмендеуіне, тасымалдың көбеюіне ықпал етеді. Қазақстанның арнайы эконо­микалық аймағына айналып отырған Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Порттың негізгі қызметі түрлі құрғақ жүктер, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін шетел­дерге шығарады. Халықаралық тасымал жолы арқылы ел экономикасының қарқын­ды дамуына үлес қосып келе жатқан Қазақ­станның бірден-бір теңіз қақпасы болып саналады. Сондықтан ел экономикасының дамуына қосар үлесі жоғары әрі маңызды рөл атқарады. Ақтау порты осыдан 45 жыл бұрын салыныпты. Тарихқа үңілсек, порт­тың Маңғыстау өңіріне және Ақтау қала­сына, одан қалды, Қазақстанға тигізген пайдасы көп. Алғаш рет 1963 жылы Маң­ғыстау облысындағы уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындары өнімдерін тасы­малдау үшін Каспийдің шығыс жақ бет­кейіне жүк айлақтары мен толқын тосқылар құрылған 1986 жылға дейін портта төрт мұнай құю айлағы мен паром кешені салынған. Сол уақытта КСРО бойынша мұнай тасымалы өзге тауарларға қарағанда алдыңғы орын­да тұрды. Оған 80-жылдардың басында Ақтау порты арқылы 7 млн тоннаға жуық мұнайдың шетелдерге шығарылғаны туралы дерек дәлел. Ал құрғақ жүк тасы­малдау жылына 300 мың тоннаға жеткен.
Жалпы, порт құрылысы 1963 жылы аяқталды. Ақтау портынан алғашқы қазақ­стандық мұнайды тиеп шыққан «Джабрайл» танкері 1966 жылы 5 қазанда жол тартқан Ақтау порты сол уақытта БН-350 атом электрстансысын, химия саласындағы зауыт­тар мен Ақтау қала­сының өзінің құры­лысын салуда да маңызды рөл атқар­ды.
КСРО тарап, оның құрамындағы Достас­тық елдері өз тәуелсіздігі үшін тайталасқан тұста порт қызметі біршама тұралап қалғаны рас. Еліміз егемендік алған соң, өз даму жолын айқындап алды. 1995 жыл­дары Қазақстан металын экспорттау және «Теңізшевройл» ТШО бірлескен кәсіпорны өндіретін мұнайды теңіз арқылы шығаруда тасымалдау көлемі ұлғайып, өңірдің экономикалық даму жүйесіне оң әсерін тигізді.
1999 жылы Ақтау портының халық­аралық тасымалдау жолын қалпына келтіру негізінде Еуропалық жаңғырту және даму банкінен 74 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Қуаттарды жаңарту жобалары жүзеге асырылды. Порт инфра­құрылымы мен басқару құрылымдары жақсартылды.
1999 жылы портты қайта құрудың бі­рін­ші кезеңі аяқталып, қайта жаң­ғыр­ты­луына орай өткізілген ашылу салтанатына Елбасымыз да қатысты. Жаңғырту үде­рі­сінен кейін порттың жалпы жүк тасымалы 4,5 есеге дейін өсті, тиеу-түсіру кешенінің құрғақ жүктерге қызмет көрсету мүмкін­діктері, мұнайды ауыстырып тиеу жылына 1,55 млн тоннаға дейін жеткізілді.
Пәрмені
Қазірге дейін Каспий бассейнінде орна­ласқан 10-нан астам теңіз портының ішінде Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жалпы көрсеткіштер бойынша бірінші орында келеді. Қызмет сапасы да халықаралық стандарттарға сай орын­далуда. Атап айтқанда, бұған оның ИСО 9000, экологиялық менеджмент жүйесінің ИСО 14 000 халықаралық стандарттары талаптарына сәйкестігі және ИСО 18 000 ОНSАS жүйесін енгізу жоспары дәлел бола алады. Бүтіндей Каспий бассейніндегі жалпы жүк тасымалы көлемі бүгінгі танда 32 млн тонна болса, ондағы Ақтау порты­ның үлесі 34%-ды құрап, оны алдағы уақытта 46%-ға дейін жеткізу талаптары жоспар­ланып отыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, келешекте Каспийдегі жалпы жүк тасымал көлемі 70 млн тоннаға дейін, оның ішінде мұнай бойынша 50 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан Ақтау порты арқылы тасылатын жүк көлемін жылына 20 млн тоннаның деңгейіне дейін жеткізу көзделіп отыр. Жылына 11 млн тонна жүкті өңдеп отырған Ақтау портына деген сұра­ныс екі-үш есе жоғары. Сондықтан порттың өндірістік қуатын арттыру мақ­сатында оны солтүстік бағытқа кеңейту туралы Үкіметтің шешімі шығып, арнайы жоспар жасалды. Жоспарға сәйкес, ол 2015 жылға қарай аяқталуы тиіс. Судың түбі тереңдетіліп, үш құрғақ жүк терминалы салынып жатыр. Порттың солтүстік бағытқа қарай кеңейтілуі, оның тиісінше серпін алып, тиімді дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында бес жоба іске асырылған, тағы 46 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оны жүзеге асыру қарқынын үдету үшін АЭА аумағын инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Маңғыстау облысы әкім­дігінің хабар­лауынша, экспорттық әлеует пен өңірге деген инвестициялық қызы­ғушылықты арттыру мақсатында «Ақтау Теңіз порты» АЭА аумағын қосымша аймақ­тармен кеңейту ұсынылып отыр. Сондай-ақ болашақта қазақ мұнайын сыртқа тасы­малдайтын 20 миллион тонналық Құрық портының қуаты ескеріліп, бастапқы жоба өзгертілді. Енді тек құрғақ жүктер тер­миналы салынбақ.
Халықаралық көлік-логистикалық орталығы
Маңғыстау облысының көлік кешенінің негізі болып табылатын Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Қазақстанның көлік инфра­құрылымында ерекше орын алады. Қазіргі таңда Ақтау теңіз порты ортаазиялық көлік-өнеркәсіптік дәліздің біртұтас көлік-логистикалық жүйесі құрылымында страте­гиялық портқа айналды. Паромдық жүк­терді қоса есептегенде, Ақтау портының жүк базасын негізгі және сұйық жүктер (мұнай және мұнай өнімдері), металл ас­тық және басқа жүктер құрап отыр. Мұнай­ды та­сы­малдаудың негізгі бағыттары Ақтау – Махачкала, Ақтау – Нека, Ақтау – Баку бо­лып табылады.
Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбы­рын салу жөніндегі халықаралық келісім мұнайды Ақтау теңіз порты арқылы тасы­малдаудың келешегі зор екендігін рас­тайды. Арнайы экономикалық аймақ­тың аума­ғында инвестицияларының жалпы көлемі 405 млн доллар қаржыны құрайтын еліміз­дегі ең ірі көлік-логистикалық орта­лық­тары­ның бірін құру басталды. Ол тран­зиттік жүктерді сақтау мен бөлу жұмыс­тарын жүзеге асырады, жүктердің көлемі жапон­дық JICA халықаралық ынтымақ­тастық орталығының бағалауы бойынша 2017 жылға қарай 5 млн тоннаға дейін өседі.
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК алдағы уақытта да Қазақстанның бірегей географиялық жағдайына орай Ақтау портының стратегиялық рөлін күшей­туді мақсат етеді. Бұдан бөлек, Волга–Дон каналы арқылы Қара теңіз порттарына, Иранның солтүстік порттарына шығу арқы­лы баламалы көлік бағыттарын дамытуды көздейді. Ең бастысы, Ақтау порты Қазақ­стан­ның халықаралық сауданы қамтамасыз ету, тасымалдар мен тауарлардың құнын төмендету бойынша қызметін кеңейтуді жалғастыра беретін болады. Ақтау порты паромдық және құрғақ жүктерді тиеп-түсіруде де көшбасшы болып табылады. 2020 жылға қарай Каспий теңізінде тасы­малдар көлемінің артуына байланысты Ақтау теңіз порты шамамен жүктердің 25 пайызын өткізіп, көшбасшылық позиция­сын сақтап қалады. Өйткені Ақтау порты арқылы өтетін бағыттардың тартымды­лығын арттыруға көптеген жаңа жоба ық­пал етеді. Атап айтсақ, Жезқазған–Сек­се­уіл–Бейнеу теміржол желісі Қытай ше­­к­­арасынан Ақтау портына дейін жолды айтар­лықтай қысқартады, осының нәти­жесінде жүктерді тасымалдау құны мен уақыты азаяды. 2020 жылға қарай Қытай­дан Ақтау порты арқылы 4-5 млн тоннаға дейін транзиттік жүктер өтеді деп болжанып отыр. Сондықтан Ақтау теңіз порты халық­аралық жүк айналымына кең мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанның аумағы бойынша өтетін төрт халықаралық көлік дәлізінің екеуі – ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік дәліздері Маңғыстау, яғни Ақтау қаласында түйіседі. Каспий өңірінің мультиұлттық жүйесіне ене­тін Маңғыстау облысы қуатты көлік-ло­гистикалық және сервистік әлеуетке ие бо­луына Ақтау портының маңызы зор.
Өткен жылы күзде Ақтауда халықаралық инвестициялық форум өтті. Сол кезде ин­вес­­торлардың көпшілігі осы портқа қы­зығушылық танытты. Демек, Ақтау теңіз пор­тының маңызы бүгін де, ертең де арта берері сөзсіз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста