Атырау голштин-фриз сүтін ішеді
Мұнайлы Атырауда голландиялық голштин-фриз асылтұқымды мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының іргетасы қаланды. Аймақта осы жоба толық жүзеге асқанда жергілікті тұрғындар сүт өнімдерінің 12 түрімен қамтылып, өзгенің сүт өнімдеріне деген тәуелділіктен 30 пайызға құтылады.
Облыс халқын сүт өнімдерімен қамтитын тауарлы-сүт фермасының құрылысы Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында бой түзейді. Маңызды жоба 90-жылдары қаражат пен қолдаудың жоқтығына қарамастан құрылған «Первомайский»ЖШС-не тиесілі болады. Ауыл шаруашылығындағы заманауи технологияларды алғашқылардың бірі болып қолданып үйренген «Первомайский» ЖШС-і бүгінде сиыр малынан сүт өнімдерін алуды бірнеше есеге арттырып, қала тұрғындарын сүтпен және сүт өнімдерімен қамтамасыз ете алатын ірі шаруашылыққа айналды.
Голландиялық голштин-фриз асылтұқымды 500 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының жоба бастамашысы – «Первомайский»ЖШС мен «Атырау ӘКК»АҚ»АҚ. Құңы 2 млрд теңге болатын жоба құрлысын мердігері «АтырауИнждорСтрой»ЖШС-і осы жылдың 30 желтоқсанында аяқтауды көздеп отыр.
Тауарлы-сүт фермасының іргетасын қалау кезінде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Сүт өнімдерін өндіретін тауарлы-сүт фермасы жобасының артықшылығы – оның заманауи технологиялармен қамтылып, облыс халқының сүт өнімдеріне деген сұранысын 30 пайызға қамту мүмкін бола алатындығы», – деп айтып өтті.
Аймақтағы алғашқы тауарлы-сүт фермасын салудың бастамашысы болып отырған «Первомайский»ЖШС-нің директоры Аманжол Есқариевтың айтуынша, Елбасы қолдап отырған уақытта жергілікті жердің табиғатын айтып, түрлі сылтау айтқанша жаңа заманауи техникаларды пайдаланып, егін егіп, мал шаруашылығын дамытуға аса назар аудару қажет. Бұл – сайып келгенде, ата кәсіпті жаңдандыруға бағытталған жұмыстар. Голландиядан әкелінетін сиыр малы – тамақты тұрып жейтіндігімен ерекшеленетін ірі қара мал. Ондай малдың азығы да мол болуы қажет. Сондықтан қазіргі күннен-ақ «Первомайский» ЖШС-сі 700 гектардай жерге жүгері, жоңышқа секілді мал азығын егуге жұмыстануда.
Бүгінгі күні Атырау облысының сүт өнімдеріне деген жылдық сұранысы 90 мың тонна болса, тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілгенде, облыс тұрғындары 30 пайыз өз өнімімізбен қамтылады. Тауарлы-сүт фермасында тәулігіне 10 тонна сүт өндіріледі және сүт өнімдерінің ірімшік, қаймақ, иогурт секілді 12 түрі болады. Атыраулықтар тауарлы-сүт фермасының өнімдерін келер жылдың екінші жартысынан бастап тұтынатын болады.
«Первомайский» ЖШС-нің механизатор, сауыншы, мал дәрігері мамандары өз жұмыстарына кәсіби тұрғыда жауапкершілікпен қарайтын жұмыс күшімен қамтылған. Сондықтан да олар ел асып келген мал шығынының алдын алу мақсатында азық-түлігін молынан жинап, оларды түрлі аурулардан сақтайтын екпе жұмыстарын қатаң бақылауға ұстайтын болады. Сайып келгенде, осының бәрі – жері шұрайлы Голландия елінен өтіп, жері сортаң, климаты ауыр аймаққа келетін сиыр малдарының Атырау өңірінің климатына бейімделіп кетуі үшін атқарылатын жауапкершілігі мол жұмыстар.