«Әулиеата» әуежайы өңірлік әуе қақпасы бола ала ма?
Тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараз қаласына туристерді тарту бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі болып тұр. Туризм саласымен-ақ қазына қоржынын қомпайтып отырған елдерге қызығатынымыз ақиқат қой. Алайда дәл осы саланы дамытуға көңіл бөлуде кемшіндік бары басына тартсаң, аяғы ашылып қала беретін ақиқат.Шетелдіктерді тамсандыратындай ғажап дүниелер Таразда жетіп-артылады. Тек ол үшін біраз тер төгуге тура келмек.
Туристердің басым бөлігі ұшақпен ұшқанды қалайтыны сөзсіз. Таразға топ етіп ұшақпен қона салу әзірге орындалмайтын армандай. Өйткені «Әулиеата» әуежайына қонуға әуестер аз болып тұр. Әуежай 2000 жылдан бері толығымен жекеменшікке өткен. Жалпы аумағы 87 гектарды құрайды. Әуежайдағы жолақтардың ешқандай да кемшілігі жоқ, ұшақтың кез келген түрін қондырып-ұшыруға дайын. Бірақ мәселе басқада болып тұр. Бүгінде Тараз қаласынан тек еліміздегі екі ірі қалаға – Астана мен Алматыға ғана ұшуға мүмкіндік бар. Әрқайсысы аптасына үш реттен рейс жасайды.Әуекомпанияларының Әулиеатаға қонуға құштарлығы жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2007 жылы жағдай жақсырақ болатын. Жолаушы жоқ дейтіндей емес, әр рейсте 60-70 адам болатын. Сол кездері тараздық әуе кассаларынан 1500 әуе билеттері сатылған. Оның басым бөлігі – Мәскеуге ұшқандар. Билеттердің көбісі Шымкент пен Тараздан ұшып шыққан әуе кемесіне сатылған. Бір ғана Мәскеуге емес, еліміздің басқа қалаларына да ұшақпен ұшуға тілек білдірушілер басым. Ақтау мен Атырауға, Орал қаласына да көзді ашып-жұмғанша жетіп баруға құштарлар көп. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған суығында темір вагондарда «қақталудан» қашатындар осы қалаларға ұшақ қатынаса деген армандары бар. Алайда әзірге бұл арманның орындалу-орындалмауы екіталай...
Қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелерін Таразға қондыруға жағдай жасау қажет-ақ. Бұл экономикалық жағынан аз-маз табыс түсірер еді. Егер жергілікті билік субсидия бөлсе, онда ежелгі қалаға ұшып келушілер көбейері сөзсіз. Етектен тартар екінші мәселе – әуебилеттерінің тым қымбаттығы. Қарапайым қалың бұқараның қалтасын таяздандырардай-ақ. Ұшақ қызметін көбіне қалтасы қалыңдар пайдаланатынын ескерсек, қарапайым жұртшылыққа да жағдай жасайтын кез келді-ау баяғыда-ақ. Алайда билет құнының әзірге арзандамасы ақиқат. Жуырда ғана әлем бойынша қызмет көрсету жағынан ең қымбаты Қазақстанның әуежайы екені белгілі болды. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің мамандары мәлімдеген болатын. Осы себептен де еліміздегі әуежай қызметін пайдаланушы шетелдік ұшақтар кемде-кем екен. Әрине, бұл өз кезегінде әуе кемелерінің билет құнының аспандап кетуіне соқтырып отыр. Әлемнің алпауыт елдерінен ұшып шығатын әуе лайнерлері қаншама елдің әуежайы арқылы өтсе де соның ішіндегі ең тиімдісіне ғана қонатыны белгілі. Еліміздің транзиттік тартымдылығын арттыру үшін әлі де біраз тер төгуге тура келетін сықылды...
Жуырда ғана көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев «Әулиеата» халықаралық әуежайында болып, нысанның жалпы жағдайымен танысқан-ды. Сол шақта «Әулиеата» халықаралық әуежайы» ашық акционерлік қоғамының бас акционері Владимир Денисов пен Scat әуе компаниясының вице-президенті Дәулет Хамзин әуежайдағы шешімін табуы тиіс бірнеше мәселені жасырып-жаппай, ашық әңгімелеген болатын. Сонда белгілі болғаны – күрделі нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, өркениеттің талаптарына сай жұмыс істеуіне жағдай туғызуға акционерлік қоғамның мүмкіндігі жетпейтін көрінеді. Ұшақтардың ұшу-қону алаңы 30 жылдан бері жөндеу көрмепті. Сервистік орталығы жоқ. Әуежайдың мүмкіншілігінің бәрін саралап көрген жергілікті билік алдағы уақытта кәсіпорын акциясының 50 пайызын «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ арқылы мемлекет меншігіне сатып алуды жоспарлаған болатын. Қалған 50 пайызы Scat әуе компаниясына тиесілі күйінде қала беретін болып шешілген. Жуық арада республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, әуежайдың ұшу-қону алаңы күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев: «Жөндеу жұмыстарына шамамен 10 миллион доллардай қаражат қажет. Облыста 1 миллион 50 мың адам тұрады. Бұл – әуе тасымалы қызметін пайдаланушылар саны жағынан көп деген сөз. Тұрғындардың тұрмыс жағдайы да, жалақылары да жыл санап жақсарып келеді. Сондықтан бұл қызмет түрін кеңейтудің маңызы зор. Мемлекет пен жекеменшік компания арасындағы жемісті әріптестіктен күтеріміз мол» деген болатын. Алға қойған жоспарлар енді ғана қолға алынуда. Жасалған жоспар бойынша ұшу-қону алаңын қайта жаңғырту ісі 2014 жылға қарай аяқталуы мүмкін. Көзделген жұмыстар аяқталған соң, «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ ұшақтарға арналған алаңды пайдалануы үшін компания қарауына береді. Қарастырылған жобаға сәйкес Scat әуе компаниясы да өз тарапынан аэровокзалға күрделі жөндеу жүргізуі қажет. Халықаралық талаптарға сай жөндеуден өткен соң әуежайдың жұмысы жақсаратынына сенім мол. Сонда ғана «Боинг», Airbus секілді заманауи ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік туар еді. Бағыттар саны да арта түседі деген үміт бар.
Дәулет ХАМЗИН, Scat әуе компаниясының вице-президенті:
– Жаңарту, қайта жарақтандыру жұмыстарынан кейін Тараз қаласынан республикамыздағы өзге қалалар ғана емес, ТМД елдеріне, Қытайдың Үрімжі қаласына жаңа бағыт ашуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жоспарланған жұмыстардың мерзімінде бітуі қажет.