Аспандағы ас мәзірі
Ғарыш тағамынан алғаш дәм татқан – Герман Титов. Рас, Гагаринге де өзімен қоса тамақ беріп жіберген. Бірақ ғарышта өткізген 108 минут ішінде тұңғыш ғарышкердің одан ауыз тиюге де мұршасы келмепті. Есесіне, Титов орбитадағы 25 сағат ішінде үш рет тамақтанды. Дәм жағынан кінәрат болмаса да, 2-ғарышкер жерге түскен соң, өзегі талып, басы айналғанын айтыпты.
Ғарышкердің қарны қайтсе тояды?
Әлбетте, біртектес әрі сұп-сұйық ас тепсе темір үзетін жас адамның жұмырына жұқ та болмаған. Мұны диетолгтар да растады. Одан кейін ұшқан ғарышкерлер де орбитада қарындары ашқанын мәлімдеді. Ғылыми негізделген ас мәзірі ғарышта жұмсалған күш-қуаттың орнын толтыра алмапты. Сондықтан оны өзгертуге тура келді. Бұдан былай космос мәзіріне украин борщы, антрекот, котлет сияқты тоқ тамақтар енді.
Сол кезде КСРО-ның одақтас республикаларындағы институт пен кәсіпорын атаулы ғарыш дәмін дайындау жағынан жарысқа түсті. Ол үшін жаппай өндірістегі азық-түлік қолданылмады. Әрі «жердегі» дәмге қарағанда сапасының мүлтіксіз, токсикологиялық және микробиологиялық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Оның үстіне ғарыш азығы ұзақ уақыт және кез келген жағдайда сақтауға жарамды болуы тиіс еді.
Мамандар азық-түлік үлгілерін термостатқа салып ұзақ жыл ұстап, ауық-ауық зертханалық сараптан өткізетін. Кейбір білгіштердің айтуынша, Кремльдегі дөкейлердің тамағы дәл осылай мұқият қадағаланбаған көрінеді. Бірде ғарыш мәзіріне әйгілі Микоян ет комбинатының арнайы цехы дайындайтын ысталған шұжықты қосқан екен, бұл өнім космос стандартына жарамай қалыпты.
Қоқым және сублимация
Алғашында ғарыш тағамын таблетка түрінде шығару ойда болған. Ол барлық жағынан тиімді болар еді: көп орын да алмайды, қабылдауға да оңай. Алайда оны жүзеге асыру қиын болды да, паста түрінде шығару ұйғарылды. Бұл ғарышкерлерді қоқымнан келетін қауіптен құтқарды. Өйткені салмақсыздық жағдайында кіп-кішкентай қоқымның өзі талай нәрсені бүлдіреді. Бірақ бұл пастаны қайда сақтау қажет? Осы арада эстонның азық-түлік өндірушілері ойлап тапқан алюминий тубалары құтқарды. 60-жылдардың басында жаңалыққа жаны құмар эстондар осындай ыдыспен джем шығарған-тұғын.
Міне, содан бері ғарыш мәзірі кеңейді, жеңсік ас түрлері көбейді. Тубадағы тамақты сублимациялық кептіруден өткен тағам ығыстырды. Сублимация кезінде өнімді алдымен 50 градусқа дейін мұздатады. Сосын вакуумда 32 сағат 50-70 градуста кептіреді. Мұндай өңдеу кезінде мұз суға айналмайды, бірден бу боп ұшып кетеді. Құнды заттар да сол қалпында сақталады.
Ғарыштағы ұлттық тағамдар
Ғарышқа өзге ұлт өкілдері ұша бастағанда, мәзір мәселесінде тағы қиындық туды. Өйткені әр ұлттың өкілі өз тағамына бүйрегі бұрады. Мәселен, француз ғарышкері Жан Лу Кретьен орыстың стақандағы кеспесіне мұрын шүйірді. Француздар тіпті ғарышқа ірімшіктің айрықша бір түрін апармақшы еді, дәрігерлер үзілді-кесілді қарсы шықты, биологиялық белсенді ірімшік орбитада біреу-міреуді тістеп алар деп үрейленген екен.
Жапон ғарышкері Такао Дои орбитаға кеспенің үш түрін және таяқшаларын қоса ала барыпты. Экипаж мүшелерінің қуанышында шек болмапты.
Осылайша әр ғарышкер аспанға өзінің ұлттық тағамын апарғысы келеді. Қазақ ғарышкері ұшарда да Бирюловодағы космос тағамын әзірлейтін комбинат «Батыр» ірімшігін, «Жұлдыз» көкөністерін, «Сорпа» кеспесін, сондай-ақ «Достық» борщын да дайындауға ден қойды.
100 грамм ше?
Кезінде орбитада ішімдік ішуге заң жүзінде рұқсат берілетін. Ғарышкерлердің ас мәзіріне элеутерококтың спирт тұнбасы да енгізілді. Элеутерококк өзінің қасиеті жағынан атақты «алтын тамыр» – женьшеннен қалыспайды. Мамандар оның орталық жүйке жүйесіне жағымды әсерін, ой еңбегін белсенділендіріп, ұйқыбастықтан арылтатын қасиетін ескерген болуы керек.
Салтанатты жағдайлар үшін титтей тюбиктегі коньяк берілетін. Алайда 80-жылдардың ортасында мұндай еркіндікке шектеу қойылды. Қазір ғарышкердің 100 г жұтуына тыйым салынған.
Ғарышкер тамақты талғап жейді
80-жылдардың басында ғарыш мәзірінде 200-ден астам дәм жинақталды. Бірақ қайта құру кезінде бұл сала қатты құлдырады. Оған баяғы қаржы тапшылығы әсер еткен. 1991-92 жылдары жағдай мүлдем мүшкілденді. Осы кезде америкалықтар қол ұшын созды. Америкалықтарға оңай еді, өйткені олар ғарыш тағамына жаппай қолданыстағы өнімді пайдалана береді. 1994 жылғы «Мир» – «Шаттл» ресей-америкалық бірлескен бағдарламасы жөніндегі Гор – Черномырдин келісіміне сәйкес, ғарыш тағамы саласында бірлескен жұмыс басталды. Қазір келісім бойынша екі жақ та ғарышқа азық-түлік өнімдерін тепе-теңдік негізде жеткізеді. Сапарға шығар алдында дәм тату рәсімі өткізіледі. Ғарышкерлер әр тағамды он балдық шкаламен бағалайды. Бес немесе одан да аз балл алған азық әуе кемесіне жетпейді.