«Атамекен» іскерліктің атамекеніне айналып келеді
Соңғы кезде бизнес-қауымдастық ел экономикасы үшін маңызы бар күрделі тақырыптарды жиі көтеріп жүр. Оған қоса кәсіпкерлердің талап-тілектері де барған сайын нақтыланып келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде «Атамекен» одағының биылғы жылдың басынан бергі өткізген іс-шараларын атап өтсек те жеткілікті.
Ұлттық экономикалық палатаның төрағасы Азат Перуашев ақпан айында өткен Елбасымен кездесуде Салық комитетімен арадағы даудан бастап, өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға дейін негізгі проблемаларды ашық айтқан болатын. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын жіліктеген ҰЭП-ның сәуір айындағы конференциясы да еліміздің бизнес-қауымдастығы үшін елеулі оқиға болды. Сонымен бірге индустриалды бағдарламаның басты міндеттерін айқындап берген Қазақстан кәсіпкерлерінің маусымдағы конгресін де еске ала кету керек. Онда индустриалды бағдарламаның басты қағидалары ретінде нақты сектор, жалпы кәсіпкерлік, салық және кеден әкімшілігінің либерализациясы тәрізді салалар нақтыланған болатын.
Осы ретте таяуда өткен «Атамекеннің» президиум және басқарма мүшелерінің бірлескен отырысы да жемісті болды. Бұл жиында заң жүйесін ізгілендіруге қатысты кәсіпкерлердің бастамасы талқыланды. Астанадағы «RIXOS» қонақүйінде отандық мұнай-газ саласының басшылары, металлургиялық компаниялардың жетекшілері, астық магнаттары, банкирлер, ірі сауда жүйелерінің иелері, машина құрау зауыттарының басшылары, «шоколад корольдері» сияқты ірі кәсіпкерлер басқосты. Орта және шағын бизнес өкілдері де қаржы-өндіріс алыптарының көлеңкесінде қалмай, ірі кәсіпкерлермен тең пікір алмасты. Отырыс барысында Ұлттық экономикалық палата бизнестің басын біріктіретін, оның мүдделерін қорғайтын біртұтас механизмге айналғаны айқын білінді. Конференцияға келген Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Салық комитеті, Қаржы полициясы мен экономика саласындағы министрліктердің басшылары да осыны мойындады.
Ұлттық экономикалық палата президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» одағының заң жүйесін гуманизациялауға қатысты көзқарасын нақты белгіледі: «Елдегі іскерлік ахуалды жетілдіру үшін заң жүйесін ізгілендіру керек. Бұл тек кәсіпкерлердің тілегі емес, Елбасының құқықты гуманизациялау саясатына да сай келетін көзқарас», – деді ол. Тимур Құлыбаев бұл жиынға дейін «Атамекен» одағының жанынан арнайы жұмыс тобын құру туралы тапсырма берген болатын. Бұл топ ҰЭП заңгерлеріне келіп түсетін талап-тілектер мен сұрақтарды саралап, қылмыстық және әкімшілік кодекстер мен басқа да бірнеше заңға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындап, нәтижесінде кәсіпкерлердің ұсыныстары 300 беттік жобаға ұласты.
«Атамекен» одағының бастамасы қазіргі Қылмыстық кодексте қарастырылған 77 экономикалық қылмыстың 21-ін толықтай де-криминализациялауды талап етеді. Олардың 15-ін әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызып, алтауын құқықтық саладан мүлде алып тастау ұсынылып отыр. Нақтылып айтқанда, «Атамекен» одағы ҚР Қылмыстық кодексінен «Жалған кәсіпкерлік» деп аталатын 192-бапты жоюды ұсынады. Себебі нақ осы бап бойынша кәсіпкерлерден келетін шағым саны өте көп.
Сонымен қатар Ұлттық экономикалық палата ауыр емес экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасын мүлде алып тастауға мүдделі. Яғни Қылмыстық кодекстегі ауыр емес қылмыстар бөліміндегі баптардың 85 пайызы жойылуы керек. Бас бостандығынан айыру жазасын тек ауыр және өте ауыр экономикалық қылмыстарға қатысты қолдану керек деп санайды кәсіпкерлер.
Заң жүйесіне енгізілуі қажет өзгерістер туралы осы жұмыс тобының мүшесі, академик Исидор Борчиашвилидің баяндамасында айтылды. Осылайша, заң жүйесіндегі реформаның басты қағидасы ретінде – кәсіпкерлік бойынша қылмыстық қудалауды айыппұл мен шығынды өтеуге алмастыру шаралары қарастырылып отыр. Мамандардың пікірінше, экономикалық қылмыстардың басым көпшілігін қылмыстық саладан әкімшілік салаға өткізу құқық қорғау органдарындағы жемқор қызметкерлердің тарапынан әлімжеттік әрекеттерді тыюға сеп болмақ. (Үкімет жанындағы үйлестіру кеңесінің жұмыс тобында бұл айғақ статистикалық мағлұматтармен дәлелденді, мысалы: Қаржы полициясы қозғаған қылмыстық істердің 21%-ы ғана сотқа жіберіледі. Қалған 79%-ы өзге тәсілдермен шешілетін сияқты).
Осы жиындағы пікірталасқа кәсіпкерлер ғана емес, Парламент депутаттары, Салық комитеті мен Бас прокуратура, Қаржы полициясының басшылары белсенді түрде қатысып, Ұлттық экономикалық палатаның салмақты құжаттар дайындап қана қоймай, ашық пікірталаста өз позициясын дәлелдей алатынын мойындады. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова жобаның жалпы бағытын қолдай келе, кәсіпкерлердің жеке басының қауіпсіздігін күшейту мәселелерін пысықтау керек деп мәлімдеді. Депутат Иван Чиркалин заңды ізгілендірудің орта және шағын кәсіпкерлікке серпін беретіндігін атап өтті.
Мемлекеттік органдар ағынан жарылып, ақтарыла қойған жоқ. Бас прокуратура өкілі кәсіпкерлер өзінің бейкүнә екендігін дәлелдеу үшін сотқа шағымдана алатындай заңға өзгерту енгізу керек деген пікірмен шектелді (кәсіпкерлердің пікірінше, Бас прокуратура өкілінің бұл ұсынысы кінәсіздік презумпциясына қайшы келеді, себебі, бұл принцип бойынша кінәсі дәлелденбегенше, кез келген адам кінәсіз деп саналады). Қаржы полициясы академиясының басшысы, з.ғ.д. Марат Башимов өз баяндамасында айып пен жазаның арақатынасына тоқталды. Марат Советұлының пікірінше, кәсіпкерлерді басқа азаматтардан бөле-жарып, оларға жеңілдік жасаудың қажеттігі күмәнді екен.
Бұған қарамастан, Салық комитетінің төрағасы бизнес өкілдеріне үміт ұялататындай пікір білдірді: Дәулет Ерғожин комитеттің «есепшот операцияларын тоқтатуға» негіз болатын салық қарызын үш айлық есептік көрсеткіштен 5-6 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеруге дайын екенін және бұл мәселені «Атамекенмен» ақылдасқанын мәлімдеді. Сонымен қатар комитет салық есептерін азайту, кәсіпорындарды заңдастыру талаптарын жеңілдету жөнінде бірнеше құжат дайындап қойған көрінеді.
Дегенмен ең күрделі мәселелерді кәсіпкерлердің өздері көтерді. Мысалы, Азық-түлік кәсіпорындары одағының басшысы, «Рахат» АҚ президенті Анатолий Попелюшко банктегі есепшоттардың тоқтатылуы салық қатынастарының шегінен қалай шығып, өндіріс кәсіпорындарының жұмысына қалай кедергі келтіретінін тәптіштеп айтып берді. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ вице-президенті Еркебұлан Ілиясов өз кәсіпорнының тәжірибесіне негіздей отырып, сот әділдігінің басты қағидасы – жазаланушының кінәлі болуы принципінің қалай бұзылатынынан мысалдар келтірді. «Атакент» Халықаралық іскерлік ынтымақтастық орталығы» АҚ президенті Серік Абдуллаев АҚШ, Канада, Франция, Германия, Ресей және Қытайдағы кәсіпкерлік құқығының дамуынан мысалдар келтіре отырып, экономикалық құқық бұзуды де-криминализациялаудың халықаралық тенденцияға айналғанын дәлелдеп берді.
«Атамекен» одағы басқарушы органдарының шешімімен де-криминализациялауға қатысты ұсыныстар Үкіметтің үйлестіру кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының құқықтық кеңесіне жөнелтілді. Өткен аптадағы Үкімет отырысында үйлестіру кеңесіндегі жұмыс тобының басшысы, сенатор Берік Имашевтің ұсынысы бойынша, «Атамекен» жобасын Парламентке жолдау туралы шешім қабылданды. Бұл жоба құқықты де-криминализациялау жөніндегі Үкіметтің заң жобасына балама ретінде жолданады.
Проблемаларды саралау дәрежесі, оларды талқылау деңгейі, байсалды да жан-жақты көзқарас «Атамекен» одағының кәсіби тұрғыдан көтерілгенін дәлелдеп қана қоймай, экономикалық палатаның өзекті мәселелерде мемлекеттің әріптесіне айналғанын көрсетіп отыр. Осы тұрғыда екі маңызды мәселені ескерген жөн.
Біріншісі – сарапшылардың күмәнді көзқарасына қарамастан, «Атамекен» одағы саяси мәселелерден бойын аулақ ұстап қана қоймай, маңызды мәселелерді шешуге қауқарлы екенін көрсетті. Сонымен қатар, палата бизнес-қауымдастықтың басын біріктіру үшін саясат пен кәсіпкерлікті ұштастырмау керектігін тағы бір дәлелдеді.
Екіншісі – ҰЭП құрылған мезеттен бері ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық саясатын қолдайтынын мәлімдеп қана қоймай, Елбасының бастамаларын іске асыруға өз үлесін қосып келеді. Биылғы жылдың басында «Жол картасы», енді «Заң жүйесін де-криминализациялау» жобаларына белсенді түрде атсалысуы осыны айғақтайды.
Аталған «Атамекен» президиумына отандық бизнестің белгілі азаматтары кіргені де бекер емес. Осылайша, ҚР Тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының және Қазақстан қаржыгерлерінің ұсынысымен, белгілі мемлекеттік қайраткер және кәсіпкер, бірнеше ірі компанияның акционері Болат Өтемұратов ҰЭП президиумына мүше болуға келісім берді. Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының бастамасымен «Astana Group» басшысы Нұрлан Смағұлов та президиум мүшесіне сайланды.
Ұлттық экономикалық палата басқарушы органдарының бірлескен отырысын қорытындылай келе, ҰЭП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» құрастырған тізімдегі 150 компанияны жан-жақты қолдау бойынша Үкіметпен арадағы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Одақтың тағы бір мақсаты – мемлекеттің жұмысында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін отандық бизнес-қауымдастықтың басын біріктіру», – деді Тимур Құлыбаев. Демек, қазақстандық кәсіпкерлер бұдан былай да «Атамекенге» арқа сүйеп, одақтың жұмысын жіті бақыламақ.
Ал бизнес де-криминализациясы бойынша жұмыс әзірше аяқталған жоқ. Парламентте өтетін қызу пікірталас әлі алда.